Политология/4.Политическое
лидерство (история, проблемы, перспективы)
Ph.D докторанты Әмірғалиева А.М.
Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университеті,
Алматы қ., Қазақстан Республикасы
«СЫРТҚЫ ӘЛЕМГЕ
АШЫҚТЫҚ» САЯСАТЫ – ҚЫТАЙДЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ
ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗІ
Қытай
бүгінде полицентристік әлемдік жүйені құрайтын
мемлекеттердің бірі болып саналады. Қытайда соңғы 30
жылда халықтың тіршілік етуі мен өмір сүруінің
барлық саласында өзгеріс байқалады, оның ішінде
әскери әлеуеті мен экономикалық капиталы айтарлықтай
нығая түсіп, халықаралық қатынаста беделі
өсті. Қазіргі таңда жалпы ішкі өнімінің
(ЖІӨ) деңгейі бойынша дүниежүзінде үшінші
орынға ие, тіпті сыртқы сауда көлемі жетекшілердің
қатарына енеді. Яғни, Қытай әлемдік мықты
державаға айналды. XXI ғасырдың ортасына қарай
Қытай үкіметі модернизациялау үрдісін аяқтап, жан
басына шаққанда ЖІӨ деңгейі бойынша орта ауқатты
елдердің қатарына жетуді көздеп отыр. ҚХР
әлемнің әртүрлі мемлекеттерімен көпжақты
қатынастарды дамытып, халықаралық ұйымдар
жұмысына белсенді қатысып келеді. Ол АҚШ, Еуроодақпен
жан-жақты қарым-қатынас орнатып, Азия аумағында
экономикалық ынтымақтастық щараларын белсенді жүзеге
асыруда. ҚХР – халықаралық аренадағы іс-әрекеті
байыппен өлшенген, өзекті мәселелерге дәйекті
көзқарас ұстанатын, жаңа әлемдік тәртіпті
жасауда көпполярлы негізге сүйенетін, халықаралық
құқық пен БҰҰ тәртіптерін
қолдайтын мемлекет. Сонымен қатар «Үлкен сегіздіктің»
саммитеріне қатысып, халықаралық
қауымдастықтың жаһандық сипаттағы, мысалы,
халықаралық қауіпсіздік және тұрақтылық,
терроризм және трансұлттық қылмыспен күрес,
қаржылық-экономикалық дағдарыстың салдарынан
шығу, азық-түліктік және энергетикалық
қауіпсіздікті жүргізу, әркелкі даму мен кедейшілікті
жеңу сияқты мәселелерін шешуге қатысады.
Қытай Азия
және Тынық мұхиты аймағында бейбітшілік пен
тұрақтылықты қамтамасыз етуде, халықаралық
қақтығыстарды реттеуде өз үлесін қосып
келеді. Мысал ретінде Корей түбегіндегі жағдай, Иранның
ядролық бағдарламасы және Ауғанстан мәселесін
айтуға болады. Қытайдың соңғы 30 жыл ішіндегі реформалар
мен әлемге ашықтық саясатының жемісі ретінде 2002
жылғы Дүниежүзілік Сауда Ұйымына кіруін айтамыз.
Бұл мемлекеттегі модернизациялану үдерісі жаһандық
ашықтық масштабына ұласып, оның нарықтық
экономика жолына түскенін көрсетеді. Ашықтық
бағдары тек экспорт көлемі, шетелдік инвестициялар жиынтығы
және валюта көлемімен шектелмейді, алайда дәл осы факторлар
Қытайдың халықаралық аренадағы
күш-қуатының көрінісі болып табылады. Қазіргі
кезде экономиканың жаһандануы мен аймақтық
экономиканың интеграциясы жедел дамып, бұл үдеріске
әлемнің барлық елдері қатысуда. Осыған орай
сыртқы әлемге ашықтық саясаты қазіргі
уақытта кері айналмайтын бағыт ретінде қалыптасты. Қытайдың
сыртқы әлемге ашылған терезесі және маңызды
құрамдас бөлігі деп есептелінетін сауда және экономика
салалары бүкіл дүниежүзін қызықтыратындығын
30 жылдық реформалар тәжірибесі дәлелдеп отыр. Деректерге
сүйенсек, ҚХР әлемнің 220 елімен сауда қатынасын
жүргізеді.
Өткен
ғасырдың 70-жылдарының аяғында халықаралық
саяси жағдай Қытай үшін икемді бола түсті. Осыған
қатысты Дэн Сяопин «бейбітшілік және даму» сынды қос
ұғым әлемнің өзегіне айналғандығы
туралы айтты. Кейінгі жылдар тәжірибесі жабық есік арқылы
реформа жасау сәтсіздікке
ұшырататынын дәлелдеп берді. Сондықтан,
зерттеуші-ғалымдардың пайымдауынша, сыртқы экономиканың
ашықтық саясаты ұзақ мерзімге арналады және кем
дегенде 50 жылдан бастап 70 жылға дейін созылады деп болжанып отыр.
ҚХР-дың әлемге ашықтық бағыты 50-70 жыл
өткеннен кейін де өзгеріске ұшырамайды, егер өзгерістер
болатын болса, тек ашық бола түсуі әбден ықтимал.
Сондықтан Қытайдың сыртқы ашықтығы
ұзақмерзімді мемлекеттік саясатқа айналып үлгерді.
Аталған
бағыт бойынша басты екпін экономиканың сыртқы байланыстарына
жасалады, алайда тек экономикамен шектеліп қана қоймайды; ашықтық
идеясына саясат, мәдениет және қоғам да кіреді;
сыртқы ашықтық теориясы тек сыртқы сауда мен
әртүрлі формадағы сыртқы экономикалық
ынтымақтастық пен алмасудың даму қажеттілігін
ғана көздемейді, сонымен қатар
социалистік-нарықтық жүйенің тоғысу қажеттілігін,
екі түрлі нарық пен ресурстарды қолдану арқылы
экономиканы дамыту жолының ашық әдістерін
қалыптастырады.
Сыртқы
сауда-экономикалық салалардағы жағдайға байланысты Қытай үкіметі
ашықтық идеясын 1979 жылы теңіз жағалауындағы
аймақтардан ішкі аудандарға, шығыстан батысқа
үдемелі жылжу арқылы енгізуге көшті. Алға
қойған мақсаттарды жүзеге асырудағы негізгі
қадамдар келесідей:
1) 1980
жылы 4 арнайы экономикалық аймақтың ашылуы: Шэньчжэнь,
Чжухай, Шаньтоу және Сямэнь, бұлар өз кезегінде сыртқы
ашықтық саясатына ауысудың бастауы болды. 20
ғасырдың 80 жж. соңында бұл үрдіс арнайы
аймақтардан теңіз жағалауындағы Хайнань провинциясына
және Шанхайдағы Пудонға дейін жетті.
2) 1992 жылдан бастап сыртқы
ашықтық саясаты теңіз жағалауындағы
аймақтардан өзендер жағалауындағы және
шекаралық аудандарға, құрлық ішіндегі
барлық әкімшіліктік орталықтарға дейін жетті.
3) ҚХР батыс аудандарын игеру
бағытымен қатар 2000 жылы осы аймақта сыртқа
ашықтық саясатын да енгізе бастады. Қазіргі уақытта
Қытайдың батыс бөлігінде экономиканың барлық
саласында көрші елдерге ашықтық жағдайы
қалыптасты.
4) 2001 жылы қыркүйекте ҚХР
ДСҰ-на енген соң, Қытайдың ашықтық саясаты жаңа деңгейге
көтерілді. Осы оқиғадан кейін аймақтық сипаттағы сыртқы
ашықтық ауқымды көлемге ие болды; сыртқы
ашықтықтағы іс-қимыл дәстүрлі
тауарлық саудадан саудалық қызмет көрсетуге ауысты;
рынокқа ену дәрежесі артты, заңдардың қабылдануы
және жетілуімен нарықтық орта әділетті және
саламатты бола түсті. ДСҰ негізгі қағидалары – мемлекет
пен халықтық шаруашылыққа көптеген
жеңілдіктер, ұйымға
мүше боларда Қытайдың алған міндеттері сыртқы
ашықтық саясатын жүргізуде негізгі тірекке айналды [3, 63
б.].
Қытайдың
сауда-экономикалық қатынастағы сыртқы
ашықтық идеясының өзіндік ерекшеліктері мынадай:
1) Жан-жақтылық. «Кез-келген
мемлекетке ашықтық». XX
ғасырдың 80-жж. аяғы мен 90-жж. басында Қытай
сыртқы сауда саласында «әртараптандырылған нарық»
бағытын жариялады. Осы кезеңдегі мақсат – АҚШ, Жапония,
Еуропа, Сянган мен Аомэнмен сауда қатынасын одан әрі дамытып,
іргелес жатқан АСЕАН және Орта Шығыс елдерінің
нарығын қамтып, Африка және Латын Америкасы
аймақтарымен сауданы ұлғайтып, бұрынғы КСРО
және Шығыс Еуропа елдерімен әртүрлі формадағы
сауда қатынастарын нығайту еді. «Әртараптандырылған
нарық» стратегиясы сәтті жүзеге асып, Қытайдың сауда
қатынасындағы серіктестері артып, қазіргі кезде
Қытайдың сауда нарығы 220 аса елді қамтиды.
2) Қамтылған салалардың
кеңдігі. Халықаралық саудадағы және саяси
жағдайдағы өзгерістер қолайлы жағдай
туғызғандықтан, сыртқы ашықтықта тек
қана тауарлы сауданы кеңейтпей, елде шетелдік капиталды да
орналастыру жағдайы қамтамасыз етілді. Шетелдік кәсіпкерлер
Қытайға өздерінің кәсіпорнын ашуға тікелей
инвестицияларын салып, сыртқы сауда саласы дами түсті. Шетелдік
инвестицияларды игеруден бөлек Қытай халықаралық
қаржылық құрылымдардан және басқа
елдердің үкіметінен көмек алып, халықаралық
қаржылық ведомстволар, шетелдік үкімет пен коммерциялық
банктерден несие алып, халықаралық нарықта
қаржыландыруды жүргізе алады.
3) Жоғарғы деңгейі. Арнайы экономикалық аймақтарда
және ашық теңіз жағалауындағы қалаларда
қабылданған ашықтық және жеңілдік
саясатының шараларын барлық ішкі провинцияларға таратып,
сыртқы ашықтықты одан әрі кеңейту. ҚХР
әлемдік көпжақты сауда айналым жүйесіне ену үшін
қарыштай адымдап, 2001 жылы желтоқсанда ДСҰ мүшелікке
кірді. Бұдан басқа Қытай 10 жыл бойы АСЕАН елдерімен еркін
сауда аймағын құру туралы келісімге қол қойып,
бұл өз кезегінде Қытайдың сыртқы
ашықтық саясатында жаңа тарихи кезең тудырды. 2008 жылы
аймақтық сауданы үлестіру туралы Азия, Тынық
мұхит аймақтары, Латын Америкасы, Еуропа және Африка
және тағы басқа 30 шақты елдерге қатысты 11
құжатқа қол қойып, келіссөздер
жүргізді. Бұл елдерде сауда айналымын үлестіру
арқылы тауардан алынатын
салық айтарлықтай қысқара түсті;
нарықтың ашықтығы мен саудаға қолайлы
жағдай тудырды; аймақтар арасындағы экономикалық
байланысқа септігін тигізді [4, 36 б.].
«Сыртқа шығу» және «ішке
тарту» - сыртқы ашықтық идеясының ажырамас қос
бөлігі. Экономикалық жаһанданудың тоқтаусыз дамуы
негізгі өндірістің трансшекаралық айналымын жүзеге
асыруды талап етеді, ол өз кезегінде дүниежүзі бойынша
ресурстардың оңтайлы орналасуын қамтамасыз етеді. Қытай
стратегиясының өзгеруі және халық
шаруашылығының құрылымды реттелуі технология мен құралдарды
пайдаланып, кәсіпорындардың шет мемлекеттерде өз капиталын
орналастыруын, халықаралық бәсекелестікке қатысу
арқылы қытайлық трансұлттық компанияларды
жетілдіруін қажет етеді. Шетелдерде қайта өңдеу
негізінде кәсіпорындарының ашылуы мен дамуы Қытайдың
технологиясы мен экономикасындағы басымдықтарды
айқындауға түрткі болды, Қытай өзінің
технологияларын, жабдықтары мен жартылай өнімдерін экспортқа
шығарып, дамыған елдермен сауда-экономикалық
қатынастарын ынталандыруға қолайлы жағдай жасады.
Қытайлық капитал көлемі әзірге айтарлықтай
жоғары деңгейде болмаса да даму тенденциясы мен жағымды
өзгерістерді байқауға болады. Статистикалық
мәліметтерге сәйкес, 2006 жылы шет елдердегі тікелей инвестиция
көлемі 21,16 млрд. АҚШ доллары, оның ішінде
қаржылық емес салада – 17,63 млрд. АҚШ доллары (83, 3%) болып
отыр. 2006 жылдың соңына дейін ішкі инвестициялау нысандары,
яғни 5000 кәсіпорын 172 мемлекет пен аймақтарда
10000-ға жуық кәсіпорын ашқан [5].
Халықаралық
аренада Қытайдың алатын орны сөзсіз сыртқы сауда
саласымен тығыз байланысты. Жоғарыда айтылғандай, қайта
құру кезеңіне дейін мемлекет экономикасы жабық күйде
болды, сондықтан импорт және экспорт деңгейі өте
төмен еді. Реформалар мен ашықтық саясаты
жүргізгелі
сауда-экономикалық салаға қатысты негізгі идеялар мен
саясат реттеліп, жетілдіріліп отырды.
Реформалар басталған уақытта Қытай сыртқы сауда бойынша
32-орында болатын. Бірақ соңғы үш жыл бойы ҚХР
сыртқы сауда қатынастар бойынша дүниежүзінде 3-ші
орынды иеленіп отыр. Сыртқы сауда құрылымындағы
өзгерістер басталған уақытта бастапқы өнім
және ресурстық өнім көп үлес алды, ал
импортқа негізінен механикалық жабдықтар мен дайын
өнеркәсіптік өнімдер ұсынылды. Мұндай екі түрлі
уағдаластылықтан экспорттық тауарлық
құрылымның ішкі қамтамасыз етуі мен
халықаралық нарықты қамтуы өте қиынға
соқты. Қытай экспорттық құрылымды
оңтайландыру мақсатында ең алдымен дайын өнімді
экспорттау туралы саяси шешімдерді қабылдады.
30 жылдың
ішінде экспортқа қатысты саясат жетілдіріле түсті. Мемлекет белгілі бір кезеңдерде дайын
өнеркәсіптік өнімге (мысалы жеңіл
өнеркәсіпке қарағанда), салыстырмалы түрде
жоғары бағаланатын
(электромеханикалық өнім) өнімге және
салалық құрылымды реттеп отыруға мүмкіндік
беретін және жалпы бәсекелестікті көтермелейтін (мысалы
кешенді жабдықтар) өнімге жеңілдіктерден тұратын
экспорттық саясат жүргізді. XX ғасырдың ортасы мен
80-жж. соңында Қытай бастапқы өнімнен дайын
өнеркәсіптік өнімді экспорттауға мүмкіндік алды.
Қытай кеден қызметінің мәліметтеріне сәйкес, 1985
жылы жалпы экспортта бастапқы және дайын өнеркәсіптік
өнімнің көлемі 50,5% және 45,95%-ға тең
болса, 2006 жылы – 5,5% және 94,5%-ды қамтып, ғылымды
қажет ететін өнімнің үлесі экспортта 29%-ға жетті
[6]. Бүгінгі күні электромеханикалық өнім сияқты
ғылыми қамтымды өнімдер экспорттың негізін
құрайды және бұл салада үлкен
мүмкіншіліктердің бар екені айқын.
Бәсекелестікті
күшейтетін келесі маңызды факторлардың бірі –
өнімнің сапасы болып есептелінеді. XX ғасырдың 90-жж.
ҚХР «сапамен жеңу» және «сауданың ғылым
және техникамен гүлденуі» сынды стратегияларын алға
қойды. Жаңа ғасырға қадам басқан
шығыс көрші «сауданы дамыту жолдарын өзгерту» атты жаңа
идеяны ұсынып, бірнеше саяси шараларды қабылдап,
жоғарғы энергетикалық шығынды және қоршаған
ортаны ластайтын өнімді экспорттауды шектеп, ресурстық
өнімдерді экспортқа шығару үшін арнайы лицензия,
экспорттық салық және қайтарылатын салықтың
көрсеткіштерін төмендетті. Бұл экспорт саласындағы
бәсекелестікті күшейту және халықаралық сауданы
дамытуға деген объективті талап, сондай-ақ сапа мен көлем,
тиімділік пен қарқындылық мәселесін шешудегі
қажетті құбылыс болды.
Жалпы
қытайлық ерекшелігі бар социализмді құру үш
«Ұлы тарихи міндетті» орындау арқылы жүзеге асырылады:
мемлекетті модернизациялау, өзара дамуды қолдау арқылы
әлемдегі бейбітшілікті қорғау, Отанның бірігу
үрдісін аяқтау.
Мемлекеттің
өзінде «қытайлану» ұғымы рухани-мәдени
бірліктің күшейтіп, реформалар саясатының
Қытайдың ұлттық рухына бағытталуы, сыртқы
саясат тұрғысынан бұл ұғым Қытайдың
бейбіт даму тұжырымдамасымен үйлеседі. ҚХР
бұрынғы Төрағасы Ху Цзиньтао айтқандай:
«Әлем мен халықаралық қатынастарды үйлестіруге»
тырысады. Тағы бір аса
маңызды міндет ол – ашықтық саясатының
құрамдас бөлігіне айналған Қытай
мәдениетінің жетістіктерін сыртқа тарату және
оның жағымды бейнесін, Қытайдың сыртқы
аренаға «бейбітшіл» қатынасын, барлық әлемді және
халықаралық қатынастарды үйлестіру бағытын қолдау. Соңғы жылдары мемлекет
басшылығы мәдениеттің заманауи жетістіктері мен қытай
тілінің көпшілікке тарауын насихаттауға көңіл
бөлуде. Көптеген елдерде Конфуций институттары беделді ЖОО жанынан
ашылған. Осы институттар қытай тілін үйрету
орталықтарына айналып, қытай мәдениеті мен дәстүрін
насихаттап келеді.
Мамандардың
айтуынша, соңғы уақыттарда халықаралық
аренадағы ҚХР іс-әрекетінде реалистік және
тәжірибелік бағыт әлдеқайда басым. Былайша
айтқанда, Қытайдың сыртқы саясатында идеологиялық
сипат азая бастаған. Қазіргі оның саясатына тән
ерешелік – барлық елдермен ынтымақтастық пен серіктестікте
арналған көпвекторлық, үшінші елдерге қарсы
бағытталған қандай да әскери одақ немесе
ұйымдарға мүше болудан бас тарту ұстанымы. Қытай
өзін халықаралық қатынастарда күштердің
тәуелсіз орталығы ретінде есептейді. ҚКП XVII Съезінде
ҚКП ОК Бас хатшысы Ху Цзиньтао Қытай саясатының негізгі
қағидаттарын баяндау барысында тәуелсіздік және
дербестікке апаратын жол – «ашықтық саясаты» екенін анық
айтты. «Ашықтық саясаты» ары қарай тереңдей
түседі, ол өз кезегінде әлемнің бейбіт дамуы мен
бейбітшілікті қорғауға себеп болатыны айтылды. «Біз
бұрынғыдай жан-жақты іс-қимылдарға белсенді
қатысып, сәйкесінше халықаралық міндеттерімізді
лайықты атқарамыз» деп атап
өтті Төраға [7]. Ол «Қытай еш уақытта
гегемонияға ұмтылмайды, экспансиялауға бармайды, басқа
елдердің ішкі саясатына араласпайды және оларға
ешқандай міндет жүктемейді» деп сендірді. Қытай Халық
Республикасы БҰҰ Қауіпсізік Кеңесінің
тұрақты мүшесі болғандықтан осы ұйымда,
басқа да халықаралық құрылымдарда мейлінше
белсенді болуға тырысып, көптеген бастамаларды алға тартады.
2008 жылы Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарының сәтті
өтуі Қытай беделінің артуына өз септігін тигізді.
Осыған орай АТЭС(Азия-Тынық мұхиты экономикалық
ынтымақтастығы),АСЕАН, АРФ(АСЕАН аймақтық форумы),
ШЫҰ және т.б. ықпалды аймақтық ұйымдарда
Қытайдың орны күшейе түсті [8].
Қытайдың
әлемдік жетекші мемлекеттердің маңызды кездесулеріне
қатысуға деген ұмтылысы оның «Үлкен
сегіздіктің» жұмысына деген қызығушылығынан
көрінеді. «Сегіздіктің» іс-әрекетіндегі көптеген
маңызды мәселелер бойынша Қытайдың өзіндік алатын
орны бар. Ху Цзиньтао бастаған делегация «G- 20» саммиттеріне (2008 ж.
қараша, 2009 ж. сәуір) қатысуы аталған елдермен
байланысын жаңа дәрежеге көтерді. ҚХР үкіметі ЕО
бөлімшелерімен белсенді байланыс жүргізіп, РҮҚ
(Ресей-Үндістан-Қытай),
БРҮҚ(Бразилия,Ресей, Үндістан, Қытай)
аясындағы өзара қарым-қатынас туралы мүдделес
екенін көрсетеді.
Халықаралық
қауіпсіздік және тұрақтылықты қамтамасыз
ету мәселесіне байланысты көрші мемлекеттің белсенділігі
байқалады. ҚХР билік өкілдерінің кез келген баяндамасында
ең бірінші екпін жаһандық, аймақтық
қауіпсізік тек бейбіт түрде барлық мемлекеттердің
белсенді қатысуымен және диалог ретінде ғана шешілуі тиіс деп жарияланады. Бейжің «үш
қауіп» аталатын терроризм, сепаратизм, экстремизмге қарсы белсенді
жұмыстар атқарады, мемлекеттің аумақтық
тұтастығының сақталуын көздейді. Оның
ойынша БҰҰ әлемдік қауіпсіздікті сақтау
және тұрақтылықты қамтамасыз етуде ең
маңызды рөл атқарады. ҚХР билігі жаппай қырып жою
қаруы мен ядролық қарудың көбеюін болдырмау
және жоюға, әлемде
ядролық қарусыз аймақ құруға байланысты
өз ықпалын аямайды.
Әдебиеттер:
1.
Трифонов В. Внешняя политика
КНР (1949-2009 гг.) // Проблемы
Дальнего Востока. - 2009. - № 5. - б.191.
2.
Липин Ся, Цзян Сиюань.
Чжунго хэпин цзюэци
(Мирное возвышение Китая).
- Пекин: Чжунго
шэхуэй кэсюэ чубаньшэ,
2004. - б.36.
3.
Бергер Я. Большая стратегия Китая в оценках
американских и китайских исследователей // Проблемы
Дальнего Востока. – 2006. -№1. -б.12.
4.
Ресми ШОС сайты. http://www.sectsco.org/html/01971.html
5. Интервью Ху Цзиньтао ведущим СМИ стран-членов Шанхайской организации сотрудничества. 2012/06/06 // http://www.fmprc.gov.cn/rus/ziliao /zt/shhzzzcygys/t939705.shtml
6.
Чин Ячинг.
Международная система и дипломатия Китая.
– Пекин: World Knowledge Press, 2009. – б. 91.