Шаханова Розалинда Аширбаевна

Доктор педагогических наук, профессор

Зав.кафедрой языков института

 Магистратуры и  PhD докторантуры

 при КазНПУ имени Абая

 

Мемлекеттік тіл ақпараттылығын дамытудың әлеуметтік маңызы

 

         Қазіргі қоғамның дамуы жаһандану үдерісімен анықталады. Барған сайын экономикалық қатынастар дүниежүзілік халықтардың өзара тәуелділігін арттырып келеді, өйткені ғаламдық бірыңғай экономикалық кеңістіктің қалыптасу үдерісі қарқынды жүріп жатыр.    Қоғам дамуының қай кезеңінде де әр халықтың әлеуметтік-материалдық, рухани-мәдени өміріндегі жетістіктері оның тілінде көрініс тауып отырады. Қоғамның даму тенденциясы артқан сайын тілдің сөздік қоры жаңа атаулармен толыға түседі. Бұл сөздік құрамның үнемі дамуда болатынын көрсетеді. Тіл бірте-бірте даму жолымен ілгері басып отыратын құбылыс.

Сөздік құрамның дамуы өндірістің, ғылымның, мәдениеттің дамуымен тығыз байланыста келіп, тілдің әлеуметтік мәнін анықтайды.   Тілдің әлеуметтік мәні қоғам тарихымен, қоғам өндірісімен тікелей байланысты. Сол сияқты мәдени және саяси қатынастардың өзара тығыз әрекеттестігі демократиялық, жалпы адамзаттық құндылықтардың кең таралуына мүмкіндік берді. Бұл үдерісті барынша үдемелі таралуына зор ықпал еткен байланыс құралдарының дамуы. Ақпараттық технологиялар – мобилді телефон, телехабар, факс, электронды пошта және Интернет торы кеңістік пен уақытты “тығыздады”: адамдар бір сәтте араларында он мың шақырым жатқанына қарамай бір-бірімен хабар-ласады және қажетті құжаттарды жібере алады. Бірыңғай ақпараттық кеңістіктің қалыптасуы ақпараттық экономиканың үстемдігін орнатуға жол ашты.  

           Қазақстанның жаңару кезеңінде тұрған бас мақсаты – ол мемлекеттігін нығайту, соның негізінде жаңа әлеуметтік экономикалық және әлеуметтік-саяси қатынастары қалыптастырылады. Ал ол үшін қазақ халқының дәстүрлі қоғамымен сабақтастығын қалпына келтіру, қазіргі өркениеттің талаптарына бейімдеп сәйкестендіру, мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту арқылы әлеуметтік, ұлтаралық шиеленістердің оңтайлы шешімдерінің негізін жасау қажет.

     Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқытудың әлеуметтік маңызы ретінде қоғаммен және оның негізгі элементтерімен өзара әрекеттесуін қарастыруға болады: мысалы, қоғамдық өндіріс элементтері, экономикалық қатынастар элементтері, саяси жүйе элементтері, рухани өмір элементтері.

 Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқытудың әлеуметтік маңызы:

·        тілді үйренудегі  қажеттілікті зерттеу, қоғам өмірі мен жеке өмірдегі оның рөлін, түсініп, бағалау;

·        олардың әлеуметтік маңыздылық астарындағы білім сапасын және деңгейін бағалау;

·        қоғам мен білім алушылардың тілді үйренуге деген көзқарасы,  оның әлеуметтік құндылықтарын зерттеу;

·        әлеуметтік мәртебенің факторы ретінде қазақ тілінің  рөлін көрсету;

·        рухани қажеттіліктер мен мүдделер серпініне оның әсер ету деңгейін анықтау.

         Қоғамдық өндірістің дамуымен байланысты ақпараттың таралуы тікелей тілге қатысты. Тіл арқылы ақпараттың таралуы – тілді дамытудың бір жолы. Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жағдайы артқан сайын ол туралы ақпарат таратушы тілдің де әлеуметтік мәні артады. Тілдің әлеуметтік мәні ақпараттың таралу сипатымен анықталады. Тіл арқылы берілетін әлеуметтік ақпараттың жалпыға бірдей сипаты бар. Сондай-ақ кәсіби тілге қатысты ерекшеліктері бар. Кез келген ақпараттың құны оның әлеуметтік мәнімен өлшенеді. Біреулер үшін аса маңызды, құнды ақпарат, екінші біреулер үшін қызығушылық туғызбауы мүмкін. Бұл – ақпараттың оған қаншалықты қажеттілігіне байланысты болатын нәрсе. Сондай-ақ адамдардың білім деңгейіне, мамандығына, қызығушылығына, эрудициясына байланысты болады.

Ақпараттың құндылығын арттыру тілді тұтынушы адамдардың өзара қарым-қатынасына байланысты. Тілді тұтынушы адамдар өзара сұхбаттасу, пікір алысу, әңгімелесу барысында ақпарат алады, таратады, есте сақтайды. Жалпыға бірдей сипаты бар ақпарат әдеби тілдің нормаларына сүйенеді. Белгілі бір кәсіп иелерінің шеңберінде таратылатын ақпараттың одан ерекшелігі мынада: мысалы автомобиль шаруашылығына қатысты амортизатор, гайка кілті, бүйір редуктор т.б. сияқты сөздер автомобиль шаруашылығымен кәсіп етушілер тілінде қолданылады.  Бұл топқа жататын сөздердің жалпы қолданысқа көшуі, белгілі бір сала, кәсіп мамандарына  қызмет ететіндігі жағынан өзіне жақын сөздер (терминдер) қатарына өтуі мүмкін. Ал, негізінен, сол кәсіппен айналысушылардың шеңберінде таралады. Әлеуметтік ақпарат қай жағынан таралса да оның мемлекеттік тілді дамытуға қосар үлесі мол.  Ақпараттың тілдегі деңгейі әр түрлі. Ақпарат таратуда шеңбері кең, бұқаралық  сипат алған тілдік бірліктер бар да, шеңбері тар белгілі бір мамандыққа, кәсіп иелерінің шеңберінде ғана қолданылатын тілдік бірліктер бар. Мұндай тілдік бірліктер қоғамның әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына қарай өзгеріп, бірінен екіншісіне өтіп отыруы мүмкін. Тіл мен қоғамның арасындағы мұндай байланыс таза таным бағдарының жаңалығына, танымдық қондырғының әдістемелік өзгерісіне негіз болып табылады. Тіл табиғатының бір мезгілде биологиялық, психологиялық, әлеуметтік сипаты болатыны белгілі. Тілдің санаға әсері өте күшті. Тіпті, адам өзі бұрын естімеген, білмеген сөздерін шамалап түсініп жатады. Оған, адамның бұған дейінгі «ғаламның тілдік бейнесі» туралы жинақталған білімі себеп болады.

Тілді игеру, табиғи тіл механизімін түсіну тек тілші мамандарға ғана арналған бағыт емес, ол – тілді тұтынушы адамдарға ортақ қасиет. Тілдің негізгі қызметінің бірі – ақпарат тарату. Ақпарат тілдің коммуникативтік қызметін арттырады. Осы тұрғыдан келгенде, белгілі бір мамандыққа қатысты қазақ тілін оқытқанда тілдің коммуникативтік- танымдық негізін назардан тыс қалдыруға болмайды. Тілдің коммуникативтік-танымдық негізін басшылыққа ала отырып, оны жоғары оқу орындарында оқытудың әлеуметтік маңызы ерекше. Бүгінгі студент – ертеңгі маман. Отанымыздың көлік коммуникация шаруашылығы мен  өндірісін халықаралық аренада жоғары дәрежеге көтеретін де осы мамандар. Белгілі бір мамандыққа қатысты өндірістің жоғарғы деңгейде дамуы қоғамның әлеуметтік жағдайын көтерсе, олардың тілі арқылы мемлекеттік тілдің әлеуметтік мәні көтеріледі. Тілдің әлеуметтік мәнін көтеру оны ақпарат құралы ретінде танумен тікелей байланысты. И.В.Арнольд тіл арқылы берілетін ақпаратты екі түрге бөліп көрсетеді. Ақпараттың бірінші түрі қатысым актісінен тыс тұрады да, тек заттар туралы хабарлайды. Екінші қатысым құралының элементі ретінде қатынасады деп атап көрсетеді.

        Тіл үйренушілердің жаңа ақпараттық және білімдік ортада табысты іс-әрекет етуі олардың бойында ақпараттық-технологиялық құзыреттіліктің қалыптасу деңгейі мен ақпараттық мәдениеттілігінің үстем болуына байланысты болып келеді. Ақпараттық мәдениеттің деңгейі тұлғаның ақпараттық кеңістікте өз адамгершілігін анықтау және шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі дамытумен байланысты әлеуметтік маңызды өмір сүру тәсілін көрсетеді. Ақпараттың адам өміріне қаншалықты әсер етуіне қарай соншалықты оның жеке тұлғалық ерекшелігі, ақпараттық мәдениеті айқындалады. Қоғамды ақпараттандыруды дамытудың негізгі факторларының бірі – білім беруді ақпараттандыру. Олай болса, қоғамның әрбір мүшесі ақпаратты сауатты, ақпараттық мәдениеті мен ақпараттық құзыреттілігі дамыған тұлға болуы қажет. Білім беруді ақпараттандыру – оқыту мен тәрбиелеудің психологиялық-педагогикалық мақсаттарын жүзеге асыратындай жағдайда білім беру саласының теориясы мен практикасында ақпараттық-коммуникациялық технологияның мүмкіндіктерін жан-жақты қолдану үдерісі. Қазіргі жаппай ақпараттандыру заманында қазақ тілін үйрету мен ақпараттық технологияларды игеру жарыспалы түрде қолданылады. Демек, тіл үйрену арқылы мемлекеттік тілдің әлеуметтік маңызын, қоғамдағы қажеттілігін, ақпараттылық маңызын түсінеді.

         Тіл қашанда ұлт мәдениетінің, өнер-білімінің ұлы қаруы, алтын тұғыры. Тілдің ақпараттылық маңызын арттыру арқылы қоғамдық-әлеуметтік қатынас іс жүзіне асырылып, мемлекеттік тілді қарым-қатынас құралы ретінде меңгертудің алғышарты жасалады.

         Мемелекеттік тіл ақпараттылығы арқылы адамдардың бір-бірімен әдеби, мәдени, саяси жағынан қарым-қатынас жасауды жетілдіру, өздеріне қажетті ақпаратты, хабарды алу мүмкіншіліктері өседі.