ӘОЖ 338.484.

ТАБИҒАТЫ ТҰНЫҚ СЫРҒА ТОЛЫ ТУРИСТІК МЕКЕН

Рахман Т-АП12-2к студенті

Ғылыми жетекшісі - аға оқытушы Төлешова М.Т.

 

М.Әуезов атындағы ОҚМУ, Шымкент, Қазақстан

 

Резюме

                В данной статье рассматривается природа ЮКО, в том числе условия запаведников и национальных парков. Кроме того были раскрыты климатические природные условия национального парка и экологическая важность диких фруктовых лесов.

Summary

                In this article deals with nature of SKO, and conditions of  reserve and national parks. Except all those were discovered climatic natural conditions and ecological importance of wild  fruit forests of national park.

 

             Соңғы жылдардағы аймақтағы өзгеріс қала қонақтарын да таңғалдыруда. Ел ішінде «соңғы үш жыл онжылдықтарға татиды» деген сөз бекер айтылып жүрген жоқ. Әсіресе, «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» аясында атқарылған жұмыстар қаланы түбегейлі өзгертіп жібереді. Шымкенттің сән-салтанатын арттырып қана қойған жоқ. Қаланың әлеуметтік мәдени мазмұнын да өзгертті, байытты. Біз, Алматы мен Астанадан оңтүстіктегі өзгерістерді көруге барған бір топ журналистер мұны айқын сезіндік, көзбен көрдік. Мысал керек пе?

 Шымкентте салынып, пайдалануға берілген «Тәуелсіздік» саябағының өзі неге тұрады?! Саябақ Тәуелсіздік алаңының біртұтас композициясына енеді. Алаңда орналасқан монумент дарқан даламыздың кеңдігін, халқымыздың татулығы мен бейбітшілігін бейнелейді. Аумағы 8,2 гектар жерді алып жатқан саябақтың орталығында «Ел бірлігі» монументі бар. Қазақстанды мекендеген барлық ұлт өкілдерінің барельефі бейнеленген алып гранит тұғырдан 137 тік уықтан ұстап тұр. Бұл Қазақстанды мекен еткен барлық ұлт өкілдерінің берекелі бірлігі, ырыс пен ынтымағын білдіреді.

            Рәміздер алаңында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» 1991 жылғы 16 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңынан үзінді жазылған.

Осы алаңда байрағымыз асқақтап тұр. Көлемі 128 шаршы метр келетін көк туымыз 25 метрлік көкке қарай шаншылған найзалардың ортасында, 50 метр биіктікке желбірейді.

Тәуелсіздік монументі мен «Тәуелсіздік» саябағының арасын «Мемлекеттік рәміздер» алаңы мен ұзындығы 104 метр келетін көпір жалғап жатыр. Бүгінде көпшілік бұл көпірді ескі тарих пен жаңа тарихты байланыстырып тұрған «Алтын көпір» деп атап кеткен.Ең бір қуанатыны, мемлекеттік рәміздер алаңы мен «Алтын көпір» «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» аясында салынған.

  Аллеяда Оңтүстік Қазақстан облысынан Ұлы Отан соғысына аттанған 140 мыңнан астам адамның аты-жөні гранит тастарға қашалып жазылған. Сонымен қатар Оңтүстіктен қан майданға аттанып, ерекше ерлігі үшін Кеңес Одағының батыры атанған 51 жауынгердің, Даңқ орденінің толық иегері атанған 8 адамның, 1 Халық қаһарманының аты-жөні қастерлеп жазылған.

  Шымкент қаласындағы Абай атындағы саябақта Абай мұражайы жұмыс істеп тұр. Мұражай қызметкерлері Абай Құанбаевтың өмірі мен шығармашылық мұраларын халық арасында кеңінен насихаттауды мұрат еткен. Абай атамыздың мазмұнды мұралары арқылы жас ұрпақтың ұлы ақын, кемеңгер пәлсапашы туралы танымының өрісін кеңейтіп келеді. Осы мақсатта мұражай Елбасы Назарбаевтың қатысуымен салтанатты жағдайда 2009 жылғы 22 қыркүйекте ашылды.

            Шымкенттіктер мен қала қонақтарының ең сүйікті демалыс орындарының бірі – Дендросаябақ. Керемет саябақты мемлекет меншігінде «ұстап» тұруға қаржы тапшы болды ма қайдам, кезінде жекеменшікке беріліп кетті. Күтімі нашарланғаннан әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген сирек кездесетін ағаштар қурай бастады. Бұл мәселе облыс басшыларының құлағына тие сала олар дереу іске кірісті. Дендросаябақты коммуналдық меншікке қайтарып алды. Іле-шала күрделі жөндеуден өткізді. Қазір қонақтарды былай қойғанда, үйленіп жатқан жас жұбайлар дендросаябаққа бас сұқпай кетпейді. Аумағы 117,04 гектар жерді алып жатқан Шымкент дендрологиялық саябағында атпен және велосипедпен серуендеу жолдары реттелді. Кіре берістегі арка жөндеуден өтті. Саябақ ішіндегі көл қалпына келтіріліп, жағалауы көркейтілді. Саябақ қоршалып, қызметтік үйлер жаңартылды. Көл үстіне жаяу жүретін көпір салынып, 9000 шаршы метр плиткалармен көмкерілді. 4000 шаршы метрге аяқжол төселіп, 455 дана жарықтандыру шамдары мен демалушыларға арналған 100 орындық орнатылды.

 Дендросаябақ аумағында 20 тиін, 4 елік пен теңбіл бұғы, 10 тауыс құсы орны салынды, маңы тазаланып, абаттандырылған көлге аққу, қаз, үйрек секілді құстардың 22 данасы мен 20 мың дәу маңдай балық жіберілді. Биыл дендросаябақта бұрын - соңды болмаған іс басталды. Көктерек, балқарағай, самырсын және магнолия ағаштарының көшеті егіліп, түрлі 584 өсімдік өсірілуде. Дендросаябақтың гендік қорын молайту үшін 24 ағаштың 560 көшеті отырғызылды.

 Қажымұқан атындағы орталық стадионның маңынан салынған орталық су-спорт кешені шымкенттердің ғана емес, елдің ұлттық және жастар құрамаларының жаттығу базасына айналды. Қала тұрғындарының жүзу спортымен айналысуына мүмкіндік берілді. Су спорт кешенінде көлемі 50х22 метр келетін сегіз жүзу жолы, жаттығу залы, 740 орынға арналған көрермен залы бар. Жүзу бассейні бір мезгілде 96, күніге 200-ден астам адамды қабылдай алады. Ғимаратты тұрғызуға облыстық бюджеттен 881,6 млн теңге қаржы жұмсалды.

            Оңтүстік Қазақстан облысы Спортшылар аллеясымен де мақтана алады. Аумағы 1400 шаршы метрді алып жатқан аллеяда 12 гранит тасқа облыстан шыққан даңқты спортшылардың аты-жөндері жазылған. 2010 жылдың 25 қазаны күні аллея салтанатты түрде ашылғаны жұртшылықтың есінде.

  Спортшылар аллеясы да «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» аясында салынды.

 Біздің көзіміз жеткен бір нәрсе, әлеуметтік нысандар тек Шымкент қаласында салынып жатқан жоқ. Облыстың барлық аудандары мен қалаларында өсу, даму бар, елді мекендерді көркейтіп, көріктендіру жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп жатыр. Пайдалануға берілген нысандардың көптігі соншалықты, барлығын бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Ең бастысы, оңтүстікқазақстандық бизнес өкілдерінің туып-өскен жеріне сүйіспеншілігі жоғары, отаншылдықтары биік, азаматтықтары айрықша екенін байқадық. «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» аясында Оңтүстік Қазақстан облысында осыншама нысандардың салынып, халықтың игілігіне беріліп жатқанына қуандық.

                      Ұлттық парктің жалпы жер көлемі – 149 053 га, оның ішінде орманды аумақ 27 553 гектарды құрайды. Батыс Тянь-Шань жүйесінің солтүстік – шығыс бөлгін қамтитын табиғи парк Талас Алатауының оңтүстік – батысына орналасқан. Оған Өгем, Қаржантау, Қазығұрт, Боралдайтау таулары мен таулы аймақтары кіреді. Орманды – даладан биік таулы белдеулікке дейінгі 7 аймақты қамтитын парк аумағында өсімдіктердің 1635, сүтқоректілердің 59, құстардың 300-дей түрі кездеседі. Ауа райы жер рельефі бойынша әркелкі және ендігі ұзақ аумақты қамтитындықтан өз айырмашылықтарымен ерекшеленеді. Яғни ауа райы жылудың көптілігімен, құрғақшылық  және континентальдылығымен айшықталады. Жазы ыстық, құрғақ және ұзақ. Қыста жиі жылымық түсіп тұрады. Тау бөктері мен таулы аудандарда 3 айдан 7 айға және одан да ұзақ мерзімге қар жатады. Ормандары аршалы және жабайы жеміс болып келеді. Мұнда «Қызыл кітапқа» енген өсімдіктердің 62 түрі өседі. Батыс Тянь-Шань тауының басты ерекшелігі, мұнда мәдени өсімдіктердің жабайы түрлері  - алма, алмұрт, жүзім, грек жаңғағы, пияз, қызғалдақ, қарақат өседі. Парктің жануарлар әлемі де өте бай. Аю, қасқыр, тауешкі, елік, арқар және басқа да жануарларды кездестіре аласыз. Қаратау арқарлары көктемде Боралдай жотасының оңтүстік бөлігін мекендейді. Парктің ең сақ мекендеушісі саналатын қар барысы мен Түркістан сілеусіні де көбейе бастады.

   Аталған қорықтың Сайрамсу шатқалында теңіз деңгейінен 2350 метр биіктікте орналасқан мұзды көл жайында айтылған ел аузындағы аңыз бұл. Көлдің төменгі жағы түсі ашық және жасыл болып келеді. Көлдің көкшіл және жасыл болып екі түске бөлінуі ерекше жағдай. Кез келген ауа райында да көлдің түсі өзгеріссіз.

  Таудың салқын самалы, таза ауасы, мөлдір суы – Табиғат – Ананың баға жетпес сыйы. Ғылыми дәлелденген ерекшеліктерінен өзге бұл өлкенің сұлулығы көрген жанды өзіне қызықтырмай қоймасы анық. Сондықтан да болар, бүгінде ұлттық парк аумағы өлкенің туристік мекеніне айналып келеді. Соңғы бірер жылда парк аумағына келген демалушылардың санының көбейе түсуі – сөзіміздің дәләлі. Мәселен, 2010 жылы 3111 демалушы қорықтың табиғатын тамашаласа, 2011 жылы келушілердің саны 3 есеге артып, 9506 адамды құрған. Ал, биылғы сегіз айда 11,5 мыңнан астам демалушы өлкеміздің әсем табиғатында тынығуға мүмкіндік алған. Келушілердің қатарында Қазақстан азаматтарынан өзге шетелдік туристтері де баршылық.

 Оңтүстік өңірдің табиғатын дүниежүзіне паш ету – азаматтық борышымыз.

    Климаттық, табиғи жағдайлар ұлттық парк аумағында өсімдіктердің биологиялық алуантүрлілігінің  сақталуына негіз болып отыр. Әсіресе, мұндағы жабайы жеміс ормандарының экологиялық, қорғаныштық және азық-түліктік маңызы өте үлкен. Соңғы жүргізілген зерделеу бойынша жабайы жемісті ормандардың жалпы көлемі 3573 гектарды құраған. Оның ішінде жабайы алма алқаптары – 1847, өрік – 333, алша – 245, қызыл долана – 1119, Регель алмұрты – 29, грек жаңғағы 76 гектар алқапты алып жатыр.

            Ұлттық парк аумағындағы жемісті ормандардың негізгі түрлері – Сиверс алмасы, өрік, Регель алмұрты, долана, алша, шие, мойыл, зере, жаңғақ пен кәдімгі пісте, т.б. ағаш тұқымдастары. Бұл ағаштардың тағамдық және дәрілік, техникалық шикізат ретіндегі пайдалы қасиеттері көп. Олар көптеген мәдени жеміс ағаштарының сорттарын шығару үшін аса бағалы генетикалық қор болып табылады. Атап айтқанда, Сиверс алмасы жабайы ағаштары дүниежүзінде таралған алма сорттарының түпкі атасы екендігі бүгінде ғылыми түрде дәлелденіп отыр. Мәселен, ағылшын ғалымдары өз елдеріндегі алманың мыңнан аса сорты осы Қазақстан жеріндегі жабайы алмадан шыққаннын анықтаған. Жемісінің қышқылтым – тәтті дәмі бар, хош иісті және шырындылығы өте жоғары. Жемісінен нәр су, тосап, поведло және т.б. дайындалады.

  Алма ағашының бұл түрі құрғақшылыққа және суыққа төзімді, селекцияда кеңінен телітуші ретінде қолданылған. Сиверс алмасы сирек және жоғалып бара жатқан жеміс түрі ретінде Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Академик А. Жанғалиев ғұмырын осы сиверс алмасын зерттеуге, оны болашақ ұрпақ үшін сақтауға арнап, көп еңбек сіңірді. Бұл алманың бағалы гендік қорын сақтауда ол Франция, АҚШ, Жаңа Зеландия елдерінің ғалымдарымен ынтымақтастықта жұмыс істеді. Қазір сол елдердің ғалымдары мен мамандары бұл жабайы алмаға үлкен қызығушылық танытуда.

 

 

                                                  Пайдаланылған әдебиеттер

1.       Оңтүстік Қазақстан газеті  06.11.12 №175 (19385)

2.      ok-shm@mail.ru

3.      А.Р.Белоусова, О.П:Мельчина «Английский язык для студентов сельскохозяйственных вузов», 2009.

4.      Д.З.Саинов «Английский язык для студентов-биологов» 2008.

5.      http://encyclopedia2.thefreedictionary.com/Agricultural Chemistry

6.      www.aikyn.kz

7.      www.aikyn_nurmedia@mail.ru