ҰРПАҚ БОЙЫНА  РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ   ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ ТӘЛІМГЕРДІҢ РӨЛІ

 

Тұрғаналиева Ганмиркүн Ганмирханқызы,

М.Өтемісов атындағы БҚМУ, Қазақстан

 

Бағзы заманда елінің болашағы үшін қатты алаңдайтын бір патша елінің данагөй қартынан: «Елімнің болашағын болжап берші, деп өтінген екен. Сонда қарт: «Сен маған алдымен, еліңнің жастарын көрсет, содан соң жауап берем» деген екен. Осы қазыналы қарияның сөзін бойтұмардай ұстанған Елбасы өз сөзінде: «Еліміздің  ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, болашақты білімді ұрпақ айқындайды, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаз қолында»  деп  атап көрсетті. Елбасы 2012 жылдың 5 қыркүйегінде өткен өзінің интерактивті дәрісін «Балам дейтін ел болмаса, Елім дейтін бала қайдан болмақ» деген аталы сөзбен бастады.

Еліміздің болашағы – ұрпақ тәрбиесінде. Бүгінгі  таңда жастарға әлемдік ғылым мен прогресс деңгейіне сәйкес білім мен тәрбие беру, оның рухани байлығы мен мәдениеттілігін, ойлай білу мүмкіндігін жетілдіру, сонымен қатар әр адамның кәсіби біліктілігі мен  білімділігін, іскерлігін арттыру әділетті  қоғамның міндеті  болып табылады.

Қазіргі таңда білім беру ұйымдарының мақсаты – жаңа кезеңде жас  ұрпақты тәрбиелеудегі өзекті мәселелерді тиімді шешілуін ұйымдастыру.

Жаһандану процесінде жастар арасында әлеуметтік тоқырау, яғни саяси және қоғамдық өмірден алшақтау, отбасылық өзімшілдік мінез көрсету, адамгершілік құндылықтар дағдарысы, шындықтан, адалдықтан бас тарту, зорлық-зомбылық сияқты құбылыстар, дәстүрлі емес діни ұйымдардың жастарымыздың санасына әсер етуі, жастардың маскүнемдік, нашақорлық секілді залал дүниелерге құмар болуы,  ауыр қылмыстар жасау, адамгершілікке жатпайтын қылықтар кеңінен етек жаюда. Міне, сол себептен де жас ұрпақ тәрбиесі өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

Бұл мәселені  ұлтының болашағы үшін жаны ауырған, аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлының жандауысы дәлел бола алады.  «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, енді қорқынышым  көбейіп жүр. Біріншісі, балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын.  Екінші, немересіне ертегі айтып беретін әженің азаюынан қорқамын. Үшінші, дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді, содан қорқамын», - деген.

Ұлт тұлғасының осы қорқынышын болдырмайтын, бесік жыры үнінің құдіретіне тәнті болып өсетін баланың тәрбиеленуіне, ертегіні құмарта тыңдап, оның қызығына тамсана білетін жеткіншектің көбеюіне, дәстүрімізді сыйлайтын намысты ұл мен қыздың өсуіне тірек бола алатын ұрпақ тәрбиелеуші ұстаз ғана. Себебі ұстаз – студент үшін ғана емес, бүкіл адамзат үшін ең жоғарғы адамгершіліктің үлгісі.

Қазіргі уақытта  тұжырымдама бойынша  тәрбие жұмысы 12  бағыт бойынша жүргізілуде. Олар мыналар: 1) Азаматтық-патриоттық, құқықтық және полимәдениеттік тәрбие; 2) Рухани-адамгершілік  тәрбие; 3) Отбасы  тәрбие; 4) Өзін-өзі тану мен өзін-өзі дамыту қажеттілігін қалыптастыру; 5) Әлеуметтік-мәнді және жеке қасиеттерін қалыптастыру; 6) Коммуникативті  мәдениетті қалыптастыру; 7) Экологиялық тәрбие; 8)Эстетикалық   тәрбие; 9) Дене тәрбиесі және салауатты өмір салтын қалыптастыру; 10) Еңбек және экономикалық тәрбие; 11) Кәсіби шығармашылық тәрбие; 12) Интеллектуальді мәдениетті дамыту [1].

Міне, осы бағыттар  негізінде тәрбие жұмыстары барлық білім мекемелерінде жүргізіліп жатыр.

Жоғарыда айтылған мәселелер төңірегінде жан-жақты дамыған тұлға тәрбиелеу үшін осы он екі бағыт негізінде, оны жеке тұлғаның қабылдауы арқылы жүзеге асыру қажет. Тәрбие жұмысының 12 бағытын дәл қазір бір баяндаманың ішінде қамту мүмкін емес. Сондықтан мен өз баяндамамда, ең маңызды деп тапқан, рухани адамгершілік тәрбиесін қарастырдым. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халықтарының Ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде «ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің аса маңызды шарты – бұл әлемдік бәсекелестік үрдісіне табысқа жетуге мүмкіндік беретін күшті рух пен білім» деп көрсетеді [2]. Бұл жас ұрпақ бойына рухани құндылықтарды дарыту мақсатында тәрбие процесін жүргізуді қажет етеді. Сондықтан да рухани құндылықтарымызды ұрпақ санасына жеткізу, олардың бойына сіңіру – еліміздің  келешегі үшін шынайы жүрегі ауыратын әр ұстаз үшін  парыз.

Біз өз баяндамамызда рухани дамыған тұлға қалыптастыруды мынадай бағыттар арқылы жүргізуді ұсынбақпыз:

1) Танымдық бағыт  таным мәдениеті, интеллект, білім, ақыл-ой мәдениеті, шығармашылық, дүниетаным, ғылым, дін, сындарлы ойлау білу, сананы жетілдіру, өз-өзіне баға беру, шешен сөйлеу қабілеттерінен құралады.

2) Адамгершілік бағыт – ол жеке тұлғаның жеке қасиеттерінен тұрады: жауапкершілік, мейірімділік, әділдік, қайырымды да адал, үлкенге құрметтеп, кішіге қамқор бола білу, ар-ұятты, тән және жан сұлулығы, өзінің қадір-қасиеті, ата-ананы қадірлеу.

3) Ұлттық бағыт – ұлттық сана, патриотизм, ұлтжандылық, елін, туған жерін сүю, тілді, дінді, салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты құрметтеу, ұлттық спортты дәріптеу, табиғатты аялау, әдебиетті, мәдениетті қастерлеу, т.б. бөліктерден тұрады.

4) Әлемдік бағыт – азаматтық, толеранттылық, басқа адамның құқықтарын құрметтеу, өзге ұлттармен ынтымақтастық, полимәдениеттілік, тілдің үштұғырлығы, ұлттаралық қарым-қатынас, т.б. жатады.

Аталған бағыттар бойынша рухани дамыған тұлға тәрбиелеу мақсатында университетімізде тәрбиелік тағылымдық, тәлімдік іс-шаралар жүргіземіз. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті рухани дамыған тұлға қалыптастыру үшін төмендегідей іс-шаралар кешенімен жұмыстануда:

·        Студенттік өзін-өзі басқару - жыл сайын қатарына 85 студент қабылдайды. Бұл студенттер университет өміріне белсене араласады. Сабақты үздік оқумен қатар, студенттерді басқару, мәдени іс-шараларды ұйымдастыру, қарияларға көмек көрсету, жатақхана мәселесін шешу, студенттік декан, студенттік ректор, студенттік кәсіпродақ төрайымы, Студенттер Альянсы жетекшісі, «Жасыл ел», студенттер құрылыс жасағының командирлері қызметтерін атқарады.

·        Ақын А.Бақтыгереева атындағы Қыздар мектебі - бұл қыздардан ғана құрылған мектеп, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстан жазушылар Одағының Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы,  ақын, қоғам қайраткері Ақұштап Бақтыгерееваның жетекшілігімен жұмыстануда. Қазақ қызына тән тәрбиені насихаттау, қазақ қызының ерекшелігін дәріптеу, эстетикалық тәрбиені, болашақ отбасының ұйытқысы болатын ана рөлін насихаттау мақсатын көздейді.

·        Қажым Жұмалиев атындағы бірлестік - бұл бірлестік университетіміздегі ақын-жазушыларды еске алу кештерін, әртүрлі әдеби-сазды кештерді ұйымдастырады. Бұл бірлестік студенттер қауымы үшін рухани жағынан дамуына үлкен септігін тигізеді. Шоқан, Ыбырай, Абайлардан бастау алатын ағартушылық бағыттарды ұлықтау, ақын-жазушылардың шығармаларын, олардың тәлім-тәрбиелік мәнін насихаттау.

·        Мәтжан Тілеужанов атындағы этнографиялық музей - ғалым Мәтжан Тілеужанов Батыс өңірінде бастап кеткен фольклорды сараман кезінде студенттердің жинастырған халық ауыз әдебиеті үлгілерін, зергерлік бұйымдар мен тұрмыстық құралдары жинақталған. Бұл музейдің мақсаты халқымызыдың этнографиялық бұйымдарын дәріптеу, қазақ халық ауыз әдебиетін насихаттау.

·        Ақындар мектебі - жас талантты ақындар мен жас тілшілерді тәрбиелеу. Облыстық, республикалық мүшәйра, айтыс, сайыстарға жас таланттарды дайындау.

·        «Ақиқат» пікірталас клубы - студенттерге қазіргі таңдағы өзекті мәселелерді тани білуге, солардан шығу шешімдерін таба білуге үйрету. Көп ортасында өз ойларын еркін жеткізуге, әдемі сөйлеуге үйрету, шешен де білгір қасиеттерін  анықтау.

·        «Қыздар әлемі» порталы - бұл порталда ұлттық бағыт бойынша қыздармен ашық дәрістер, сырласу бағытында жүргізіледі. Қыздарға пайдалы кеңестер, тың мәліметтер, түрлі видеодәрістер берілген. Жасөспірім қыздар, бойжеткендерге қазақ тілі арқылы ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу.

·        «Жас ғалым» қоғамдық бірлестігі - студенттердің ғылыми жобалармен айналысуына септігін тигізеді. Бұл бірлестікте студенттер ғылыми тілді жетік меңгеріп, ғылыми сауаттылыққа үйренеді. Қазіргі ғылым-техника заманына сай өз идеялары мен мақсаттарын жүзеге асырады. Республикалық, халықаралық жобаларға қатысып, жүлделі орындар алып, өз идеяларын тәжірибеде іске асыруда.

·        Халықаралық көптілді білім беру орталығы - бұл орталық жаңадан ашылған. Бұл орталықта студенттер ана тілімен қатар өзге тілдерді үйренуге мүмкіндік алады. Полимәдениеттілікке үйретеді. Өзге ұлт, ұлыс өкілдері арасында мемлекеттік тілді насихаттау, тіліміздің қасиетін дәріптеу бағытында жұмыстанады. Бұл орталыққа студенттермен қатар магистранттар да мүше бола алады.

Сонымен, тұлғаның рухани моделін қалыптастыру рухани құндылықтардың негізгі қайнар көздері – салт-дәстүр, мәдениет, ғылым-білім, дүниетаным, адамгершілік арқылы жүзеге асады. Осы тәрбие жолында жоғарыда айтылып кеткен тәрбие мектептері үлкен рөл атқарады. Халықтың рухани дамуының түп қазығы, тірегі - мәдениет, әдебиет, дін, салт-сана, тіл деген ең негізгі құндылықтардың беріктігіне келіп тіреледі. Тәрбие саласындағы барлық өзгерістердің өзегіне осы тұрғыдан келуіміз заңды. Жастарға білім беру мен тәрбиелеу осы негізде жүйеленуі қажет деп есептейміз. Үлкен ғұлама-педагог Л.Фейербах: «тәрбиенің мақсаты - бақыт, ал соған жету - қуаныш» деп санаған [3]. Болашаққа Бақыт пен Қуаныш сыйлайық, ұстаздар қауымы!

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. ҚР Үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасы. 2010ж.

2. Н.Ә.Назарбаев. Әрқашан бірге, әрдайым алда болайық // Дидар. - 2006. - 28 ақпан.

3. О.Я.Сүлейменова. қазақ және неміс халықтарының дәстүрлі мәдениеттегі сабақтас этнопедагогикалық идеялардың дамуы. Автореферат. Алматы, 2004.

4. Қ.Б.Сейталиев. Тәрбие теориясы. - Алматы, 1976.

5. И.А.Қайров Адамгершілікке тәрбиелеу әліппесі. Алматы, 1980.

6. М.М.Тілеужанов. Қазақ халықтық педагогикасының кейбір мәселелері. - Орал, 1992.

7. М.М.Тілеужанов. Халық тағылымы. – Алматы, 1999.