Ұлттық қолөнер- тәрбие құралы

Магистр- оқытушы Жунисова  Н.А.

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ

Қазақстан республикасы, ОҚО, Туркестан қаласы

 

         Қазақстан Республикасы “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасында Қазақстандағы мәдени мұраның қазіргі жай-күйіне, сан ғасырлық дәстүрлерді сақтау мен одан әрі дамыту жөніндегі шараларды жетілдіруге аса зор мән берілген. Бұның өзін Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің ұлттық мәдениетімізді дамыту жолындағы үндеуінде “Ұлттық мәдениетімізді ұлықтап, бар мен жоғымызды түгендеп, жүйелеп келер ұрпаққа аманаттау “Мәдени мұра” бағдарламасының басты мақсаты” – деп, атап көрсетті.

Әрбір халықтың өзінің бай қазынасы, асыл байлығы, ұлттық мәдениеті бар. Қолөнер – мол рухани мәдениеттің маңызды бір саласы, бабамыздың сан ғасырлар қиялынан шыққан, атадан-балаға мирас болып келе жатқан үлкен өнер туындысы, баға жетпес асыл мұрасы. Соған орай халықтың тарихи дамуына, тұрмысына, табиғат ерекшелігімен эстетикалық талғамына байланысты қолөнер өзіндік ерекшелігімен ғасырдан-ғасырға сақталып, дамып, келер жас ұрпақтарға беріліп отырған.

                Қазақ халқы сонау ерте заманнан-ақ күнделікті еңбек қызметінде өзінің қолданбалы өнерін дамытып отырды. Көркемдік талғам мен талапқа сәйкес олар рудың, отбасының, жеке бастың тұрмыстық және рухани қажеттерін қанағаттандыру, айырбас сауда жасау үшін ең қажетті заттарды дайындады.  Атап айтқанда жүн өнімдері, ағаш, металл, қолданбалы өнер туындыларын жасайтын материалдарды өңдеудің әдіс айлаларын меңгеріп  отырды. әрбір қолөнер бұйымдарын жасаудың жолдарын жастайынан көріп, көңіліне тоқып өскен балалар бірте-бірте бұл өнердің қыр-сырын меңгеріп, өз бетімен өмір жолын бастағанға шейін айтарлықтай тәжірибе жинақтап отырды.

Соның ішінде сырмақ, текемет, тұскиіздің алуан түрлері, айшықтап кесте тіккен қоржын, әбдіре, сандық тыстары, тағы да сондай үй тұрмысында қолданылатын айна қап, аяқ- қап, кереге қап сияқты заттар кездеседі. Оюлап киіз басу тек қазақтың ғана еншісіне тиген өнер емес, мал шаруашылығымен айналысатын басқа да көшпелі елдерге тән, ортақ нәрсе.

  Киіз басумен Қазақстанның барлық бөлігінің тұрғындары айналысқан.       Бір қызық жері, пайдаланылатын зат біреу, ол жүн, осыдан жасалған киіздің әр жүзге, әр руға тән өзіндік ерекшеліктерін анық байқауға болады.

          Өзгешеліктері киіздің жасалуында емес, безендірілуінде, бірін-бірі қайталанбас      өрнектерінде. Көлемі жағынан киіз үйге тұтастай дерлік төсеуге жететін төсеніш киіздің бір түрі текемет. Текеметтің көлеміне қарай ірілі-уақты сәндік әшекей өрнектері болады. Әлбетте, өрнекті киіздің негізгі түрін ашатын басқа бір айшықты түстен алады. Ол көбінесе ''S'' ирек болып келеді. Жартылай басылған әлі толық бірікпеген киіз үстіне басқа түсті жүннен созып өрнек салады. Өрнектің көрнекілігі халық шеберінің ой қиялына, суреткерлігіне байланысты әр жерде әртүрлі, оюларды түсіріп болған соң киізді әрі қарай басуды жалғастырады. Пісіре келе өрнектік жүндер киізбен бірігіп белгілі бір нақтылығын, түзулігін жойып, әсем бір суретке айналады. Сырмақ - халқымыздың тұрмыс тіршілігіндегі ұлттық қолөнерінен туындаған аса сәнді төсеніші, әрі өнер туындысы. Сырмақ еденге төселетін бірден-бір жарасымды жабдық. «Сырмақ» сөзі - «сыры» етістігіне «мақ» жалғауы жалғану арқылы «сырымақ» болып айтылып, кейін келе «ы» әрпінің түсіп қалуынан «сырмақ» болып қалыптасқан. Кесек киіздер, текеметтер сол замандарда алғашқы қажеттікті өтегенімен, қоғамдық құрылымның біртіндеп дамуы мен тұрмыс мәдениетінің қалыптаса түсуіне сай, тазалыққа тиімсіз, тұтынуға ептейсіздігі байқалған. Адамдар санасындағы талғам-талап, қажетсінудің қол-өнерге ықпал етуімен, қолдануға ыңғайлы, жеңіл-желпі, әрі көркем төсеніштер туындады. Осылайша сырмақ пайда болды. Сырмақтың өмірге келуіне күнделікті тұрмыстағы қарапайым нәрселер себеп болса керек.

Сырмақ – әртүрлі киізден ойылып жасалатын төсеніш  киіздің бір түрі – «Сырмақ» сыру негізінде Орта жүзде Арғын, Найман, Керей, батыста Қыпшақ руларында көп тараған. Сырмақ жасаудың атадан-балаға таралып дәстүр болып келе жатқан өзіндік бір салты бар. Әр ұрпақ өкілдері өздерінің жаңалықтарымен, соңғы элементтерімен сырмақ сыру өнерін толықтырып, байытып отырған. Текеметтей емес сырмақ даярлауда алдын-ала өлшеніп, нақты белгілеген үлгілері болады. Ою қатаң тәртіппен орналастырылады. Сырмақты ақ киізді бір бөлек, қара киізді бір бөлек басып, екеуін беттестіріп, үстіне ою үлгілерін салып, бормен сызып екі киізді бірден үлгімен ойып алатын болған. Содан-соң ойылған оюдың ағын- қараға, қарасын, аққа келтіріп тігеді. Құрастырылған оюды сол қалпымен тұтас үлкен киізге жапсырады. Оюларды құрастыратын жерінің үстін бастыра жиек басады. Жиектік жіптің иірілуі де, қабатталуы да басқаша, және оның түсі, бояуы да оюды айшықтап тұратын ашық түсті болады. Текеметтей емес сырмақ мықты келеді. Кейбір сырмақтарды жарты ғасырдан артық төсеуге жарайды. Оюларды құрастырып үстінен басып тігіп болған соң сырмақты  тұтастай сырады. Ақ киіздің үстін ақ жіппен, қара киіздің үстін қара жіппен ұсақ етіп түгелдей тігіп шығады. Сырмақ сонда шымыр, қатты болады. Оның төзімділігі де осында болса керек. Мәселен, көнерген киіздерді қабаттап төсену одан соң оны қобырай бермеуі үшін қабаттап көктеу.Осыдан бара-бара қабаттауды белгілі пішінге келтіріп, ықшамды етіп төсеніп, көктеуді де бірте-бірте жиі тігістерге, одан сыруға өзгерткені мәлім. Сөйтіп алғашқы сырмақ пішіні қалыптасқан. Бұдан соң кесек киіздерден қалаған мөлшерде кесіп алып қабаттап сырып, шағын төсеніштер істеле бастаған. Бұл сырмақтар алғашында, әрине ою салынбай жасалды. Бүтін күйінде ығына қарай сырылуы, сондай-ақ сол кезгі таңба белгілер, нанымдар бойынша өрнектер түсірілді.

Қазақ қонақжай халық болғандықтан арнаулы бір бөлек қонақ үй өте сәндікпен безендірілген бұйымдар тұтылады. Тұсқа айшықты тұс киіз ілініп, төрге оюлы текемет төселеді. Оюлы текемет көздің жауын алардай айшықты өрнекпен өрнектеліп, әр түсті шашақпен өте әсем безендірулері болады. Оның жасау жабдығы да күнделікті қолданылып жүргендердей емес, ерекшеленетін киіз үй бұйым-дарының ішіндегі ең бағалы жасауы. Оюлы текемет тек өте силы қонақтардың құрметіне ғана ұсталатын болған. Көбінесе оюлы текеметті қызға жасау ретінде дайындайды. Қазақтың  халық шеберлерінің тағы қатты көңіл бөліп, сәндеп безендірген бұйымдарының бірі – «Тұс киіз». Қазақстанның батысында, солтүстігінде осы күнге дейін тұс киізді матадан оюлап тігу дәстүрі сақталып келеді. Бағалы тұс киіздер қызға жасау ретінде жасалынды. Ұзататын қызға арнап, қалап тігетініне байланысты «Қалауыш» деп атап кеткен. Қалауыш  киіз үстіне ақ, қара, қызыл шұғадан өрнектеп дайындаған. Оның көлемі көп жағдайда тік төрт бұрыш болып, керегеге тұтастай тұтуға жетерліктей болған.– Қалауыш киіз үйдің жасауы ретінде сән берер жиһаз болғанымен керегеден суық ұрмас үшін жылулық қасиеті тағы қатты  ескерілген. Сондықтан да оны қалың киізден жасап, үстіне әдемілеп, көркемдеп мәнерлі өрнек түсірді. Бірақ бұл бұйымды кейіннен тұс киіз ретінде қолданған соң, сол ''тұс киіз'' деген атауымен сақталып қалған. Сонымен бірге  қазақ  халқының сәндік қолданбалы қолөнерінің бір түрі-киіз үйдің ішкі жинақ жабдықтары.Үй шаруашылығындағы әйелдер қой яки түйе жүнінен иіріп, бояп киіз үйдің ішін жабдықтауға басқұр, алаша, тақыр кілем, қоржын, жабу тоқыған. Қазақстанның оңтүстік батыс аудандарында сондай-ақ Қызылорда облысының бәрінде дерлік қазір де түкті кілем тоқу дәстүрі кең тараған. Басқұр мен киіз басу үйдің керегесі менуығының біріккен жерін жасыру мақсатымен жасалады. Ол екіншіден сәндік жиһаз есебінен де саналады. Сондықтан оны термелеп өрнек салып әсемдеп тоқиды. Киіз үйді жасауда ерекше сән беретін ақ басқұр да орама кесте әдісімен  тоқылатын  жалрақ тақта. Өте ертеден келе жатқан, өз құндылығын жоғалтпай осы заманға дейін жеткен халық қолөнерінің бір түрі – кілем тоқу өнері. Бізге дейін жеткен әдебиеттердегі деректерге сүйенсек, түкті кілем тоқу өнері Орта Азия мен Қытайда кеңінен тарап дамыған. Өте ерте заманда тоқылған түкті кілем б.э.д. V-ғасырда жоғары таулы Алтайдағы Пазырық қорғанынан қазған кезде табылған. Қызылорда, Ақтөбе, Қостанай облыстарында киіз үйге тақыр кілем, түкті  кілем тоқу көп кездеседі.         

            Өзінің талай тайпалардан құралған ата-бабалардың ғасырлар бойындағы дәстүрлерін бойына жиған қазақ халқы өз талғамына өз талабына сай күнбе-күнгі тұрмыста қажет бұйымдарды өндіруді өрістеткен. Бұл бұйымдар алғашқы кезде рудың, елдің, үй-ішінің керегіне, кейінірек сауда алмасу қажетіне өндірілетін болған.

  Қазақтың халық шеберлері жасаған, үлкен талғаммен өрнектеліп істелінген бұйымдарды студенттерге таныстырып, олардың нұсқаларын жариялап отырудың ғылыми маңызы зор, өйткені бұл қазақ халқының этногенезінің аса маңызды тың мәселелерін шешуге, оның ұлттық дәстүрлері мен өзгешеліктерін анықтауға көмектеседі.

Өркениетті қоғам мен құқықтық мемлекеттің гүлдене түсуі өскелең ұрпақтың рухани байлығы мен мәдениеттілігін, еркін ойлау қабілеті мен шығармашылығын, кәсіби біліктілігі мен білімділігін талап етеді. Бүгінгі таңда халықтың дәстүрлі өнер түрлерін жинақтап зерделеудің, оның айналасындағы тәлім-тәрбие мол тәжірибе негізін-де жасөспірімдерді тәрбиелеудің қажеттігін тудырады.

         Ұлттық өнер,  ұлттық мазмұн тек мектептерде кәсіпке баулитын арнаулы пәнде ғана  емес,  балғын жасқа тәрбие беруде және  оқу барысында кез келген сабақта ұлттық педагогикамен үндестік тауып жатуы тиіс. Міне,  осы негізді басшылыққа ала отырып жастарды қолөнершілікке баулуда  кәсіби білім беру– бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Қоғамдағы болып жатқан бетбұрыстар,  саяси көзқарастар аясында қазақ елінің тарихын шынайы тұрғыда танып - біліп,  салт – дәстүріне,  рухани мұрасына және сондай қажеттіліктердің бірі – халық қолөнеріне сүйіспеншілікпен қарау ерекше маңызға ие болып отыр

Сондай қажеттіліктің бірі – халықтың қолөнері, сол өнердің тәлім-тәрбиелік мүмкіндіктерін қазіргі ұрпақ тәрбиесінде тиімді пайдалана білу. Бұл мәселенің нәтижелі жүзеге асуы студенттердің қолөнер бойынша толық білім сапасын және оның студенттердің тәрбиесіне пайдалана алу іскерлігі мен қабілетін қажет етеді. Оның үстіне қолөнер өзінің бай тарихи, терең мазмұны, эстетикалық, эмоционалдық тұрғыда әсер етіп олардың тұлғалық және сапалық қасиеттерін дамыта түсетіні сөзсіз.

 Ұлттық мәдениеттің қайта өркендеуіне байланысты ұмыт бола бастаған ұлттық өнер, атамұра, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлердің қайта жаңғыруына мүмкіндік туды. Жеткіншектердің ұлттық қайта өсу негіздерін қалыптастыру үшін:

- «өнер көзі халықта» дегендей елде бар мол қолөнер үлгілерін жинақтау;

- халық қолөнерінің адамгершілік, эстетикалық, еңбек тәрбиесіне, рухани дамуы мен мәдени білімдерінің жетілуіне әсерінің басым екенін ескеру мен оны іс жүзінде асыру мақсатында студенттерге меңгерту;

- қолөнерді түпкілікті жете зерттейтін болашақ мамандар даярлау үшін қолөнердің түрлерін мәні мен маңызын, эстетикалық әсер қуатын, тарихи дамуын жан-жақты саралау;

- қолөнер түрлерінің атауларының мағыналық және тілдік жағынан талдау, бейнелеу жолдары мен технологиялық әдіс-тәсілдерін анықтай түсудің заңды, объективті қажеттігі арта түседі.

Бүгінге дейін игі дәстүр ретінде  жалғасып келе жатқан ұлттық сәндік –қолданбалы өнерімізді бүгінгі  жастарға технология пәнінің оқу материалдары арқылы  санасына сіңіре білуіміз керек. Сондықтан жастарды дер кезінде ұлттық өнерімізге деген қызығушылықтарын арттыра отырып оларды дайындай білуге баулуды  қажеттейді

Қолданбалы қолөнер тек ою-өрнек қана емес, олар математи-калық ойдың, есептің, бұрыштар өлшемдерінің, өң-түс, сабақтастықты жан-жақты шығармашылықпен ойландыратын тәрбие құралы.

Осы міндеттерге дәлірек тоқталайық.

-         Оқушының политтехникалық ой-өрісін дамытып, ынта- ықыласын нығайту.

-         Қоғам өмірінде еңбектің, өнердің рөлін түсіну, өнер адамдарына деген құрмет.

-         Өнерге деген сүйіспеншілік, еңбек етуге қабілеттілік пен шығармашылық, қоғам пайдасына шын ниетпен, шығармашылықпен жұмыс істеу тілегі. Қай кезеңде болсын адамзат алдында тұратын мұрат-міндеттердің ең бастысы, өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу болып табылады. Білімді, жан-жақты тәрбиелі жастар ұлтымыздың баға жетпес қазынасы, сондықтан жастарды жан-жақты қабілетті азамат етіп өсірудегі халық қолөнерінің тәлім-тәрбиелік, білім-танымдық ролі орасан зор.

 

Әдебиеттер

      1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтің «Қазақстан халқына    жолдауы». Егемен Қазақстан 7 ақпан. бейсенбі 2008ж.

            2. Ш. Байділдаұлы. «Қазақтың ою-өрнектері».

            3. Қ. Әмірғазин. «Қазақ қолөнері». -Алматы 1994ж.

      4. Марғұлан А.Х. Казахское народное прикладное искусство. 1986.

      5. Қасиманов С. Қазақ халқының қолөнері. А., 1995.

6.Жәнібеков Ө. Жолайырықта. А., 1998.

      7.Арғынбаев Х. Қазақ халқының қолөнері. А., 1987.

8.Мұқанов К. Жүннен жасалатын бұйымдар. А.,1990.