1Примбетов Турмаханбет Тулешович

ҚарМУ,  ф.ғ.к., доцент, Караганда, Казахстан

2Балыкбаева Сандугаш Жансолтановна

Ғ.Мұстафин атындағы ЖББОМ қазақ

тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 

 

         «ТУЫНДЫ СӨЗ» ТЕРМИНІ ТУРАЛЫ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕР

 

     Қазақ тіл білімінде грамматиканың бір саласы ретінде сөзжасамның келіп қосылуы тіл біліміне жаңа ұғымды терминдермен толықтыру үстінде.  Соның бірі әрі негізгі зерттеу нысаны болып отырған – туынды сөздер мәселелері.  Жекелеген авторлардан соң 1989 жылы «Ғылым» баспасынан мүмкіндігі болғанынша кең көлемде бірнеше авторлар еңбегі нәтижесінде «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» деген атпен алғашқы монография және 2002 жылы сөзжсасам мәселесін ғылыми айналысқта тұрақтандырған «Қазақ грамматикасы» жарық көрді. Сонан бері қазіргі таңға дейін сөзжасам жүйесі бойынша бірнеше еңбек жарық көріп, жан-жақты зерделену үстінде. Бұл, әрине, қазақ тіл білімі тағы да жаңа саламен толығып, қазіргі талапқа сай зерттелуде деп түсінген жөн.

Қалай болған күнде, қай ғылым болмасын өзіндік зерттеу нысаны, әдістемесі, дереккөздері, бағыты т.б. болуы бірінші шарттылық дегендей, ең басты мәселесінің бірі – өзіндік терминдік қолданыстары болуы қажет екендігі бәрімізге белгілі жай. Бұл мәселелер екінші ілім салаларынан ерекшелеп тұратыны және ақиқат. Соңғы кездерде морфология және сөзжасам турасында жазылған еңбектерде көптеген терминдердің ортақтығы (әсіресе дыбысталу, айтылым жағынан) бұл екі саланы бөліп қарастыруда едәуір қиындықтар туғызып отыр. Олар: түбір, негізгі түбір,  туынды түбір, туынды сөз, негіз, негізді сөз, туа түбір, («түбіршек» деп те қолдану кездеседі) түбір морфема, қосымша морфема, жұрнақ, сөзжасамдық жұрнақ, жалғау және бұған қоса күрделі сөздер мен сөз таптары түрлерінің атаулары т.б.  Қайсыбір еңбектерде бұл секілді терминдер бірінің орнына бірі талғаусыз қолданылатыны кездеседі. Бұл жағдай морфологиялық пен сөзжасамдық талдаулардың өзіндік табиғи қасиеттерін ерекшелеп көрсетуде қайшылықтар, пікір таластықтарды да  туғызып жүр. Мысалы, түбір, туынды түбір деп көрсету сөз құрамын морфологиялық жақтан талдау мәселесі болса, сөзжасамдық еңбектерде морфологиялық талдау еместігін көрсету мақсатында түбірді «негіз», «негізгі сөз», туынды түбірді «туынды сөз» немесе «негізді сөз» деп тұрақтандырған дұрыс секілді. Дегенмен де морфология саласындағы «негізгі түбір» терминің сөзжасамда басқа сөздердің жасалуына түпкі қазық болғандықтан «негіз» деп қолданған ыңғайлы сияқты. Сонда «түбір» – «негізгі сөз» – «туынды түбір» – «туынды сөз», «негізгі түбір» – «негіз» деп қолдану әңгіме қай сала тұрғысынан болып жатқанын саралап берері сөзсіз (сөзжасам тұрғысынан ба, әлде морфологиялық талдау ма деген сияқты).

Зерттеулерге қарағанда «негізгі түбір» мен «негіз» деген терминнің табиғаты, атқаратын лексика-грамматикалық мағыналары ұқсас болғанымен, өзара айырым белгілері бар. «Негізгі түбір» деп отырғанымыз «негізгі морфема» яғни «түбір морфема», бұл сөз бөлшегі деген ұғымды білдіреді де оған: «Түбір морфема – сөздің әрі қарай бөлшектеуге келмейтін ең түпкі негізі» деген анықтама берілген [1,24]. Сонда «түбір морфема» сөздің лексикалық мағынасын білдіретін сөз бөлшегі болмақ. Бұл тұрғыдан морфемаларға жіктеу морфологиялық талдау болып табылады (сөз құрамына байланысты). Ал «негіз» термині – сөзжасам мәселесі. Себебі сол «негізден» сан түрлі сөздер жасалады, яғни сөзжасамның түрлі бірліктерінің жасалуына негіз болады. Екіншіден, «негіз» деген сөздің лексикалық мағынасынан-ақ бір нәрсе жасауға тірек, фундамент деген ұғымды бере алатынын байқауға болады. «Туынды сөз» деген жасалынған, жаңадан пайда болған дегенді білдіретіндіктен, сөзжасам саласына, яғни сөздердің жасалуы деген ұғымды, түсінікті нақтылай түсетіндіктен әрі сөзжасам тұрғысынан талдану үстінде екендігін білдіре алатындықтан, бұл терминді мүлдем біржолата сөзжасам саласының еншісіненде тұрақтандырған жөн. А.Ысқақовтың «Қазіргі қазақ тілі» (1991) еңбегінде туынды түбір – туынды сөз, түбір – негіз деп қолдануы ол кездерде сөзжасам жеке сала ретінде әлі де болса  өзіндік табиғатымен танылып зерттеле қоймағандықтан екені белгілі. Бұл жерде ғалым сөз құрамын мүмкіндігінше түсіндіруге, ұғымды етіп көрсетуді көздеп отыр [1, 31]. Жоғарыда аталған терминдердің қайсысын алсақ та осы секілді пікірлерді айтуға болады. Мәселені түйіндей келгенде, термин ортақтық қай салаға қатысты болмасын нақты түрде ғылыми талдауларға келгенде қиыншылықтар туғызатыны анық. Мұны түзейтін әрине – сын. Сондықтан қазақ тіл білімі сынын қалыптастырып, жарық көріп жатқан еңбектердің жетістіктері, ерекшеліктері баспа беттерінен орын алғандары жөн болар деген ойдамыз.

Сонда сөзжасам саласында (қай мәселесі болмасын) жарық көрген еңбектердегі «түбір», «түбір морфема», «туынды түбір», «негіз», «негіз сөз», «негізгі түбір», «туынды сөз», «сөзжасам қосымшалары», «жұрнақ», «жалғау» деген терминдерді бірінің орнына бірін қолданбай әрқайсысын өз саласына лайықты қолданса, ал «туынды сөз» турасында мына секілді мәселені айтуға болады еді.

Туынды сөздер өмір шындығымен байланысты. Өмірде пайда болған заттарды атау талабы да осындай экстралингвистикалық не лингвистикалық факторлар нәтижесінен туынды сөздер жасалады: оқырман, аялдама, жанкүйер, оқушы, дәрігер т.б. Бұлардың туынды сөз ретінде танылуы әрқайсысының сөзжасамдық жасалу тәсілі әрі негіз сөзбен сөзжасам қосымшаларының мағына жиынтығынан тұру үлгісі барында.

Екіншіден, туынды сөздердің табигатындак зат атауы не белгісі болғандықтан олар лексикалық нұсқаға (единицаға) жатады да, сол дайын күйінде өзгертілместен кез келген сөйлем құрамында қолданылады. Мысалы, күйші, биші, қаламгер т.б. сөздері осы қалпында (негіз сөз бен сөзжасам қосымшаларын сақтай отырып) сөйлем құрамына енеді, тек сөйлемдегі айтылар ойға байланысты түрлі жалғаулар жалғануы ықтимал. Мысалы, жұмыскерлерге жеткізу керек, жұмыскерлермен тілдесу қажет т.б. туынды сөз қай сөз табының туынды сөзі болса, сол сөз табынша түрленеді (жұмыскер зат есім, сондықтан зат есімдерше түрленіп отыр).

Үшіншіден, сөзжасамда туынды сөз негіз сөзсіз жасалынбайды. Осы тұрғыда келгенде негіз сөздер сөзжасамдық мақсатта екі топқа бөлінеді: а) негіз, ә) туынды сөз. Мысалы; кел, ән, түбір, бер, кел т.б. сөздерімен тәлімгер, басытқы (закуска), жылытқы (грелка), сәулетші (архитектор), базарлық (сувенир) т.б. тұлғаларды салыстырғанда, алғашқы топтағы сөздер негіздер, соңғылары туынды сөздер. Бұлардың ұқсастығы екеуі де сөзжасамдық бөлшектер. Айырымдары негіз бір ғана бөлшектенбейтін морфемадан тұруы және жеке тұрып дербес мағына бере алады. Туынды сөздер болса, екі морфемалы болғандықтан, оларды бөлшектеуге болады (негіз сөз, сөзжасамдық қосымша). Осы екі морфемалардың мағыналық қосындысынан туынды сөз жасалады; куә-лік, сәулет-ші, қылти-ма т.б. Сонымен қатар негіздің мағынасы қалай пайда болғаны белгісіз де олардың мағынасы табиғи нәрсе секілді көрінеді. Мысалы, «нан» тағам аты, «күй» музыка, «шөп» өсімдік ретіндегі мағыналары қалай пайда болғаны белгісіз болса, туынды сөз ретінде табылатын саудагер, дәрігер, қаламгер, тәлімгер т.б. негізгі сауда, дәрі, қалам, тәлім секілді морфемалар мен оларда адам яғни мамандық ұғымын қосатын сөзжасамдық қосымшаларға жіктеуге әрі бұл мағыналардың қалай, қайдан пайда болғандығын түсіндіруге де болады. Бұл мәселе туынды сөздердің сөзжасамдық жүйедегі төртінші белгісі деп тануға болатын негізгі заңдылықтарының  бірі.

Төртіншіден, сөзжасамдық заңдылықта басым көпшілігінде туынды сөз мағынасы негіз сөздің мағынасына байлаулы болады. Мысалы, суретші, әнші, жылқышы сөздері туынды сөз болуы бұл сөздермен жарыса қолданылып жүрген сурет, ән, жылқы секілді негізгі түбірлердің өмір сүруі. Басқаша айтқанда, туынды сөз мағынасы қалай болған күнде негіз сөзбен мағыналық әйтеуір бір байланыста болады (тікелей не жанамалай).

Негіз - сөзжасамның ешқандай қатынасынсыз жасалған сөздер , туынды сөздер, сөзжасамның заңдылықтары, тәсілдері арқылы жасалуы - шартты нәрсе. Ал тарихи тұрғыдан кейбір негіз деп жүрген сөздеріміздің түбір, қосымшаға бөлінуі, жаппай ортақ заңдылық болмауы қазіргі кезде өлі негіз, өлі қосымшалардың мағыналары сақталмай біртұтас тұлға ретінде кіріге бірігіп бір-ақ ұғымда, мағынада жұмсалуынан. Мысалы; момақан, момын, сөздеріне «мом» деген ортақ негіз бар деу тарихи тұрғыдан болмаса, қазіргі танда «мом» деген негіз түрінде дербес мағынада колданылмайды.

Зерттеулерге қарағанда негіз сөздер байырғы сөздер болғандықтан, олар түркі тілдес халықтарға ортақ тұлға ретінде қолданыла береді. Ал туынды сөздерде мұндай ортақтық міндетті емес. Мысалы, қазақ тіліндегі жанжалшыл деген туынды сөз өзбек тілінде жанжалқыш қазақша тарақты татар тілінде тарахсыман түрінде айтылады. Сонда туыстас тілдерде туынды сөздердің жасалуында әртүрлі ерекшеліктері болады. Бірақ бұдан өзара ұқсастық жоқ деген асығыс пікір шығаруға болмайды. Ұқсастықтар бар әрі сөзжасамдық ортақ заңдылықтар да жеткілікті.

Негіздің туынды сөзге қарағанда қай жағынан алсақ та мүмкіндігі мол. Себебі олар ежелден қолданылып келе жатқандықтан бүкіл халыққа танымал, тілімізде жиі қолданылады әрі стиль талғамайды да және сөздік қорға жатады. Бұдан туынды сөздердің тіліміздегі қызметі кем деген қате пікірге келуге болмайды, бірақ қайсыбір туынды сөздер жасалғанмен сөздік қорға енбей қалуы мүмкін т.б. деген секілді.

Негіздің сөзжасамдық қабілетіндей ешқандай сөзде жоқ. Сөзжасамда негіздердің бәрі қатысады да, олар арқылы көптеген туынды сөздер жасалады. Ғалымдар зерттеуінше, қазақ тілінде бір негізден 20-30 сөз жасалуы үйреншікті құбылыс. Ал бір «бас» сөзінің 140, «жел» сөзінен 90-нан астам туынды сөздер жасалатыны дәлелденіп отыр. Керісінше, туынды сөздердің сөзжасамдық қабілеті нашар, өнімсіз.

Негіздердің омонимдік қасиеті күшті болады: құс, ет, қара, сыз, бас т.б. сөздер бірде заттық, бірде етістік ұғымында жұмсала беруі де үйреншікті нәрсе.

Негіздердің буын (дыбыстық) жағынан да туынды сөздерден ерекшелігі бар. Айталық, олардың басым көпшілігі бір буынды болып келулерімен қатар әрі түркі тілдеріне ортақ ретінде де қасиеттері бар. Мысалы: ана, әке, ай, ұл, үй, ақ, қыз, бет, бар, жүр т.б. Кейде мұндай сөздер тек екі немесе үш дыбыстан емес: жұрт, құрт, қант, қайт секілді төрт дыбысты болып келе береді. Ал туынды сөздерден тек екі буыннан басталып (семантикалық тәсілден өзгесі), буын сандары ұлғайя береді: бастама, ұйымдастыру  т.б.

Туынды сөз белгілі бір тәсілмен жасалады (синтетикалық, аналитикалық, лексика-семантикалық). Осыған орай құрам жағынан туынды сөздер: а) жалаң негізді сөз, ә) күрделі негізді сөздер болып және екі топқа бөлінеді. Бұл термин де көңілге онша сенімді емес. Себебі жалаң, күрделі деген сөздер морфология саласында да қолданылады. Терминді қайталамас үшін мүмкін жалаң сөздерді «бір негізді», күрделі сөздерді «көп негізді» деп атаған жөн шығар. Әрбірден соң «күрделі негізді сөздер», «көп негізді» дегеннен гөрі «аналитикалық негіздер» деп те атаған ұтымды болатын секілді. Бұлай атаудың өзі мұндай сөздер аналитикалық тәсілмен жасалғандарын әрі құрамында бірнеше негіз бар деген ұғымды қоса білдіре алар еді. Ескеретін бір жағдай – сөзжасам саласына арналған көптеген еңбектерде (Н.Оралбайдан өзгесі [2]) морфологияда қолданылып жүрген күрделі сөздер түрлерін сөзжасам саласында туынды сөздер деп нақты аталмайды  [3] . Мұның себебі сөзжасам саласындағы еңбектер негізінен синтетикалық тәсілдерге баса назар аударылатынымен түсіндіруге болады. Сөздер мағынасына қандай да бір өзгеріс болмасын, ол қай тәсілмен жасалса да ол туынды сөз [4,223]. Сондықтан бірігу, қосарлану т.б. туынды сөз жасаудың амалы.

Сонымен туынды сөз турасында жоғарыда айтылған мәселелерді жинақтай келе, мына секілді сөзжасамдық белгілерін жинақтап көрсетуге болады:

1) туынды сөз екі морфемалы (негіз сөз, сөзжасамдық жұрнақ) тұлға: көрші, үшінші, қаламгер, биші т.б.;

2) туынды сөз негіз сөз бен сөзжасамдық қосымша морфемалардың мағыналық қосындысынан тұрады: көкшіл, ұзынша, қысқаша, егеу т.б.;

3) туынды сөз мағынасы негіз сөздің мағынасына байланысты болады: балықшы туынды сөз «балық» деген негіз сөздің мағынасынан шығып отыр дегендей;

4) туынды сөз тілдің даму сатысына орай танылады: көрер-мен, ұш-ақ, оқыр-ман, аялда-ма т.б.;

5) туынды сөз құрамындағы морфемалар заманына байланысты жіктері сақталады: тәлімі-гер, дау-кес, дүние-қор т.б.;

6) туынды сөздердің мағыналарында өзгеріс болады (себебі сөз жасалады) әрі қай сөз табына жатуына орай сол сөз табынша грамматикалық түрленеді. Мысалы, «егеу» сөзі зат есім ретінде түрленуі (септелуі, көптелуі, тәуелдене алады);

7) туынды түбірлер қай сөз табының жұрнағы арқылы жасалса, сол сөз табының грамматикалық қасиеттеріне ие болады: ара-лық, бала-лы, жаман-дық, шөп-ті, өзен-ше, үй-шік, тау-сыз т.б.;

8) туынды сөздер сөйлем барысында емес, олар сөйлем құрамында дайын қалпында жұмсалады. Мәселің, адамгершілік, ізеттік туралы әңгімелесек, тілдегі осы дайын қалпында қолданамыз: адамгершілік жасады, ізеттік көрсетті  т.б.

 

Әдебиеттер тізімі:

 

1. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы: Ана тілі. 1991. – 384 б.

2. Оралбай Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. – Алматы, 2002.

3. Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі.– Алматы: Ғылым, 1989. – 368 б.

4. Қазақ грамматикасы. –Астана: Елорда, 2002. – 784 б.

 

Ул. Черкасская 78-2

Пірімбетов ТұрмаханбетТөлешұлы

ҚарМУ-дың доценті, ф.ғ.к.

Балықбаева Сандуғаш Жансолтанқызы

Ғ.Мұстафин атындағы ЖББОМ қазақ

тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі