Филологические науки.

Теоретические и методологические проблемы  исследования языка.

 

PhD., Тажикеева А.Ш.

 

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

Концепт ұғымы туралы

 

Қазіргі таңда тіл біліміндегі зерттеулердің көбі негізгі категория ретінде концепт ұғымын алуда. «Концепт – адам санасының ойлау бірліктері мен психикалық ресурстарын, білім мен тәжірибенің бейнелі көрсеткіштерін құрайтын, хабарлы құрылымдарды түсіндіруге мүмкіндік беретін когнитивті лингвистиканың негізгі ұғымдарының бірі» [1, 267 б.].

Концепт латын тілінде де бірнеше мағынаға ие: сonceptio – 1) жиынтық, жүйе, байланыс, қойма, заң актілерін тұжырымдау; 2) ұрық қабылдау; 3) сөйлем және т.б. мәнге негізделген [2].

Концепт ұғымы, негізінен, ағылшын тіліндегі Шенк, Чейф, Рассел, Карнап сияқты ғалымдардың еңбектерінде кездесіп, аталмыш ұғымды дұрыс аудару мәселесі туындағандықтан алынған (1970 ж. ортасы). Ол кезде ағылшын тіліндегі concept сөзін «ұғым» деп аудару ұсынылды, алайда қазіргі таңда зерттеушілер «концепт» пен «ұғым» терминдерінің ара-жігін ашуда. Мәселен, Ю.С. Степанов ұғым мен концептің айырмашылығы туралы айтқанда, біріншісін логика мен философиямен байланыстырып, екіншісін математикалық логикаға жатқызса, кейінгі уақытта концепті «мәдениеттің ұйытқысы» ретінде анықтап мәдениеттанумен де байланыстыруда. Ғалымның пікіріне сүйенетін болсақ, концепт адамның менталды дүниесіндегі мәдениеттің негізгі ұясы,ол біріншіден, ұғымның мазмұнын қамтиды және оны мәдени факт ететін – этимология, нақты бір концептінің қысқаша тарихы, заманауи ассоциациялар, бағалар, тәжірибе және т.б. қамтиды [3, 71 б.].

С. Аскольдов концепті ойлау барысында адамға бір-біріне жақын көптеген заттардың орнын алмастыратын ойлау құрылымы деп анықтаған [4, 12 б.].

В.А. Маслова концептке келесі анықтаманы береді: «Концепт окружен эмоциональным, экспрессивным, оценочным ореолом; это тот, «пучок» представлений, понятий, знаний, ассоциаций, переживаний, который сопроваждает слово и выражаемое им понятие. Концепты – предмет эмоций, симпатий и антипатий, а иногда и столкновений различных мнений». Ғалым В.А. Маслова концепт табиғатын түсіну жайында ойын былайша өрбітеді: «Любая попытка постичь природу концепта приводит к осознанию факта существования целого ряда смежных понятий и терминов. Прежде всего, это концепт, понятие и значение». Демек концепт, ұғым және мағына концепт жүйесін құратын бір-бірімен тығыз байланысты, ажырамас ұғымдар болып табылады. Ғалым әрі қарай ұғым мен концепті былайша ажыратады: «Если понятие – это совокупность познанных существенных признаков объекта, то концепт – ментальное национально-специфическое образование, планом содержания которого является вся совокупность языковых средств (лексических, фразеологических, паремиологических и др.)» [5, 26-28 б.].

Ю.С. Степанов концептке келесі анықтаманы береді: «Концепт – это как бы сгусток культуры в сознании человека; то, в виде чего культура входит в ментальный мир человека. И, с другой стороны, концепт – это то, посредством чего человек – рядовой, обычный человек, не «творец культурных ценностей» - сам входит в культуру, а в некоторых случаях и влияет на нее [6, 40 б.].

 В.З. Демьянков концепт ұғымы қазіргі орыс тілі қолданысы аясында интелектуалды, ғылыми дискурсқа тиесілі деген көзқарасқа тоқталады:   «Употребляют этот термин, когда хотят подчеркнуть самость некоторого понятия, его априорность, чтобы сказать: обсуждая данное понятие, давайте попытаемся, не просто договориться об употреблении терминов, а реконструируем ту сущность ментального мира, которая за этим понятием лежит» [7, 44 б.].

Е.С. Кубрякова болса, концепті халық жадысы, оның ділдік лексиконы, концептуалды жүйесі мен ми тілінің, әлемнің тілдік бейнесінің мазмұнды бірлігі ретіндегі білім кванты деп анықтаған [8, 30 б.]. 

С.Г. Воркачев концепті математикадағы көбейтумен салыстыра отырып, анықталуы күрделі және интуитивті деңгейде қабылданатын когнитологияның негізгі аксиоматикалық категориясы, түсінік (представления), схема, фрейм, сценарий, гештальттің гиперонимі деген анықтама береді [9].

Р.И. Павиленис концепті заттардың әлемдегі орнының актуалды немесе ықтимал жағдайы жөніндегі ақпарат, яғни адам баласының әлем объектілері жөніндегі білімі және тұжырымдары деп түйіндеген [4, 16 б.].

 Э. Сепир концепті өмірдегі әр түрлі жеке дара тәжірибелерді қамтитын  ойдың капсуласы деп есептейді [7, 41 б.].

А.П. Бабушкин концепті бастапқы семиозис үдерісін өткеріп, семантикалық өрістің инвариантты мағынасы ретінде тілдік тұлға танитын, халықтық санада көрініс табатын нақты бір ақпараттық тұтастық деп айқындаған болса,          В.А. Маслова концепті «мәдениеттің тереңінен бастау алатын», эмотивтілік, коннотация, табиғатына сәйкес аксиологиялық және тіл жүйесінде «аты»/ «атаулары» бар ұғым деп ойын жетілдіре түседі [10, 233 б.].

Ғалымның пайымдауынша, кез-келген ұғым концепт бола бермейді, тек қана кейбір күрделі, нақты бір мәдениетті оларсыз елестету, танып-білу мүмкін емес маңызды ұғымдар ғана концепт ретінде танылады. Концептосфера құрылымы В.А. Маслованың пікірінше, өзек (когнитивті-пропозиционалдық құрылым), өзекке тамырлас аумақ (концептің басқа лексикалық репрезентациялары, синонимдері) және перифериядан  (ассоциативті-бейнелі репрезентациялар) тұрады. Концепт өзегі мен өзекке тамырлас аумақ әмбебап және жалпыхалықтық білімдерді танытса, периферия – индивидуалды, яғни жеке тұрғысынан танытады [5, 17-27 б.].

Жалпы, концепт философиялық тұрғыда екі бағытта түсініледі: біріншісі – рухани мәдениеттің өзекті сөзі, екіншісі – сөздің пайда болуына дәнекер алғашқы түсінік. Концептің басты белгілерінің бірі – оның мәдени реңкте болуы. Сондықтан ол ұлттық ерекше дүниетанымды түсінуде басты компонент болып саналады [11, 55-56 бб.].

В.И. Карасик концепті когнитивтік және мәдени деп ажыратып, когнитивті концептілерді қоршаған ортадағы шындықты құрылымдап және оны қайта құратын индивидуалды мазмұнды болып келетін менталды құрылымдар ретінде анықтаса, ал мәдени концептілер сол мәдениеттің өзіндік ерекшеліктерін бекітетін ұжымдық мазмұнды болып келетін менталды құрылымдар деп түйген [3, 17 б.].

Когнитивтік тіл білімінің дамуы, «концепт» ұғымы мен концептілер типологиясын ұғыну арқылы зерттеушілер концептің әр түрлі менталды құбылыстардың әр түрін біріктіріп, адам санасындағы білімді құрылымдау қызметін атқаратын қолшатыр термин екенін түсінді [8,115 б.].  

В.И. Карасик мазмұндық тұрғыдан концептілерді параметрлік және параметрлік емес менталды бірліктер деп ажыратады. Параметрлік концептілерге объектілердің әр түрлі шынайы сипаттамаларын салғастыратын классификациялаушы категория ретінде қызмет ететін концептілер жатады (кеңістік, уақыт, сандар, сапа және т.б.). Параметрлік емес менталды бірліктерге заттық мазмұндағы концептілер жатады. Параметрлік емес концептілер регулятивті (мазмұнында басты орын құндылықтық компонент болатын концептілер, мысалы, бақыт, міндет және т.б.) және регулятивті емес  (әр түрлі сипаттағы синкретті менталды бірліктер: саяхат, сыйлық және т.б.).

Ғалымның пікірінше, нақты бір халықтың менталитетінің өзіндік ерекшеліктерін танып-білуде регулятивті концептілердің қосар үлесі зор. Регулятивті концептілер, оларға өзін-өзі ұстауда басты бағдар ретінде сүйеніп маңызды концепт санайтын  тілдік тұлғалардың өрісінің қаншалықты, қандай деңгейде болуына байланысты әр түрлі болып келеді. Мәселен, олар әмбебап (ақиқат, жақсылық, сұлулық) болуы мүмкін, сонымен қатар ұлтқа тән – жан, тағдыр, сағыныш сияқты және әлеуметтік тұрғыдан ерекше маңызға ие – ақылдылық, ар-намыс тәрізді концептілер болса, барша адамзатқа тән құндылықтардың жеке-авторлық модификацияларын да қамтиды [3, 74 б.].

З.Д. Попова мен И.А. Стернин концептосфераны белгілі бір халықтың концептілерінің реттелген бір жиынтығы, ойлаудың ақпараттық базасы деп анықтайды [8, 36 б.]. Ғалымдар сонымен қатар топтық концептосфералар жайын да сөз етеді (кәсіби, жас ерекшелік, гендерлік және т.б.).

Отандық тіл білімінде концепт ұғымына қатысты мәселелерді Ж.Манкеева, Н.Уәлиев, Қ.Жаманбаева, Г.Смағұлова, Г.Снасапова, М.Күштаева, С.Жапақов, А.Ислам, Н.Аитова, Ж.Жампейісова, Э.Оразалиева, Г.Мұратова, Б.Тілеубердиев т.б. ғалымдар өз еңбектерінде жан-жақты қарастырады.

Б. Тілеубердиев концепт сөздерді, олардың мәні мен мағынасын түсіну жеке адамнан бастау алып, қоғамдық таптар мен тұтас бір ұлттың ой-өрісі, дүниетанымы жайында ақпарат беретіндігін баса көрсетеді [12, 88 б.].

Ғалым А. Исламның айтуынша, концептілерді талдау барысында төмендегідей бірізділік ұсталынады: сөздіктегі анықтамасы; концептің мағынасы мен оның әр түрлі философиялық және діни жүйелердегі орны; концептің адамның күнделікті санасындағы түсінігі; концептің әмбебап белгілері; концептің фразеологизмдердің түзілуіне немесе қолдануына әсері; белгілі бір концептіге байланысты сюжеттің, немесе образдардың пайда болуы [11, 58 б.].

Концепт құрылымында образдың болуы қазіргі тіл білімінде кеңінен дамыған прототиптік семантикамен дәлелденген. Д. Лаккофтың тұжырымдауынша, прототиптер концепт классын тұтасымен елестетуге мүмкіндік беретін анық,  ашық бейнелер (мысалы: құстар классы үшін ол шымшық).

Э. Роштың пікірінше, прототип – негізінен берілген топтың басқа бірліктерімен ортақ қасиеттер дәрежесінде көрініс табатын және сол қасиеттерді ашық, толық жүзеге асыратын бірлік [8, 107 б.].

Сонымен концепт дегеніміз – этномәдени санада сақталатын, белгілі бір ұлттың ұрпақтан-ұрпаққа берілетін ықшам, әрі терең мағыналы шындық болмыс, ұлттың мәдени құндылықтары жөніндегі сан ғасырлық түсінігін білдіретін құрылым [11, 56 б.].

Мақаламызда концепт ұғымының табиғатын ашуға талпыныс жасай отырып, адамзатқа ортақ әмбебап концептілерді әр түрлі мәдениеттер концептосферасы негізінде айқындау, талдау концепт ұғымының күрделі де терең құрылымын ашып қана қоймай, салғастырмалы тіл білімін тың нәтижелермен толықтыратыны сөзсіз екенін айтқымыз келеді.

 

Әдебиеттер тізімі:

1. Оразалиева Э.Н. Когнитивтік лингвистика: қалыптасуы мен дамуы.  Ғылыми монография. Алматы: Ан Арыс, 2007. – 312 б.      

2. Кубрякова Е.С. Краткий словарь когнитивных терминов. – М.: Изд-во: Филол. ф-т МГУ им. М. В. Ломоносова, 1997. 245 с.

3. Молчанова Г.Г. Английский как неродной: текст, стиль, культура,  коммуникация. – М. : Олма Медиа Групп, 2007. – 381 с.

4. Джусупов Н. Проблема концепта в современной лингвистике.// Преподавание языка и литературы. Научно-методический журнал, 2004. №4. –С. 12-17.

5. Маслова В.А. Когнитивная лингвистика: Учебное пособие/ В.А. Маслова.  Минск: Тетра Системс, 2004. – 256 с.

6. Степанов Ю.С. Константы. Словарь русской культуры. Опыт исследования. – М.: Шк. «Языки русской культуры», 1997. – С.49.

7. Демьянков В.З. Понятие и концепт в художественной литературе и в научном языке. // Вопросы филологии. – М.: 2001. -  №1. –С. 35-47.

8. Попова З.Д. Когнитивная лингвистика / З.Д. Попова, И.А. Стернин. – М.: АСТ: Восток – Запад, 2007. – 314 с.

9. Воркачев С.Г. Концепт как «зонтиковый термин» // Язык, сознание, коммуникация. – М., 2003.  Вып. 24. –С. 5-12.   

10.Маслова В.А. Homolingualis в культуре: Монография. – М.: Гнозис, 2007.   – 320 с.

11. Ислам А. Ұлттық мәдениет контекстіндегі дүниенің тілдік суреті: филол.ғыл. докт. ... дисс. – Алматы, 2004. – 229 б.

12. Тілеубердиев Б.М. Қазақ ономастикасының лингвоконцептологиялық  негіздері. – Алматы: Арыс, 2007. 280 б.