М.С. Қурманбаева б.ғ.д. Қазақ

мемлекеттік қыздар педагогикалық

университеті,  Экология кафедрасы

 

Нөлдік технологиямен өсірілген  күздік бидайдың морфологиялық-анатомиялық құрылысына экологиялық факторлардың

әсерін ғылыми негіздеу

 

Соңғы жылдары көп елдерде нөлдік технология пайдалану арқылы өсірілетін егістіктің көлемі  артып келеді. Нөлдік технология -  жыртылмаған жерге дақылдарды тікелей егу. Тікелей  себу әдістерін АҚШ, Канада, Бразилия, Аргентина, Колумбия елдерінің   шаруалары кең көлемде пайдаланып келеді. ХХ ғасырдың соңында бұл технологиялар негізінен Оңтүстік және Солтүстік Америкада таралған болса, қазір Индонезия, Пәкістан, Қытай тағы басқа да ірі елдерде кеңінен енгізілуде. Қазақстанның аймақтарында  да, әсіресе шөлейт, су және жел эрозиясына  ұшыраған жерлерде дәнді дақылдарды нөлдік технологиямен өсірудің  тиімділігі дәлелденді.

Қазақстанның суармалы аймақтарында  нөлдік технологиямен өсірудің бірден-бір жолы-дақылдарды жалға себу әдісін СИММИТ-халықаралық ғылыми орталықтың  ғалымдары тапқан, ол Түркия, Үндістан, Пәкістан, Қытай  сияқты елдерде  кең тарап келе жатыр. Соңғы жылдары  бұл әдіс Орталық Азия елдерінде де күздік бидай өсіруде қолданылып келеді. Күздік бидай дақылдары үшін тікелей себу әдісінің тиімділігі оларды әсіресе азотпен қоректендірген жағдайда күрт артады. Мысалы, күздік бидай өнімділігі  ерте көктемде 60 кг азот берген алқапта 20 центнерден аса артқан.

Осыған байланысты зерттеу жұмысының мақсаты: экологиялық факторлардың нөлдік технологиямен өсірілген күздік бидайдың морфологиялық-анатомиялық құрылысына әсерін зерттеу және ғылыми негіздеу. Міндеттері: 1.Экологиялық факторлардың топыраққа тікелей себілген Алмалы сортының морфологиялық, анатомиялық құрылысына және өнімділікке әсерін анықтау; 2. Жыртылған, жалға себілген жағдайда экологиялық фокторлардың Алмалы сортының құрылысы ерекшеліктеріне әсерін айқындау; 3. Дәстүрлі жолмен егілген күздік бидайдың өнімділігін бақылау ретінде зерттеу;

 Ғылыми жаңалығы: Алғаш рет нөлдік технология бойынша өсірілген күздік бидайдың морфологиялық-анатомиялық құрылысы өнімділігімен байланысты зерттелді. Зерттеу объектісі және әдістері: Жаңа технология бойынша егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығында өсірілген Алмалы сортына тәжірибе жүргізілді. Жаңа технологиямен өсірілген күздік бидайдың 3 реттік қайталанымда (1м) өнімді өркендер саны есептелініп, масақтағы дәндердің орташа саны анықталып, 1000 дәннің салмағы өлшеніп формула бойынша биологиялық өнімділік есептелініп шығарылды. Анатомиялық құрылысы жалпыға бірдей қабылданған әдіспен жүргізілді. Фотосуреттер сандық фотоапараттың көмегімен түсірілді.

Зерттеу нәтижесі: Экологиялық факторлар  тарапынан жылу мен жарық  бір-бірімен тығыз байланыста өнімге әсер етеді. Фотосинтез - өнімнің мөлшері мен сапасын анықтайтын мәдени өсімдіктер тіршілігіндегі теңдесі жоқ физиологиялық құбылыс. Күн сәулесінің энергиясы арқылы  екпе дақылдардың өсіп-жетілуі кезеңіндегі 90-95% органикалық заттар олардың фотосинтетикалық  қызметінің арқасында түзіледі. Күздік бидай түсімін шығынды аз жұмсап өнімді көтеру, егіншілік жүйесінің мәдениеті мен топырақ- климаттық  ерекшеліктерін ескере отырып, тиісті агротехнологиялық және химиялық іс-шаралармен қатар өнімділіктің физиологиялық құрылымын зерттеп дәлелдеуді қажет етеді.

Осыған байланысты зерттеу жұмыстары жаңа технологиямен өсірілген күздік бидайдың Алмалы сортының себу тәсілі, мөлшері, мерзімінің фотосинтетикалық қызметі мен өнімділігіне әсері бойынша жүргізілген. Әртүрлі өсу жағдайында Алмалы күздік бидай сорты жапырағының морфологиялық құрылысын зерттеу нәтижесінде, төменнен жоғары барлық жапырақтың ұзындығы мен енін өлшеп, формула бойынша ауданын есептегенде, 1-вариант бойынша жалау жапырақтың ауданы 15,5±1,4 см2, 2-вариантта 12,6±1,2 см2, 3-вариант 11,7±1,2 см2.

Cалыстырып қарастырғанда, өнімділігі жоғары болған 1- варианттың жалау жапырағының ауданы басқа өнімділігі төмен варианттардан қарағанда жоғары болғандығы айқындалды. Тәжірибе барысында жапырақ көлемінің  ауданына себу тәсілдерінің, жалға екі қатарлап себу, жалға үш қатарлап себу мөлшерлерінің әсері төмендегі кестеде көрсетілген (1-кесте).

Жалау жапырақтың ауданы өнімділікпен оң корреляцияда болатындығы белгілі, неғұрлым жапырақ ауданы үлкен болса, фотосинтез жүретін аудан үлкейеді, фотосинтез қарқынды жүретін болса, өнімділік артуына ықпал етеді, әсіресе бидайдың жалау жапырағының өнімділікке әсері жоғары болатындығы дәлелденген, біздің зерттеу нәтижесі оны нақтылай түседі,

1- кесте Өсімдіктің өсіп-өну кезеңіндегі жапырақ ауданына себу тәсілінің, тұқымның себу   мөлшерінің әсері (мың м /га)

 

Сорт

Себу тәсіл

Себу мөлшері

Өсу кезеңдері

түптену

түтіктену

масақтану

Сүттеніп пісу

Алмалы

Қатарлап

5,0

23,8

33,1

60,8

20,6

Кең жалдап

4,0

22,4

32,1

53,9

18,5

Жалдап екі қатарға

1,5

17,3

28,9

48,1

15,9

2,5

19,3

30,6

51,6

16,5

3,5

20,6

31,5

53,8

17,6

Жалдап үш қатарға

1,5

15,7

26,2

39,0

13,1

2,5

18,7

29,3

44,4

13,8

3,5

19,7

30,9

46,6

15,5

 

         Жапырақтың анатомиялық көрсеткіштерін зерттеу барысында, жапырақтың көлденең кесіндісінде трихомалары бар жоғарғы және төменгі эпидермис клеткаларын анықтадық, онда моторлы клеткалар болатындығы айқындалды, мезофилл борпылдақ, жүйкеде өткізгіш шоқ коллатеральді жабық, жоғары эпидермиске бағытталған ксилемадан, төменгі эпидермиске бағытталған флоэмадан тұратындығын бақыладық (1-сурет).

Күздік бидайды себу тәсілдерінің өсімдіктің фотосинтетикалық қызметіне әсері бар ауыл шаруашылығы дақылдарының, сонымен қатар күздік бидайдың да өнімділігі өсімдіктің фотосинтетикалық қызметіне тікелей және жанама әсер етуші негізгі факторлардың бірі-себу мөлшері, себу мерзімі, және себу тәсілі.

          Алмалы сортының структуралық құрылымына өнімділігін айқындау үшін талдау жүргізгенімізде, морфологиялық көрсеткіштері төмендегідей: 1 вариантта- масақтың ұзындығы 9,74±0,2 см болғанда, масақтағы масақшалар саны 20±0,5, масақтағы дәндер саны-41,1±0,1, 1000 дәннің салмағы-47,82±0,07 г болды, 2 вариантта   масақтың ұзындығы 8,5±0,1 см , масақтағы масақшалар саны 17,8±0,3, масақтағы дәндер саны-32,1±0,5, 1000 дәннің салмағы-44,25±0,06 г-ға сәйкес болса, 3 вариант бойынша масақтың ұзындығы 9,3±0,7 см , масақтағы масақшалар саны 16±0,7, масақтағы дәндер саны-28,2±0,8, 1000 дәннің салмағы-40,4±0,05 г-ға сәйкес. 

Анатомиялық құрылысы 3 буынаралықта  эпидермис клеткаларынан кейін бірнеше қатар склеренхима клеткалары орналасса, кіш өткізгіш шоқтар оған көміле жатады, ал ірі өткізгіш шоқтар негізгі паренхимада орналасады. Өзек қуысқа айналғандығы айқындалды. 1-вариантта склеренхима клеткаларының  қатар саны 6±0,5, өткізгіш шоқтың жалпы саны 50±1,7, паренхима клеткалары 10±2,1 қатар; 2-вариантта склеренхима клеткаларының  қатар саны 6±0,4, өткізгіш шоқтың жалпы саны 48±1,3, паренхима клеткалары  8±2,3 қатар; 3-вариантта склеренхима клеткаларының  қатар саны 4±0,2, өткізгіш шоқтың жалпы саны 40±1,8, паренхима клеткалары  7±1,3 қатарға тең (2-сурет).

Қорытынды:

         1-вариантта нөлдік технология бойынша топыраққа тікелей себу нәтижесінде Алмалы сортының өнімділігі жоғары (56,8 ц/га) болғандығы анықталды, 2-вариант бойынша жыртылған жерге жалдап егілген Алмалы сортының өнімділігі 36,6 ц/га, ал бақылау вариантында Алмалы сортында өнімділік өте төмен (25,7ц/га) болды. Осыған орай, өнімділігі жоғары 1-варианттағы сабақтың анатомиялық зерттелген белгілерінің сандық көрсеткіштері де жоғары болғандығын атап өту керек,   

        Сонымен Қазақстанда бірінші рет әрі қарқынды, әр тиімді жалдап себу тәсілімен қатар нөлдік технология қолданылуда. Дәстүрлі технологиямен салыстырғанда себу мөлшерін 2-2,5 есеге төмендетеді, суаруға кететін судың мөлшерін 20-30 пайызға үнемдейді, түрлі агротехникалық шараларға кететін шығынды азайтады, қатар аралық өңдеу жұмыстарын жүргізеді, арамшөптермен күресуде, тыңайтқыш енгізуде тиімділігі жоғары. Жер жыртуға кететін шығынның аз болуы, экономикалық тұрғыдан тиімді, сондай-ақ экологиялық жағдайға  да оң ықпалын тигізеді.

Қайта қалыптасу жылдарындағы техниканың, жағармай-энергетикалық ресурстардың және басқа  өндірістік  заттардың күрт қымбаттауы оларды үнемді де тиімді пайдалануды  аз шығын жұмсап, үнемді  технологияларды жасақтап өндіріске және жергілікті топырақ- климаттық факторларға сәйкес техникалық құралдарды қолдануды қажет етеді.

Зерттеу нәтижесіне байланысты, бұл жаңа технологияның  тиімділігі жалдың екі жағынан су үнемді жұмсалып, жарық жақсы түсіп, ылғал өз  нормасын сақтап тұрады,  түптену коэффицентінің жоғарылауына, яғни өнімді өркендердің санының артуына әкеледі, яғни бір дәннен бірнеше масақ алуға мүмкіндік туады. Жаңа технологиямен өсірілген күздік бидайдың  Алмалы  сортында бір масақта  дән саны 41-56 және салмағы 47-57г болатындығы, дәстүрлі жағдайда өскен бидайда бір дәннен бір ғана масақ шығып,  одан 26-28 дән, салмағы 30-40г және тығыз себілуге байланысты бір-біріне жарық, су пайдалануда кері әсерін тигізіп, өнімділік төмен болатындығы анықталды.

 

 

                                                Әдебиеттер:

 

1. Ж.О Оспанбаев «Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік шығысында дақылдарды тікелей себудің келешегі» Жаршы, №10, 2009, Б. 25-28

2. К.Ж Паржанов «Топырақты үнемді өңдеудің күздік-аралық дақылдардың өнімділік көрсеткішіне әсері» , №10, 2009, Б. 35-37

3. А.К. Киреев, Н.Қ. Тыныбаев, Е.Қ. Жүсіпбеков «Қазақстанның оңтүстік-шығыс тәлімі жерінде топыраққа тікелей себу әдісінің тиімділігін анықтайтын факторлар», Жаршы, 2007, №6, Б.15-17