Садуакасова Макпал Болатовна

Казахский национальный университет имени  аль-Фараби, Казахстан.

Күлтегін - Шығыс Түрік қағанатын қайта қалпына келтіруші

«Шешем-Қатын, кейінгі аналар,  жеңгелерім, ханымдар! Тірілерің түгел күндікте болар едіңдер. Өліктерің жұртта, жолда жатар едіңдер! Кұлтегін жоқ болса-бәрің де  өлімші едіңдер...»

 Иолығ тегін. «Күлтегін» Үлкен жазу.

(М. Жолдасбековтың аудармасы)

Екінші Шығыс Түрік  қағанатының шаңырағын көтеріп, түркі елінің  басынан ұшқан бақ  құсын қайта қондырып, «Ел төресі» деген атқа ие болған  Құтылық (Гудулу) қаған 691 жылы қайтыс болды.  Артынан  әлі қабырғасы қатып, бұғанасы бекіп үлгермеген екі жас баласы қалды.  Таққа мұрагерлік жолмен ие  болуға тиісті Қаған балаларының жас болуына байланысты  ел билігінің тізгінін Құтылықтың інісі - Қапаған өз қолына алды. Бұл кезде Құтылықтың үлкен ұлы – Могилян (Білге) он жаста, ал кіші ұлы – Күлтегін жеті жаста болатын.

Күлтегін тым ерте есейіп, жау жарағын асынып, түркі еліне тұс - тұстан төнген басқыншы жауға қарсы үлкендер қатарында тұрып, ерлікпен күрескен  Екінші Шығыс Түркі қағанаты әскерінің бас қолбасшысы, «көк түркінің көк семсері» атанған атақты батыры. Жас кезінен қарына садақ іліп, қолына желкілдеген найза ұстап, жорыққа аттанған Күлтегіннің қалған саналы өмірінің барлығы аттың жалында елі үшін еңіреп өтті. Ол атақ-даңққа, таққа да құмартпады. Көктүркілердің ордасын әлденеше рет ыдырап кетуден, қайта құлдыққа бас ұрудан сақтап қалған да осы Күлтегін болатын.

Бұл ретте түркінің атақты Білге қағаны Күлтегін батырдың басына қойылған ескерткіші тасқа ойып жаздырған ғұмырнамасында: «Әкем қаған өлгенде інім Күлтегін жеті жаста қалды. Он жаста Ұмай текті шешемнің бағына інім Күлтегін ер атанды», - деп жазды[1,13]. Тарихи деректерді салыстыра зерделесек, бұдан Күлтегіннің он жасында ер атанып, алғаш көзге түскен соғысының табғаш елінің әйел патшасы У хыудың Қапағанның басына ақша тігіп, кімде кім оны өлтірсе, соған «Жан чо» («Чоны өлтіруші», яғни Мочо Қапағанды өлтіруші) деген атпен бірінші дәрежелі кінәз атағын беремін деген уәдесін арнайы жарлықпен бекітіп, түркі еліне жазалау жорыққа қалың қол аттандырғаннан кейінгі, 694 жылғы Жау жыу және Дин жыу аймақтарында болған соғыс екені анық көрінеді. Түріктер осы соғыста 90 мың тұтқынды қолға түсірген.

Міне, осыдан былай Күлтегіннің ерлік жолы басталады. Тарихи деректер сол кездегі ел тәуелсіздігін сақтап қалу жолында болған қырғын соғыстардың бірде - біреуінің Күлтегінсіз өтпегенін көрсетеді.  Ол 16 жасында, яғни, 702 жылы Алты баулы Сұғдаққа[2] қарасты Идұқ Баш деген жерде Тан империясының Ван тұтық[3] бастаған 50 мың қолын жойып, Ванның өзін тұтқынға алады. 706 жылы ол ағасы Можилянь (Беглен немесе кейінгі Білге қаған) екеуі түркілердің маңдай қолын бастап Хуанхэдан өтіп, Тан империясының астана байтағы Чан-анге төнеді. Линчжоу аймағының Минша деген жерінде Тан сангұны (генералы) Шачжа-Чжунидің [4] он мыңнан астам адамын ойсырата жеңеді. Сондықтан Танның ішкі жарлауылы Чжан Юэ ол туралы айта келіп: "Күлтегін-ержурек, соғыс өнеріне шебер, теңдессіз жан",-дейді [3,194].  Бұл шайқас  шындығында да түркілер мен  шүршіттер үшін шешуші, маңызды майдан еді. Осы Минш шайқас туралы ғұлама тарихшы Лев Гумилев былай дейді: «Осы айқаста үш рет шабуылға шыққан қарулы, әбден машықтанған атты әскердің артықшылығы тағы да дәлелденді. Бұл шайқаста қытайлар 10 мың әскерінен айырылды, соған қарап-ақ айқастың нәтижесі туралы пікір түйіндеуге болады» [5].

Сонымен қатар батырдың өзіне арнап орнатылған ескерткіштегі мына жазулардан да біраз жайды аңғаруға болады. Тас жазудың авторы Йолығ тегін Күлтегін ерлігін былайша тізбелейді: «Он алты жасына келгенде.... алты чуб, соғдыларға қарсы аттандық. Күлтегін жауға жалғыз ұмтылды. Он тұтықты қарулы басшылармен қолға түсірді. Ол әскерді сонда талқандадық. Жиырма бір жасында Чача Сеңүнмен айқастық. Күлтегін әуелі Тадықан шораның Боз атын мініп шапты. Ол ат сонда өлді. Екіншісінде Ышбыр Жамтардың боз атын мініп шапты. Ол ат та сонда өлді. (Күлтегіннің) сауытына, қалқанына жүздеген оқ тиді, бірақ бірі де денесіне дарыған жоқ. Күлтегін жиырма алты жасқа келгенде қырғыздарға қарсы аттандық. Күлтегін Байырқының Ақбоз айғырына мініп, шабуылға ұмтылды. Бір батырын оққа ұшырды, екі батырын найзамен түйреп түсірді. Ақбоз айғырдың белі үзілді. Қырғыз қағанын өлтіріп, елін алдық... Тоғу қаласында шайқастық. Күлтегін Азбан ағын мініп ұмтылды. Алты батырын шаншып түсіріп, жетіншісін қылышпен шапты. Тоғыз батырын қуып жетіп, тақымға басты.... Оғыздармен соғыстық. Күлтегін Жетімек (Өгсіз) атқа мініп шауып, тоғыз ерін шанышты.... Түргеш халқы жау болды. Күлтегінді шағын қолмен жібердік. Жойқын соғыс жасапты. Қара түргеш халқы сол жерде өлім тауыпты»... [1,13-19]. Осылай жалғаса береді. Қарап отырсаңыз, Күлтегін батыр 47 жасқа жетіп, қаза тапқанша соғыссыз өткен жылы болмаған. Соның бәрінде ол жау қолына жасындай тиіп, түркі қолын жеңіске жеткізіп отырды.

Тан ордасы түріктерді үзілді-кесілді жою үшін ең әуелі олардың көршілерін өз тарапына тартуды көздейді. Сол мақсатта 709 жылы түркештерге және қырғыздарға елші жіберіп, астыртын келісім жасасып, түріктерге шығыс, батыс, солтүстік бағыттан шабуыл жасауды жоспарлайды. Бірақ 710 жылы көктемде Тан ордасынын ішкі бөлігінде болған саяси өзгеріс себебінен бұл жоспар біразға кешеуілдеп қалды. Оның үстіне, осы тұста билік басында болған түріктердің Қапаған қағаны жаңадан таққа отырған император Тан Жуэйцзунга елші жіберіп, құдалы-андалы болуды өтінеді. Тан ордасы бұл өтінішті кабылдап, Цзинь-сян патшайымды оған ұзатуға келіседі. Бірақ Қапаған қағанның көздегені — тандықтарды осылай бейғам жағдайға келтіру арқылы олардың одақтасы қырғыздар мен түркештерді қапыда басып қалу болатын.

Осылайша, 710 жылы Қапаған қаған солтүстікте Көгмен тауының [6] батысын мекендеген қырғыздарға жорық жасап, оларды бағындырды. Одан соң ордаға қайта оралып, баласы Бөгу қағанды бас қолбасшы, Тұй-ұқұқты ақылшы [7], Білге қаған мен Күлтегінді маңдай қолды бастайтын атойшыл сардар етіп, түркештерге қарсы аттандырады. Бұл ретте олар түркештерді де қапысыз басып, одан әрі Темір-қапықка дейін жетті. Бұл дәл Араб жаулаушысы Ибн Кұтайбаның Орта Азияға бағытталған жорығы сәтті жүріп келе жатқан кез еді. В.Бартольд 712 жылғы Самарқанд патшасының Тан ордасына жолдаған хатына сілтеме жасай отырып, жергілікті билеушілердің Түркі қағанты мен Тан ордасынан арабтарға қарсы көмек сұрағанын жазады.  [4, 13]. Э.Шаваннес те Күлтегіннің соғды аймағына дейін жо­рық жасағанын растайды.[6, 265].

712 жылы  Тан императоры Ли Дан тақтан түсіп, орнына  ұлы Ли  Лунцзи отырады. Бұл кісі Күлтегін ескерткішіндегі қытайша мәтінді  жаздырған император Тан Суанцзунның өзі болатын. Ол бейбітшілік тарапында болғандықтан,  соғысты тоқтатып,  құда-андалықты одан әрі жалғастыруды  қолдайды. Осылайша, 714 жылы екі жақ Чананде бейбітшілік келісімге келеді. Бірақ келісім жасалып жатқанда, Қапаған қағанның  бір ұлы Тоңа тегін Тан қоластындағы  Бесбалыққа  шабуыл жасайды. Алайда Қытай әскерлері басым болғандықтан, оның қолы жеңіліп, өзі тұтқында өледі.  Сол жылы Жетісу мен Тянь – Шань алқабындағы батыс түрік  тайпалары Түркі қағандығына қарсы дүрбелең бастайды. 714-715 жылдары қарлықтар мен оғыздар және тоғыз теле тайпалары да Түркі қағандығына қарсы шығады.  Қарлықтардың тоғыз оғыз, басмылармен одақтасып Шығыс түрік  қағанатына жасаған шабуылдарына Күлтегін мен Білге  бірлесіп тойтарыс береді. 715 жылы Күлтегін азарларды Қаракөл өзенінің маңында  тас -  талқан етіп жеңеді. 716 жылы көктемде  бүлікшілердің хан ордасын басып алмақ ойы сәтсіз аяқталады.  Дәл осы жылы Қапаған бүлікшілердің қолынан қаза табады. Ал оның ұлдары орданы бөлшектеп, үлкен және кіші қағандыққа қырқысады. Қытай ханымы да іріткінің ұйытқысы болды. Түркі қағанаты үшін талай  айқасқа қатысқан Қапғанның үлкен ұлы  Бөгу (Инел) сияқты тәжірбиелі  әскербасының сөзін інілері де, ханым да тыңдамады. Бұдан әрі қырқысқа жол берсе, онсыз да күйзелген елдің күллі көкке ұшатынын түсінген Күлтегін  өзіне қарасты жасақтарды жиып, алауыз болып боп өзара қырқысып жатқан мұрагерлерді де, ханымды да қолға түсіріп, түркі елін ыдыратқаны үшін өлім жазасына кеседі. Жеңіске жеткен Күлтегін қағандық орынға өзі отырмай,  ағасы Можилянға (Білге) жол береді. Таққа отырған соң Білге билікті жеке өзі алмай, төңірегіндегі ақылды, беделді батыр тұлғалармен кеңесіп басқарды.  Ол өзіне кеңесші етіп, ақылгөй, саясаткер Тоныкөкті сайлады. Ал Күлтегін  Түркі қағанатының сол қолының шады және  бас қолбасшысы болып тағайындалды. Білге  қаған билікке келе сала,  барлық «өз жерін тасап, табғаштарға берілген» түрік халқын өз еліне қайтуға шықырды.

Түркі тайпалары ұзын құлақтан Білге қағанның туған жерге шақыруы жете салысымен Қытайды тастап,  туған-туыстарына қайта бастайды. Түркі тайпаларының қайта оралуынан қағанат күшейіп, гүлдене бастады [8, 85].

Білге қағанның қарауына ең бірінші болып қытай империясынан  пана сұраған телес тайпасы қайтып оралды.  Соған ілесе өзге руларда  қағанның қарамағынан пана сұрады. Білге Түргеш ханы Сұлықпен құда-андалы болып, қызын ханша етіп ұзатты. Тоғыз оғыз халқына ел болайық деп  жар салды.

Қытайлықтарға енді түрік тайпаларының ішіндегі сөніп бара жатқан өзара  соғысты  қайта жанғырту қалды. Қытай империясының елшілері түрік тайпалары басмыл, қидан, татабтардың бектерін өзіне одақтас болуға көндіреді.  Қытай әскербасының құраған жоспары бойынша, олар ойда -  жоқта Білге қаған тұрағына  шабуыл жасап, оны ұстап алу керек болады.  Тоныкөк  жау әскерінен келетін уақыттан үш күн бұрын солтүстікке шегініп, сол жерде азықтары тауысылғанша күтсек, олардың өздері кейін шегінеді деп ақыл айтады. Кейін шегінген, Білге қаған Қытайға бағынып, қызмет  етіп жүрген ұйғырларға шабуыл жасайды. Ұйғыр елтебері жүздеген адамдармен  шығысқа қашады. Одан соң Бесбалық жаққа барып, оларға тұтқиылдан  шабуыл жасап басып алады. Бұл уақытта басмыл тайпасы Бесбалыққа демалуға келе жатады, бірақ ол жерде жау қолына тап болады.  Бекініс ішінде қалған басмылдар өз еркімен беріледі. Осылайша Қытай  империясының бір одақтасы күйрейді.

Көктүріктер мұнымен тоқтамайды. Жоңғариядан өз әскерін  Қытай әскерінің тылы  Ганьсуға жібереді. Қытайлар соғысқа шығып, жеңіледі.  Келесі кезек қидандарға келеді, 721жылы көктүріктер оларға шабуыл жасап, қағанат құрамына енгізеді. Бұдан кейін Тан империясының Ұлы Далада ешбір одақтасы қалмайды.

Жеңістен соң Түрік қағанаты Қытай императорымен бейбіт өмір сүруге келіспек болады. Бірақ император қағанатты мойындамайды да, бейбітшілік келісімнен бас тартады, соғыс тоқтатылады.

Күлтегін, Тоныкөк, Білге қаған үшеуі түркі халқына құт боп қонды.  Олар ақылдың, адалдықтың, қайраттың өзара тіл табысып,. елін-жерін көгерткен ұлы үштік ретінде тарихта қалды.  Осы үшеуінің ынтымағы жарасып, ақыл біріктіру арқасында  түркі елі  тұтас жиырма жыл бойына соғыссыз өмір сүрді.

Күлтегін 47 жасында 731 жылы байырғы  түркілердің күнтізбесі бойынша қой жылы  9-айдың 17 күні  (Григориан күнтізбесі бойынша 12- айдың 9) қайтыс болады. Он күннен кейін 9- айдың 27 күні (Григориан күнтізбесі бойынша 12- айдың 19) оның сүйегін жерлеген [6,149]. Білге қаған Күлтегіннің қайтыс болғаны туралы хабар  бере отырып, оған арнап  киелі орны құрылысын тұрғызатын тас шеберлер мен бәдізшілерін (мүсіншілер)  жіберуін өтініп, тан империясының императорынан  көмек сұрайды. Ол туралы Күлтегін ескерткішінің мәтінінде  Білге  қағанның  атынан: «Менің  сөзімді қайтармады (сындармады). Табғаш қаған (имперетар) Орда  бедерлеушісін жеберді, - деген мәлімет бар [1,15].

Бұл оқиғаны қытай деректері де растайды. Тан  империясының императоры Сюань Цзун Күлтегіннің түркі  қағанаттағы лауазым орнына сай Тан империясының армия қолбасшысының  бірі сартаяқ санғұн Чжан Цуй-иді басшы [9], патшаның сенімді қолқанаты, ланчжун (басқауыл) дәрежелі мансапты  Люсяньды қосшы етіп және  Орда  шеберлерін  алты  адам қосып,  императордың атынан Білге қағанға көңіл айтқан  хатын жібереді [10, 57]. Батырмен қоштасуға көрші қытай,  татабы, тағаш, түргеш, қырғыз және тағы басқа мемлекеттердің әміршілері де келді. Қайғыдан тек дос елдер ғана емес, қастарының да қабырғасы қайысты. Төныкөқ секілді Күлтегін де  ағасы Білге қағанның тасқа қашап қалдырған Орхон-Енесей жазабалары арқылы баршаға белгілі.

Шындығында да  Күлтегін  сияқты елі үшін еңіреген ұлы дана қолбасшы басқарған он бес жылдың ішінде  түркі қағанаты ең бақытты қайтадан шарықтау билігіне көтеріліп, «Мәңгі ел» атанған түркі елі түгелденді. Ол Шығыс Түрік қағанатын қайта қалпына келтіруші  қаһарман, аруақты әскербасы ретінде тарихта өшпес із қалдырды.

 

 

Әдебиеттер тізімі.

1.     Күлтегін.Тоныкөк (Жобаның авторы Мырзагелді Кемел). Астана Аударма. – 2002. 96 бет.

2.      Қытай тарихының  үлкен сөздігі, Шанхай, 2000.

3.      Көне Тан кітабы, 194-бума.

4.     Бартольд. В.В. ОртаАзия тарихы— (қытайша басылымы).Үрімші 1980

5.     Л.Гумилев. Көне түріктер. «Білім» Алматы. – 1994. 477 бет.

6.     Сhavannes Е. Түрік тарихы материалдары - қытайша басылымы), 1958.

7.     Сартқожа Қ. Орхон мұралары. Астана, 2003.

8.     Безертинов Р.Н. Татары тюрки потрясатели вселенной (История великих империй). – Новосибирск, 2001.

9.     В.Томсен, Монғолиядағы көне түркі ескерткіштері //Түркі және ұйғыр тарихына қатысты ғылыми  мақалалар жинағы. 1981.

10.  Жаңа Тан кітабы. 215-б

11.  Кляшторный С.Г. Древнетюркские рунические памятники как  источник по истории средней Азии. М.,1964. – 214 с.