Дуалды білім беруді енгізу шарттары туралы

Альжанов М.К., Кузембаев С.Б., Шаяхметов Б.К., Атамбаев Ж.Н.

 

Бүгінгі таңда еңбек нарығында жоғары білікті мамандар тапшылығы ерекше орын алуда. Қалыптасқан жағдайдың негізгі себепшісі білім беру үрдісін ұйымдастыру және жүйедегі мәселелер, яғни жас маманның бойынан табылуға тиісті тәжірибелік дағды, білім мен тәжірибені талап ететін нақты өндірістік жағдайлардан теориялық білім берудің алшақтап кетуі болып табылады.

Қалыптасқан жағдайда теория мен практиканың арасындағы алшақтықты жою мәселесімен жұмыс берушіге күресуге тура келеді, себебі білікті мамандармен қамтамасыз ету – бұл жетістікке қол жеткізудің кепілі. Мұндай жағдайда жас мамандардың оқу үрдісінде алған білімдерін жүзеге асыру жоспарланатын кәсіпорын қызметінің ерекшелігін ескере отырып, қосымша оқу, стажировкадан өту, қайта даярлау қажеттілігі туындайды.

Іс жүзінде кадрларды даярлау және қайта даярлау үшін бірнеше негізгі схемаларды пайдалану жүзеге асырылады:

А) Тәлімгерлік институты. Бұл бүгінгі күні айтарлықтай кеңінен тараған және адамзатпен (шебер, шебердің жәрдемшісі, оқушы) қолөнерді пайдаланумен бір уақтылы пайдаланумен туындаған өндірістік жағынан неғұрлым сынақтан өткізілген схема. Өндіріске жаңадан қабылданған оқушыны (стажерды) тәжірибелі шебер – тәлімгердің жанына бекітеді. Тәлімгерлік институты оқыту үрдісінің субъективті факторларының объективті факторлардан басымдылығымен ерекшеленеді.

Тәлімгерлік институтының субъективизміне мыналар жатқызылады:

- тәлімгерлер контингентін анықтау (білімді – маман білікті тәлімгер болмауы да мүмкін);

- тәлімгерлік критерилерін анықтау;

- оқыту мерзімдерін анықтау;

- жас маманның дайындық деңгейін анықтау.

Тәлімгерлік институтының қызметін талдау құқықтық, нормативтік – техникалық, әдістемелік, педогогикалық және ұйымдастыру жағынан маңызды мәселелердің бар екендігін айқындады.

Б) Қайта даярлау және біліктілікті жоғарылату орталықтары. Ережеге сай, орталықтарда оқытудың озық әдістемелері, оқытушылық ұжымның педогогикалық шеберлігі мен тәжірибесі, оқытылатындардың біліктілік сипаттамаларына жұмыс берушінің талаптары синтезделеді. Алайда орталықтардың материалдық – техникалық және оқу – өндірістік базасы олардың қаржылық мүмкіншіліктерімен айқындалады да, сәйкесінше кадрлар даярланытын және қайта даярланатын нақты өндірістік жағдайларға сәйкес келе бермейді.

В) Білім беру мекемелері. Қаржылық жағынан білім беру мекемелері үш санатқа бөлінеді:

- мемлекеттік оқу орындары (бюджеттік, гранттық қаржыландыру, шаруашылық қызметі есебінен өзін өзі қаржыландыру және ақылы білім беру қызметтерін көрсету);

- жеке меншік оқу орындары (шаруашылық қызметі есебінен өзін өзі қаржыландыру және ақылы білім беру қызметтерін көрсету, гранттық қаржыландыру);

- ведомствалық оқу орындары (қаржыландыру бизнес – құрылыммен жүргізіледі).

Білім беру мекемелеріне тән сипат олардың академиялығы, жүзеге асырылатын оқыту бағдарламасының мемлекеттік жалпы міндетті білім стандарттарына (МЖБС) сәйкес келу қажеттілігі, бітірушілердің болашақтағы жұмыс орындарынан ара қашықтықта болуы және бірыңғайға келтірілуі болып табылады. Бүгінгі таңда білікті кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру мақсатында МЖБС орнына білім берудің кәсіби стандарттары (БКС) әзірленуде және енгізілуде.

Нақты өндіріс жағдайларына бейімделген, жұмыс орнында дағды мен білімді тікелей игеруге бағытталған, практикалық сағаттардың оқыту бағдарламасына барынша үйлесіммен біріктірілетін білікті мамандарды дайындау қазіргі кезде білім берудің дуалды жүйесі деген атпен белгілі.

Теориялық біліммен қатар практикалық дайындыққа ие болатын білікті мамандар дайындау мәселесін шешуге бағдарланған және бизнес – құрылымдармен, сондай ақ білім беру мекемелерімен сұранысқа ие болатын дуалды білім беру жүйесін енгізу мәселенің негізін қалаушы принциптерін жан жақты талқылау мен қоғам алдына қойылған мәселенің тәртіппен шешілуін қажет етеді.

Әлемдік тәжірибеге қарағанда, білім берудің дуалды жүйесі мамандардың кәсіби дайындығын жоғарылатуға ықпал етеді. Еңбек өнімділігі артады, халықтың көшіп – қонуы азаяды, әлеуметтік шиеленіске жол берілмейді.

Білім берудің дуалды жүйесін енгізу үрдісі өзара тығыз байланыста болатын, аналитикалық ой елегінен өткізуді және құзыретті инстанциялармен сәйкес шешімдердің қабылдануын қажет ететін  кезеңдер мен келелі мәселелер жиынтығынан тұрады, атап айтқанда:

1. Заңнамалық деңгейде шешімдер қабылдау немесе өзгерістер енгізуді қажет ететін мәселелер;

2. Дуалды білім беру жүйесін методологиялық және әдістемелік негізде көрсететін мәселелер;

3. Мүдделі орталарда (бизнес – құрылымдар, оқушылар, студенттер, педогогикалық ұжымдар) дуалды білім беру жүйесін жүзеге асыру механизмі мен идеялық негіздерін қозғаумен байланысты мәселелер;

4. Ұйымдастыру мәселелері (оқу үрдісін ұйымдастыру, практикадан (қолданбалы) өтуді ұйымдастыру, оқыту үрдісінің компоненттері);

5. Қаржы мәселелері.

Жобаны жүзеге асыру кезеңдері:

1. Дайындық кезеңі. Білім беру мекемелері мен кәсіпорындарының әрекет ету бағдарламалары мен жоспарларын біріктіру жағдайларында дуалды білім беру жүйесін әзірлеу және енгізу:

-     нормативтік – құқықтық базаны дайындау;

-     оқу құжаттамасын (оқу жоспарлары, бағдарламалары) әзірлеу және бейімдеу;

-     штаттық нормативтер, тарификациялау механизмі, оқу кестесін әзірлеу;

-     ғылыми – әдістемелік, кадрлық, техникалық, жобаны ақпараттық қамтамасыз ету механизмдерін анықтау және әзірлеу.

2. Енгізу кезеңі. Халықпен және әлеуметтік серіктестермен ақпараттық – түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Дуалды білім беруді жүзеге асыратын мекемелерді ресурстық қамтамасыз ету, эксперименталдық модульдерді жүзеге асыру.

-     кәсіби – бағдар қызметі;

-     оқу – теориялық қызметі;

-     кәсіби – практикалық қызмет.

3. Қорытынды кезең. Дуалды оқыту жүйесін енгізу бойынша жұмыстар нәтижелерін талдау және жалпылау.

-     оқыту үрдісінің нәтижелілігін бақылау және талдау бойынша аттестациялық қызмет.

Дуалды білім беру туралы түсінік сәл басқаша және оның оқу үрдісінде жүзеге асырылуы колледждерде қалыптасты. Экономиканың өндірістік секторлары үшін біліктілігі жоғары деңгейдегі жұмыс мамандары аса қажеттілік тудыратын болғандықтан да колледждер базасында дуалды білім беру жүйесін енгізу қарастырылады. Алайда, атап кеткен келелі мәселелерді шешусіз дуалды білім беру жүйесін іске асыру теріс нәтижеге душар ететіндігі айқын.  

Дуалды білім беру жүйесін енгізу кезінде колледждердің қызмет саласы мен құзыреттілігіне мыналарды жатқызуға болады:

- оқу мекемесінің нормативтік – құқықтық, кадрлық, материалдық – техникалық базасына талдау жасау;

- әлеуметтік тапсырысты меңгеру және оқу мекемесінің қызметін еңбек нарығының сұраныстарына қайта бағдарлау;

- маркетингтік зерттеулер нәтижелері бойынша дуалды білім беру жүйесінің даму перспективаларын игеру;

- мамандар дайындауда жұмыс беруші – кәсіпорындармен құқықтық, қаржылық, оқу – әдістемелік мәселелер бойынша келісім шарт міндеттемелерін жасау;

- басқару механизмдерін бейімдеу және оқу – практикалық сабақтар мен өндірістік практиканы жүзеге асыру бойынша бірігіп жоспарлау.

- еңбек нарығы жағдайларына оқу мекемесінің оқу – тәрбие, оқу – өндірістік қызметін үйлестіру және бейімдеу.

Оқу үрдісіне дуалды білім беру жүйесін сәтті енгізу келесі мәселелерді шешуге мүмкіншілік береді:

1. Талапкерлердің кәсіби өзін өзі билеуі;

2. Оқу мекемесінің тартымдылық беделінің артуы, студенттер контингетінің жоғарылауы;

3. Оқушылардың қызығушылығы мен сұранысына қарай бағдарламалар, элективті (икемді) курстар бағдарламаларын әзірлеу;

4. Мамандықты тереңірек ойланып таңдауға, социализация, тапқырлық пен шығармашылыққа бейімдейтін біліктіліктің дамуы;

5. Дуалды жүйе бойынша оқытылатын тұлғаның қажетті біліктілік пен еңбек дағдыларына, кәсіби білімге ие болып еңбек нарығында сұраныс деңгейінің жоғарылуы;

6. Бітірушілерді дайындау деңгейінің жоғарылауы;

7. Бітірушілерді одан әрі жұмысқа орналастыру, жұмыссыздықтың қысқаруы;

8. Бітірушілердің әлеуметтік бейімделуі;

9. Білім беру мекемелерінің жобаларды жүзеге асыру кезеңдерінде қосу арқылы кәсіпорындармен өзара әрекеттесу аясын кеңейту;

10. Білім беру мекемелерінің бәсекелесуге қабілеттілігін жоғарылату.