Филология /  Методика преподавания языка и литературы

 

Омарқұлова Ләззат Кенжебекқызы

 

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті,  Казахстан

 

Сәкен Жүнісовтің тың бейне жасаудағы ізденістері

 

С.Жүнісовтің «Әжем, емші және дәрігер» повесі балалықпен ерте қоштасып, мейірімінен ерте есейіп еңбекке араласқан бала мен соғыс өртіне шарпылған замандастарының мұңдылау, романтикалы тіршілік әрекетін, оларға жаны аши тартады. Повесте автор баланың дүниетанымын, ой-өрісін, психологиясын нанымды жеткізеді. Соғыс кезіндегі ауыл тұрмысын суреттеу арқылы ауылдың қарапайым жандардың қаракетттерін бедерлі бейнелейді. Жазушы кейіпкерлері тағдыр тауқыметіне, тұрмыс қиындығына қарамастан, төзімділік пен қайсарлық танытады. Автор олардың жан-дүниесіндегі өзгерістерді психологиялық тұрғыдан дәлелдеуге ұмтылады».(1.264) Онда қаламгер өзінің бала кезіндегі басынан кешкен әжесіне қатысты оқиғаларды топтап жазған. Тақырыбында айтылғандай Сәкен Жүнісов ағамыздың әжесі өзге үлкен жастағы апаларымыз секілді емшілікпен айналысқан екен. Жазушы әжесінің бейнесін былай береді:

«Әжем алпыстардың ішінде болғанмен, қайраты қайтпаған, өте пысық адам. Денесі төртбақ келген, толық, шымыр. Жүрісі ширақ. Жүргенде денесін қаққан қазықтай тік ұстайды. Үстінен өмірі тастамай киетін үйреншікті киімі көнетоздау қара ши барқыт камзол, қызыл асығына түскен қоңыр, күлгін сары, қара көк сәтен, ләстік көйлектер. Басында маңдайын үшкілдеу келтірген кимешек.

Тосыннан қараған адам сескенерліктей жүзі қатал, ызбарлығы. Әсіресе сәл көкшілдеу ойнақы отты көзін тіке қадай қарағанда өңменіңнен өткендей суық, кәрлі еді. Ерекше көрінетін осы көк көзіне қарап көрші-қолаң, танымал адамдар «көк көз апа» деп атайтын.

Әжем түріне сай айпара адам болды. Бойына біткен мынадай қызық мінез бар: қашанда бір нәрсені айтып келе жатсам-ақ, ары қарай сөйлетпей:

- Отыр әрі! – деп зекіп тастайды...

Әжемнің тағы бір қасиеті, әлі сөздерінен де аңғарып отырған шығарсың, өте қарғысшыл. Қарғыстың неше атасын біледі. Тегінде бұрынғы адамдар күйінген уақытта , тіпті өзінің жалғыз құдайынан бастап жалғыз баласына дейін қарғап-сілейтін болса керек. Осыған қарағанда мұның өзі ауыр тұрмысқа байланысты –ау деймін. Өйткені қазіргі жастар қарғыс дегенді мүлдем білмейді ғой. Ал кемпірлердің білмейтіні бар ма. Ай, әйтсе де солардың бәрі, ілуде біреуі болмаса, менің әжеме барабар келе алмас. Егер дүние жүзінде неше түрлі жан түршіктірер қарғысты мүдірмей айтып шығу жарысы болса, шіркін-ай, әжем чимпион болар еді. Қарғыстарды айтқанда бір бөгелмейді. Кейбір адамдардың сөз арасында жиі қолданылатын «сондықтан», «содан соң», «ие», «қойшы», «тегі» деген керексіз қыстырма сөзі секілді. Немесе «ол», «сен», «анау», «мынау» дегеннің орнына қолданатын әжемнің өз есімдігі тәрізді.

Егер осы қарғыстардың мағынасын талдасаң, расында жаман тілектер ғой. Қас адамына, дұшпанына айтылмақшы сөздер. Бірақ соған, шынын айтқанда, әжем мән бермейді. «Іштен шыққан шұбар жыланның» баласын жек көрер деймісің. Әуелде күйініштен әдеттеніп қалған. Болмайды. Әйтпесе менің адам болып өсуімді, бақытты болуымды жек көрмейді. Тіпті кейде бауыры елжіреп, үһілеп:

-   Бақытыңа қарай әкең аман келсе, маңдайың ашылар еді. Май құйғыр болар ең онда. Қайдан білейін, әлде сорлы жетімек атанамысың!.. – деп көзіне жас алып, мені бауырына қысып кемсеңдей қалатыны да бар. Ауыр күрсініп, ұзақ уақыт үнсіз отырады. Ондай кезде менің жүйкем де босап, әжеммен қосыла уайымға беріліп, түсімді өзгерте қоямын...

   Қорықпайтыным, ол қанша қарғап-сілеп ұрысқанымен, бір қабат ұрып көрген емес. «Қолым қалтырар» деп қорқатын да болуы керек. Және де қазір ұрысып, қазір бір жерге өзіңді жұмсайды. Қайтымы шапшаң. Кегі жоқ...

Бүкіл көрші-қолаң, ауыл-үйлеріне осындай беделі бар әжем – біздің шағын семьяның басқармасы. Біз үшін оның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс».(2. 266-269)

Автор көркемдік ізденісінің көрінісі «Сәукеле» жайлы аңыздан көрінеді.

Автордың шығармасына үш түрлі кезең куәгері – сәукелені символдық астармен берген. Алғашқы сәукеле ел ауызындағы аңызбен көрінеді.

Автордың кейіпкердің алдынан мұнартып көрсетіп отыраты сәукелесі - әжесінің жұмбақтай салған сөзінің одан әрі қызығып, жұмбақ «Сәукелеге» жеткенше тағат таппай келе жатқан Аманайға жарқын болашаққа, ата-мекеніне ашылатын қақпа тәрізді ой түйіндейді..

Ал қаламгердің сәукеле тауына байланысты үшінші желісі бұдан табаны елу жыл бұрын өткен қызық өмірдің тұрмыс-тауқыметіне құрылған.

С. Жүнісов осынау елу жыл бұрын болған оқиғаларды бас кейіпкер Балзия кемпірдің естелігі арқылы шегіністермен суреттейді. Қазақ жеріне кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі алғашқы жылдардың оқиғаларына оралады. Халық кімнің дос, кімнің қас екенін ажыратып болмаған дүрбелең кезең бұл хикаятта шынайы бейнеленіп, аумалы-төкпелі тайғақ тағдыр суреттері елес береді.

«Заманай мен Аманай» повесінде жазушы шығармаларының сюжет арқауын қоюлату, сондай-ақ қалың оқушыға тартымдылық қуатын арттыру үшін, автор махаббат желісін әлеуметтік, таптық тартыстар арнасымен шебер астастыра өреді.

Бұл ретте Балзия образы оқушы көзіне түседі. Балзия - өмір қысымы, тұрмыс таршылығы дейтінді көрмей-білмей, бұла өскен, оқыған бай қызы.

Балзия қылығы, әрекеті повестің алғашқы беттерінен бастап-ақ көрініс береді де, шығарманың ұзына бойына  көңілге қонымды арнамен өрбиді. Табиғатында өр мінез, қайсар. Шығармада Балзияның үш түрлі мінез ерекшелігі танылады.

Бірі – жүрегін махаббат оты өртеген, сүйген жігітімен өмір-бойы қол ұстасып өтеміз, жаңа заманның жаңа төл басы боламыз деп армандаған Балзия.

Екіншісі - әкесін қанға бояған адамның жары болмасқа тас түйін бекіген, намыс буған ызалы, бірбеткей – Балзия.

Үшіншісі - өлер шағында аруақтар алдында немересі арқылы ақталуға даяр Балзия.

Автор Балзия болмысын тұлғалап қана қоймай, сонымен бірге тартыс желісін ширата түсіп, оқиғаларды бір-бірімен шиеленістіре дымытып, көркемдік қуаты мол, нанымды арнамен өрбіте білген. Кеңес өкіметі қызыл көздері қолынан қаза тауып, көші басшысыз қалғанда әкесінің орнын басқан ол құрсақтағы баласын қиынсынбай «қыздың жолы жіңішке» деп қымсынбай, діні беріктігін танытады, соңынан ерткен елін діттеген жеріне жеткізеді. Тазалықтықтың тумасы тектіліктен екендігін дәлелдей отырып, арттағы атамекеніне қайтар ертеңін дәтке қуат еткен күшті характер иесі. Жалғыз ұлы Заманайын туған еліне жеткізе алмаса да, одан қалған жалғыз тұяғы немересі Аманайға кіндік қаны тамған Отанына оралтуға бар күшін салады. Автор бар өмірінде көрген қиыншылығы аздай, қартайғанда ауру, өлмелі кемпірдің тау асып, тас кешуі – Отанға деген махаббаттан туған жанкештілік дейді. Осыдан аттай елу жыл бұрынғы жіберген кемшілігін түзеу, бабалардан тағылым алу, «тойған жеріне емес, туған жерінде» қалу оның арманына айналады.

Шығарманың түйіні, Балзия ананың өзін құрбан етуі, ұрпағының болашағы үшін, тәуелсіздік үшін талпынысы деген ой салады. «Кешір, кешіре гөр! Соңғы жолға Аманайымды жеткізе алмадым. Менің қыл көпірім де, соңғы сызығым да осы шығар. Мені осалдық жасады деме. Өйтпесем болмайды. Мені қарайлап, Аманайымның кетер түрі жоқ. Аш бала енді бірер күн аялдаса, шыдай алмайды. Аштықтан бұрлығып өледі. Бұдан әрі менің, қарағым, сүйретілер мұршам жоқ. Менің көзім жоғалса, күдер үзіп, Аманайым да бұл арадан тезірек кетер. Елді табар. Барым осы, кешір» - деп С. Жүнісов қаһарман бойындағы туған жерге деген сүйіспеншілік  сезімдерін, өмірдің қонағы емес, қожасы болсам деген өршіл талабын оқушы зердесіне шеберлікпен жеткізеді.». (1.593-598)

С. Жүнісов өз әжесі мен Балзия әже арқылы қазақ әдебиетінде әжелер бейнесінің сомдалуын бір саты болса да көтеріп кетті.

 

Пайдаланылған әдебиеттер.

1.     Қазақ әдебиеті тарихы. ІХ том. ред. басқ. С. Қирабаев. Алматы, 2005.

2.     Беласқан. Алматы: Жалын, 1981.