М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және

өнер институты, Ежелгі және орта ғасырлар

       бөлімінің аға ғылыми қызметкері,

                                        ф.ғ.к.Тоекина Балжан Сәкенқызы

 

Қазақстан мен Орта Азияда дүниеге келген жазба шежірелердің типологиясы

 

Шежіре ұғымы «шаджрат» «бұтақ», «тармақ» мағынасында араб тілінен енгені белгілі. Орыс халқы оны «летопись», «жылнама» деп атаса, «генеалогия», «биография» ұғымы да шежіре мағынасынан алшақ кетпейді. Қазақ қауымына «тарихнама» деген балама мағынасында қолданылып келген астары терең асыл сөз, әр халықтың шығу тегін, таралуын баяндайтын тарих ғылымының бір тармағы ретінде зерделеніп келсе, енді оны әдебиеттану ғылымының бір саласы ретінде сипаттау іске асырыла бастады.

Жалпы жазба шежірелер орта ғасырлардың соңғы кезеңінде, яғни  ХV-ХVII ғасырларда сапалы түрде жазыла бастады. Мысалы, қазақ халқының тарихы үшін теңдес жоқ маңызды оқиға – Алтын Орданың құлауы, Керей мен Жәнібек сұлтандардың бастап, жеке мемлекеттің іргетасын қалауы, сонымен қатар,  жеке-жеке құрылып жатқан Қырым, Астрахань, Сібір хандықтарымен бірге саяси бірліктердің орныға бастауы сияқты елеулі оқиғалар жүздеген шежірелік сипаттағы жазба мұралардың дүниеге келуіне басты себеп болды. Осылайша қоғамдық өзгерістердің өзі айрықша шығармашылық шабыт тудырды. Ғасырлар бойы ауызша таралып келген шежірелер болмысы, енді жазбаша эпостық әдебиет негізінде қанат жайды. Аумалы-төкпелі заманның өзі осы қажеттілікті талап етіп, жазбалардың кез келгені  белгілі дәрежеде бұқаралық-ақпараттық қызмет те атқарып отырды.

Оларға Захир ад-дин Мұхаммед Бабырдың «Бабырнама», Зейн ад-дин Васиридің «Бадаи ал-вакаи», Мұхаммед Хайдар Дулаттың «Тарих-и Рашиди», Өтеміс қажының «Шыңғыснама», Камал ад-дин Бинаидың «Шайбанинама», «Тауарих-и гузида-йи нусрат-нама», Ғұлам Шәдінің «Фатх-нама», Әбілғазы ибн Араб Мұхаммедханның (баһадүр хан) «Шажара-и түрк», Қадырғали Қосымұлының «Жамиғ-ат тауарих» сынды және т.б. көптеген туындыларды жатқызуға болады.

Аталып отырған жазбалардың дүниеге келген тұсында ортаазиялық түркілік жазба мәдениеттің қандай дәрежеде болғандығын аз-маз қарастыратын болсақ, осы өңірде он ғасырдан астам уақыт бойы араб, парсы, түркі тілдерінде дүниеге келген жазбаларды есепке алмағанда, Түркия, Иран, Ауғанстан, Үнді, Қытай, Поволжье тағы басқа елдермен саяси, діни, сауда байланыстардың арқасында келіп қосылған ұланғайыр қолжазба туындылар XV-XVІІ ғасырларда бұл аймақты жазба мұраларға толы алтын қоймаға айналдырды. Бұл жайында шығыстанушы М.Әбусейітова: «Осындай молынан шоғырланған рухани құндылықтар ол кезеңде ешбір жерде кездеспеген еді» [1, 9-б.] деп жазды. Сондай-ақ, кезінде түркі тілінің нағыз жанашырлары болған М.Қашқари мен Ж.Баласағұндардың игі істерін жалғастырушы Науаи, Бабыр сынды ғұламалар биік шыңға көтерген түркі әдебиеті жайлы: «Для рубежа XV-ХVII веков мы располагаем уникальным свидетельством, как мы сказали бы теперь об «опорном диалекте средневекового среднеазиатского тюркского письменно-литературного языка», о его богатой базе» [2, 65-б.] деген тілтанушы ғалым Г.Ф.Благованың пікірі мен түркітанушы  И.В.Стеблеваның: «..К эпохе расцвета классической тюркоязычной  литературы Средней Азии относится XVІ век, начавшегося со второй половины XV века. В истории развития тюркоязычных литератур это было время, когда завершилась и особенно отчетливо проявилась консолидация» [3, 23-б.] деген тұжырымдарынан-ақ, соңғы орта ғасырларда әдеби ахуалдың Орталық Азияда қандай межеге жеткенін бағдарлауға болады.

Қай дәуірде дүниеге келген туынды болмасын оның әдеби көркемдік сипатын анықтау үшін алдымен сол туындының жанрлық негіздері басты бағдарға алынуы тиіс. Өйткені, әдеби тек түрлеріне байланысты жанрлар жүйесінің саралануы да көркем әдебиеттің негізгі сипатын айқындайды. Жанрдың эпос, лирика, драма секілді ірі тектерінің ішіндегі эпостық жанрға тән басты белгілердің бірі – оқиғалардың  тек бір баяндаушы атынан ғана көрініс беретіндігін ескерсек,  XV-ХVII  ғасырлардағы жазба шежірелер осы эпостық сарында дүниеге келді де, кейіннен жаңаша пайда болған оның түрлеріне, яғни әңгіме, повесть, романдарға ұласты.

Мысалы, б.з.б  батыста дүниеге келген тарихи  жазбалардың барлығы  әдебиеттің маңдай алдысы саналып, кейінгі роман жанрының пайда болуына ұйтқы болған. Әсіресе, шежірелік сипаттағы тарихнамалық туындылар кейіннен тарихи, тарихи хроникалық, беллетристикалық романдардың дүниеге келуіне ықпал етті. Француз зерттеушілері В.Скоттың «Уэверлиінің» дүниеге келуіне  өздерінің орта ғасырлардағы жылнамалары әсер еткенін мойындаса, Рим әдебиетінің көне дәуірін зерттеген Лукиан, Квинтилиан, Цицерондармен қатар Т.А.Миллер, С.С.Аверинцев тұжырымдары да осы бағыттағы пікірлерге қосылады. Аталмыш ғалымдар Ю.Цезарь, Квинт Курций Руф, Арриан, Плутарх, Ксенофонттың жазбалары мен «эллиндік» жылнамаларды рыцарлық романдардың пайда болуына зор ықпал еткен көркем әдебиет үлгілері ретінде зерттеп, зерделеді. Осы орайда Квинт Курций Руф еңбектері жайлы А.В.Стрелковтың мына пікірін келтіре кеткен жөн: «Еще большее внимание «История Александра Македонского» привлекает в эпоху Возрождения, когда она постепенно приходит на смену рыцарскому роману, средневековой «Александрии» [4]. Ал орыс ғалымдары  көне ғасырларда хатқа түскен шежірелерін көркем жазба әдебиеттің бұлақ-бастауы санап, өздерінің әдебиет тарихының төрінен орын алатындығын дәлелдеуге тырысып бақты [5, 12-6]. Бұл туралы қазақ әдебиетінің көне дәуірін алғашқылар болып зерттеген Б.Кенжебаев: «Академик Д.С.Лихачев бастаған орыс әдебиеті тарихын зерттеушілер қазір орыс әдебиеті тарихын славян халықтарына ортақ эпистолярлық жазба, патша, әкімшілік жарлығынан бастап отыр. Соларды зерттеу арқылы орыс әдебиетінің тарихын байытып отыр. Соларды зерттеу арқылы бір кезгі орыс халқының әс-әрекеті, тұрмыс-тіршілігі, психологиясына барлау жасау үстінде. [6, 51-б.]. – деп атап көрсетті. Әрине, көркем әдебиеттің белгілі бір жанрларына қойылатын талаптарға ортағасырлық шығарманың болмыс-бітімі толығымен жауап бермегенімен, біршама жанрлардың қалыптасуына белгілі дәрежеде әсер еткені даусыз. Олай болса, жазба шежірелерден шынайы көркем шығармаларға тән жанрлық белгілердің бірін емес, бірнешеуін кездестіруге болады. Жазбалардың әрі тарихи-этнографиялық, әрі әдеби-фольклорлық ерекшеліктерді қамтыған болмысы, олардың синкреттік сипатын танытатынына назар аудара отырып, мемуарлық шығармаларға тән жанрлар синтезі тұрғысынан қарастыруымызға да болады. Мысалы, жазбалардың басым көпшілігінде, әсіресе, автобиографиялық сипаттағы шежірелерде, әңгіме, саяхатнама, күнделік, ғұмырнама, эссе, хроника сынды жанрлардың бір-бірімен үйлесіп, бірін-бірі толықтырып, тоғысып жатқанын байқауға болады. Осы орайда Д.Лихачевтің: «В летописи могут быть соединены произведения самых различных жанров  – лишь бы все эти разножанровые произведения были связаны единством ее исторической темы, располагались друг за другом в исторической последовательности» [5, 19-с.] деген тұжырымына сай түйіндейтін болсақ, қай халықтың болмасын ортағасырлық тарихнамалық жазбаларының идеялық-композициялық желісіндегі түрлі жанр үлгілерінің қабаттаса көрініс беруін заңдылық ретінде қабылдау орынды. Сонымен қатар бұл мәселені типологиялық тұрғыда қарастыру қажет екендігін де атап көрсетуге тиіспіз.

Захир ад-дин Мұхаммед Бабырдың «Бабырнамасы», Мұхаммед Хайдар Дулаттың «Тарих-и Рашидиі», Зейн ад-дин Васиридің «Бадаи ал-вакаи» атты туындысы мемуарлық-ғұмырнамалық туындылар қатарын құрайды. Бұл туындылардың жанрлық ерекшелігі жайында сөз болғанда «мемуар» ұғымынан «ғұмырнама» ұғымының бөлек алып қарастырылуы мүмкін емес. Өйткені, өз ғұмырнамасын (автобиографиясын) тізбелеп жазып отырған қаламгердің өткен-кеткенді еске (фр. мemoires) алмауы тіпті мүмкін емес. «Бабырнама», «Бадаи ал-вакаи» сынды жазбаларда  мемуарлық шығармаларға тән авторлардың өзі көріп-білген жайттар мен нақтылы деректер бейнелегендіктен, авторлардың басты идеясы ретінде тұтас дәуір шындығы көрініс берген.

Жалпы ғұмырнамалық-мемуарлық сипаттағы туындылардың қашан пайда болғандығын межелесек, әлем әдебиетінде алғаш рет б.з.б.  XIV ғасырда Мысырда дүниеге келгендігі жайлы деректер кездеседі. Ал зерттеушісі Г.В.Попова «..тип биографии строился по хронологии жизни того человека, о котором шла речь, начиная с его рождения и кончая смертью, а в пределах хронологических периодов – в логической последовательности. Такая биография возникла в кругах александрийских филологов. Они выработали твердую схему расположения материала по многочисленным рубрикам: имя описываемого лица, время и место его рождения, начало научной деятельности и ее характеристика, перечисление трудов, дата смерти» [7, 244-б.] деп, бізге дейінгі мыңжылдықтың соңындағы александриялық жазбалардан бастау алғанын атап көрсетеді. Бұл фактілерге қарай отырып, төл әдебиетіміздегі мемуарлық-ғұмырнамалық жанрдың генезисін анықтай алмаймыз. Алайда ғұмырнамалық жанр үлгісі де сонау жазба мәдениеті пайда бола бастаған дәуірлерден бастау алған  өте көне жанрлардың бірі екені анық.  Мысалы, әлем әдебиетінде мыңдаған жылдар бұрын пайда болғанымен, Орта Азия халықтары әдебиетіндегі прозалық үлгідегі мемуарлық-ғұмырнамалық жанрдың дамуына «Бабырнама», «Бадаи ал-вакаи»и Рашиди» сынды шежірелік-тарихнамалық мұралардың авторлары зор ықпал етті деуге негіз бар. Олай болмағанда осыдан екі мыңнан аса уақыт бұрын дүниеге келген гректердің антикалық Луций Апулея қаламынан шыққан «Метаморфоздар немесе «Алтын есегі» мен сюжетті романтикалық романға тән сипаты жетіп артылатын Ахилла Татияның «Левкипп пен Клитофонтын» немесе  Гомердің «Илиадасы» мен Одиссеясын» я болмаса, Конфуцияның «Луньюй» атты ежелгі қытайлық әдеби мұрасын ортаазиялық жазба әдебиетінің тарихымен салыстыруға келмейді.

Қорыта келе тұжырымдайтын болсақ, түркі топырағындағы бай әдеби дәстүрден бастау алған проза үлгісіндегі шежірелік-тарихнамалық жазбалар төл әдебиетіміздегі көркемдік және құрылымдық ерекшеліктерді дамытуға ат салыса отырып, түрлі (ғұмырнама, мемуар, естелік, әңгіме, күнделік, саяхатнама, тарихи хроника, тарихи роман) жанрлардың қалыптасыуына зор ықпал етті демекпіз.  

                                            Аннотация

  Мақалада Қазақстан мен Орта Азия жерінде XV-XVII ғасырларда дүниеге келген жазба шежірелердің әлемдік мәдениетке зор үлес қосқан  әдеби туындылар екені  айқындалады. Бұл құнды мұралар жайындағы ғылыми-әдістемелік тұжырымдамалар тарих, этнография ғылымдарына негізделгендіктен, олардың поэтикалық табиғатын ашатын әдеби ізденіс кенже қалып келді. Сондықтан жазбалар көркем әдебиет туындысына қойылатын сан алуан талаптарға сай түрлі аспектілерде, әсіресе құрылымдық, тақырыптық және жанрлық тұрғыда жан-жақты қарастырылады және оларға жіктеме жасалады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1        Сейдімбек А. Шежіре – елтану мектебі // Егемен Қазақстан. – Алматы: 2006.  – 29 қараша № 292-295(24548)  – Б. 11   

2           Өмірәлиев Қ. XV-XIX  ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі. – Алматы: Мектеп, 1976.– 286 б.

3        Абусеитова М.Х. Казахстан и Центральная Азия в XV-XVII веках: история, политика, дипломатия. –  Алматы: Ғылым, 1998. – 268 с.

4        Благова Г.Ф. Андижанский говор по материалам «Бабур-наме» (Рубеж ХV-XVI веков) и современным диалектологическим описаниям. // Советская тюркология. – 1977. – № 3. – С.25.

5        Стеблева И.В. Поэтическое творчество Бабура // Вопросы литературоведения. Советская тюркология. – 1998. – № 1. – С. 24.

6        Дербісәлиев Ә. Қазақ даласының жұлдыздары. Алматы: Рауан, 1995. – 23 б

7        Квинт Курций Руф. История Александра Македонского. Сос. комент. В.Стрелкова. www.massagan.com/forum.

8        Д.Лихачев. Великий путь. Становление русской литературы XI-XVII веков. М.: Современник, 1987.  – 301 с.  

9     Кенжебаев Б. Қазақ әдеби тарихының мәселелері. – Алматы: Ғылым, 1973. – 256 б.

10     Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш. Бес томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Алаш, 2003. – Т. 1. – 408 б.

11   Попова Т.В. Поиски канонической формы. Биография 12  цезарей.  // Поэтика древнеримской литературы: Жанры и стиль. – Москва.: Наука, 1993 – 390.

12   Жеменей И. Мұхаммед Хайдар Дулат. – Алматы, Зерде, 2007. – 352 б.