Қазақ даласында билеуші мен халық арасындағы байланыс

 

Раев Даулетбек Садуакасұлы,  Байсеркенова Лағыл Мәдиқызы  -Абылайхан атындағы халықаралық қатынастар университеті, халықаралық қатынастар мамандығы, 2 курс студенті, Қазақстан, Алматы.

 

  Қоғамды билеу дәстүрі мен ел билеген игі-жақсыларының қалыптасу үрдісі әр ұлттың саяси өмірінің бітім-болмысын айқындайтындығы белгілі. Сондықтан қазақтың дәстүрлі қоғамындағы саяси билік жүйесінің тыныс-тіршілігін, ондағы іс-әрекет пен саяси қатынастар ауан-шеңберін, саяси басшыларды тағайындау мен ел билеу әдіс-тәсілдерінің ерекшеліктерінене аңғаруға болады. Қазақ би-шешендерінің билік философиясының қалыптасуындағы жоғарда көрсетілген өзіндік ментальдық көріністерді дала қоғамындағы билік жүргізу дәстүріндегі тарихи қалыптасқан объективті жағдайлармен детерминділігі арқылы түсіндіруге болады.

Бұл ретте қазақ шешен-билерінің саяси тұлғасын ірілендіріп, сомдай түсетін тұстардың бірі –  қазақ әлеуметін өрге бастыруға кедергі келтірер кертартпа үрдістерге батыл қарсы тұрғандығы. Адамды, адамзатын ата тегіне қарап емес, қабілетіне қарап бағалауға үндегендігі. Сол арқылы халқына қамқор, еліне пана бола аларлық шын тұлғалардың көбейе түсуін аңсағандығы, армандағандығы. "Әсіресе, қазағым, өзіңді өзің тұтас ел етіп басқарар енді уақыт жеткендігін" айрықша баса көрсеткендігі. Қазақтың көсемі халық көксеген мұраттың биігіне емін-еркін көтеріле алатын майталман болса екен деп тілейді. Ел мұраты жолындағы сол ұғым, сол мақсат билік жолындағы күрестің құрбандығына шалынып кетпесе екен деп уайымдайды. Төре Әулетіне де сол үшін тіксінеді. Бәрі-бәріне тақ тие бермегендіктен, баққұмарлыққа бой алдыруға мәжбүр болған тұқымның "башпайдан қағар" құлығы ел басына күн туғанда ел жоғын жоқтар ұл тууына кедергі келтіріп жүрмес пе екен деп қорқады. Сондықтан, би-шешендер қоғамға рухани жәдігер болып, жөн сілтейтін зиялыллар, дегдар адамдар, парасатты, әділ де адал ел билеушілерінің болуына ерекше көңіл бөліп, мән  берген  деп есептейміз.

Олай болса шешендік өнердегі билік философиясының орнығуына себеп болған тағы бір мәселе қазақ қоғамы саяси билік жүйесіндегі би-шешендердің ішкі саяси рөлі мен қызметінің маңыздылығының артуы десек болады. Саяси қызметінің көрінісін, дала қоғамының саяси өмірінің мән-жайына қанық болған би-шешендердің қоғамды құтқаруды өздерінің басты парыздарының бірі деп мойындауынан көреміз. Сондықтан да олар қоғамдағы билік жүйесінің жетілуіне өздерін жауаптымыз деп есептейді. Ал енді осы мәселенің бүгін де кезекте тұрған өзекті мәселе екендігін мойындауымыз керек. Өйткені, бүгінгі әлеуметтік процестердің барысы бұқара халықтың немесе жалпы адамзаттың замана сахнасындағы ролінің өзгергендігін байқалтуда. Оны халықтың талап-тілектерінен, дәлірек айтқанда, кешегі және қазіргі ат төбеліндей басшылардың қалтасында кетіп бара жатқан ел игілігіне деген ыза-кек немесе сол  тек азшылыққа ғана бағытталып бара жатқан игілік, "бақ-дәулетті" қайтарып алуға ұмтылу тенденциясының өріс алуы.

         Біз, бәрін де жасай аламыз дейтін сезімі биік, бірақ нақтылы неменеге қол жетікзе алатынын білмей жатқан заманда өмір сүріп  жатқан сияқтымыз. Бұл заманның қолында бәрі бар, бірақ ол өзін-өзі билей алмай жатқанға ұқсайды. Қазіргі заман өзінің мүмкіндігінің молшылығына мас болуда. Қазіргі заманда екі дуалистік сезім басым: күштілік және сенімсіздік. Парақорларға жалған үкім шығарушыларға, халыққа зұлымдық жәбір көрсеткендерге ілтипат құрметпен қарайды. Олардың қасында "бақ пен тақ" іздеген көзі ашықтар көп-ақ. Қазіргі әкім-басшылардың ішінде шындықты шырылдап қорғаушылардан көрі, жалғанды  жоқтаушылар басым деуге болады. Басшыларға дүние   үшін емес, қоғам үшін қызмет жаса, шын зиялы болсаң нәжіңді, менмендікті жой, жолдан адасқандарды, күнәхарларды жолға сал, да сөйтіп басқар дейтін үгіт-насихат айтады. А.Яссауидің сөзімен айтқанда "Білімің - шырақ, халің-пілте, жағатын май – көз жасың, яғни қайрат, жігерің" дегенге келтіреді. Мұсылмандық дүниетаным бойынша, бұл Алладан нәсіп алғың келсе, қоғамның ақсаған тұстарымен күрес дегенді білдіреді. Анарыстың айтқанына құлақ салсақ: "Ең ғақылды адам – ел билеуден аулақ болған адам" деген екен. Бұл нақыл бүгінгі күннің саяси болмысын толық бейнелеп тұрғандай болады. Міне бұл  келтірілген ойлардан, қазақ шешендігіндегі билік философиясының өз сырын және оның бүгінгі күнгі өзектілігі арасындағы тарихи сабақтастықты аңғару қиын емес. Сол сияқты дала сөзмерлерінің ел басшысын таңдау, оған белгілі бір талаптар мен рухани құндылықтар тұрғысынан келу үрдісі бүгінгі күнге дейін маңыздылығын жоймаған құбылыс деп есептейміз.

Осы тұста қазақ би-шешендерінің билікке келушулерге деген, ел басқару жөніндегі өз ұстанымдары мен наным-түсініктерінің болғандығын айтуға болады. Айтылғандарды жанама түрде растай түсетін ауызекі деректердің біріне сүйенсек, Әйтеке айтыпты деген сөз бар: "Халқына құт әкелмей тұрып ер мақсұтыма жеттім дей алар ма!? Ер жігіттің ерлігіне бағасын бермей тұрып, ел ес жия алар ма!? Мұқым дүниенің мәні де, сәні де – елдің тірегі ер болған жерде ғана, ердің тірегі ел болған жерде ғана кірмек. Батырыңның бағын байлағаның - барыңды жоғалтып,  бәлеге жолыққаның. Айналып келіп, алтын тағыңа ниеті теріс арамды отырғызғаның. Арам - өзін ойлайды, адал - өзгесін ойлайды. Халықтың таңдауы - өзгесінің қамын жейтіннің жағында». Бұл келтірілген мысалдан байқатйнымыз, ел басқару мен билік құбылысының - ірі іс, қажырлы еңбекті талап ететін, ділдік пен адалдықты арқау ететін өрелі өнер болғандығы. Ел  басқару үшін адамды салиқалы зерде, салмақты парасат, ерен ақыл, терең кісілік, дарқан жүрек, төзімділік пен батылдылық сияқты қасиеттердің болуын талап етілетіндігі байқалады.

Әртүрлі ел басшыларының ақыл-жүйесі мен тәжірибелерін талдай отырып шешендер ел билерлік қасиеттердің тізбегін құруға тырысады. Нағыз елбасы ең алдымен өз ерік-жәігерін басқару арқылы ел-жұртын басқаруды үйретеді. Өз-өзін игере білетін, өз рухына сүйенген ер-азамат қана бойындағы бар күш-қуатын ел жақсылығына қарай жұмсай алатынын айтқан. Жаны мен қаны ізгілік пен кісілікке жақын басшының мұраты – байлық, атақ-даңқ емес, билік беделі, ел бүтіндігі мен тыныштығы, ел қамы, киелі елдікті медет тұту деп білген. Мұндай  елбасының басты мақсаты - әділдік пен ізгі ниет, қайырымдылық пен қамқоршылдық боса керек. Ел басқарушы – алдымен мұраты биік, ниеті ақ халық қалаулысы, сонан соң үлкен жүректі, халыққа  деген ілтипаты мол тұлға болуын қалайды. Ондай басшының көздегені – елдің бірлігі, оның сенімді келешегін қамтамасыз ету деп есептейді

Би-шешендер адамның өз жері  мен еліне сүйіспеншілік (отаншылдық) талабын былайша пайымдайды: біріншіден, өзінің ой-араманын аяқсыз етпеу, елін-жерін дұшпандарға алдырмау. Екіншіден, жарлық, бұйрық, үкімдердің орындалуын қадағалау. Иманды басшы  үшін қарақшыны қадағалау, бедел мен бітімді мықты ұстау – ар мен намыс талабы, адалдықтың өлшемі. Міне бұлар Махмуд Қашқаридың: "Сен билеуші болғаныңмен, олардан артық емессің, бір топырақта тудың екен, ендеше бірге өле де біл" -дегеніне саятын болса керек.

Жоғарыда би-шешендердің ел басшысын таңдау және ел басқаратын адамзатқа қандай қасиеттер тән болуы жайлы ұстанымдар мен талаптарын сөз етік. Ендігі жерде диссертациялық зерттеуге негізгі арқау  болатын мәселенің ұстыны ел  билігін ұстаған басшылардың - хандардың, сұлтандар мен төрелердің басшылық істерінің дұрысын құптап, бұрысын сынап қазақ қоғамындағы дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарына сүйене отырып ел басқару үлгісін жасау, саяси билік мәдениетін  қалыптастыру үрдісіне  келіп тіреледі. Сонымен бірге, қазақ шешендерінің дала қоғамындағы "хан" мен "қараша" немесе билік жүргізуші мен қарапайым  халық арасындағы өзара  түсіністік пен сыйласымдылықтың ұтымды үлгілерін қалыптастыру дәстүрі  бүгінгі күні теориялық және практикалық тұрғыдан ғылыми сараптасу объектісі  болары дау тұғызбайды.

Мәселенің алғашқысы – шешендік өнердегі ел басшыларының билік жүргізу ісіне баға беріп  оң-терісін сараптау дәстүріне келетін болсақ, ел қамын ойлап, әлеумет ісін оңға қарай жетелеген басшыларды мадақтай отырып, оларға рухани жәдігер бола тұрып, билік жүргізу тәжірибесін дәріптеу тенденциясын байқаймыз. Сондай тұғырға  ие болған хандардың бірі - Абылай хан болғаны  тарихтан мәлім.

  Осы орайда әз Тәуке ханның қазақ шешендігінде ерекше орын алғандығын айту керек. Дала ділмарлығында Тәукенің саяси билігі, оның саяси басшы ретіндегі болмысы би-шешендердің билік философиясында  ел басқару үлгісі ретінде бейнеленге. Әз Тәукенің билік құрған дәуіріне қысқаша шолу жасайтын болсақ,   ол "… билікке бейбіт күнде келіп, жері байтақ, халқы мол, іргелі ұлыстың тізгінін … бірлігі берік, берекесі зор" (М.Мағауин, 1995) – тұста ел тізгінін ұстағанымен, қазақ жұрты одан әрі іргелене түседі, енді қазақ шалқып-толқып, бей-жай өмір сүреді дейтін ойдан аулақ еді. Тәуке тұсында қазақ қоғамының іргелі мемлекет болу мәселесінде өте күрделі сыртқы және ішкі проблемалар тұрғандығы тарихи деректерден белгілі. Ол хандық құрған тұстың бас кезінде бір орталыққа бағынған бұрынғы дербес қазақ мемлекетінің  тұтастығына  сызат  түсе бастаған еді. Шыңғыс хан тұқымынан тараған төрелер елді іштен ірітсе, сырттан теріскей көршісі Ресей патшалығы мен шығысындағы  Жоңғария хандығы қорқаулана қоршай түскен болатын. Сыртқы саясатта Тәуке хан шығыстағы жоңғарлардан төнген қауіп-қатердің алдын алу үшін батыстағы ресей патшалығымен (Бірінші Петр) саяси қарым-қатынасты мейлінше жақсартуға күш салған болатын. Сондықтан Әз Тәукенің қазақ халқын  бас сауғалағап кіріатар күйінде ұсынбай, іргелі мемлекет дәрежесінде танытып, көрші елдермен теңестіріп, иықтастырып, терезесін тең ұстап көрсетуді мақсат тұтқаны белгілі.

  Ауыр  тарихи сын түскен кезеңдерде халықтық бұқараның саяси ықпалы  артып отырған. Ел басына қандай кезеңнің кез келуіне байланысты  біресе абыздық, біресе нояндық қауымның ықпалы басым түсіп жатты. Мәселен, Тәуке хан заманының бастапқы кезеңінде билерді, аяқ  шенінде батырлардың үстем  түсуі де  соынң дәлелі болмақ. Н.Г. Аполованың 1710 жылғы Қарақұм құрылтайы ел басына түскен жағдайға байланысты батырлардың басым түскен жиыны болды деп бағалауының өзі осыған куә. Демек, 17-18 ғасырлардағы ел қорғасқан шешен-билер дәуірінен бастап дала  қоғамындағы мемлекетті билеу жүйесінің көне үрдістері бұзылып, бұқаралық ықпалға ден қойғаны байқалды. Мәселен, көне түркі заманының Орхон ескерткіштерінде қалған "Қағанының айтқанын қыл", Шыңғыс хан дәуірінің салтында орныққан "ханың қайда қойса, сонда  тұр" дейтін қанун-қағидалардың бәрі дерліктей әлсіреді.  Осы орайда М.Асановтың: "атақты қазақ биі Төле биді  Ташкентке ханнан бетер қадірлейді" деген пікірін айғаққа тартуға болады. Бүкіл би-шешендердің  хан-сұлтандарға, бек-болыстарға қарсы  тұрып, олардың алдында шімірткпей сөйлеуі, бүкіл төре әулетіне шүйлігуі олардың ежелден саяси басыбайлыққа мойын төсемейтін рухани  өрлігін танытады. Осы тұста, қазақ шешендерінің дала халқының дәстүрлі қоғамындағы  хандардан тұратын саяси элита мен  қара халық арасындағы  саяси-әлеуметтік татулық пен бірлікті  кісілік пен кішілік сияқты рухани  құндылықтарға негіздей отырып дәріптеген философиялық үрдісті байқаймыз. Осыған орай би-шешендердің "кішілігін" төмен, "кісімсуі" жоғары болған ел басыларын қатты сынға алу  арқылы оны халыққа қарай икемдеп, ақыл "сабасына" түсіру дәстүрін айту міндет. Мәселен, Асан қайғы халық пен хан арасындағы әлеуметті-саяси қатынастағы кейбір олқылықтарды аңғара отырып, Жәнібек ханның халық  қамынан гөрі қара басының қамын ойлап кеткенін, халыққа ақыл  салмай, әр істің ақырын болжамай, бейқам жүргенін бетіне айтып былай дейді:

                     Айтпасам білмейсің,

                     Айтқаныма көнбейсің.

                     Жайылып жатқан халқың бар,

                     Аймағын көздеп көрмейсің.

                     Қымыз ішіп қызарып,

                     Масаттанып, қызып  терлейсің.

                     Өзіңнен  басқа жан жоқтай,

                     Өзеуреп неге  сөйлейсің?

                     Қорған салдың бейнет қып,

                     Қызметшің жатыр ішіп-жеп,

                     Он сан Ноғай бүлінді…

                     Мұны неге білмейсің? …      

Бұл келтірілген мысалда  ел билеушісінің өзіндік индивидуализмің, өзіне-өзі кәмиіл болған эготизімді, элитарлық  саяси субмәдениетті ашып айту үрдісінің жатқандығын айтуға болады. Әрі  мұнда қайырымды  әкімшілік концепциясының тұрғанын анық байқаймыз. Айтылғандар Болат ханның: "Ханнан қайыр болмаса, ел бұзылады, Ескелді бидің: "Асқақ ойлап, астамшылыққа ұрынсаңыздар, ел обалы мойныңызда" – дейтін саяси әдеп философиясына келіп саяды. Осындай  хандар  қауымындағы адамгершілік эталонынан сырғып барар жатқан девиантты мінездердің ақыры неге әкеліп соғарын бағамдай келіп, енді бірде Асан би:

                     Құйрығы жоқ, жалы

                     Құлан қайтып күн көрер?

                     Аяғы жоқ, қолы жоқ,

                     Жылан қайтіп күн көрер?

                    Хан мен билер қысқанда,

                     Халық қайтіп күн көрер?

                     Онда халық түнерер,

                     Халыққа қысым күш берер,

                     Халықтың кегі күшке енер, - деген жолдармен хан мен билерді сынай отырып, олардан халыққа қайыр болмаса, оның арты халықтың наразылығына әкеліп соғатынын ескертеді. Әкімдер адамгершілікке сай шешім қабылдамаса қоғам құлазиды, мемлекет күйрейді деп білген. Әдепсіздік мұсылмандық дүниетанымында қоғамды апатқа апаратын зілзала, зұлымдық жайлаған қараңғылықтың негізгі факторы ретінде анықталғандығын олар жақсы білген. Құранның, исламның мәніне қанық болған би-шешендер қоғамды құтқаруды өздерінің бірінші парызы деп біледі. Бұл айтылғандар бір жағынан, "Ел басшысы залым  болса, нашары  көз жасын тия алмайды" (Төлебай шешен), - деген тұжырымды білдірсе, екіншіден, "Елдің күші – селдің күші"  дегендей, "Көтерілсе көпшілік, отқа жағар тағыңды" (Тайкелтір шешен), - деп келетін қазақтың саяси мәдениетіндегі ұстанымды айқындайды. Абылай ханның "… әйткенімен ханнан халық күшті, халықтан биліксіз хан болсаң да ештеңе істей алмайсың", - дегені  соның куәсі. Үшіншіден, би-шешендердің хандарға айтқан шешендік сындары мен нақылдары Төле бидің Ескелдіге берген баталарынандағы: "Жұртыңның жағасы бол, бірліктің тағасы бол, жол бастар данасы бол. Мұратың халық болсын" – дейтін қайырымды да текті әкімшілік философиясына тоғысады.

Ендеше, халық – көл, хан – құс, ел – үй, хан – жолаушы. Хан керек болса елге өзі келсін, -деп Сырым батыр елшілерді қайтарған екен. Бұл мысалдан, дала ділмарларының мақсаты -кінәліні жазалау емес, тәртіпке шақырып, дау-дамай, жанжалдардың ұшығып кетуіне жол бермеу, ауылдың, елдің тыныштығын сақтау  болғандығын аңғару қиын емес.