Право /1.История государства и права.

Оқытушы, құқық магистрі Омар Б.МОқытушы, Омарова И.М., ЗҚТ-015 тобының студенті Айдарбеков А

Қ.А.Ясауи  атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті. Қазақстан    

Сот органдарының жеке тұлғаның құқықтарын қорғаудағы ролі

 

            Қандайда бір мемлекеттегі жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын қорғауда сот органының орны ерекше. Себебі, әр азамат құқық субъектісі бола отырып, өзінің құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтін барлық әрекеттермен қорғауға құқылы. Осы заңды әрекеттерді жүзеге асыратын орган, ол - сот органы болып табылады. Мысалы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 2-тармағында,  «Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар», - деп атап көрсетілген [1, 8].

Қазақстан Республикасында әркім өзінің құқықтары мен бостандықтары заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға хақылы. Барлық жеке тұлғалар өзінің бұзылған немесе талас тудыратын құқықтарын қорғауды өтініп, сотқа жүгінуге бірдей құқылы. Кез келген жеке тұлға сотқа өзі тікелей немесе өзінің өкілі арқылы жүгіне алады. Сот тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың басты құралы ретінде қарастырылады. Көптеген елдердің конституциялары сотқа жүгіну құқығын жеке тұлғаның  жеке және ажыратылмас құқығы ретінде тұжырымдайды. Ешкім де оның ісін сотта қарау құқығынан ажырата алмайды.

  Әділ сот – бұл заңда белгіленген процессуалдық тәртіпке сай іске асырылатын және азаматтық, қылмыстық, әкімшілік және басқа да құқық салаларының нормаларын шындық немесе жорамал бұзылуларымен байланысты дау-дамайларды қарау мен шешудің құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың сенімді кепіліне айналып келеді. Өркениетті қоғамда сот бүкіл құқық жүйесінде орталық орын алады. Сот нағыз әділеттілікті бейнелейді. Х.К.Халиков «Кеңес дәуірінде бірыңғай мемлекетті игіліктің құрамдас бөлігі ретінде қалыптасқан сот билігі ұғымының өзі іс жүзінде оның ресми мемлекеттік саясатты жүргізуші және оның идеологияландырылуы деп түсінілді, бұл Қазақстанда әлі күнге дейін едәуір дәрежеде табылып отыр және жеке тұлғаның  құқықтарын қорғау мен қамтамасыз ету тұрғысынан алғанда белгілі дәрежеде қайта қарауды және басқаша бағыттауды қажет етеді»,- деген пікір айтады [2, 50].   

Ал, Б.Топорнин мынадай пікір айтады: «Соттың, жеке тұлғаның, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды демократияның басты мән-мағынасы және өзінің басты міндеті деп тануы әділетті нәрсе. Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын тану, сақтау және қорғау – мемлекеттің міндеті» деген конституциялық формуланы сот декларациядан шындыққа айналдырады. Соттың ұстанымы өте дұрыс, өйткені адам құқықтары мен бостандықтарын бұзушылық тек оған қатысты жеке тұлғалар үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін де қауіпті, оның тірегін шайқалтып, адамдарды мемлекеттен бездіреді», -деді [3, 35].

Сот төрелігін іске асыру жеке тұлғаның жеке, саяси, әлеуметтік-экономикалық және экологиялық құқықтары мен барлық заңды тұлғалардың, оның ішінде мемлекеттің  заңды мүдделерін іске асырудың түбегейлі мәселелері бойынша шешім қабылдаумен байланысты. Нақ осы сот төрелігі нақты тұлғаны қылмыс жасауға кінәлі деп тануға және оған жазалау шарасын немесе заңда белгіленген басқа ықпал қолдануда, сонымен бірге заңсыз жауапқа тартылғандарды ақтауға шешуші рол атқарады. Сот сонымен бірге мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың араларында кәсіпкерлік әрекет барысында туындайтын дауларды қарау нәтижесінде туындайтын құқықтық салдарларды анықтайды. Сот шешімдерінің ерекше сипаты бар. Олар баршаға міндетті сипатта болады және барлық құқық субъектілері орындауға тиіс.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев былай деп, атап көрсетті: «Сот билігін нығайту үшін 2000 жылы менің Жарлығыммен атқарушы билік сот жүйесіне ықпал жасайтын соңғы тетігінен айырылды – соттардың қызметін қамтамасыз ету функциясы Әділет министрлігінен Жоғарғы сот жанындағы сот әкімшілігі комитетінің қарауына берілді. Елде мамандандырылған - әкімшілік және экономикалық соттар дами бастады, бұл сот жүргізу ісінің әсерлілігін арттырады. Келешекте кәмелетке жетпегендер ісі жөніндегі соттар құрылатын болады. Қамауға алуды сот санкцияларын қарастыратын заң қабылданды. Мемлекеттік комиссияның ұсынысы бойынша юстицияның біліктілік комиссиясын таратып, оның судьяларының лауазымына кандидатуралар іріктеу функциясын Жоғарғы сот Кеңесінің қарамағына беру, сөйтіп, оның судьялар кадрын іріктеудегі еліміздің судьялар құрамының сапасына жауап беретін тәуелсіз орган ретіндегі ролін арттыру ұсынылып отыр. «Мемлекет пен жеке тұлғаның өзара қарым-қатынастарының доктринасы түбегейлі өзгеру керек, сот төрелігі жаңа демократиялық жағдайда олардың құқық негізіндегі диалогының алаңына айналуға тиіс. Юстиция жазалаушыдан құқық қорғаушыға айналуы керек, заңның әкімшіліктен басымдығын қамтамасыз ету қажет. «Сот билігі құқықтық мемлекетте ақылға сыйымсыз заңдарға тосқауыл қою немесе олардың әрекетін қиындату, атқарушы билікті өкілетті институттардың еркін орындамағандығы үшін жауапкершілікпен қорқытуы, жеке тұлғаларды саясаткерлер мен шенеуніктердің тираниясынан қорғауы, биліктің басқа тармақтары үшін кері-байланыс блогы болуға тиіс» [4, 217].

Сот органдарының тәуелсіздігіне мемлекет кепілдік береді және елдің конституциясы мен заңдарында бекітіледі. Барлық мемлекеттік органдар мен басқа мекемелер де сот органдарының тәуелсіздігін сақтауға және құрметтеуге міндетті. Көптеген елдердің конституциялары тұлғаның әсерлі сот қорғауын іс жүзіне қамтамасыз ету үшін сот төрелігінің негізгі қағидаларын, сонымен бірге сот шешімдері мен үкімдерінің заңдылығы мен әділеттілігін қамтамасыз етудің процессуалдық кепілдіктерін белгілейді. Сот төрелігінің негізгі қағидаларына жататындар: соттың тәуелсіздігі, оның құзіреттілігі, төтенше соттарды құруға тыйым салу, мерзімділік, алқалық, сот талқылауының жариялылығы, сот актілерінің заңдылықтары мен дәлелділігі және олардың міндеттілігі. Соттардың тәуелсіздігін қамтамасыз етуге судьяның лауазымын басқа қызметпен қоса атқаруға рұқсат етілмейтіндігі ережесі де жәрдемдеседі.

Жеке тұлғаның  азаматтық құқықтары мен бостандықтары сот жолымен қорғау әртүрлі мақсаттарды көздейді: бұзылған құқықтар мен бостандықтарды қалпына келтіру, бұрынғы ахуалды қалпына келтіру, материалдық және моральдық зиянның орынын толтыру, мемлекетті орган немесе лауазымы тұлға қабылдаған және адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзатын нормативтік құқықтық актіні түгелдей немесе ішінара бұзу, бұл құқықтарға қол сұққан тұлғаны кінәлі деп табу және оны жауапкершілікке тарту.

Соттардың жұмысбастылығына байланысты заңды деңгейде шетелдік азаматтық сот атқару практикасын және дауларды шешу жөніндегі халықаралық мемлекеттердің практикасын бекіту қажет. Қазіргі кезде дауларды шешудің тек жеке және заңды тұлғаларға ғана байланысты емес, сонымен бірге халықаралық құқық субъектілерінің араларындағы қарым-қатынаста да тиімді қолданылатын келісу рәсімі деп аталатын әдісі кеңінен тарады. Дауды реттестірудің бұл әдісі дауласушылардың дау тудыратын немесе даудың шығуына алып келген нақтылы жағдайларды бағалауда пікір аралығы туған жағдайда қолданылады [5, 28].

Жеке тұлғаның құқықтарын әкімшілік-құқықтық тәртіппен іске асыратын қорғау түрінің де бар екендігі белгілі. Жеке тұлғалар атқарушы биліктің жоғарғы органдарына да арыздана алады. Бірақ мемлекеттік органдардың бір-бірімен байланыстылығынан ол шағымдардың әділ шешілмейтін жағдайлары да кездеседі. Сот қорғауы шағымданудың әкімшілік тәжірибесінен өзгеше және әсерлірек. Сот ведомстволық мүдделерге тәуелді емес және тек Конституция мен заңға ғана бағынады. Сот рәсімі ашық, талқыланушы мәселелердің кең түрде жариялылығын, барлық айғақтардың ауызша тексерілуін және барлық мүдделі тараптардың сот мәжілісіне тікелей қатысуын қарастырады. Жеке тұлға заң негізінде құрылған тәуелсіз және бейтарап сотта қарауға құқылы. Ол өзіне үш элементті біріктіреді: заң негізінде құрылған және тәуелсіздік пен бейтараптық критерийлеріне сай келетін соттың болуы; соттың дау мен айыптаудың барлық тұстары бойынша шешім қабылдау үшін жеткілікті түрде өкілеттілігі болуы; сонымен бірге кісінің сотқа қол жеткізуге құқығы болуы керек.

Қазақстан Республикасының Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы 27 қаңтардағы «ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҢҒЫРТУ -ҚАЗАҚСТАН ДАМУЫНЫҢ БАСТЫ БАҒЫТЫ» атты Қазақстан халқына Жолдауында да сот жүйесіне қатысты былай деген, болатын:

            «Судьялар сот төрелігін тек заң мен ар-ожданды басшылыққа ала отырып шығаруға тиіс. Судьялар жасағын қалыптастырудың тәртібін түбегейлі түрде қайта қарау қажет. Аппеляциялық инстанциялардың істерді қарауға төменгі соттарға қайтару жөнінде негізсіз шешімдерінің мүмкіндігін заң жүзінде шектеу керек.

            Жоғарғы Соттан бастап, бүкіл сот жүйесіне өздерінің жауапкершілігі мен біліктілігін арттыру, сөйтіп өз жұмысын жетілдіруді өздері бастау талабы қойылады. Судьялардың заңды бұзуы жұрттың бәріне жария етілетіндей төтенше оқиға болуға тиіс.

            Арбитраждық және аралық соттар жүйесін нығайту керек», -деді Президент Н.Ә.Назарбаев [6, 1].

Қазіргі таңда сот органдарын реформалау барысы жалғасын табуда.  Сот органдарын реформалаудың бірі, жеке тұлғаның өз құқықтарын қорғау үшін сотқа жиірек жүгінуіне  жағдай жасау болып табылады. Ол үшін, жеке тұлғаның сот органымен өзара тығыз байланысты үш элементті біріктіру қажет:

Біріншіден, заң негізінде құрылған және тәуелсіздік пен бейтараптылық критерийлеріне сәйкес келетін соттың болуы қажет;

 Екіншіден, даудың немесе айыптаудың барлық тұстары бойынша шешім қабылдау үшін соттың кең өкілеттілігі болуы керек;

Үшіншіден, жеке тұлғаның сотқа қол жеткізу құқығы болуы қажет.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. Қазақстан Республикасының 30.08.1995 жылғы Конституциясы (Қазақстан Республикасы Парламентінің 1996 ж., №4,217-құжат), Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 7 қазандағы Заңымен енгізілген өзгертулер мен толықтырулары (Қазақстан Республикасы Парламентінің 1998 ж., №20,245-құжат),  Қазақстан Республикасының 2007  жылғы 21 мамырдағы Заңымен енгізілген өзгертулер мен толықтырулары (Қазақстан Республикасы Парламентінің 2007 ж., №10,  68-құжат). –Астана: «Елорда» баспасы, 2009.

2. Халиков К.Х. Проблемы судебной власти в Казахстане: Автореф. дисс. д-ра юрид.: 12.00.09; 12.00.11 -Алматы, 1998.

3. Топорнин  Б.   Конституционный  Суд     Российской  Федерации -эффективный фактор развития права //Российская юстиция. - 2002. - №10.

4.  Стонов Л. Концепция прав человека при реформе судебной и пеницитарной систем. - Алматы, 1996.

5. Мурзаев К.Б. Конституционно-правовые основы организации деятельности судебных органов в обеспечении прав и свобод граждан. Автореф. дисс. канд. юрид. наук: 12.00.02. -Алматы, 2006.

6. Қазақстан Республикасының Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы 27 қаңтардағы «ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҢҒЫРТУ -ҚАЗАҚСТАН ДАМУЫНЫҢ БАСТЫ БАҒЫТЫ» атты Қазақстан халқына Жолдауы.

е.gov.kz/wps/portal/Content?.../3.../president/...kk