Педагогика ғылымдарының магистрі Мәрсәлі Р.Ө.

 «Өрлеу» БАҰО» АҚФ

Қызылорда облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты, ұлттық тренер

Қызылорда, Қазақстан

Сындарлы оқытудың ғылыми-теориялық негіздері мен даму заңдылықтары

 

Қазіргі серпінді дамып отырған әлем педагогикалық кадрларды даярлауға сапалы жаңа талаптар қоюда. Маманнан жоғары кәсібилік пен құзыреттілік, ұтқырлық, кәсіби бейімделуге, үздіксіз өзін-өзі жетілдіруге қабілеттілік талап етілуде. Қоғамның экономикалық және әлеуметтік жағынан ілгерілеуінің маңызды факторы ретінде білім берудің ұлттық моделін  дамыту шығармашыл тұлға қалыптастыруға дағдыландыру, ақыл-ой қорын жинау сияқты мақсаттарды көздейді. Ол Қазақстан Республикасы жариялаған білім беру басымдығына,   «жалпы білім беру»  моделін  «әр адамға таңдау бойынша білім беру»  моделіне көшуге негізделген.

Қазіргі кезеңде республикамызда білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру  кеңістігіне енуге бағыт алуда. Бұл педагогика теориясы мен оқу-тәрбие үрдісіндегі елеулі өзгерістерге байланысты болып отыр: білім беру парадигмасы өзгерді, білім берудің мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас, жаңаша қарым-қатынас пайда болды. Бүгінгі таңда білім беру мен іргелі ғылымды интеграциялау жүйесін құрылымдау мәселесі басымдық рөлге ие болып, жаңаша аталуда.

Қазақша түсіндірме сөздікте «конструктивті оқыту – сындарлы оқыту деп белгіленген [1]. Оқытудың сындарлы теориясы (сonstructivist theory of education) – білім алушылардың ойлауын дамыту олардың бұрынғы алған білімдері немесе сыныпта түрлі дереккөздерден (оқытушы, оқулықтар, құрбылары) алған білімдерімен астастырыла, сындарлы өзараәрекетте жүзеге асады деген тұжырымға негізделген теория. Сындарлы өзараәрекет философия, психология, педагогикасияқты түрлі ғылым өкілдерімен зерттелуде. Олардың қатарында, И.Ф. Гербарт, Ж.Ж. Руссо, М.М. Бахтин М.С. Каганның, философиялық еңбектерін атауға болады [2, 3].

Сындарлылық – басты идеясы білім алушыға білімді дайын күйінде беруге болмайды дейтін педагогикалық философия. Сондықтан білім алушылардың білімдерін табысты өздігінен құрылымдау және өздігінен байытуға арналған педагогикалық жағдайларды жасау маңызды және мүмкін. Жалпы ұстанымдар тұрғысынан сындарлылық қарапайым ақиқатты білдіреді, яғни біздің әрқайсысымыз өмір бойы өзінің қоршаған ортаны туралы түсінігін құрылымдайды. Міне, сондықтан біздің әрқайсысымыз әлем туралы көзқарасымен, өзінің сенімдерімен бірегейміз. Сондықтан бізге басқа адамның өзіндік пікірі қызықты, сондықтан әркімнің өзімен өзі, өз қолтаңбасы мен өз стилімен қалғаны өте маңызды.

 Сындарлы оқыту білім берудегі педагогикалық философия ретінде ең бастысы, білім алушының сол сәттегі, қанша «шикі» болса да, көзқарасын маңызды деп есептейді. Ж. Пиаже бойынша нақ осы ұстаным -  білім алушыдағы іштей қалыптасқан құрылым (тәжірибе) мен сыртқы беймәлім ақиқат арасындағы когнитивті  сәйкессіздікті еңсеру жолымен жаңа білімді құрылымдау  басталатын бастапқы ұстаным болып табылады. Осы сәйкессіздікті жою бұрынғы когнитивті құрылым негізінде құрылымдалған біліммен сипатталатын уақытша когнитивті тұрақтылықты (немесе когнитивті тепе-теңдік) қалпына келтіреді.

Сындарлы оқыту жүйесінде ақиқаттан гөрі, ақиқатқа қарай қозғалу үдерісі бағаланады. «Ғылыми білім –статикалық құбылыс емес», - деп жазады Ж. Пиаже өзінің бір жұмысында, - бұл барынша нақты үдеріс, үздіксіз құрылымдау және қайта жасау үдерісі» [4].

Оқытудың сындарлы моделі оқытудың Л.С. Выготский, Ж. Пиаже, С. Пейперт [5] сияқты теоретиктердің зерттеулерінің негізінде пайда болды. Бүгінгі таңда оқытуға қатысты сындарлылықтың үш ірі бағыты бар – когнитивті, әлеуметтік, демократиялық.

Сындарлы оқыту теориялық тұрғыда көбіне-көп Л.С. Выготскийдің, П.Я. Гальпериннің, В.Т. Кудрявцевтің, Т.В. Кудрявцевтің, В.В. Давыдовтың, Б.М. Бим-Бадтың, Д.В. Элькониннің, М.И. Махмутовтың, С. Пейперттің практикалық-бағдарланған еңбектерінде қозғалады.

Тұлғаға бағытталған, ізгіліктілік, іс-әрекеттік, мәнмәтіндік тәсілдер аясында (Л.С. Выготский, В.В. Давыдов, С.Л. Рубинштейн,  Д.Б. Эльконин  және басқалар) оқытушылар мен білім алушылардың сындарлы өзара әрекеттерінің мазмұнын, нәтижелілігін түсінуге бағдарланған ережелер әзірленген. Ал, А.А. Вербицкий, М.В. Буланова-Топоркова, Г.К. Селевко, Л.М. Фридман болса, өзара әрекет үдерісі оқу-танымдық сипатқа ие, сондықтан оқыту сапасы көбіне-көп оқытушылардың білім алушылардың шығармашылық әлеуетін ашатын және олардың тұлғасының қалыптасуына әсер ететін танымдық-ынталандырушы мотивтерді  белсендендіру білігімен анықталады деп тұжырымдайды.

XX ғасырдың басында ғылыми өмірде, сындарлылықты көркем-идеологиялық түсініктемесінің дамуы тұрғысында нақты обьектіні оны құрастыру үдерісі барысында танудың әлеуетті мүмкіндігі идеясы қалыптаса бастады. Соңыра сындарлылық деп аталған бұл тәсілдің негізін қалаған Г. Беркли мен И. Кант болып табылады [6].

Ғылымда сындарлылық екі ірі құрамдас бөліктен тұрады: бастапқы элементтер; құрылу қағидаттары. Ол кездері сындарлылық тек екі түйінді бағытта қарастырылды:психологиялық; ресми-логистикалық.

П. Наторп пен Г. Когеннің неоканттықтың марбургтық пайымдағы ғылыми жұмыстары ресми-логистикалық сындарлылық көрінісі болып табылады. Мысалы, олардың жұмыстарында математикалық физика мәселелері логика заңдары бойынша  оның ұғымдары мен соларға сәйкес обьектілердің сындарлы пайда болуы идеясы берілген.

Сындарлылық идеяларын қолдану әлдебір ұсынылған теориялық модельді негіздеуде өте ыңғайлы болып келеді. Мысалы, ғылыми теорияның негіздері мен оның ұғымдық аппаратын жасауда теориялық модельді құрастырудан бастаймыз. Алдымен болжам ұсынылуы тиіс - бірінші цикл, сонан соң болжамның негіздемесі – екінші цикл. Бірінші циклінде енгізілген теориялық модель, екінші цикл барысында инновациялық мазмұнмен байытылып, өзгереді және дүниенің шынайы көрінісіне кері әсер білдіріп, оны жаңалауға дайындалады. Сындарлылық идеясы берілген әдіснамалық талап теорияның математикалық аппаратын құрастыру траекториясын құптайды және бекітеді.

Сындарлылық әлеуметтанудағы бағыттардың бірі ғана емес. Ол тек философиялық ағынмен ғана емес, сондай-ақ, қоғамдағы белгілі бір құндылықтармен де тығыз байланысқан. Таным пәнінің онтологиялық статусын түсіндіруде сындарлылықтың барлық бағыттары оның құрылымдалатын-дығынан шығады.

Осылайша, білімге деген сындарлылық тәсілінің заңдылықтары мен қалыптасқан әдіснамаға негізделген зерттеулер сындарлы оқыту жүйесінің мынадай заңдарын белгілеуге мүмкіндік береді:

- саналы қажеттілік заңы – адам өзінде қажеттілік туғанда ғана оқиды;

- әлеуетті мүмкіндіктер мен мақсат қою заңы – адамның оқуы оның әлеуетті мүмкіндіктері мен алдына қойған мақсаттарының сындарлы (өзін-өзі бағалау, сыртқы баға) бағасына сәйкес келеді: оқытуды (өздігінен оқуды) мотивациялық, бағдарламалық-мақсатты басқару заңы – адамның өзінің оқу-танымдық ортасының мотивациялық өрісінде мақсатты, жоспарлы оқыту;

- демократиялылық  (элективтілік) заңы –  білім беру үдерісінде үнемі адамда: оқу ортасын, оқу қарқынын, формаларын, әдістерін, тәсілдерін, ақпарат құралдарын, мазмұнын, бақылау, оқу әрекеті түрлерін және т.б. таңдау құқығы болады;

- сақталу заңы  – даму, қалыптастыру, тәрбиелеу қоғамның денсаулық сақтаушы және әлеуметтік қалыптарына жауап береді;

- «сандық құбылыстардың сапалыққа көшу» заңы: сындарлы оқыту жүйесі инновациялық білімдік үдерістерді мақсатты үйлестіруді қамтамасыз етеді; адамға келген ақпарат ағыны тек оның сындарлы әрекетінің арқасында ғана білімге айналады (сындарлы әрекет тек сындарлылық негіздері жеткілікті қалыптасқан жағдайда ғана табысты болады);

- «қарама-қайшылықтардың бірлігі мен күресі» заңы – сындарлы оқыту жүйесі сонхрондықты қамтамасыз етеді және дисретті қолданылатын қарама-қайшы оқыту әдістерінің үйлесімділік өлшемдерін анықтайды.

Сыни ойлау дағдыларын тек мектеп аясында, білім берудің сыныптық-сабақтық жүйесіне арқа сүйей отырып, меңгеру өте қиын. Сондықтан үздіксіз педагогикалық білім беру аясында ең алдымен, сындарлы дағдылар мен сындарлы ойлауды қалыптастыруға арналған қолайлы жағдайлар жасау өте маңызды, ол орта мектеп болсын, ол жоғарғы мектеп болсын.

Сындарлы оқыту технологиясы республикадағы білім сапасын арттырып, оның халықаралық білім кеңістігіне кірігуіне деген қажеттіліктерін қанағаттандырады, еліміздің өркениетті елдердің  қатарынан көрінуіне игі ықпалын  тигізеді.  Сындарлы оқыту технологиясының моделі – қазіргі заман дамуының сыртқы және ішкі қарама-қайшылықтағы даму заңдылықтарын ескере отырып жасалған оқыту жүйесі.

 

Әдебиет:

 

1. Қазақша түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007. – 631 б.

2. Хрестоматия по общей психологии. Психология мышления / Под ред. Ю.Б. Гиппенрейтер, В.В. Петухова. - М.: МГУ, 2009. – С. 41.

3. Андреев В.И. Педагогика: учебный курс для творческого саморазвития. – Казань: Центр инновационных технологий, 2000. –   С. 538-565.

4. Пиаже Ж. Избранные психологические труды. – М., 1969. – С. 85.

5. Выготский Л.С. Ибранные психологические исследования. - М., 1959. - С. 123.

6. Хрестоматия по общей психологии. Психология мышления / Под ред. Ю.Б. Гиппенрейтер, В.В. Петухова. - М.: МГУ, 2009. – С. 74.