Мұсабай Б.Т.

№103 орта мектеп, Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қазақстан

Оқыту үрдісін тың идеяларға негізделген мазмұн және технологиялармен қамтамасыз ету

 

Қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі - өздігінше дамуға, алған білімдерін шығармашылықпен жүзеге асыра білуге, жаңа ақпаратты қабылдап, озық технологияны меңгеруге икемді, жауапты, белсенді, кәсіби тұрғыдан сауатты, саналы азамат тәрбиелеу, әлемдік білім кеңістігіндегі жалпы талаптарға сай білім беру. Мұғалімнің өз бастамасына негізделген кәсіби даму үдерісінің нәтижесі, ең бірінші  кезекте, жоба аяқталған соң емес, оның барысында сезілуі керек [1].

Қоғамның экономикасын әлемдік деңгейге көтеру білім беру жүйесін дамытуға тәуелді. Осы ретте Қазақстан Республикасы, әсіресе, тәуелсіздік кезеңінен соң әлемдік деңгейден артта қалмау үшін білім беру жүйесінде – әлемдік білім деңгейіне көтерілу, оқытудың жаңа әдістерін қолдану сияқты маңызды, әрі түбегейлі жаңаша міндеттер қойып отыр. ҚР білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында:

• халықтың барлық топтарының сапалы бiлiмге қол жеткiзуiн қамтамасыз ету;

• әлемдiк тәжiрибе және тұрақты даму қағидаттары негізiнде бiлiм берудiң мазмұны мен құрылымын жаңарту;

• бiлiм берудi халықаралық стандартты жiктеу ұсынымдарына сәйкес кәсiптiк бiлiм беру;

• бiлiм беру үдерісін оқу-әдiстемелiк және ғылыми негізде жетiлдiру секілді бірқатар нақты міндеттер қойылып отыр [2].

Қазақстан Республикасының білім жүйесін сапалы түрде қайта құру кезеніңде дүниежүзілік білім жүйесіне ену үшін әлемдік білім жүйесіндегі озық тәжірибелерді жинақтап, сұрыптап, оның тиімді тұстарын енгізу қажет болып отыр.

Сондықтан да, бүгінгі күні білім беру жүйесінде оқыту үрдісін тың идеяларға негізделген мазмұн және технологиялармен қамтамасыз ету міндеті тұр, ол - Қазақстан Республикасының әлеуметтік, экономикалық, қоғамдық саяси өміріне белсенді араласуға дайын құзіретті тұлғаны қалыптастыруға ықпал ету. Ол үстіміздегі жылы енгізілетін 12 жылдық білім беру мазмұнынан көрініс таппақ.

Заман талабына сай оқу үрдісін ұйымдастыруда оқушыны өнімді әрекетке баулу арқылы өз мүмкіндігін сезінуге, ашуға, өз бетінен білімін толықтыруға үйрету, аса қабілетті балалардың танымдық мүмкіндіктеріне сай сұранысын қанағаттандыру аса маңызды. Осы бағытта мені Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ мен Кембридждік Емтихан кеңесімен бірлесе дайындалып, елімізде жүзеге асырылып жатқан  деңгейлік бағдарлама,а сай меңгерген сындарлы оқыту идеялары жаңа мақсаттарға, жаңа әрекеттерге жетеледі.

Бұл Бағдарламаның басым бөлігі, түрлі тәсілдер қарастырылғанына қарамастан, сындарлы оқыту теориясы негіздерін қамтыған. Бұл теория білім алушылардың ойлауын дамыту олардың бұрынғы алған білімдері мен жаңа немесе сыныптағы түрлі дерек көздерінен, мұғалімнен, оқулықтан және достарынан алған білімдерімен өзара әрекеттесуі жағдайында жүзеге асады деген тұжырымға негізделеді.

Пажарес (1992) білім беру стилін таңдау кезінде мұғалімнің білімділігінен гөрі сенімге негізделген ой-тоқтамдарының ықпалы күштірек деп сендіреді: оқыту үдерісінде қалыптасқан көзқарастар мұғалімнің сыныптағы барлық іс-әрекеттеріне әсер етеді [3].

Егер де дайын білім беретін «дәстүрлі» стильмен оқытатын мұғалімдер сыни тұрғыдан ойлау қабілеттері дамыған оқушыларды қалыптастырғылары келсе, өздерінің де сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін дамыта отырып, жаңашыл идеяларды қабылдауға да дайын болуы керек.

Осы Бағдарламаға сай тәжірибе жинақтау барысында «Қалай оқу керектігін үйрету» (Flavell, 1976; Vygotsky, 1978) деген атаулармен танымал педагогикалық тәсілдер әлеуметтік-сындарлылық идеялардың қазіргі заманғы маңызды түсіндірмелер ретінде қолданылатындығына көз жеткізуге болады. Жеті модульдің барлығында қарастырылатын идеяларды оқыту мен оқудың жаңа тәсілдері деп санауға болады. Диалог негізінде білім беру мен білім алу оқушылардың өзара сұхбаттасуы және мұғалім мен оқушы арасындағы диалогтің шәкірттердің өзіндік ой-пікірін жүйелеуі мен дамытуына көмектесетін амал екенін меңзейді.

Л.С. Выготскийдің пікірі бойынша, білім алушылар нақты мақсаттарды көздеген, көбірек білетін қайраткер жандармен әлеуметтік қарым-қатынас нәтижесінде ойлау және сөйлеу дағдыларын дамытады. Оқушының аса епті және хабары мол адаммен интерактивті вербалды алмасу нәтижесінде біртіндеп сыртқы, әлеуметтік-жанама диалог орнатуы, күнделікті міндеттерді шешуге қатысуы әлеуметтік тәжірибе ретінде бала бойына сіңіп, оның өз бетімен ойлануына қатысты ішкі жеке қоры ретінде қалыптасады [4].

Қарқынды өзгеріп жатқан әлемде білім саласындағы саясаткерлер үшін де, жалпы мектептер үшін де, соның ішінде мұғалімдер үшін де ең бастысы, маңызды мәселе болып отырғаны: «ХХІ ғасырда нені оқыту керек?» және де екіншісі, ол да маңыздылығы жағынан біріншіден еш кем емес. Ол: «Мұғалімдер оқушыларды ХХІ ғасырға қалай дайындайды?». Осы жерде келесі мәселе бас көтереді, «Сол мұғалімдерді кәсіби даярлау сапасы қаншалықты?»

Мұндағы мақсат сындарлы оқыту теориясына бағытталған деңгейлік бағдарлама бойынша оқыту мен оқу жүйесін жан жақты дамыту үшін қажетті білімдер мен дағдыларды беру болып табылады. Бұл мақсат күрделі болуымен қатар, көп еңбек етуді талап етеді, себебі дұрыс тәсілдер қолданылған жағдайда  мектеп шеңберінде өзгерістердің жүргізілуіне ықпал ете алады. Сонымен бірге іс-әрекеттің құрамдас бөліктерінің қалыптасқандығының түрлі критерийлері мен көрсеткіштері О.А. Абдуллина, В.А. Беликов, В.Л. Беспалько, П.Я. Гальперин, В.В. Завьялов, В.А. Сластенин, Н.Ф. Талызина, А.В. Усова, Н.М. Яковлева, С.С. Байсарина, Б.Т. Кенжебеков, Ж.А. Қараев, М.М. Жанпейісова, Н.А. Оразақынова, К.С. Құдайбергенева және т.б. ғалымдардың еңбектерінде көрініс тапқан [5].

Сындарлы біліктердің қалыптасқандығын көрсететін критерийлер мен көрсеткіштерді әзірлеу негізіне біліктер мынадай сипаттамалары алынады:

1) саналылық, оның мәні тек қана сындарлы білікті дұрыс орындау ғана емес, сондай-ақ оның орындалу жолын тілдік формада негіздей алу мүмкіндігінде;

2) орындалатын сындарлы біліктердің (іс-әрекеттің) құрамы мен сапасы, орындалған іс-әрекеттің толықтығы;

3) жүйелілік, сындарлы біліктердің құрамдас бөліктерінің арасындағы өзара байланыстың болуын бағалауға мүмкіндік беретін, іс-әрекетті орындау реттілігі;

4) біліктерді көшіру – заттың, құбылыстың сындарлы біліктерді орындау үшін маңызды қасиеттерін аса маңызды емес қасиеттерінен ала білу шамасын сипаттайды. Бұл критерий білім алушылардың өз біліктерін басқа оқу пәндерінде, тапсырмаларын зерделеуге аудара білу мүмкіндігін бағалауға аса қажет.

Сындарлылық тәсіліне негізделген  сабақ жоспары оған енгізілген әдістермен шектеліп қалмауға  тиіс, ол мұғалімдер  өздерінің күнделікті педагогикалық қызметіне енгізгісі  келетін  әртүрлі  әдістер туралы оларға тәжірибелік кеңес беру үшін құрылған [6]. Сабақты жоспарлау -  бұл басқалар сияқты алынған ерекше дағды. Мұғалім өз сабақ жоспарын құра білуі тиіс, бұл оның беретін сабақ мазмұны мен қолданатын әдісті «дербес және бірегей қылу» үшін үлкен қадам жасағанын білдіреді. Алынған дағдылар өзгелердің дайындаған сабақ жоспарларын қолдануға қарағанда, өте құнды болып табылады. Сабақ жоспарына қатысты «не туралы» білімі сияқты «қалай істеу керек?» білімі де маңызды, бұл кәсіби мұғалім мәртебесін арттыру жолындағы маңызды факторлардың бірі болып табылады. Әрине, сабақ жоспарын құрудың бір ғана «өте жақсы әдісі» жоқ. Ертеден қалған мынадай мақал бар: «Тәжірибе емес, үздік тәжірибе озық қылады» - осы аталған дағдыны алуда негізін салушы болып табылады.

Әр ұстаз – ХХІ ғасыр мұғаліміне сай болу үшін – ізденімпаз ғалым, нәзік психолог, жан-жақты шебер, тынымсыз еңбек қор, терең қазыналы білімпаз, кез-келген ортаның ұйытқысы болу керек. Қазақстан Республикасының білім қызметкерлерінің бірінші съезінде қатысқан Юнеско өкілі К.Пауэр мырза: «Сіздер еуропалық білім мазмұнын сол күйі ала салудан аулақ болыңыздар, өйткені шығыстың соның ішінде қазақ халқының өзіндік ерекше ойлау қабілеті бар екендігіне көзім жетті. Сіздер терең білім беру мен қатар осы ұлттық сипаттарыңызды жоғалтпауды басты мақсат етіңіздер!»,-деген болатын.

Бүгінгі күннің талабы, әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметін көрсетуге қол жеткізу әрбір мұғалімнен жаңа білім технологияларын білім беру үрдісінде білгірлікпен пайдалануды қажет етеді. Сондықтан қайсыбір білім технологияларымен болмасын оқытудың ғылыми-әдістемелік негізін айқындау маңызды да, өзекті саналады.

 

Әдебиет:

 

1. Шаймерденов Т.Р. Мектепті басқарудың негіздері. – Алматы: Ғылым, 2000. – 69 б.

2. ҚР білім және ғылымды дамыту 2016-2019 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы. Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 1 наурыздағы № 205 Жарлығымен бекітілген // http://online.zakon.kz

3. Мұғалімге арналған нұсқаулық. ІІІ (негізгі) деңгей. // http://cpm.nis.edu.kz

4. Выготский Л.С. Ибранные психологические исследования. - М., 1959. -С. 178.

5. Құдайбергенова К.С.  Құзырлылық білім сапасының критерийі: әдіснамасы және ғылыми-теориялық негізі. – Алматы, 2008. - 164-224 бб.

6. Беспалько В.П. Педагогика и прогрессивные технологии обучения. –М.: 1995. - С. 32.