Т.ғ.к., Карсыбаева Ж.А., т.ғ.к., Елеуханова
С.В.
Қазақстан Республикасы, Е.А.Бөкетов
атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті
Қарағанды қаласының қалыптасу тарихынан
1932 жылы 1
қаңтарда Қарағанды көмір бассейні КСРО-ның
Еңбек және Қорғаныс Советінің қаулысы
бойынша еліміздегі екпінді социалистік құрылыстар қатарына
енгізілді. Қарағанды республиканы индустрияландырудың
алдыңғы шебіне айналды. 1930-1941 жылдар аралығында
Қарағанды КСРО-ның үшінші көмір базасына айналды.
Осы он жыл ішінде қала халқы 200 мыңға жетті [1, 14
б.].
1932 жылы 10
наурызда БОАК президиумының қаулысымен Қарағанды
бассейнінің перспективті дамуына байланысты орталығы Петропавл
қаласы болған Қарағанды облысы құрылды. Осы
жылда 70 мың жуық халқы бар жұмысшы поселкесі орнады.
1932 жылы алғаш рет ұшақ келіп қонды. 1934 жылдың
мамыр айында Нұра су қоймасы іске қосылды. 1933 ж. ірі
аудандық электростанция –Қарағанды ГРЭС құрылысы
басталды, оның қуаты 260 квт құрады [2, 53 б.]. 1933-1935 жылдары кірпіш зауыттары салынды, Ескі
қалада-бассейннің сол кездегі бұрынғы орталығында
және шахта маңындағы поселкелерде кірпіштен 1-2 қабатты
тұрғын үйлер, жатақханалар, әкімшілік,
қоғамдық және коммуналдық мекемелер салына
бастады.
1934 жылы 10
ақпанда БОАК «Қаз АКСР қалалары мен жұмысшы
поселкелерінің қосымша тізімін бекіту туралы» қаулы
қабылдады. Бұл қаулыда «Қарағанды облысының
Тельман ауданындағы Қарағанды көмір бассейнін
пайдалануға беру бойынша мемлекеттік трест құрылысының
жерінде пайда болған елді мекенді қалаға айналдыру,
оған «Қарағанды» атауын беру» деп жазылды.
Қарағанды тұрғындарының саны 112 мың адамды
құрады. 1934 жылы 5 шілдеде БОАК Президиумы өз отырысында
1933 жылы 20 наурыздағы БОАК Президиумының Қарағанды қалалық
советінің жұмысы туралы қаулының орындалуын тексеру
нәтижелері туралы мәселені тыңдады. БОАК Президиумымен
қабылданған қаулы және 1933 жылғы 20
маусымдағы «Қарағанды құрылысының барысы
туралы» БКП(б) ОК қаулысы Қарағанды қаласының
тағдырында, оның құрылысының жеделдетілуінде
үлкен рөл атқарды. БОАК Президиумы мен БКП(б) ОК жоғарыда
көресетілген қаулыларды орындау бойынша ауқымды
жұмыстар жүргізілді.
Сонау 1932 жылдан
бастап Қарағанды бассейніндегі еңбек ресурстарын орналастыру
мәселесімен "Стандартжоба" Мәскеу жобалау ұйымы
айналыса бастаған. Жаңа қаланың бас жоспарын құру
БОАК 1935 жылғы 15 маусымдағы «Қарағандыны жоспарлау
туралы» қаулысымен анықталды. Алдымен жоспарлаудың сызбасы
бекітілді. 1936 жылы бұл
мәселені жаңа "Мособлжоба" ҚЖИ ұйымы
қолға алады, ол орналастыру мәселелерін мұқият
зерттеп, талдау жасайды. Көмір қабаттарының орналасу сипаты,
олардың қуаты, учаскенің гидрогеологиялық
жағдайлары, өнеркәсіптің орналасуы және
оның даму басымдықтары егжей-тегжейлі зерттелді.
Жұмысқа ірі ғалымдар мен мамандар тартылады. Мәскеу
облыстық жобалау институты инженерлік жобалауды 1937 жылы бастады
және 1938 жылы оны аяқтады, ал 1939 жылы қаланы 300 мың
адамға арнап салудың жобасын тапсырды. 1938 жылы
"Мособлжоба" ҚЖИ (сәулетшілер Д.Кузнецов, А.Карнаухов)
бас жобаны әзірлеп, ол бойынша көмір бассейні мен бүкіл
облыстың әкімшілік-мәдени орталығы болатын, 1950 жылы
халқы 230-240 мың адамға жететін әрі 90-95 мың
тұрғын кенттерде тұруы тиіс жаңа қаланың
құрылысы белгіленеді [3, 287 б.]. Бұл жобаны
Қарағандыкөмір тресті, Қалалық атқару комитеті,
Мемжоспар, Көмір өнеркәсібі наркоматы мақұлдайды.
1939 жылы 9
ақпанда ҚазКСР ХКК мен Қазақстан КП (б) ОК 36,4
мың га аумаққа 300 мың тұрғындарды
орналастыруға есептелген жаңа қала
құрылысының жобасын бекітті. Бұл қаланың
алғашқы бас жоспары болды. Алайда бұл жобаны жүзеге
асыру, 1939 жылғы бас жоспар бойынша қаланы салу ұзақ
уақыт бойы қолдан келмеді. Тұрғын үйлердің
қалыпты құрылысын жүргізу мен көліктік байланысты
дамыту үшін қажетті жағдайлар дайын болмады.
Бас
жоспардың іске асуы экономикалық қиыншылықтармен
байланысты болып, Ұлы Отан соғысының басталған кезде
тоқтатылған. Бұл кезеңде Қарағанды майдан
қажеттіліктеріне жұмыс істейтін елдің аса маңызды
өнеркәсіптік аудандарының біріне айналды. Қала
көп мөлшерде Донбасс пен басқа жерлерден көшіп келген
халықты қабылдады. Тұрғын үй проблемасы
өткір сипат алды. Ұлы Отан соғысының аяқталуы
кезінде мұнда 30-дан астам шахталар маңындағы кенттер пайда
болған. Тұрғын үй қорының 90% ағаш,
саман және құм құрылыстарынан тұрды [4, 144 б.].
1947
жылы Ескі қала кенттерінде 140 мың адам, ал Жаңа қалада
35 мың тұрғын болған. Мұндай жағдайда
халықты орналастырудың жүйесін түбегейлі қайта
құру қажеттігі туындады. Темір жолдың салынуы (1937
жылы) қала халқының санын күрт ұлғайтады
(1930 жылғы 15 мыңнан 1936 жылғы 102 мыңға
дейін). Шахталарға жақын маңда кенттердің пайда
болуымен қатар, Старая Тихоновка және Большая Михайловка кенттері
дами түседі. Көмір кеніштерінен шалғай жерлерде де жаңа
кенттер пайда бола бастады: ескі Майқұдық және
Компанейск. Осылайша, революциядан кейінгі Қарағанды дамуының
бірінші кезеңі жоспардан тыс кент құрылыстарының жылдам
өсуімен сипатталады, негізінен кен бар аумақта өседі. Қала тез өсті. 1940 жылы Қарағанды 165 мың
тұрғыны бар ірі өнеркәсіп және мәдени
орталық болды. Ал Қарағанды көмір бассейні кеңес
мемлекетінің үшінші көмір ошағы болды. Қаланы
салу мен тұрғындарды орналастыру стихиялық сипатпен
жалғаса берді.
Әдебиеттер:
1
Караганда. Серия: История городов Казахстана./под. ред.
Елагина А.С.-Алма-Ата: Наука, 1989.-192 с.
2
Қарағанды облысы: тарихы, болмысы,
болашағы: ғылыми-тәжірибелік конференцияның
материалдары. –Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2006.-261 б.
3
Досмагамбетов С.К. Центральный Казахстан: природа и
природные ресурсы, события и люди, реформы и развитие. - Алматы : Желтые
страницы, 2003. - 562с.
4
Хавин А.Ф. Караганда - третья угольная база СССР. Алма
–Ата: Казгосиздат, 1954.-240 с.