Филологические
науки
Ф.ғ.д., доцент Жанузакова К.Т.
Қазақ қыздар педагогикалық университеті Қазахстан
Қаһарман портретінің шығармадағы көркемдік қызметі
Әр суреткердің шығармада өз кейіпкерін сом
тұлғаға айналдырып, характерін даралау үшін қалап
алған әр алуан амал-тәсілдері болады. Портрет, пейзаж,
психологиялық параллелизм, диалог, монолог т.б. түрлі
көркемдік тәсілдердің көбінесе образдың
мінез-құлқын, ішкі жан дүниесін, рухани әлемін
және ол тіршілік ететін ортамен тартыс табиғатын ашудағы қызметі айрықша.
Характер сомдауда, оны психологиялық тұрғыда ашып
көрсетуде қаһарман кескіндемесін берудің маңызы зор. Қазақ
әдебиеттануында портрет поэтикасын зерттеп, портреттің әдеби
шығарманың тұтастық жүйесін
қалыптастырудағы үлесіне арнайы тоқталған зерттеушілердің
бірі – Б.Майтанов. Әдебиет теоретигі Б.Майтанов портретке: «Портрет –
өзгеріп тұратын, алайда неғұрлым тұрақтылыққа
бейім құрылым. Портрет поэтикасында да ортақ дискурстар
басым. Портрет адам бейнесіне қатысты метонимиялық
құбылыс, бірақ көркемдік тұрғыда толымды
құбылыс. Ол – жаратылыстың шеберлігіне, өмірдің
күрделі табиғатына тәнті қылатын, тарихи мәні зор
эстетикалық, эмоционалды-психологиялық, пластикалық,
антропометриялық құбылыс» - деп анықтама береді [1,
127]. Әр адамның сыртқы кескіні оның ішкі жан
әлемінің айнасы сияқты. Портрет – мінездеудің заттық нұсқасы,
кейіпкердің сыртқы бітім-пішінін,
кескінін, характерін жасайтын бейненің материалдық болмысы.
Көбінесе автор кейіпкер табиғатының аса маңызды
тұстарын портрет арқылы сипаттайды.
Қазақ
әдебиетіндегі портреттің даму тарихына көз жіберсек,
әдеби бейнеліліктің бұл түрі жалпылама-абстрактылы
портреттік сипаттамадан біртіндеп адам
келбетінің өзгеше жеке қасиеттерін даралауға
қарай дамығанын
бақылаймыз. Әдебиет дамуының ерте кезеңіндегі
әдеби үлгілерде қаһармандардың сырт
тұлғасы
шартты-символикалық кейіпте кескінделген, мысалы,
қазақ ертегілеріндегі немесе эпостық жырлардағы батырлар мен хас сұлулардың
портреттері бір-біріне
ұқсас келетіндіктен, оларды ажырату қиынға соғып
жатады. Мұндай портрет үлгілерінде кейіпкер туралы жалпы
ақпарат қана бар, өйткені бұл кезең
әдебиетінде мінездер
әлі даралана қоймаған.
Уақыт
өте келе портрет адамның өзіне ғана тән жеке
қасиеттерін айқындауға
ұмтылып, бір қаһарманды екінші қаһарманмен
шатастыра алмайтындай қайталанбас қолтаңбамен,
даралықпен ерекшеленетін болды. Қаһарманды даралайтын портреттік детальдің тек сол
қаһарманды тайға таңба басқандай танытатын
тұрақты белгісіне айналатын
тұсы да бар, мысалы, Құнанбайдың «қатал
күзетшідей» көзі, Тоғжанның «хас жендеттің
жауға шабар жебесіндей» қасы немесе сылдырлаған шолпысы,
Ұлпанның «мақпал қара меңі», Еламанның
«үсік шалған қап-қара екі беті, шыт-шыт еріндері»,
Қожаның қаралығы
т.б.
Портрет
шығармада сан алуан сипатта көрінуі мүмкін. Көлемді
прозалық туындыларда портрет шығармадағы сюжеттік желіге
байланысты баяндау барысында
қайта-қайта толықтырылып отырады. Суреткер кейде кейіпкерінің келбетін
жан-жақты, егжей-тегжей суреттесе, кейде бірер белгісін ғана беріп,
сараң сипаттайды. Бір
кейіпкердің келбеті екінші кейіпкердің қабылдауы, ой-танымы
арқылы бейнеленеді. Портрет көбінесе автор тарапынан, үшінші
жақтан суреттеледі, сонымен қатар қаһарманның
өзіне-өзі сипаттама жасап, сырт пішінін, мінезін суреттейтін
жағдайлар да баршылық. Осы
тұрғыдан келгенде, Ж.Аймауытовтың «Ақбілек»
романында кейіпкердің портретін
беру тәсілі қызық. Ж.Аймауытовтың Бекболат,
Мұқаш сияқты кейіпкерлері монолог арқылы портреттерін
өз аузымен мүсіндейді.
«Мұқаш» тарауында кейіпкер оқиғаны бірінші жақтан баяндай отырып,
өзінің сырт тұрпатын кескіндей бастайды. «Мен
таңқы мұрын, бадырақ көз, шұнақ
құлақтау, жарбақтау, кірпі шаш, қырыс
маңдай, қара сұр жігітпін. Жасым 35-те. Әкем Тойбазар,
өзім Мұқаш болғалы аузым асқа, ауым атқа
жарыған емес. Ес білгелі есікте жүрдім» - деп басталатын монологта
бірінші жақтық баяндау дара портрет поэтикасын жаңа
мазмұнмен байытқан.
Портретті
зерттеушілер оны бірнеше түрлерге жіктейді: толық, дара,
жұптық, психологиялық, динамикалық, статикалық,
бұқаралық, жалпы, живописьтік, ситуациялық, сатиралық,
гротескілік, портрет-мінездеу,
автопортрет т.б.
Әдеби шығармада қаламгер кейде кейіпкерді
оқиғаға кірістірмес бұрын оның кескін-кейпіне,
сыртқы келбетіне тән жекелеген детальдарды ғана
береді. Динамикалық портрет көбіне өсу, даму, тынымсыз
іс-әрекет үстінде көрінеді. Кейіпкердің
өзіне тән портреттік пішіні бірден беріле салмай сюжеттік желі
барысында көбіне жүре келе, қимыл-қозғалыс, іс-әрекет
үстінде ашылады. Мұнда кейіпкердің сыртқы
келбеті жан толғанысымен тұтастырыла суреттеледі.
Д.Исабековтің «Гауһартас» повесінде тау бауырында ән салып
жүрген Салтанаттың динамикалық портреті турасында осыны
айтуға болады.
Д.Исабековтің
жұп портреттерінде контраст поэтикасы басым. «Гауһартас» повесі
інісінің өз ағасының мінез-құлқын,
кескін-келбетін суреттеуінен, яғни Ыбыштың портретінен басталады.
Повесте баяндаушы қызметін атқарған Қайыркен
сырынан біз Ыбыштың сезімге де,
сөзге де сараң, бойына сыймаған қара дүрсін
күш иесі екендігін ұғамыз. Қашанда салқын
қанды, сабырлы, жайбарақат ол өз сезімін жария етуді
әлсіздік деп біледі. Повесте оның я күлгенін,
қуанғанын немесе ағынан жарыла сөйлегенін
көрмейміз. Томаға-тұйық, мінезі қатал,
өзімшілдігі де жоқ емес. Үнсіздік, қаталдық
жайлаған осы шаңыраққа келін болып жаңа
түскен Салтанат күндей сәулесін төгеді.
Салтанаттың портретінде лиризм басым. Салтанаттың даралық
портретінде қиял, ұлттық қасиеті мол эпитет,
теңеулер мол қолданылған. Қаламгер портрет,
адамның сыртқы келбетіндегі ерекше белгілер арқылы
қаһарманның мінез-құлқын,
әдет-дағдысын ашады.
Жалпы
портретте кейіпкердің өзіне тән тұрақты,
үнемі көрінетін сипат-белгілері суреттелсе, ситуациялық
портретте кейіпкердің бір сәттік эмоциялық күйі
бейнеленеді. Көркем шығармада жеке тұлғалармен
қатар, топтық, ұжымдық кейіпкерлер де маңызды
(А.С.Пушкиннің «Б.Годунов» трагедиясында алаңдағы
халықтың ой-пікірін білдіретін бұқара,
М.Әуезовтің «Қилы заман» повесіндегі көтеріліске
шыққан топ). Көркем туындыдағы топтық
портреттердің әр түрлі әлеуметтік топ
өкілдерінің таным-түсініктерін,
мінез-құлықтарын, дағдыларын бейнелеудегі көркемдік қызметі қомақты.
Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романы Алтай аруларының топтық
портретінен басталады: «Әлгі Алтайдың аруларын айтуға тіл
жетпейді. Жүзі айтарлықтай айнадай боп, көзі
құралайындай боп, күлкісі атқан таңындай боп,
бойы құба талындай боп, былқ-сылқ етіп
бұраңдасып, күбірлесіп, көлеңдесіп, езу тартса –
есің кетіп, бойың босап, ойың босап, қиялың қия кезеді». Жазушы
әрі қарай
Ақбілектің сыртқы келбетін суреттеп жатпайды, алайда
топтық портрет Ақбілектің сұлулығын асыра
суреттеп, даралауға қызмет еткен.
Ә. Нұршайықовтың
«Махаббат, қызық мол жылдар» романында қыздардың
топтық портреті Ерболдың қабылдауы арқылы беріледі.
«Гүл бақшасында болып па едіңіз? Гүл ашылған
ғажайып сәтті көріп пе едіңіз? Бақшаның жер
нәрі, күн нұрына қанып, толысқан ақ,
қызыл, қызғылт, сары, көк гүлдері біртіндеп, бірімен бірі жарыса ашыла бастағанда
жаныңызды ләззәт кернеп,
өз-өзіңізден өзгеше бір рахатқа кенелмейтін бе
едіңіз. Сол гүлдердің
торғыннан жұқа
әсем үлбіректерінің
әр дірілі жаныңызды толқын-толқын қуаныш
боп кернеп, басқаның бәрін ұмыттырып, елжіретіп,
елтітіп әкетпейтін бе еді?! Міне, қыздардың менің
сәлемімді алып, еріндерін сәнмен қозғаған осы бір
сәті менің көз алдыма гүл бағын елестетті. Иран бақ
деген осы болар деп ойладым. Қыздардың томпақ, толық,
жұқа, жұмсақ еріндері сәл ашылғанда
олардың ауыздарынан ақ маржан ақтарылып кеткендей
көрінді. «Ал, енді не айтасың» дегендей, жазық маңдай,
қыр мұрын, ақ құба, аққу мойын, аршын
төс, қара торы, қиғаш қас, ақ сары
қыздар әлі маған
жаудырап қарап отыр. Енді не айтарымды өзім де білмедім.
Алма ағаштың бұтақтарын қайыстырып, «өзіме
кім қолын созар екен?» деп жерге телміре қарасып сабағында самсап тұрған
хош иісті піскен алма секілді осынау тәтті қыздардың
қасынан ілгері қарай
өте» берген Ерболдың қабылдауында поэтикалық
метафоралар (қыздар – жұмақтың гүлдері,
қыздар – хош иісті қызыл
алма) арқылы бейнеленген қыздардың эмоционалдық бояуы
басым топтық пішіндемесі соншалық нанымды суреттелген. Ұлы
Отан соғысынан оралған солдат Ерболдың қыздарға
таңырқай қарауы, оған топтағы отыз
қыздың бәрінің бірдей ақылды, бәрінің
бірдей сұлу көрінуі де кейіпкер характерін аша түседі.
Көркем
шығармада портрет маңызды орынға ие. Эпикалық
шығармадағы портрет лирикалық шығармаларға
қарағанда анағұрлым толығырақ және
көлемді, нақты болып келетінін айту керек. Портрет
шығарманың жазылу әдісіне қарай да алуан реңкке
ие болады. Романтикалық сипаттағы шығармаларда портрет
кейіпкер мен оны қоршаған орта арасындағы
қайшылықты, контрасты суреттеп, бедерлі, айшықты, оқыс
та әсерлі тілмен бейнеленеді. Реалистік шығармаларда
психологиялық портрет үлгісі кеңінен тараған.
Мұнда кейіпкердің сырт тұрқы, киімі, жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері, тегі, белгілі бір
әлеуметтік топқа қатысы да дәйекті, егжей-тегжей суреттеледі.
Әдебиеттер:
1.
Майтанов Б. Портрет поэтикасы. Ғылыми зерттеу. - Алматы: Қазақ университеті, 2006. – 127 б.