Хожамбердиев О.К
(Ph.D) докторы
Қазақстан
Республикасы
Т.Жүргенов
атындағы
Қазақ
Ұлттық өнер академиясының
аға оқытушысы
Қазақ театр мектебінде сахна тілін
оқыту әдістері
Қандай да болсын
қоғамдық түрлі салалардың арнайы мектепсіз іргесінің
қалануы мүмкін емес. Оларда дамудың түрлі
баспалдақтары болуы да заңды. Сол сияқты бүгінгі
Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық
өнер академиясында «Сахна тілі» кафедрасы да қалыптасу, даму
жолында түрлі белестерден өтіп, ұлттық мәдениетке
елеулі үлес қосып келеді.
Президент Н.Ә.Назарбаев: «Әр ұрпақ тарихты
қайта жазып шығады – деген сөз бар. Бәлкім, ол
ақиқаттан онша алыс кете қоймайтын тұжырым шығар.
Бірақ солай болды екен деп, күні кеше өз басымыздан
өткендердің көрер көзге өңін айналдырып
жіберушілікпен келісе қоюға болмас» – деп жазды «Ғасырлар
тоғысында» атты кітабында (Назарбаев Н. Ғасырлар
тоғысында. – Алматы: Атамұра, 1999. – 292 б., 3 бетте). Осы
тұрғыдан алғанда біздің мақсатымыз – кәсіби
маман-педагогтар салған шығармашылық сара жолды заманауи
үлгіде одан әрі дамыту, жетілдіру болмақ. Өйткені: «Сахналық
бейненің мазмұны мен түрі өмірдің ағымына
қарай өзгеріп отыруы – заңды құбылыс. Өмір
болмысының жылжуы мен дамуы театрға, спектакль дайындау мен оның
сахналық бейнелілігіне ықпал етпей қоймайды. Әр
мезгілдің сахналық шығармасы өзіндік бейнелеу
тәсілдерін, өзіндік қойылу жолдарын, өзіне тән
театрлық бояуын, яғни уақыт талабына сай көркем шешім
табуы шарт. Бір кезде қойылып өткен пьеса екінші бір кезеңде
оны сахнаға қайта шығарғанда сол
алғашқысының барлық көлемдік белгілерін
толық қайталауы мүмкін емес. Сондықтан театр
өнерінің, әсіресе, оның сахналық тілінің,
бейнелеу құралдарының өзгеріп, жаңғырып
отыруы, негізінен уақыт талабынан туады» (Құндақбаев Б. Уақыт және театр. – Алматы:
Өнер, 1981. – 328 б., 38 бетте).
Әрбір
онжылдықтарда немесе ғасырлар тоғысында сахна
өнерінің тарихы қалыптап, саяси ағымдар мен
бағыттардың және заман талабының дамуымен
өзінің кезеңдік ерекшелігін құрайды. Мұндай
уақыт ағымында түрлі өзгерістердің,
тұжырым-қағидалардың орын алуы заңды
құбылыс. Ал, сахна тілін оқытудың, оның
әрбір сатысындағы методикалық
әдіс-тәсілдердің көп жағдайда өзгермеуі
мүмкін. Өйткені бұл белгілі бір канондарға қызмет
етеді: таза, анық сөйлеу, автор сөзін ерекше әсермен жеткізу,
сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, сол мәдениет
арқылы халықтың эстетикалық талғамын арттыру,
т.с.с. Өкінішке орай, осындай нақты, әрі белгіленген
талап-түсінікті қабылдамай, асыра сілтеуге немесе
таптаурындылыққа жол беріп жүрген өнерпаз бүгінгі
күнде жоқ деп айта алмаймыз.
«...рольдерде ойнаған
актерлердің спектакль дайындау процесінде шығармашылық
белсенділік таныта алмауын, өздерін бейтарап ұстауын қалай
түсінеміз. Қойылымдағы эклектиканы көрмеуі, сезбеуі,
режиссерлік жөнсіздікке қарсы өз пікірін ұсына алмауы –
шығармалық немқұрайлық, әлсіздікке апаратын
жол ғой. ...Дәстүр дегеннен шығады, күні кешеге
дейін актерларымыз шетінен сөзге шешен, оның табиғатын жете түсініп,
сахнадан айтылған сөз көрермен залына ақаусыз,
сиқырлы сырымен, мол астарымен жететін. Бүгінгі сахнада осы тамаша
дәстүр жоғалып барады, сөздің көркемдік
қуаты әлсіреген жерде драмалық спектакльде қасиет
қалмайды» – деп жазады Б.Құндақбайұлы актер
шығармашылығындағы сахналық тілдің
маңыздылығы жайында (Құндақбайұлы Б.
Заман және театр өнері. –
Алматы: Өнер, 2001. – 520 б., 257-258 беттерде).
ХХІ ғасыр өресінен алып қарайтын болсақ,
театр мектебінде сахна тілін оқыту әдістерінің
теориялық ұстанымдарын анықтап,
ғылыми-методикалық ұсыныстар жасау уақыт
күттірмейтін мәселе. Бұл – заман талабына сай ғылыми
дәйектерге сүйене отырып зерттеуді, нақты жолға
қоюды қажет ететін ілім. Сөзді меңгерудің
әдіс-тәсілдері жалпы актер мамандары үшін өте
ұқсас және ортақ болғанымен, драма театр актері мен музыкалық
театр актері арасында бейіндік жағынан айырмашылықтың
барын ескере отырып, керекті жағдайда әр басқа
оқытудың қажеттілігі анықталып отыр.
Оқудың барлық
кезеңдерінде (1, 2, 3, 4 курстарда) студенттер өз
дауыстарының қыр-сырын және оны меңгерудің
жолдарын үйренеді. Әсіресе, оқудың алғашқы
жылының үлкен маңызы бар, өйткені дәл осы
кезеңде студенттер сахна тілі пәні бойынша негізгі деген
ақпараттарды алып, өз бойларындағы қасиеттермен
қатар өзгенің де дауыстарындағы жекелеген ерекшеліктер
мен кемшіліктерді таниды. Себебі сахна тілі, барлық бөлімдерінде
(дикция, орфоэпия, дем, дауыс, мәтінмен жұмыс) әрбір
студенттің дауыс мүмкіншіліктерін анықтаумен қатар
кереғар кемшіліктерді түзетуге көмектеседі. Әрине, бұл істе сахна тілі оқытушыларының еңбегі
зор.
Сахна тілі пәні негізгі 5
бөлімді құрайды.
1. Дикция
2. Орфоэпия
3. Тыныс
4. Дауыс
5. Мәтінмен жұмыс
жасау
Бұл бөлімдердің әрқайсысының
өзіндік өзгешеліктері бар.
Дикция – cөздің таза айтылуы, яғни дауыс шығарып
сөйлеудегі ерекшелік. Анық сөйлеу-дыбыс
артикуляциясының жемісі болып табылады. Орфоэпия – тіл нормаларын сақтау яғни, сингармонизм
заңдылығын ұстана отырып, дыбыстардың өзара
үндесуі, жазылған сөздің айтылу тәртібі болып
табылады. Тыныс – адам анатомиясы
мен физиологиясының табиғи заңдылығы. Тыныс алу немесе
дем алу – адамның ауа алмастыру үдерісі болып табылады. Дауыс – сөйлеу аппараты
қызметінің нәтижесінде пайда болатын құбылыс.
Бұл да табиғи заңдылық. Мәтінмен жұмыс жасау – cөздің таза
айтылуын, дауыс шығарып сөйлеудегі ерекшелігін, тіл нормаларын
сақтап, яғни сингармонизм заңдылығын ұстана
отырып, дыбыстардың өзара үндесуін, адам анатомиясы мен
физиологиясының табиғи заңдылығын, сөйлеу
аппараты қызметін меңгере отырып, көркем сөйлеуге
машықтану.
Тіл мен сөйлеу бір-бірімен
тығыз байланысты болғанымен бір ұғымды білдірмейді. Тіл
– қолданысқа дайын материал, ол сөйлеу барысында дамиды.
Негізінен мәтінмен жұмыс жасаудың қиыншылығы
осында жатыр. «Сахна тілінің басты мақсаты – рөлді орындау
барысында сөйлеуге машықтандыру, әрбір сөз мәнін
түсініп, табиғатын тануға баулу; драмалық
шығармаларды іріктеу, кейіпкер образын аша түсетін штрихраға
талдау жасау, ондағы әр сөзге мән беру, оның
орындауын, сахналық үлгісін жасау, тілдік сөз қорын
байыту, мәнерін жетілдіру.
Ал, мәнерлеп
оқуға арналған материал көркем әдебиет болып
есептелетіндіктен, оның оқу техникасы фонетика, грамматика,
орфоэпия, орфография, стилистикамен ұштасып жатыр.
Сондықтан да
көркем әдебиетті көп оқуға, онымен көп
шұғылдануға тура келеді, яғни мәтінмен
жұмыс істеу қажет. Терең талдаудың арқасында
оқушы тыңдаушымен, көрерменмен көркем шығармалар
арқылы тілдесіп, мұңдасып, сырласып отырады.
Тыңдаушымен шынайы
тіл табысқанда барып, студент өзінің бірқатар тіл, ой
кемшіліктерін жойғанына көз жеткізеді. Мысалы, 18 – 20
жастағы жас жігіт өзінің дұрыс сөйлейтіндігіне
сенімді. Үнемі көркемөнерпаздар үйірмесіне, түрлі
байқауларға қатысып жүр.
Көпшілік оған өнер адамы
болуға ұсыныс айтады. Бірақ оған ешқашан, ешкім
«дауысының» жоқтығын айтпаған. әдеби тілде
сөйлегенде екпінді дұрыс қоя алмайды. Ол жас жігіт театр
мектебіне оқуға түскенімен, алғашқы
күннен-ақ өзінің «тіліндегі» кемшіліктерді
байқайтын болады» – деп жазады сахна тілінің тәжірибелі
маманы Д.Тұранқұлова (Тұранқұлова
Д. Сахна тілі. – Алматы: Білім, 1999. – 208 б., 10-11 беттерде). Сонымен
қатар, студенттер тәрбиелеуде тілдік қуатын арттырып
қана қоймай олардың мәдени талғамын
қалыптастыруға, рухани-эстетикалық болмысын дамытуға да
көңіл бөлген жөн.
Жалпы студенттерді
сабаққа жұмылдыруда оқытушының алдына
қоятын бірінші мақсаты – оларды психо-физикалық
тұрғыда дайындау. Онсыз қандай да жаттығулар болмасын
діттеген мақсатына жете алмайды.
Ол үшін біріншіден – студенттердің
сабаққа деген құлқын арттыру, екіншіден –
көңіл-күйлерін бір орталыққа бағындыру, үшіншіден – пәнге деген
қызығушылықтарын ояту, төртіншіден
– тән бостандығына жету жаттығуларына баулу, бесіншіден – тыныс жолдарын ашу
жаттығуларын жасау.
Сонымен, драма театры актерінің сөйлеу
мәдениетін қалыптастыру екі саты бойынша іске асады: біріншісі – сөз техникасын
жетілдіру болса, екіншісі – сөз
шеберлігін жетілдіру. Мәселен, сөздің айтылу техникасын
үйрену арқылы сөйлеу техникасын меңгеретін
болсақ, дәл сол сияқты сөздің айтылу шеберлігін
үйрену арқылы сөйлеу шеберлігін игереміз.
Мұнда үйрену
мен меңгерудің арасындағы айырмашылықты естен
шығармаған абзал. Бұл туралы зерттеу еңбекте: «Дегенмен
де ауызша сөйлеу мәдениеті мен сөйлеу техникасы бір
ұғымды білдірмейтінін зерттеушілер айтып өткен. Сөйлеу
техникасы көбіне-көп өз дауысын меңгеруге байланысты.
Ал, өз дауысын меңгеруі, оның тынысына, сөйлеу
мүшелерінің қызметіне, интонацияға, сөйлеу
шапшаңдығына, дикцияға байланысты болатыны сахна
заңдылығында берілген. Сахна тілінің сөйлеу техникасын
әрбір актер білмесе қалай сахнаға шығады.
Сахна дискурсында
сөйлеу техникасының бірліктері бірін-бірі толықтырып,
пьесаның көрерменге дұрыс қабылдануына қызмет
етеді. Сахна актері ой мен сөздің тығыз байланысына,
оның терең мағынасына жете көңіл бөліп, оны
ары қарай іліп әкететін ұшқыр ойлы болу керектігі
туралы теориялар қалыптасқан.
Әр
сөзіңді анық, ашық етіп жеткізу, айтылатын ойды көрерменнің
жүрегіне жол сала отырып жеткізу таланттың ғана қолынан
келеді. Тек сөйлеу мәдениеті жоғары және сөйлеу
техникасын жете меңгерген актер шығарманың идеясын, драматург
туындысының қасиетін, режиссердің ойын тап басып жеткізе
алады. Әдеби тілдің бірыңғай нормасына ұмтылу –
тіл мәдениетінің бір белгісі болып табылады. Ал біздің
қоғамымыздың сөйлеу мәдениеті тікелей
біздің мемлекетіміздің тіл мәдениетіне әсер етері
сөзсіз» – деп жазылған (Альпатина С.
Сахна тілі интонациясының дискурстық сипаты: өнертану
канд. ... дис. – Алматы, 2010. – 120 б., 47 бетте). Бұдан сөз
тазалығының, тіл байлығының, сөйлеу
мәдениетінің қағидаларын байкауға болады.
Дауысты көтеріп немесе ақырын
айтуды, қорқу, қуану, ренжу сияқты
көңіл-күйге байланысты құбылтып жеткізуді,
түрлі жағдайларға, өтіп жатқан
оқиғаларға байланысты дауысты баяулатып немесе жылдамдатып
айтуды – сөйлеу техникасы
дейміз. Ал, сөздің дұрыс айтылуын, анық-айқын,
естір құлаққа
жағымды әрі әсерлі айтылу мәнерін – сөйлеу шеберлігі дейміз.
Негізінен сахна
тілінің жүгі ауыр, міндеті қатпарлы. Бұл – кейде
сөйлеу техникасы, кейде сөз техникасы, ал, енді бірде тіл техникасы
деп аталып, түрлі синонимдік сипатта айқындалатын сахналық
орындаушылықтың басты компоненті. Актер шеберлігінің
техникасы да осымен байланысты. Осындай сахна өнерінің
өзіндік ұғымдарын негізге ала отырып сахна тілін
оқытудың заманауи техникасын ұсынамыз. Ең алдымен,
теориялық жағынан да, тәжірибеде де сөз
қолданысына көп мән беру керек. Сабақ барысында
сөзді орынды қолдану оқытушының сапалы білім беруіне, студенттердің
ойды жинақтап, еркін жұмыс жасауына көп көмек береді.
Шеберлікке жетудің оңтайлы, ұтымды және саналы әрі
сапалы әдісі техниканы меңгеру болып табылады. Ал,
шеберліктің шыңы – мәдениеттілік. Сахналық сөйлеу
мәдениетін меңгеру үдерісін осылай сатылауға болады.
Сызбасы төмендегідей;
Сөз техникасы
à сөз шеберлігі à сөйлеу мәдениеті
Сөз техникасы
Cөз техникасын
меңгеру үшін ең алдымен мүсін түзулігіне
көңіл бөлінеді. Дене бұлшық еттерін босатау,
көмей мен мұрынды ашу, дұрыс тыныс алуды қалыптастыру,
сөйлеу аппаратын жаттықтыру, анық-таза сөйлеу. Мұндай жаттығулар кешенді
түрде беріледі.
Сөз шеберлігі
«Тыңдаушы ықыласты болса, сөйлеуші шешен болады»
деген қағида бар. Демек, сөз тектен-тек айтылмасы анық.
Басқаның сөзіне құлақ аспайтын, өзіне
айтылған сөзді аяғына дейін тыңдай білмейтін, өзгелердің
сөзіне жөнсіз араласып, әңгіменің
мәнән бұзатындар да жоқ емес.
Мұндай жағдайда
сөйлеп отырған кісі асығып, тұтығып, айтайын
деген ойынан адасып қалуы мүмкін. Сондықтан көп
сөйлеп, бір сөзді сан мәрте қайталап, тыңдаушысын
жалықтырады. Ондай адамдар өзіне қойылған
сұрақтарға жауап
берудің орнына өз ойын тәптіштеп айта беретін болып келеді.
Бұл – сөйлеу
мәдениетіндегі әдепсіздік. «Сөз есту қабілеттілігі
дегеніміз ол тек сөзді мұқият тыңдай білу дегенді
білдірмейді. Кәсіби сөз есту қабілеттілік деп дыбыстың
бағытын, дауыстың ауқымдылығын, күшін,
ұшқырлығын, ашық не күңгірттігін, тембрін, оның
сөздегі екпінге, өлшем-ырғаққа т.б.
жағдайларға байланысты өзгеруін, құбылуын сезе
білуді айтады. Міне сондықтан да дауысты тәрбиелеп дамыту
үшін сөз есту қабілеттілігін арттыру қажет» екендігі
белгілі (Әбзелбаев
М. Радио және теледидар дикторының тіл техникасы: оқу
құралы. - Алматы: Зумар, 2012. – 208 б., 57 бетте). Осындай тұжырымдардан туындайтын сөйлеу
мәдениетінің екінші кезеңі – сөйлеу шеберлігін
меңгерудің өзіндік ережелерін ұсынамыз:
1. Егер студент өз басында
жоғарыда аталған кемшіліктер барын білетін болса, одан тезірек
арылуы керек. Ол осындай кемшіліктерге қарсы тұра білсе,
сөйлеу шеберлігі де одан әрі дами түседі.
2. Егер студенттің бойынан
мұндай олқылықтарды оқытушы байқаған болса,
міндетті түрде онымен ерте бастан күресуі керек. Яғни, сөз
техникасымен жұмыс жасау сәттерінен бастап-ақ
қолға алған жөн.
Студенттердің бойынан
басқа адамның сөзін тыңдай білмеу кемшілігі сахна тілі
пәнінің бастапқы кезеңдерінде байқалмауы
мүмкін. Себебі, сабақтың алғашқы жұмыстары
тек жаттығулар жасап, шағын мәтіндер айтумен ғана
шектеледі. Осы кезеңдегі оқу бағдарламасы бойынша
студенттерді шағын мәтіндер айтудан бастап диалогтік
қарым-қатынастың талаптарын орындауға жұмылдыру
керек. Бұл үдеріс 4 жыл жүргізіледі. Мысалы:
I курс I семестр – 1 әріп
тізбектері мен дыбыстармен жұмыс
2 жаңылтпаштар
3 мақал-мәтелдер
4 балалар өлеңі
I курс II семестр – 1 батырлар
жыры
2 ертегілер
3 бірінші жақтан жазылған үзінділер
II курс III семестр –1 мысал
өлеңдер
2 қара сөздер
II курс
IV семестр –1 қара сөздер
2 поэтикалық
шығармалар
III курс
V семестр – монологтар
III курс VI семестр –
ақ
өлең
IV курс VII семестр
– дипломдық спектакль
IV курс VIII семестр – дипломдық
спектакль
Өнер, шығармашылық үдеріс өмірдің
өзі секілді әр уақытта даму үстінде болады. Әр
кезеңнің талаптары мен ерекшеліктерін айқындайтын өткен
мен жаңаның айырмашылығы немесе ұқсастығы
(байланысы деуге де болады) өнер тарихын құрайды. Музыкалық театр актері боламын
деген әрбір студент осындай кезеңдік даму сатысындағы
құнды деген дәстүрлерді игере отырып, үздік
үлгілерден үйренуі тиіс. Бірақ бұл еліктеу емес.
«...қазақ театрының жалаң драмалық театр болмай,
музыкалы болуында еді. Алғашқы қазақ актерлері
әрі пьесада ойнайтын және ән салатын, күй тартатын,
концерт берерлік күші бар өнерпаздар болған. М.Әуезов
және басқалар қазақ театр өнеріндегі осы бір
қасиетті артықша бағалап, соны дәстүрге
айналдыруды айтқан еді...» – деп жазды театртанушы
Қ.Қуандықов алғашқы музыкалық
театрдың қалыптасуы туралы (Қуандықов Қ.
Тұңғыш ұлт театры. – Алматы: Жазушы, 1969. – 244 б., 17
бетте).
«Сондай-ақ
қазақ актерлік дәстүрдің бір қыры –
тұңғыш актерлеріміздің бәрі дерлік
музыкалық қабілеті болған. Олар қойылымды екшемей драманы да, музыкалық спектакльде
еркін ойнай берген. Сал – серілерден бері келе жатқан әуез бен саз
өнері бүгінде өз жалғасын тапса нұр үстіне
нұр болар еді» – деген пікірді (Культурное
наследие народов Казахстана и национальная система образования // Сборник докладов Международной научно-практической
конференции КазНАИ им. Т. Жургенова. – Алматы, 2004. –Т. 2.– С. 426., 103 бетте) Ә.Сығай:
«Алғашқы музыкалық көрсетілімдер, өнер
сүйгіш халқымыздың рухани ризығына айналған – деп
жалғастырады (Сығай
Ә. Ой төрінде – театр. – Алматы: ҚазАқпарат, 2008.
– 330 б., 64 бетте). Негізінен музыкалық қабілеті бар адам қашанда
өзгелерден ерекшеленіп тұрады. Сондықтан музыкалық театр актерінен көпқырлылық талап
етіледі. Болашақ әнші-актерді тәрбиелеудің
қиындығы да осында. Әрбір
адам өмірдің кез келген сәтінде алдына белгілі бір
мақсат қойып, оны орындау барысында ұтымды әрекеттерді
таңдап жатады. Дегенмен ойлаған межеге оңайлықпен жету
екі талай. Дәл сол сияқты сахнаның да өз
қиындығы бар.
Театр өнерінің
ұлы реформаторы К.С.Станиславский
актерлерге: «Сіздердің тамаша аппараттарыңыз бар. Оны
жетілдірумен қатар сақтауымыз қажет. Бабы кеткен жасанды
аспапта Бетховенді ойнауға болмайды.
Сіздің
көңіл-күйіңіздің барлық орамдарын жеткізу
үшін аспабыңыздың құлақ күйі
келтірілген болуы тиіс. Осыған байланысты денеңіздің
қай бұлшық еттерін дамыту қажет, ненің
жетіспейтінін ұстазыңыздан сұраңыз. Өз
денеңізді бағындыру деген осы. Жүру кезінде аяқты
дұрыс қоя білу жеткіліксіз, жүргенде, сөйлегенде, өмір сүргенде
ішкі бақылаушыңыз сіздің барлық
қозғалысыңызды қадағалап отыратын күйге
жету қажет. Бұл бақылаушы еркіңізден тыс, сіздің
сыртқы әрекетіңіздің де дұрыс болуын
қадағалайды» – деп өзінің теория мен тәжірибені
ұштастырудан туындаған ойын ортаға салады (Станиславский К.С. // Соч.: В 8 т. – М., 1955. - Т.3. – С. 503., 28-29
беттерде). Демек, біздің
әрекетімізді белгілі бір дәрежеде ұйымдастыру
заңдылығы тек өмірде ғана емес, актерлік
шығармашылықта, яғни сахнада да көрініс табады.
Бұл жерде, саналық тұрғыдағы
әрекеттердің ең жоғарғы деңгейі ғана
іске қосылуы керек. Мұның барлығында театр
өмірінің негізгі сұранысын, талабын аңғару
қиын емес. Драма немесе музыкалық драма актерін дайындау болсын
олар белгілі бір конондарға бағынады.
Сөйлеу және
музыкалық есту қабілеті, сөйлеу және ән
шырқаудың функционалды аспабы – бір адамның механизмдері мен
құралдары сияқты өзінің түбегейлі ерекшеліктеріне
ие (Л.Б.Дмитриев деректері бойынша). Күнделікті өмірде
әнші-актер дауысын бұза алмайды. Себебі, ол күнделікті
тұрмыста ән шырқамайды.
Дей тұрғанмен дұрыс сөйлемейінше, дыбыс
артикуляциясының қызметі дұрыс болмайынша актердің вокалдық машығы төмендейді.
Ресей ғалымдары Г.Кристи және О.Соболевская
шығармашылық мақсаттарға жетудің оңай
еместігі, актерге күтпеген кедергілерге төтеп беруге дайын болу
керектігі жөнінде айта келіп: «...менің еріндерім нашар
фабриканың арзанқол аспабының клапаны сияқты. Олар ауа
өткізіп қояды.
Бекітілуі нашар аспаптай ажырап та кетеді. Осыдан соң дауыссыз
дыбыстар қажетті анықтық пен тазалыққа жетпейді.
Менің ерінімнің
артикуляциясы жақсы дамымаған және шеберліктен ада, ол тіпті
жылдам сөйлеуге мүмкіндік бермейді. Буындар мен сөздер
көмескіленіп, былжырап кетеді. Соның салдарынан дауысты дыбыстар
үнемі асып-тасып, тіл күрмеледі» – деп жазады (Кристи
Г., Соболевская О. Станиславский – реформатор оперного искусства. – М.,1983. – С. 384., 41 бетте). Өмірден
алынған бұл мысал сөйлеу аппаратының ерекше
мүшесі болып табылатын ерін қызметінің
маңыздылығына назар аудартады.
Шығармашылық және ғылыми-тәжірибелік базасы
бар орта музыкалық театр актерін тәрбиелеу сияқты
күрделі мәселелердің ұтымды жолдарын іздеуден
жалыққан емес. Бұл күндері музыкалық театр сапалық тұрғыда
өзгеріске түсті.
Оның репертуарлық саясатында, эстетикасында,
көрермендердің жас мөлшерінде айтарлықтай
өзгерістер бар.
Сол сияқты әнші-актердің кәсіби деңгейін
арттыру, сапасын көтеру үдерісінде де көптеген өзгешеліктердің
орын алғандығы жасырын емес.
Осыған байланысты шығармашылық үдерістің,
оның түпкілікті өнімінің коммерциялануы шартында
және қатаң бәсекелестік жағдайында театр
жоғары оқу орындарының немесе колледждердің
түлектері жан-жақты болулары қажет.
Себебі, «синтетикалық» ұғымындағы театр актері болу
– бүгінгі заманның талабы. «Синтетикалық театр» актерін
тәрбиелеу мен оқыту үдерісінің маңызды
бөлігі сахна тілі болып табылады.
Себебі, музыкалық театр актерінің де ең басты қаруы
анық сөйлеу, дауыстың әуезділігі және дем.
Сол
сияқты сахна өнері шынайы құштарлық пен адам
психологиясы арасындағы тартыстарды көрсете білуді талап етеді.
Бүгінгі көрермен музыкалық драма өнерін жаңаша
сахналық шарттарға, қисынына бағынышты болғанын
қалайды. Сол үшін заман талаптарымен есептесе білуді әрдайым
естен шығармаған абзал.
Студенттердің
әрқашан жеңілдікке ұмтылатыны жасырын емес. Сол
үшін сахна тілі мен вокал пәндерінің оқытушылары
болашақ актерлерді тәрбиелеуде олардың қандай да бір
іс-әрекеттеріне кәсіби бағыт беріп, бұл
мамандыққа ерекше көзқарасының қалыптасуына
жағдай жасауы өте маңызды.
Осы
тұста сахна тілі актер шеберлігі, би және сахна
қозғалысы сияқты басқа да негізгі пәндерден жеке
дара қарастырылмауы тиіс екенін атап өткеніміз жөн. Бұл
пәндердің барлығы кешенді түрде қамтылуы тиіс.
Осы
мәселені терең зерттеген француздың ұлы
ағартушы-энциклопедисі Этьенн Бонно де Кондильяк «декламация мен ән
айтуды, би мен музыканы үйлестірген грек драмасы бізге опералық
қойылымды еске салады» деп жазған болатын. Сахнаның
безендірілуі, актерлердің киім киісі мен ойыны, кейіпкерлердің
көркем кестеленген салтанатты сөздері бүкіл
қойылымға өзіндік сипат берді. Өнердің жаңа
түрі – drama per musika-ны құруға бел байлағанда
жас аристократ-ақындар мен «флорентия камератының» музыканттары
грек трагедиясының дәстүріне сүйенді. Олар
антикалық театрдың мелодекламациясын қайта
жаңғыртып, шын мәнісінде сөз бен музыка
үйлесімділігінің жаңа әдісін тапты.
Бұл
әдіс бірте-бірте дамып, ғасырлар қойнауынан біздің
күнімізге дейін сақталып келді.
Ал, кеңестік жүйе тұрғысынан
қарағанда музыкалық театрға К.С.Станиславский мен
Вл.И.Немирович-Данченконың келуі дамудың жаңа белесін
қалыптастырды. «Біздің талғамымыз операның тек
музыкалық тұрғыда ғана емес, драмалық
мағынасының да мазмұнды болуын талап етеді. Біз саналы
әрі қызықты либреттоны қажет етеміз. Біз тек зор
дауысты қанағат тұтпаймыз. Егер жақсы ойын болмаса,
сұлу дауыс пен оны сәтті қолданудың өзі бізге
толыққанды эстетикалық ләззат сыйлай алмайды» – деп
жазады Вл.И.Немирович –Данченко (Марков П.А. Режиссура
Вл.И.Немировича-Данченко в музыкальном театре. – М.,1960. – С. 411., 349 бетте). Мұнымен режиссер драма мен
музыканың параллельдік үндестігін; сөз, ән, би, ойын
т.с.с. синтездік-синкреттік өнердің гармониясын қарапайым
дәлелмен-ақ айқындап берген.
Жалпы,
ән мен сөз органикалық байланысының болуы,
актердің осы қос өнерді тең дәрежеде
меңгеру керектігі көпшілікке белгілі. Бұл спектакльдің
пластикалық атмосферасын, көркемдік тұтастығын
құрайтын сахналық қажеттілік, шығармашылық
талап болып табылады.
Жалпы сахнадағы
кейіпкерлердің ара қатынасында олардың жас ерекшелігіне,
әлеуметтік деңгейіне, туыстық, достық сияқты т.б.
статустарына байланысты интонациясы да әр түрлі болуы керек. Бүгінгі
күнгі сахна тілі проблемалары қатарынан орын алып отырған осы
ұлттық интонация мәселесі деп айта аламыз.
Өйткені өзге тілдерге
қарағанда құрылысы мен құрылымы
бөлек, диалектикалық, синонимдік-анонимдік сипаты ерекше,
лексикондық жағынан бай қазақ тілінің айтылу,
жеткізу үрдісі де өзгеше.
Сондай күрделі тілдің
сахнадағы көркемдік бейнеленуіндегі қиыншылықтары да
өз алдына. Демек, ұлттық тілді меңгеру актерлерге
үлкен жауапкершілікті жүктейді, сол жауапкершіліктің үдесінен
шығу – қазақ халқы мәдениетінің санасын
арттыру деген сөз.