Право/ 8.Конституционное право

 

Қосжанов А. С. з.ғ.к., "Жалпықұқықтық және арнайы пәндер" кафедрасының профессоры

Копбулов Р. А. заң ғылымдарының магистрі, "Экономикалық  қатынастарды құқықтық реттеу" кафедрасының аға оқытушы

Қосжанов Т. А. ІІМ Б. Бейсенов атындағы Заң Академиясының "Жедел іздестіру" кафедрасының аға оқытушысы, полиция подполковнигі

Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті, ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы Заң Академиясы, Қазақстан

 

Қазақстан Республикасының  Конституциясы - елдің тұрақтылығы мен бірлігінің белгісі

 

Қазақстан Конституциясы – бұл заң қарпінде өрнектелген жалпыұлттық идея. Ол біздің ата-бабаларымыздың көптеген ұрпақтарының азаттық және өз тағдырын өзі шешу мүмкіндігі туралы, билік барша халықтың мүддесіне қызмет ететін мемлекет туралы, бүкіл әлемге белгілі әрі құрметтелетін тәуелсіз ел туралы армандарының осы заманғы құқықтық түсініктерін бейнеледі.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, ҚР Президенті

Қазақстан халқы осыдан 20 жыл бұрын тарихи таңдау жасап, бағыт-бағдарын айқындап, алға қойған мақсаттарына жету жолында  жаңа қадам жасап, жана Конституцияны қабылдады.

Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциясы  1995 жылғы 30 тамызда бүкіл халықтық референдумда қабылданды. 1998 және 2007 жылдары Конституцияға  елеулі  өзгерістер енгізілді.  Бұл  оқиға сол кезде қазақ халқы үшін, біздің мемлекетіміз үшін үлкен қуанышты жағдай болды. Өйткені, Кеңес Одағының құрамында жүргенде біздің Республикамыздың Конституциясы Одақтық Конституцияның сарынымен жасалып, сол арқылы жұмыс істейтін. Ал бұл Қазақстан дербес мемлекет болып құрылған соң қабылданған, реттелген, бірізділікке келтірілген Конституция болды. Ол Конституцияның ең бірінші ерекшелігі – мемлекет басқару жүйесін толық бір жүйе ретінде қарастыруы еді. Яғни, заң шығарушы, атқарушы және сот биліктерін өз алдына бөлек орган ретінде емес, тұтас құрылымдық жүйе қылып қалыптастырып, олардың міндеттері және жауапкершілігін белгілеп берген Конституция болды. Жасампаздықтың жаңылмас жарғысы болған Конституция біздің барша жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Осы Атазаңымыз қабылданған сәттен бастап, тәуелсіздік туын желбіретіп, дербес, егеменді елдердің қатарына қосылып, алға қарай дамуымыздың жаңа сатысына көштік. Құндылықтарымыздың негізін айнытпай орындаудың нәтижесінде  аз ғана уақыттың ішінде  тұғыры берік, туы биік  мем­лекеттігімізді орнатып, тәуелсіздігімізді паш еттік. Конституция  біздің еліміздің бірлігінің, тұтастығының белгісі іспеттес болды.[2] Елбасымыз айтып өткендей, Атазаң – мемлекеттік биліктің қайнар көзі – халықтың өзі екенін айқындады, жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Конституцияны қабылдау кезінде жүргізілген референдум егеменді еліміздің дербестігі мен саяси тұрақтылығын сипаттаған бірден бір тарихи, әлеуметтік маңызы зор құжатқа айналды. Француз ойшылы Шарль Монтень “ең жақсы мемлекеттік құрылым — бұл халықты тұтас бірлік ретінде сақтай алған құрылым” екенін атап өткен. Негізгі заң халыққа түсінікті де мағыналы түрде баяндалған. Конституциямызда айтылғандай, еліміздің ең басты қазынасы адам, оның құқығы мен бостандықтары болып табылады. Аталған заңнама осындай ұлан ғайыр елімізде бірлігіміз жарасып, бір жеңнен қол, бір жеңнен бас шығарып,тату тәтті өмір сүруіміздің кепілдігі мен айқын нышаны болып табылады. Оның айқын дәлелі, елімізде қазіргі таңда 140 этнос пен 46 діни қауымдастық келісім мен достықта өмір сүріп отыруы. Осы негізде басты конституциялық қағидаттар – бейбітшілік пен тұрақтылық, бүкіл халық игілігі жолындағы экономикалық даму қамтамасыз етіледі. Халықтың бірлігі – бұл ең алдымен мем­лекеттік институттардың мызғымастығы. Бұл мақсатқа Конституцияның арқасында қол  жеткізілді. Елімізде  халықтың барынша басым қолдауы жағдайында күшті президенттік билік орнықты. Мемлекеттің қалыптасуы, әлеуметтік, экономикалық және саяси жаңғырту жағдайында жоғары биліктің әлсіз болуға құқығы жоқ. Барлық мәселелер біртұтас мемлекеттік билік тармақтарының өзара ықпалдастығы туралы қатаң конституциялық қағидаттар негізінде шешілді. Конституциялық заңдылықты қамтамасыз етуде Конституциялық Кеңес маңызды рөл атқарады. Оның қызметі – қазақстан­дық заңнаманың Негізгі Заңның рухы мен қарпіне сәйкестігінің сенімді кепілі.Конституция қоғамның демократиялық әлеуеті өсуінің сенімді негізі болды. Бұл – көпұлтты халыққа, оның тілдері, діндері мен мәдени қажеттіліктері туралы қамқорлық. Негізгі Заң Қазақстанның сыртқы саясатының басты қағидаттарын – теңдестірушілікті, салиқалылықты, достастық қатынасты, көпвекторлықты орнықтырды.  Конституциямыз барлық адамдардың теңдігін, құқықтарының біркелкілігін қамтамасыз етеді.[2] Соның ішіндегі ерекше орын балалар құқығына, яғни ювеналды юстицияға тиесілі.

Атам қазақ ерте кезден «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген екен. Сол себепті біз, яғни ертеңі мол еліміздің, елім десе елжіреп, халқым десе қасық қанын беретін азаматтары, ел болашағы жарқын болуы үшін халықтың құқықтары мен тәлімін ең алдымен жас өскелең ұрпақ — балалардан бастағанымыз жөн. Жастар  – кезек күттірмейтін мәселе. Өйткені оларды салауатты өмір салтына тәрбиелеу мен жағымсыз әдеттерге бой алдырмауына тыйым салу бүгіннен басталады. Ал осы міндетті жеткілікті деңгейде орындамаған жағдайда бұл ахуал ушығып, қоғамымыздың басты мәселесіне айналуы мүмкін. Сондықтан мамандар қылмысқа бой алдырған жеткіншектерді дұрыс жолға салып, олардың әлеуметтік қалыптасқан жағдайларын дер кезінде сараптан өткізіп тұруы тиіс. Алайда, бұл салада кейбір жауапты тұлғалардың немқұрайлылығы салдарынан жасөспірімдер қараусыз қалып, тәртіп сақтамау, қылмыскерлерге еліктеу және солардың әдеттерін жұқтырып алып жатады. Бүгінгі таңда еліміздегі барлық азаматтарды алаңдатып отырған жағымсыз құбылыс соңғы жылдары жасөспірімдердің кісі өліміне қатысты қылмыстарының санының еселеп кетуі. Оның ішінде мектеп қабырғасында білім алып жүрген мектеп оқушылары кәмелетке толмай жатып, адам қанын мойындарына жүктеп отырған деректер көптеп кездеседі. Адам өмірінің құнын бағаламайтын жеткіншектердің ертеңгі күні қандай азамат болып өсетіндігі барлығымызды алаңдататындығы белгілі. Батыстың киноларындағы мылтық кезеген «батырларына» еліктеген бұзық жастар  қазір аса қатыгездікпен  қылмысты көптеп жасауда. Бейбіт күнде қару асынып, көшеде бейқам жүрген балалардың бассыздығы осы мәселеге жауапты құзыретті органдардың дәрменсіздігінен және жауапсыздығынан орын алып отырғанын айтпай кету жөн болмас. Алайда, ерте кездің даналары  жайдан жай «шешілмейтін дау болмас,жеңілмейтін жау болмас» деп айтпаса керек. Бұл мәселенің де өз шешімі, өз ұшығы бар. Бүгінгі таңдағы оның заңды көрінісі – ювеналды юстиция.

Данышпан ата бабаларымыз «Еліңнің болашағы көркем болсын десең, балаңды азамат қыл» деп тектен тек айтпаған. Себебі қандай дамыған ел болса да, егер олардың жастарының дамуы мен тәрбиесі дұрыс арнада, дұрыс бағытта жүргізілмесе сол мемлекеттің болашағы жоқ деп айтуға болады. Сондықтан қандай ел болмасын, мемлекеттік бірінші ұстанатын саяси қағидасы: «ел болашағы- жастардың қолында». Бұл қағида біздің елімізде де озінің нақты бейнесін тауып, іс жүзінде жүзеге асырылуда.

Атап айтсақ, соңғы кездері елімізде ювеналды юстиция жақсы дамуда. Оған дәлел болатын ҚР «балалар құқығы туралы» заңы, түрлі нормативтік құқықтық актілерді қабылдау, халықаралық «Қазақстандағы ювеналды юстиция» жобасын іске асыру. Алайда Қазақстан республикасындағы заңның бұл жүйесі қарқынды даму жолына  енді ғана түсті.Ювеналдық юстицияның қалыптасуының алғышарттарының негізгілері: заңды әсер етудің айқын концепциясы, нормативтік құқықтық базаны қалыптастыру, институционалдық базаны қалыптастыру, мамандарды кәсіптік даярлау мен деңгейін көтеру жүйесі. Ювеналды юстицияның нормативті және институционалды базасының өзекті сұрақтары Қазақстан Республикасының президенті бұйрығы бойынша қабылданған құқықтық саясат концепциясында көрініс тапқан. Мемлекеттегі сот жүйесін дамытудың перспективті бағыттарының бірі- ювеналды соттар.Әрине, арнайы сот  ювенальды юстиция жүйесіндегі маңызды бөлімдердің негізгісі болып табылуы тиіс және ҚР конституциясында баяндалғандай: ҚР сот билігі конституция негізінде пайда болған барлық істер мен дауларға, заңдар мен нормативтік актілерге, халықаралық келісімді реттеп, оларға әсер етеді.Көптеген заңнамалар қабылданғанымен, олқылықтар мен кемшіліктер әлі де болса да бар.Атап айтсам, қазіргі кезде кәмелетке толмағандардың сот ісін жүргізуде педагог пен психолог қызмет атқарады. Алайда оның міндеті кәмелетке толмаған азамат немесе адамның құқығы мен бас бостандығын қорғау емес, қылмыстық сот ісін жүргізетін органның мүддесін қорғау болып табылады. Яғни бұл жағдайда жасөспірім ешқандай моральдық, психологиялық қолдаусыз қалады. Ал бұл өз кезегінде жас жеткіншектің ішкі жан дүниесіне орны толмайтын із қалдыру арқылы, оның болашағына балта шабады. Сонымен қатар Қазақстандағы ювенальды юстицияны қалыптастырудағы тағы бір кемшілік-кәмелетке толмағандар ісімен айналысатын арнайы әлеуметтік қызметкерлердің болмауы. Бүгінгі таңда аталған жүйе көптеген дамыған мемлекеттерде қолданылады. Қызметтің негізгі жұмысы: құқық бұзушылық жасаған жасөспірім туралы негізгі мағлұматтарды жинау, жасөспірім және оның отбасымен танысу, әлеуметтік жағдайын ескеру, психологиялық жағдайын тексеріп, керек болған жағдайда психолог көмегіне жүгіну. Жасөспірімдер туралы мәселенің тағы бірі- кәмелетке толмаған, қоғамға қауіпті қылмыс жасаған, қылмыстық жауапкершілік жасына жетпеген адамдар мен азаматтарға қазіргі кезде процессуалдық емес жүйе бойынша қылмыстық іс жүргізіледі. Мұның салдарында кәмелетке толмаған қылмыскер, жасөспірім құқықбұзушыға қарағанда мемлекет тұрғысынан жақсы қорғалған. Менің ойымша бұл жерде «Ерекше жағдайлар» қатарында ҚПК (қылмыстық процессуалдық кодекс) жеке бөліміне «кәмелетке толмағандардың қоғамға қауіпті әрекет жасаған жағдайларын қарау, ерекшеліктерін ескеру» сияқты  бөлім енгізген жөн деп санаймын. Аталған бөлімде сотқа дейінгі материалдарды даярлаудан бастап, сот қарауындағы материалдардың да ерекшеліктерін ескеру қажет. Сонымен қатар қазіргі таңдағы балалар мен жасөспірімдер арасындағы заң бұзушылығының бір себебі- балалар үйінде тәрбие алған азаматтардың психологиялық, моральдық және материалдық жағдайдан қарастырғанда да өмір талабына сай болмауы. 1989  жылы 20 қарашада қабылданған «Балалар құқығы туралы халықаралық конвенциясының» преамбуласында  баяндалғандай, отбасы  баланың жақсы тәрбие алып, жанжақты дамуына негізгі септігін тигізетін қоғамдық ұяшық немесе механизм болып табылады. Конвенцияға сай әр бала отбасы атмосферасындағы ата ана қамқорлығы мен махаббатын сезініп, олар тарапынан түсінушілікке ие бола отырып өсуі қажет. Тек сол жағдайда ғана еліне елеулі, халқына қалаулы азамат ержететіндігіне кепілдік болады. Ал қазіргі кездегі еліміздің жағдайын алып қарайтын болсақ, балалар үйінің саны өте көп. Олардың көптеп пайда болуының негізгі бірнеше себептерін атап айтуға болады. Басты себептерінің бірі, халықтың әлеуметтік жағдайының төмен болуы. Көптеген ата аналар балаларын тиісті деңгейде материалдық жағынан қамтамасыз ете алмағандықтан ата ана құқығынан айырылып жатады. Сондықтан статистика бойынша  пайыз 63%  балалар үйінің тәрбиеленушілері  әке шешесі бола тұра, тірі жетім атануда. Жас өскелең ұрпақ, яғни кәмелет жасқа толмаған қыз жігіттерге  гинеколог, сексопатолог сияқты мамандардың жетекшілігімен танымдылық жиындарын жиі жиі өткізіп отыру. Бұл көптеген жас қыршын қаздардың ойнаймын деп от басуына жол бермей, балалықпен шалт басып,  кейіннен кінәсіз жас сәбидің көз жасына қалуына мүмкіндік бермес еді. Экологияның қолайсыздығы.  Себебі,  бүгінгі таңда еліміздің табиғи жағдайы өте мүшкіл. Атап өтсем: Арал, Балқаш мәселесі, Семей полигонының өткен күндердің қателігінен жас сәбилердің зардап шегуі, завод фабрикалардың улы газдарды ауаға жіберуі, ауыз су мәселесінің толық шешімін таппауы, зиянды қалдықтардың суға тарауы.т.б. Осылардың  барлығы дені сау ұрпақтың дүниеге келуіне өз зиянын тигізеді. Сол себепті, көптеген ата аналар кіндік қаны бір балаларынан бас тартып жатады. Медициналық, әлеуметтік қамтамасыз етудің тиісті деңгейде жүргізілмеуі. Соған байланысты, ана мен бала өлімі көптеп белең алуда және кемістігі бар балаларға медициналық көмек көрсету орталықтарының аз болуы, оларға толыққанды емдеу жұмыстарының жүргізілмеуі соның айғағының бірі. Осыдан кейін баласына еш шарасы болмаған ата ана өз нәрестесін балалар үйіне беруге мәжбүр болады. Ата заңымыздың 28-бабында әрбір азаматтың жасы мен мүгедектігіне және асыраушысынан айырылуынан байланысты заңды негізде оларды әлеуметтік жағынан қорғауға кепілдік беріліп[1], «Қазақстан Республикасындағы мүгедектерді әлеуметтік жағынан қорғау туралы» Заңында мемлекеттік органдар мен мекемелердің, ұйымдардың меншік түріне қарамастан мүгедектердің кез келген ғимаратқа кедергісіз енуіне жағдай жасау жүктеліне тұрса да, көптеген жерлерде басшылардың жауапсыздығы салдарынан заңның осы талаптары сақталынбай келеді. Қысқасын айтқанда, арнайы арбаға таңылған мүгедектердің әкімшілік ғимараттарына, оның ішінде әлеуметтік инфрақұрылымдардың нысандарына кедергісіз енуіне жағдай жасау назардан тыс қалған, облыс орталығы мен қалалардағы ғимараттар арбаға таңылған мүгедектердің кедергісіз енуіне лайықталынып, жасақталынбаған. Оны айтпағанда көптеген мемлекеттік органдар тарапынан мүгедек жандарға әлеуметтік көмек пен жеңілдіктер жасауда да бірқатар заң бұзушылықтар орын алған.  Мысалға, Қызылорда облысының қылмыстық істер, прокуратура органдары және жастар ісі жөніндегі комитеттің деректеріне сүйенсек, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен мүдделерін қорңау бағытында 85 тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 1731 заң бұзушылық анықталған, 212 лауазымды тұлға тәртіптік, 11 әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 7 наразылық негізінде 50 заңсыз актінің күші бұзылды.Сотқа шағымдану нәтижесінде жетім және ата анасының қамқорлығынсыз қалған 10 жеткіншектің қолы жетпей жүрген 2 млн.теңгеден астам жәрдемақылары қолды болғаны, 5 жетім баланың туу туралы ресми куәліктері болмағандығы, 967 кәмелетке толмағандардың құқықтары бұзылғандығы анықталды. Жоғарыда аталған «балалар құқығы туралы конвенциясының» 7 бабында , әрбір бала  бар мүмкіндігінше өз ата анасын білуге және олардың тарапынан қамқорлыққа ие болуға құқығы бар делінген. Яғни балалар үйіндегі кез келген бала ата анасынан қамқорлық немесе материалдық қамтамасыз етуді талап ете алады. Сол жағдайда  баланың заңды мүддесін тиісті заң органы қамтамасыз етуі тиіс, ал бұл біздің елімізде әлі дұрыс жолға қойылып, дамыған жоқ.

ҚПК  495-бабында айтылғандай, кәмелетке толмағандардың жазасын өтеуін күштеп әсер ету арқылы тәрбие жұмыстарын жүргізу арқылы іске асады. Сонымен қатар мұндағы іс-әрекеттер детальды регламентациялық тұрғыдан толықтырылып, кәмелетке толмағандардың арнайы мекемелерде тәртіптік түзелу уақытын қарастыру қажет.

Осы аталған мәселелер шешімін табу үшін, алдымен заңда келесі құқықтық идеялар орын табуы тиіс:

1.Кәмелетке толмаған адам немесе азамат сот алдында заң бұзушы ретінде емес, ерекше субъект ретінде қарастырылуы керек.

2.Баланың жеке басының ерекшеліктері мен оның тұрып жатқан аумағын ескеру қажет.

3. Кәмелетке толмағандардың істері бойынша қылмысты болдырмаудың алдын алу қызметтерін құру.

4. Сот жүйесінің жанындағы әлеуметтік қызметкерлер арқылы кәмелетке толмағандардың әлеуметтік әл-ауқатын түзету

5. Аз қамтылған және көпбалалы отбасында  немесе балалар үйінде және интернаттарда тәрбиеленетін балалар мен жасөспірімдердің тәрбиесіне жіті көңіл бөліп, олармен қарым-қатынаста болып, психологиялық тренингтер жүргізу.

6. Мектептер мен арнайыланған лицейлерде кәмелетке толмағандардың құқықтары мен міндеттері  туралы баяндалатын арнайы пәнді енгізу. Осы арқылы әрбір жеткіншек өз құқықтары мен  міндеттерімен таныса отырып, кез келген жағдайда өз құқығын қорғай алады.

Қорытындылайтын болсақ, қазіргі кездегі мемлекетімізде жүргізіліп отырған саясат және Атазаңымыз өзінің фундаментальдылығы мен нақтылығын әбден дәлелдеді. Алайда соның өзінде кез келген заңнама уақыт талабына сай өзгертулер мен жаңартуларға мәжбүр. Сол себепті, біздің заңнамамыз да заман ағымына сай жаңарып, өзгеріп отыруы тиіс. Ол мақсатта еліміздің заңнамасына көптеген өзгерістер мен жаңартулар енгізілуде. Ең бастысы, аталған жаңартулар мен өзгерістердің барлығы халықтың әл-ауқаты мен әлеуметтік, экономикалық, саяси жағдайын жақсартып, оңалтуға арналған.  Менің пікірімше Қазақстан республикасындағы балаларды қорғау конвенциясы  ювенальдық юстицияға өтудің сатылы жүйесінің негізін құрайды. Оның ең бірінші баспалдағы болып табылатыны- Қазақстан Республикасының Конституциясы. Және бұл  жан-жақты аспектілі түрде қарастырылған «ювеналды юстиция туралы» заңның қабылдануына өз үлесін қосады деген сенімдемін!

 

Әдебиеттер тізімі:

1.  Қазақстан Республикасының конституциясы

2.  ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ҚР Конституциясының 15 жылдығына арналған Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда сөйлеген сөзі. 27.08.10 ж

3.  Р. Максудов, М.Флямер/ Ювенальная юстиция: взаимодействие государства и общества в реагировании на правонарушения и отклоняющееся поведение несовершеннолетних(исторический экскурс и методологический анализ)

4.Ювенальная юстиция или ювенальная диктатура? (дело Н.Захаровой), http://www.polemics.ru.

5.Суд над семьей.Интервью с адвокатом Ларисой Октябристовной Павловой, http://www.portal-slovo.ru.