Филологические науки / 7. Язык, речь, речевая коммуникация

PhD докторант Аубакирова К.К.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматы, Қазақстан

 

Түркі-қыпшақ мәдениетінің Араб Шығысына әсері

(ХІІІ-ХУ ғ.)

 

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізіп, қазіргі жаһандану үдерісіне бой ұсынып отырған уақытта халқымыздың рухани құндылықтарын қайта жаңғыртып, ұлт тарихын терең зерттеу қажеттілігі туындап отыр. Қазақ халқының  тарихы өз кезегінде Мысыр мәмлүк мемлекетінің тарихымен тығыз байланысты. Себебі моңғол шапқыншылығы кезінде Қыпшақ даласынан жалдамалы құл ретінде сатылып, кейін Мысыр мен Шам жерінде билік еткен мәмлүк-қыпшақтардың қазіргі Орта Азия, оның ішінде Қазақстан жерінен шыққандығы және қазақ халқының рулық құрамына кіретіндігі анық. Қыпшақ даласынан шыққан мәмлүктер ХІІІ-ХУІ ғасырлар арасында, тіпті Осман империясының билігі тұсында да Мысырда билік жүргізді.  Олар тек билік жүргізіп қана қоймай, орта ғасырда араб-мұсылман әлемінің орталығына айналған Мысыр жерінде Дала өркениеті мәдени ошағының қалыптасуына әсер етті. Көптеген араб деректерінде Мысырға мәмлүктердің Қыпшақ елінен келгендігі айтылады. Олар жалдамалы құл ретінде келіп, сұлтан дәрежесіне дейін көтерілді. Кейін үлкен лауазымға ие болған мәмлүк-қыпшақтарының кейбірі қыпшақ жерінен өздерінің туған-туыстарын көшіртіп алды. Моңғол шапқыншылығының нәтижесінде елде орын алған әлеуметтік-экономикалық күйзелістерден қиналған халықтың мәмлүк сұлтандарының Дешті-Қыпшақ халқына деген асқан құрметі мен ылтипаттылығын естіп, Мысыр жеріне қоныс аударғандары да белгілі. Осылайша Мысырға мәмлүктер тек құлдық жолмен емес, өз еріктерімен азат жолмен де келген. Бұған дәлел ретінде ортағасырлық атақты ғалым, тарихшы Ибн Хаджар әл-ʼасқланидің еңбегіне сүйене отырып, Мысыр тарихшысы әл-Холи былай дейді: «Мысырда мәмлүктердің саны арта түсті. Себебі ықпалы күшейген мәмлүктер өз елдерінен туған-туысқандарын алдыртып, оларды жоғарғы қызметке тартып отырды» [1, 12].

Мысыр мәмлүк мемлекеті мен Дешті-Қыпшақ арасындағы көптеген байланыстардың ішінде мәдени байланыстардың аса мықты болғандығы туралы орта ғасыр араб жазба деректері молынан хабарлайды. Екі мемлекет арасында екі ғасырға жуық болған қоян-қолтық қарым-қатынастар мәдени байланыстардың да өзара ықпалы мен әсері күшті болуына әкелді. Соның нәтижесінде дүниеге келген өзара мәдени байыту мен мәдени синтез сияқты едәуір күрделі әрі маңызды процестер жүзеге асты [2, 144].

Дешті-Қыпшақтың мемлекеттік жүйесі мен онда өмір сүрген халықтардың этникалық құрылымын зерттеген қазақ ғалымы, тарихшы Көмеков Б.Е. Дешті-Қыпшақ пен Мысыр Мәмлүк мемлекеті арасындағы өзара байланыстар туралы былай дейді: «Моңғол шапқыншылығынан күйреген көптеген қыпшақ тайпалары басқа елге қоныс аударуға мәжбүр болды. ХІІІ ғасырдың 60 жылдарынан бастап Мысыр мен Сирия жерлерінде билік жүргізген мәмлүк мемлекетінің билеушілері негізінен оңтүстік Ресей және Қазақстан даласынан шыққан қыпшақтар болған. Олардың Алтын Ордамен дипломатиялық, сауда және әскери-саяси байланыстарды орнатуы мәмлүктер мен моңғол шапқыншылығына ұшыраған елдерден үнемі құлдар келіп тұратын Дешті-Қыпшақ арасындағы өзара ықпал етуді одан әрі күшейте түсті. Әрине, отанынан алыста жатэтникалық және жаттілді ортада қыпшақтар өздерінің төл салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптары мен этникалық ерекшеліктерін сақтап қалуға тырысты. Оны бізге дейін жеткен жазба ескерткіштерден анық байқауға болады [3, 24].

Мәмлүктер билігі кезіндегі түркі-қыпшақ әдебиетін зерттеген қазақ ғалымы А.Әлібекұлы араб тарихшыларының еңбектеріне сүйене отырып,  былай дейді: «Жас күндерінде құлдыққа сатылған мәмлүктер және екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас нәтижесінде барған елшілер, әскерлер, саудагерлер, ақындар, ғылым іздеген ғалымдар мен білім жетелеген шәкірттер өздерімен бірге жатжұртқа қыпшақтың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін, тілі мен ділін ала барды. Оларды көздің қарашығындай сақтады. Кейбір қыпшақтан шыққан мәмлүк сұлтандар түркі дүниесіне тән бағзы дәстүрлерді арабтарға да орындауға міндеттеді. Мәселен, ел билеушілері бір себептермен халық алдында немесе сауық-сайранға шыққан кездерінде түркі-моңғол дәуіріндегідей сақшылар тізіліп жүретін болған. Ал, сырнайшылар мен кернейшілері билеуші топтың келе жатқанын сырнайлап, кернейлетіп, дабыл қағып білдіріп отырған [4, 29].

Мысырдағы мәмлүктер билігі кезіндегі қыпшақ мәдениеті туралы араб тарихшысы Салах ад-Дин Мұхаммед Аннауар өзінің «Тауаиф әл-муғулия фи Мысыр» атты зерттеуінде «Мысыр мәмлүк мемлекетінде моңғол-қыпшақ факторы негізгі тірек қызметін атқарғандығын көптеген ортағасырлық еңбектер растайды» дей келе, қыпшақтардың Мысыр жерінде өздерінің төл мәдениеті мен салт-дәстүрлерін берік ұстанғанын айтады [5, 4].

Құл ретінде сатылған немесе көшіп келген мәмлүктер Еділ  бойындағы ағайындарынан үйренген өздерінің әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін, әскери-саяси жүйесін, ясы деп аталатын атақты заңдарын, тілдерін өздерімен бірге  алып барып, оның Мысырда  кеңінен таралуына ықпал жасады. Олар өздерінің ислам дінін қабылдағанына және көптеген әдет-ғұрыптары мен заңдарының дінге, шариғатқа қайшы келуіне қарамастан өз мәдениеті мен салт-дәстүрлерін қатты ұстанды.  Мәмлүктер өз заманының ең қуатты мемлекетін құра отырып, ислам өркениеті тарихында баға жетпес орын алды. Олар мешіттер, медреселер, базарлар мен ханиқалар, сабилдер, ерекше үлгідегі сәулет өнері мен өндіріс орындары арқылы ерекшеленді [5, 6].

Мысыр тарихшылары мен мәмлүктанушылары Мысыр тарихында мәмлүктер билік еткен кезеңді алтын ғасыр деп атайды. Себебі дәл осы кезде ғылым, білім, мәдениет, сәулет өнері қарқынды дамыды. Қыпшақ-мәмлүктер дала мәдениеті ошағының негізін қалап, сол кездегі рухани және материалдық мәдениетте, әскери-саяси, әлеметтік-экономикалық жүйеде, күнделікті тұрмыстық өмірде, сәулет өнерінде Дала мәдениетінің көрінісін, белгілерін қалдырды. Араб шығысындағы Дала мәдиетінің көріністерін осы күнге дейін сақталған тарихи-мәдени ескерткіштерден, түркі-қыпшақ тілінде жазылған сөздіктер мен грамматикалық еңбектерден, әдеби шығармалардан анық байқауға болады. Сонымен қатар мәмлүктер белігі кезеңінде өмір сүрген ортағасырлық тарихшылардың  еңбектерінен Мысыр Мәмлүк мемлекеті мен Дешті-Қыпшақ арасындағы байланыстар және жат жердегі қыпшақ мәдениеті туралы деректерді көптеп кездестіруге болады.  Мысыр тарихында алтын ғасыр деген атпен қалған бұл кезеңдегі түрлі тұрмыстық заттар мен материалдық ескерткіштер әлем мұражайларында, әсіресе Каирдегі Ислам өнері мұражайында сақталған.

Мәмлүктердің тағамдары туралы орта ғасыр араб жазба дерек көздерінде келтірілген мағлұматтарды зерттеу барысында олардың жергілікті Мысыр және сол өңірдегі басқа да араб елдерінің тағамдарынан көп өзгеше екендігі айқын көрінеді. Керісінші, олардың қазақтың ұлттық тағамдарын салыстыру барысында көптеген ортақтықтар табылды. Мәмлүктердің той-думан сияқты немесе басқа да бас қосуларын айтпағанда әдеттегі дәстүрлі тамағы ретінде жылқы жиі сойылғандығы туралы деректер көптеп кездеседі [2, 153]. 

Мысыр жеріне мәмлүктер жылқы етін жеу және ат сүтінен дайындалатын сусын – қымыз ішу дәстүрін ала келді. Мәмлүктер билігі тұсында қой және сиыр етімен қатар жылқы еті де пайдаланылды. Мысалы, мәмлүк әмірі Бештектің дастарханы үшін күн сайын елу қой, көптеген қаздар мен тауықтардан басқа бір жалқы сойылып отырған [1, 23]. Мәмлүктер жылқыны тек күнделікті дастархан үшін ғана емес, үлкен ресми жиындарды, арнайы мерекелер мен тойларда да жылқы етін жиі пайдаланған. Әл-Мақризидің айтуы бойынша, бір үйлену тойы үшін 50 жылқы [6, 55], басқа бір тойға «көптеген жылқы», ал сарайдың ашылу салтанатына қатысты жиырма жылқы сойылған [6, 346]. Жоғарыда келтірілген ортағасырлық тарихшы әл-Мақризидің деректерінен әлі күнге дейін араб елдерінде тыйым салынған жылқы етін жеу салты кеңінен тарағанын байқауға болады.

Мәмлүк қыпшақтарының Мысыр қоғамына әсерін зерттеген мысырлық тарихшы Салах ад-Дин Мұхаммед Наууар өз зерттеуінде ортағасырлық тарихшылардың еңбектеріне сүйене отырып,  қыпшақ моңғолдары Мысырға өздерімен бірге жылқы етін жеу және жылқы сүтінен еркше шарап жасау дәстүрін алып келгендігін айтады [5, 120].   Бұл дәстүр Мысыр Мәмлүк мемлкетінің негізін қалаушы Сұлтан Заһир Бейбарыстың тұсынан бастау алады. Сұлтан Қалауын мен оның ұлы сұлтан ан-Насыр Мұхаммедтің биліктері кезінде беделді әмір болған ортағасырлық тарихшы Бейбарыс ад-Дауадардың «Зибдат әл-Фикра фи тарих әл-хиджра» (Хиджра жылнамасындағы қаймақты ойлар) атты еңбегінде «1272 жылы татарлармен болған әл-Байра және әл-Фурат шайқастарындағы жеңісіне орай сарайда мерекелік кеш ұйымдастырылып, ол (Сұлтан Бейбарыс) өзінің сенімділері, әмірлері, елдің ақсүйектерімен қымыз ішуге отырды»  деп, ортағасырлық тарихшылардың арасында алғашқылардың бірі болып қыпшақ қоғамында кеңінен таралған бұл ерекше сусын, қымыз туралы  дерек келтіреді.  Сонымен қатар мәмлүк сұлтандары мен әмірлері арнайы мерекелерде және жай күндері жылқы сүтінен тағайындалған ерекше сусуын ішетіндігі айтылады. Ибн Батута өз шығармасында бұл сусынның мәмлүктер арасында кеңінен тарағанын растайды және қымыз бие сүтінен жасалатын сусын деп сипаттайды [2, 154]. Қазіргі кезге дейін түркі халықтары, оның ішінде қазақ халқы үшін ұлттық сусын болып табылатын қымыз туралы деректерді басқа да ортағасырлық тарихшылардың еңбектерінен кездестіруге болады.

Дала мәдениетінің араб шығысына әсерін Мысырда қазіргі кезге дейін сақталған сәулет өнері ескерткіштерінен де анық байқауға болады. Мысырда мәмлүктер билігі тұсында көптеген сәулет өнері ескерткіштері бой көтерді. Мәмлүк сұлтандары мен жоғары лауазымға ие болған әмірлер мешіт-медреселер, кітапханалар, қайырымдық мекемелер, сабилдер, ханиқалар мен көпірлер салдырған. Каир қаласында Бейбарысқа дейінгі алты ғасырдан астам уақыт ішінде оншақты мешіт-медреселер салынса, мәмлүктердің екі жарым ғасырлық билігі кезінде 136 мешіт салынған [2, 149]. Бұл ескерткіштердің барлығы өзінің көлемі мен әсемдегі, архитектуралық үлгісі, құрылыс тәсілі жағынан талай заманның сәулетшілерін таңқалдырған.

  Мысырда мәмлүктер сәулет ескерткіштерінің барлығында кездесетін қошқар мүйіз өрнегі де осының айғағы. Қазақтың төл өрнегі болып табылатын қошқар мүйіз өрнегі бүгінгі күнге дейін әртүрлі тұрмыстық заттарды безендіруде қолданылады. Дәл осы кезде түрлі сәулет өнерінің күрделі үлгілерінен тұратын «мәмлүк үлгісі» пайда болды. Мұсылмен мәдениті мен далалық өркениеттің мәмлүк кезеңіндегі тарихи-мәдени симбиозы сәулет өнерін жаңа деңгейге көтерді [7, 13].

Мәмлүктер кезінде мысыр қоғамында кең етек алған бұл дәстүрлер көшпелі өмір салтын ұстанған түркі халықтары арасында ертеден бері келе жатқанын тарихи деректерден аңғаруға болады. Жоғарыда аталған дәстүрлердің барлығы түркі халықтары арасында, оның ішінде қазақ халқында да сақталып қана қоймай,  ұлттық дәстүр ретінде күнделікті өмірде кеңінен қолданылады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.   Амин аль-Холи. Саязи между Нилом и Волгой в ХІІІ-ХІУ вв., Сокращенный перевод с арабского. – Москва: «Издательство восточной литературы», 1962. – 40 с.

2.   Батыршаұлы Б.С. Мысыр мамлүк мемлекетінің Дешті-Қыпшақпен байланыстары. XIIІ-XV ғасырлар. – Алматы: экономика, 2005. – 352 б.

3.   Көмеков Б.Е. Арабские и перидские источники по истории кыпчаков УІІІ-ХІУ вв. – Алма-Ата: Наука, 1987. – 42 с. 

4.   Әлібекұлы А. Мәмлүктер билігі кезіндегі түркі-қыпшақ әдебиеті (дамуы, әдеби өкілдері, өлең өлшемі). – Алматы: Арда, 2008. – 176 б.

5.   Салах ад-Дин Мұхаммед ан-Наууар. Ат-тауаиф ал-муғулийа фи Мысыр. – Ал-искандарийа: Муншаат ал-маʼаруф. – 195 с.

6.   Ал-Мақризи. Китаб ас-Сулук лимаʼруфат дуал ал-мулук,  12 томдық. Ал-Қаһира, 1956. 2т

7.    Батыршаұлы Б., Көмеков Б., Батыршаұлы С. Мысырдағы мәмлүк сәулет өнерінің тарихы. – Астана: Сарыарқа, 2011. – 321 б.