Филология
ғылымдарының магистрі Жапарова Ә.Ә.
«Өрлеу» БАҰО»
АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша педагогикалық
қызметкерлердің
біліктілігін арттыру институты, Қазақстан
ҚАЗАҚ – ҚЫРҒЫЗ АЙТЫСЫНЫҢ САЛЫСТЫРЫЛА
ЗЕРТТЕЛУІ: МІНЕЗ
БЕН МЕНТАЛИТЕТ
Қазақтың ауыз әдебиетінде
ерте заманнан келе жатқан айтыс жанрының туу негіздері мен
өзіне тән ерекшеліктері, даму тарихы бар. Айтыс – халық ауыз
әдебиетінің ерекше бір түрі. Айтыс қазақтан
басқа арабтың бәдеуилер тайпасында және түрік
тілдес елдердің бірқатарында, ірі ақындар айтысы
Үндістан халықтарында бар. Кейбір зерттеушілер айтыстың
алғашқы шығу тегі өте ерте заманнан келе жатқанын
айтады. Оның әуелгі элементі көркемөнердің
түрлері сараланып, бір-бірінен әлі ажырамай, бәрі бірігіп бір
бүтін өнер саналып, әні де, өлеңі де, оны
шығару да, орындау да, қимыл, бет құбылысы, тағы
басқалары да қосыла жүрген дәуірде туса керек деп
топшылайды. Айтыстың алғашқы адымы осы кезеңде басталса
керек.
Айтыстың ескі түрі деп есептелетін
бәдік айтысының негізінде адам баласының
табиғатқа әсер ету мақсаты жатса, басқа
айтыстардың ішінде қайсысы ерте, қайсысы кеш туды, оны айту
қиын. Дегенмен, кейбір айтыстардың мазмұнына, лексикасына,
сөйлем құрылыстарына қарап, қай заманда пайда
болғанын топшылауға болады. Мысалы, жануарлар айтысына, өлі
мен тірінің айтысына қарағаңда, жұмбақ
айтысының анағұрлым кеш туғандығы анық.
Дәстүрлi түре
айтыстар бұл елдерде көбiнесе қара өлең
ұйқасында айтылып келген. Совет тұсындағы түре
айтыста бұл дәстүр сақтала бермейдi.
Ал, қырғыз
халық поэзиясында түре айтыстың екi, төрт одан да
көп ақын болып кезекпе-кезек сөз жарыстыру салты
қалыптасқан. Мұндай шағын түре айтыстарды
қырғыз ақындары көбiнесе той-жиын, мерекеге арнап
жырлайды.
Жиырмасыншы жылдары
өткiзiлген қосшылар одағының жиынына
қырғыздың кедей жалшылары мол жиналған. Сол
жиынға қырғыздан Қалық, Оспанқұл,
қазақтан Жамбыл, Кенен, Үмбетәлi қатысқан.
Сонда екi елдiң ақындары кезекпе-кезек құттықтау
айтқан. Қалық пен Оспанқұл тойдың
мақсат тәртiбiн айтып жаршылық қызмет
атқарған. Сонда Оспанқұл:
Үрматы ұчун чон
тойдун,
Тамаша азыр башталат.
Қалық:
Қазақ менен
қырғыздан
Эңишке эки эр аттанат.
Оспанқұл:
Үлуттук ар бир оюнду
Комиссия башкарат.
Қалық:
Жеңип чыккан азамат
Бир кийимдик акча алат, –
(«Айтыштар» 2-т. 115-б.) деп кезекпе-кезек жар салған. Айтыста одан
әрмен ат жарыс, бәйге, қыз қуу, аударыспақ,
тағы сондай ұлттық ойындар көрсетiлетiнi хабарланады.
Мұндай екi тармақтан
құрылған жарлай айтыс қазақ,
қарақалпақтан гөрi қырғыз ақындары
арасында жиi қолданылса керек.
Қазақтың түре айтысы
қарақалпақ елiнде жауап айтыс деп аталады. Мұнда екi
ақын шағын шумақ өлеңмен бiр-бiрiне
сұрақ-жауап үлгiсiнде айтысады. Қарақалпақ
фольклорының екi томдығында мұндай сұрақ-жауап
айтыстардың тiлек – сұрақ-жауап, жұмбақ жауап,
ақыл-насихат жауап, әзiл-қалжың, сын-сықақ
жауап деген түрлерi жарияланған. Бұл айтыстардың ауызша
нұсқалары қатар берiлген.
Қарақалпақ фольклорында кездесетiн
мұндай ерекше айтыс үлгiлерi қазақта қыз бен
жiгiттiң қайым, жұмбақ айтысы деп жiктеледi.
Аздаған өзгешелiгi болмаса, мазмұны, орындалуы бiрдей.
Айтыстың мұндай сұрақ-жауап
түрi қырғыз ыршыларынан да табылады. Қалық пен
Оспанқұл айтысында:
Қалық:
Биз өңденген ырчылар,
Мактап турган жер бекен?
Келгендерин әсебин
Каттап турган жер бекен?
Жарчы болгон ырчыга
Жорго берчу жер бекен?..
(«Айтыштар». 2-т. 125-б.) деп жырлайды.
Түре айтыстың бұдан басқа
қырғызда «Ыр кесе», қазақта «Кесе жағалату»,
қарақалпақта «Кесе алысу» деген түрi де жырланады.
Қазақтар арасында ертеде қымыз кесе жағалату салты жиi
болған. ...«Қарағым iзет қылып қабыл алғын,
Барасы мына кесе сiздiң жаққа, – дегендей қымыз кесенi
бiр ауыз өлеңмен жағалату қазақ арасында осы
күнге дейiн сирек те болса айтылып келедi. Қырғыз
теледидарында бүгiнде «Ыр кесе» деген хабар берiлiп тұрады. Онда
озат жас шопандар, егiншi, мақташылар қатыстырылып, өзара
еңбек жетiстiктерiн айтысады. Осы дәстүр
қарақалпақ арасында да бар.
Жiгiт:
Ауызыңызда палыңыз
Жүзиңизде қалыңыз,
Бир кесе шай усындық
Түрегеп келип алыңыз?
Қыз:
Қара кус деген кус болар,
Пәрин жулсаң бос болар.
Сендей достым шай берсе
Кеулим менiң хош болар, – («Айтыс». Нөкис. XI т. 187-б.) деп айтылады. Қазақ, қырғыз
жыр кесесiнен бiр өзгешелiгi – қарақалпақ жастары
бұл дәстүрдi тек қана қыздың жеңгесi
арқылы жүргiзедi екен. Жiгiт әуелi кесенi қыздың
жеңгесiне ұсынады. Жеңгесi ол кесенi жiгiттiң
сүйiп қалаған қызына апарып бередi. Қыз кесенi
қабылдап жеңгесiне қайтып бередi, жеңгесi жiгiтке
апарады. Егер жiгiт кесенi алмай керi қайтарып жiберсе, жеңгесi
қызға «өз қолыңмен апарып бер» дейдi. Қыз
кесенi өз қолымен апарғанда жiгiт қабыл алады.
Сөре айтыста халық ақындары
ұзағынан толғайтыны белгiлi. Қазақ,
қырғыз, қарақалпақ халық поэзиясында
кездесетiн мұндай айтыс желiсiн де толғау да, терме де, параллель
қайталаудың алуан түрлерi де кездесе бередi.
Қазақ, қырғыз,
қарақалпақ айтыстарында бейнелi тапқыр сөз
тiркестерi жиi қолданылады. Ыршы, ақын, шайырлар айтар сөзiн
көпшiлiкке әсерлi, ұғымды әрi ұтымды
жеткiзу үшiн образды мақал-мәтел, қанатты
сөздерге, фразеологиялық тiркестерге көбiрек жүгiнедi.
Орыс фольклоршысы Г.Л.Пермяков өзiнiң осы саладағы
зерттеуiнде ондай бейнелi образды сөздердi паремиялық тiркестер деп
атап, оның түрлерi мен құрылысына арнайы талдау
жүргiзген. Көкшетаулық Мұса Асайыновпен айтысқа
түскен целиноградтық Бикен Сембаева: «Мұсеке, көп
сөз көмiр, аз сөз алтын» десе, қырғыз
ақындары Ысмайыл мен Токтонаалы айтысында Ысмайыл: «Азда болса,
көптей гөр, ыраазы болгун ағайын» деп айтысты доғарады.
Сол сияқты қарақалпақтың қыз бен жiгiт
айтысында – «зергер билер, зер парқын, азда болса, көп деп иш» дейтiн
қосарлана үйлескен нақыл да жоғарыдағыдай
мағынада, қолданылған. Мұндай мәндес,
мақал, мәтел, нақыл, қанатты сөздер
қазақ, қырғыз, қарақалпақ
айтыстарында жеткiлiктi.
Айтыс жанрын типология жолымен
салыстыра зерттеудiң ғылымдық мәнi бар. Ол
халықтар достығын нығайтуда, олардың әдеби,
мәдени байланысын iлгерi дамыта беруде көмекшi қызмет
атқарады.
Қырғызстан
Мемлекеті сыйлығының лауреаты Батма Кебекова – қырғыз
фольклоры мен поэзиясын зерттеуге өмірін арнаған, белгілі
әдебиеттанушы ғалым. Кезінде әр жылдары
Қазақстанға келіп, мұрағаттағы
материалдармен танысып, қазақ және қырғыз
фольклорының типологиялық сипаттарын зерттеп, құнды
монографиялық еңбектерін жарыққа шығарды. Сонымен
бірге бауырлас екі ел ақындарының шығармашылық
байланыстарын айқындап, әдебиет тарихының
көлеңкеде көмескі тартқан «жұмбақтарын»
ашуға көп күш жұмсады. Мәселен, Сүйінбай
мен Қатаған, Сүйінбай мен Арыстанбектің айтыстарына,
Батық пен Жамбылдың, Жамбыл мен Молда Бағыштың
сөз қағыстарына байланысты қазақ
әдебиетшілеріне белгісіз жаңа деректерді жариялады.
Қазақ, қырғыз әдеби байланыстарын нақты
мысалдармен дәлелдеп, ой өрбіткен Б.Кебекованың
зерттеулерінен алынған үзіндіні қазақшалап, «Қазақ
әдебиеті» газетіне Б.Ыбырай алғы сөз жазып жариялаған
екен. Ол мақалада: «Ақындық
өнердің алыбы Жамбыл – қазақ-қырғыз еліне
тел ақын. Қырғыз елін көп аралап, көптеген
ақын, жыршы, күйшілермен тығыз шығармашылық
қарым-қатынаста болған. Екі жұрттың небір
жүйріктері, өнерпаздары жиналған шоң жиындарға,
ас-тойларға көп қатысып, сөз меруертін төге
жырлап, тыңдаушыларының құлақ құрышын
қандырып, тамсандырып, таң қалдырған.
Айтыс өнері осы
шығармалар туған заманда да, одан бұрынғы
кезеңдерде де ел өмірінен кең орын алғанға
ұқсайды. Бұл пікірдің дұрыстығын
Қытай елі деректері де құптап мақұлдайды. Шыңжандық
қазақ тарихшысы Н. Мыңжани «Қазақтың
көне тарихы» атты еңбегінде Қытайдың Тайпин Хиуаниуйжи»
топтамасының «Түрік шежіресі» атты тарауындағы деректерге сүйеніп:
«түріктер бие сүтінен жасалған қымызды ішіп қызып
алған соң, ән шырғап бір-бірімен өлең айтысады...
күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан біздегі
ақындар айтысының мұнан мың жылдар бұрынғы
Батыс түрік қағандығы дәуірінен бері келе
жатқан дағдылы дәстүр екенін байқаймыз деп жазады.
Айтыс – ғасырлар бойы еліміздің әдет-ғұрып,
салт-дәстүрімен, өмірімен біте қайнасып бірге жасап
келе жатқан аса бай, төл жанр. Одан халқымыздың
өмірге деген көзқарасы, танымы мен ойлау жүйесі,
көркемдік талап-талғамы аңғарылады. Ол
өзінің «Аттың жалы, атанның қомында» туған
табиғи болмыс бітімімен ертеден-ақ ел тұрмысына етене
араласып, сіңісті болып келген өнер. Айтысты қолма-қол
тудырушы суырып салма ақындарды халық әр кез зор ілтипатпен
қарсы алып, олардың әсерлі өлең, тартысты
жырларының құдіретті де сиқырлы күшіне
әулиедей сенетін болған. Айтысқа жиналған
жұртшылық көптен күткен думанды мерекеге келгендей екі
дай болып бөлініп, белгілі бір ұнатқан ақынның
жеңіске жетуіне іштей тілеулес ниетте отырады. Сондағы әрбір
тауып айтылған аталы сөз, ұтқыр жауаптарға олар
ризашылық сезіммен қарап, өз ықылас, ынтасын білдіруге
де ерікті. Мұндай ырықтан тыс әсер сезім көріністері
айтыс тағдырын шешіп кететін кездері де бар. Осындай халық
жүрегіне ертеден ұялаған айтыс өлеңдері
өзінің өміршең және көпшілдік,
көркемдік сипаттарымен әдебиетіміздегі тартымды да аса бай
салаға айналған.
Әдебиет:
1. Жұмажанова Т.Қ. Әдебиетті оқыту
әдістемесі. – Алматы: Білім, 2009.
2. Байтанасова Қ.М., Айтуғанова С.Ш. Қазақ
әдебиетін оқыту әдістемесі. Оқу құралы. –
Астана: Фолиант, 2008.
3. Ақшолақов Т., Жұмажанова Т., Қалиев С., Дүйсебаев
С. Қазақ әдебиеті: жалпы білім беретін мектептің
9-сыныбына арналған оқулық. – Алматы: «Мектеп» баспасы, 2005.
4. Ақшолақов Т., Жұмажанова Т., Қалиев С.,
Дүйсебаев С. Қазақ әдебиетi. Әдiстемелiк
нұсқау. – Алматы: «Мектеп», 2005.
5. Асыл Ұ, Жұмажанова Т., Бейсенбаев Ғ. Қазақ
әдебиетi. Хрестоматия. – Алматы: «Мектеп», 2005.
6. Ғабдуллин М., Ысқақов Б. Халық ауыз
әдебиеті. Оқу
құралы. – Алматы, «Мектеп» баспасы, 1974.
7. Әуезов М.
Әдебиет туралы. О литературе. Оқу құралы. – Алматы,
«Санат», 1997.