Минасипова А.Р., Кенжебаева А.А., Сағындық Т.А.

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

ЖАСТАРДЫ ОТБАСЫЛЫҚ ӨМІРГЕ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ДАЙЫНДАУДА ӘЛЕУМЕТТЕНУДІҢ РӨЛІ

 

 

Қазақстан Республикасының Конститутциясында балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың табиғи құқығы әрі парызы екендігі көрсетіліп, сонымен қатар, отбасының міндеттері нақты көрсетілген.

Дерек көздеріне сүйенсек, неке құратын жастар негізінен бірге оқу немесе жұмыс істеу арқылы ұзақ бірін - бірі біліп, өзара сынасып, ұнатысу, бір-бірінің қырларын ұғынысудың нәтижесінде отбасын құру арқылы өз тағдырларын ұштастыруға келіседі. Әдетте жастар арасындағы мұндай ұзаққа созылған достық қарым-қатынасты екеуінің де ата-аналары хабардар болады. Сондықтан болашақ отбасын құруға ниеттенген қыз да, жігіт те әке - шешесімен ақылдасып, олардың келісімін ала отырып, өздері де өзара уәделеседі. Әрине, шешім қабылдауда шешуші дауыс әрқашан жастардың өзінде қалатыны сөзсіз. Алайда, осы жайттарды ескере келе, жастардың отбасыға және некеге деген қатынастары әртүрлі болып келеді. Жоғарыда айтылған мәселелердің барлығы заман талабына сай өзгеріске ұшырап, жаңа сипатта және бағытта көрініс тауып отырады. Бұл әсер етуші факторлардың динамикасына тәуелді болып табылады.

Қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі ретінде отбасының құрылымы өзгеріп, оның мүшелерінің саны азайып, әсіресе онда бала саны да кеми түскені анық. Әсіресе, қоғамда болып жатқан әлеуметтік, экономикалық, мәдени және саяси жаңғырулар мен әртүрлі қоғамдық сипаттағы және әлемдік деңгейдегі ақпарат алмасулар отбасы мүшелерінің арасындағы тұлғааралық қарым-қатынас сипатына да өз әсерін тигізіп отырғаны белгілі.

Бүгінгі нарық жағдайында ата-аналардың көпшілігінің жұмыс бастылығы бала уақытының көбін енжар тәрбиешілермен өткізуге алып келіп отыр. Бүгінде қалалық отбасына тән бала тәрбиесі келесі ерекшеліктермен шартталып отыр: отбасында балалардың көбісі күннен санап көбейіп отырған ажырасулардың нәтижесінде әкесіз немесе анасыз өсуде; теледидар, жеке бөлме, т.с.с. өркениеттің жетістіктері, әсіресе талаптардың материалдық құндылықтармен өлшемденуі балалар мен олардың ата-аналарының арасындағы қарым-қатынас процесін қиындата, күрделендіре, тіпті шиеленістіре отырғаны белгілі.

Отбасы - қоғамдық қатынастар мен процестердің алуан түрлі формалары біртұтас болып ұштасатын кешенді әлеуметтік құбылыс болып табылады. Сондықтан да әлеуметтік құбылыс бола отырып, ол адамзат өмір сүру жағдайына қарай құрылып, оның дәстүрлері мен әдеттері ғасыр өткен сайын жаңа сипатта көрініс береді. Отбасын әлеуметтану ғылымында былай деп көрсетеді «отбасы дегеніміз – тарихи өзгеріп отыратын әлеуметтік топ, оның жалпы белгілері – бөтен адаммен жыныстық байланыс орнату, туысқандық қатынастар жүйесі, адамның жеке-дара адамгершілік сапаларын қалыптастырып дамыту, белгілі бір экономикалық қызметті іске асыру». Яғни, адамзат отбасын құра отырып, сол шағын мемлекетке әлеуметтенеді, отбасылық құндылықтар қалыптастырады және әдет-ғұрып дәстүрлерін дамытады.

Бүгінгі күні отбасылық өмір сүру жағдайлары түрлі сипатта көрініс беріп отырған жайы бар. Отбасында ерлі-зайыптылардың бірге тұруы, олардың ара қатынасын айналасындағылардың «жақсы» деп бағалауы некеде де бақыттылығын білдіре бермейді. Отбасы өмірінің астарында қитырқылардың әртүрі болады: сырттай тату болып есептелетін отбасыларда ерлі-зайыптылардың бір-бірін жек көріп, рухани салқындық  байқалуы мүмкін.

Өз балаларының жан дүниесін ата-аналардың жақсы түсінуі, оларға отбасында дұрыс та тиімді тәрбиелік орта туындату үшін, бала тәрбиесіне қатысты білімі және біліктерін ұдайы көтеріп отыру қажеттілігін өздері түсінуі тиіс. Белгілі психолог Э. Фромм тұжырымдамасында көрсеткендей, ананың және әкенің махаббаты табиғаты, генезисі және көріну формасы бойынша бір-бірінен ерекшеленеді және баланың тұлғалық дамуында әртүрлі әсер етеді. Ананың махаббаты - шексіз, нәзік және шарттанбайды. Әкенің махаббаты- баладан көп нәрсені талап етеді және ол шарттанған болып келеді. Ол махаббатқа бала лайықты болуы тиіс. Әке махаббатының туа берілетін алғышарты болмайды, ол бала өмірінің алғашқы жылдарында қалыптасады деп тұжырымдайды кейбір зерттеулер бар . Бала әкенің махаббатына лайық болуы үшін белгілі бір әлеуметтік жүйенің талаптарына сәйкес болуы тиіс. Егер бала анадан эмоциялық қолдауды және жақындықты сезінуді қалайтын болса, әкеден бірлескен іс-әрекетте серіктесті және беделді болудың қайнар көзін табады. Баланың ата-анаға деген қатынасы ерлі-зайыптылардың бірі-бірімен қарым-қатынасынан туындайды.

Қазіргі таңда көп белең алып отырған ажырасуға аз қалған ерлі – зайыптылар түрлі ойлардан бірге тұра береді. Біреудің қызмет беделіне нұқсан келмес үшін, екіншілерін - белгісіз тұманды болашақ үрейлендіреді, үшіншілерін - бала алдындағы борышын өтеуде отбасы маңызды деп есептейді. Алайда мұндай позиция көп таралған адасуларға алып келеді.

Нарық жағдайында отбасында ата-ананың екеуі де ортақтық сезімін сезбесе, болашаққа бірлескен жоспар құрмаса, оның алға басуынан өмірлерінің даму жетістіктерін көрмесе, тұлғааралық қысымшылық туады. Мұндай отбасылық жағдай әрине баланың тұлғалық дамуына соққы болары сөзсіз. Дегенмен, ата-ананың қандай шешімі болғанда да бала дамуына кері әсерін тигізбеуі шарт болып табылады.

Отбасы туралы философ, педагог, психолог, әлеуметтанушы, мәдениеттанушы және т.б. ғалымдар анықтама беріп, еңбектер жаза отырып, осы мәселенің негізін қалаған. Айталық, әлеуметтанушылардың пікірінше, отбасы бұл қоғамның ажырамас бөлігі, оны тар мағынада қолдану мүмкін емес десе, ал психологтар отбасы бұл әлеуметтік институт, қоғамның бастауыш ұйымы, бірігіп шаруашылық жүргізетін және өмір сүретін кіші топ деп қарастырады.

Отбасында ерлі-зайыптылар арасындағы рухани қарым - қатынас мәдениетінің негізі өзінің серіктесіне тең қарым - қатынаста қарау болып табылады. Мұндай қарым - қатынас барысында ерлі - зайыптылар өздерінің рухани әлемін, айналасындағылармен байланыс қабілеттерін жетілдіре түседі. Егер де ерлі-зайыптылардың бірі екіншісінен өзін жоғары санап, өз тұғасын биік қойса, онда өзара түсінушілік ғана бұзылып ғана қоймай, сонымен қатар қарым - қатынастың барлық түрінің бұзылуына әкелуі мүмкін. Осы орайда, ерлі-зайыптылардың бірін - бірі сыйлауы, өзара қолдауды қамтамасыз етуі аса маңызды болып табылады. Бұл жағдайлар нәтижесінде жан тыныштығын сақтауға және эмоциялардың жақындасуына көмектеседі.

Отбасының эмоциялық функциясы оның мүшелерімен эмоциялық қолдау, психологиялық қорғаныс, өзара сыйластық және көңіл білдірудегі қажеттіліктерді қанағаттандыруды қамтамасыз етеді. Отбасындағы оңтайлы эмоциялық атмосферасы оның әрбір мүшесіне ішкі сезімдерінің жағдайын жасырмауға, қуанышымен бөлісуге, сәтсіздіктер мен көңіл-күйін айтуға, толғандырып жүрген мәселелер бойынша кеңес алуға, рухани және физикалық күш - қуатын толтыруға және қалпына келтіруге кең мүмкіндік ашады.

Отбасының алғашқы әлеуметтік бақылау функциясы - отбасы мүшелерімен, әсіресе әртүрлі жағдайларға (жасерекшелігі, сырқаттануы және т.б) байланысты әлеуметтік ережелермен толық сәйкестікте өзінің әрекетін өз бетінше құруға жеткілікті деңгейде қабілетсіз мүшелерімен әлеуметтік ережелердің орындалуын қамтамасыз ету болып табылады. Отбасында әрбір мүшесінің физиологиялық, психологиялық және әлеуметтік қажеттіліктерінің қанағатандырылуына ерлі-зайыптылардың жауапкершілік сезімі жоғары болуы шарт.

Отбасы бір жағынан адамдардың өзінің ішкі өмірін, құпияларын, сырларын, қарсы тұрған сыртқы әсерлерден қызғанышпен қорғайтын тұйықталған бірлестік. Егер отбасының ішкі өмірін әлеуметтік ортаға ашық етсе, онда ол бірден ыдырап, дағдарысқа ұшырауы мүмкін, ал екінші жағынан, отбасы адамдардың бірлескен өмірінде қоршаған ортаға, қоғамға ашық және айқын бірлестігі болып табылады. Мұндай отбасының ішкі жағдайлары қоғам мәселелерімен қатар қарастырылса, онда оның шешімін ыдыратпайды. Бұл жағдай керісінше, отбасының дамуына қауіпсіздік және сақтану сезімдерін қамтамасыз ететін мүмкіндік туғызады.

Кез-келген отбасы қанша жерден тұйықталған, жабық және кейбір өмір сұру жағдайлары жеке, тіпті жасырын сипатта болғанымен ол қоғамсыз өмір сүре алмайды. Себебі, оның кез-келген мүшесі жан-жақты әлеуметтік топтарға, яғни өндірістік, оқу ұжымдарына, балалар және қоғамдық ұйымдарға, сонымен қатар сауда және денсаулық орындарына қатысты қарастырыла отырып, ондағы адамдармен өзара тығыз және кері байланыста болады.

Әлеуметтік маңызды институттардың бірі ретінде отбасы қоғамдық қарым-қатынасқа түседі және оның барлық өмір ағымына ықпалын тигізе алады. Отбасында адамдар тек қажеттіліктерін қанағаттандырып ғана қоймай, бірқатар әлеуметтік функциялар орындайды. Сондай-ақ, қоғамның әлеуметтік құрылымы мен оның бір бөлшегі болып табылады.

 

   Әдебиет

1.       Назарбаев Н.Ә. Ғасырлар тоғысында.-Алматы: Өнер, 1998.- Б. 272.

2.       Қабақова М.П. Бірлескен өмірлік іс-әрекет процесіндегі ерлі-зайыптылардың  қатынас тұрақтылығының психологиялық факторлары:  Автореф.дис канд. психол наук.-А, 2004.- Б.17

3.       Жүнісова-Елшібаева Қ.Ғ. Қазақ отбасы мәселелерінің психологиялық аспектілері. -А.; 2010.- Б.131.