Мусадилова Г.С. , Қалтұрды Ж.Е.
М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік
университеті,Қазақстан
ОТБАСЫНДА ХАЛЫҚТЫҚ ПЕДАГОГИКА ҚҰРАЛДАРЫ
АРҚЫЛЫ ҚЫЗ БАЛАНЫ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ МҮМКІНДІКТЕРІ
Қазақстан
Республикасының «Білім туралы»
Заңында білім беру жүйесінің басты міндеті ғылым
және тәжірибе жетістіктерімен қатар ұлттық рух
пен жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде жеке адамды
қалыптастырып дамытуға жағдай жасау қажеттілігі
айтылған.
Қазақ –
этникалық-рухани жағынан мыңдаған жылдық
дәстүр мәдениетінде, философиясы мен әдебиетінде,
тарихи шежіресінде Әйел-Ананың орнына ерекше мән берген
халық. Жалпы, Әйел-Ананы қадірлейтін,
оның табиғатын жан-жақты кестелейтін деректерді көне
заман ескерткіштерінен көптеп табуға болады. Алғашқы
қауымдық құрылыстан біздің заманымызға шеру
тартатын мәдениет дәстүрі сабақтастығын
тиянақтап зерделесек, оның қазіргі педагогика
жетістіктерінің ілкі бастауында орны бар екендігіне көз жеткіземіз.
Ежелгі дәуір
адамдарының идеологиялық
ұғым-нанымдарында ру басшысы және ошақ иесі ретінде
әйелге табынушылықтың орын алуы да кездейсоқ емес.
Тұтас бір қауым, рулық ұйым Әйел-Анаға
тәуап етеді, сүйектен ойып немесе тастан қашап әйел
мүсінін жасайды, онда жердің құнарлығы мен
аналық қадір-қасиетті сомдауға тырысады.
Сондықтан
қазақ отбасында қыз бала тәрбиесін ұлттық салт-дәстүр
негізінде қалыптастыру, оны оқу-тәрбие процесіне енгізу
бүгінгі күннің ең маңызды талабы.
Ұлтымыздың ұрпақ тәрбиесі тікелей анаға
қатысты екенін дәлелдейтін ұлттық
әдет-ғұрыптарын, салт-дәстүрлерін, ауыз
әдебиетін, жазба мұраларын жан-жақты зерттеп, зерделеудің құндылығы артуда.
Қыз
баласының парасаттылық, имандылық, нәзіктік,
ақылдылық, іскерлік, адамгершілік
тәрбиесінің маңыздылығына аса құнды
мұралар арнаған
ғұламалар Ибн Сина, Әл-Фараби, сонау көне түркі
жазуымен тасқа қашап жазған ескерткіш «Орхон-Енисей» жазуларынан бастап, Омар Хаям рубайлары, түркі тілдес халықтардың бәріне
өшпес мұра қалдырған Жүсіп Баласағұн,
Махмұд Қашқари, Ахмет
Иассауи, Ахмет Жүгінеки,
Қыдырғали Жалайыри, Мұхаммед Хайдар Дулати шығармаларының қыз тәрбиесінде алатын орны ерекше.
Жеке
тұлғаның қоғамдағы орны мен маңызын, тәлім-тәрбиесін, өмірдің қыр-сыры туралы толғаныстарын, ақыл-кеңесін, даналық өсиеттерін, терме-жырлар арқылы толғаған ақын жыраулар: Асан
Қайғы, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұхар Жырау, Шал
ақын, Дулат Бабатайұлы, Махамбет Өтемісұлы
қазақ қыз - әйелдеріне тән құнды
қасиеттерді, оларды тәрбиелеу туралы көзқарастарын
өздерінің әдеби – көркем шығармаларында
қалдырған.
Қазақтың
белгілі ағартушы – педагогтары Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин,
А.Құнанбаев, Ш.Құдайбердиев,
А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов,
М.Дулатов және т.б. еңбектерінде
ұрпақ тәрбиесіне, оның ішінде қыз бала
тәрбиесіне аса көп көңіл бөлінген.
Қазақ халық
педагогикасын зерттеу қажеттілігі туралы қазақ
ғалымдары арасынан ең алғаш пікір айтушылардың бірі
болған профессор М.Ғабдуллин «Ата-аналарға тәрбие беру
туралы кеңес» атты ғылыми-зерттеу еңбегінде қазақ
халқының өмірінен
орын алған тәрбиенің тарихын жан-жақты қарастыру
үшін халық ауыз әдебиеті өз алдына зерттелетін
мәселе екендігі туралы ой қозғаған болатын. Бұл
жанрдың бала тәрбиесіндегі орнының құндылығы
жөнінде бағалы тұжырымдама жасап, «Қазақ
халқының ауыз әдебиеті» оқулығында «Адамның
тууынан бастап, қартайғанға дейінгі өмірі,
тұрмысында кездескен, басынан өткен жайлардың бәрі ауыз
әдебиетінде суреттелген» - деген ой айтқан.
Ұрпақ
тәрбиесі – қоғам үшін
лайықты мұрагерлер тәрбиелеу ісі. Бұл
асқан жауапкершілікті талап ететін, мемлекеттік маңызы зор
жұмыс «Сегіз қырлы, бір сырлы», ақыл-ойы жетік, сезімі
сергек, жауапкершілігі мен іскерлігі жетілген, дені сау азамат өсіру ісі
ғасырлар бойы халқымыздың ең ізгі арманы болып келеді.
Бұл арман дене тәрбиесі, адамгершілік тәрбиесі, ақыл-ой
тәрбиесі, кәсіптік тәрбие беру және әсемдікке
тәрбиелеу салт-дәстүрлер мен
әдет-ғұрыптарда марапатталып, санаға сіңіріліп,
іске асырылып отырды.
Қазақ
халқының баланың ана бойына біткен күннен бастап
жүргізетін тәлім-тәрбиелік дәстүрлерінің
негізгі мақсаты – қыз бала мен ұл баланың атын затына
сай етіп өсіруге арналады.Бірнеше баланың анасы болған
тәжірибелі әйелге қарағанда, жас келіннің бойына
бала бітуі апа-енелердің оған үлкен
қамқорлықпен қарауын міндеттейді. Енесі немесе
абысындары оны пәле-жаладан, тіл-көзден сақтау шараларын
жасай бастайды. Ауыл әйелдерін жинап, «құрсақ тойы»
өткізіледі. Сондай-ақ ауыр жүк көтермеу,
құнарлы тамақтар ішу, бойды таза ұстау ескертіледі. Құрсақтағы
жан иесі барлық құбылыстарды анасының сезімдері
арқылы қабылдайды деп есептеліп, болашақ
көңіл-күйі көтеріңкі, айтылар
әңгімесінің де жағымды болуын қадағалап,
оның көңілін алаңдатып, шошындыратын нәрседен
қорғай біледі.
Отбасы
тәрбиесі – көзделген нәтижеге жету мақсатында
ата-аналар мен жанұя мүшелерінің тарапынан жасалатын ықпал процестерінің жалпы атамасы.
Әлеуметтік отбасы және мектеп тәрбиесі ажырамас бірлікте
орындалатын істерінің
ауқымын құрайды. Отбасылық тәрбиенің мектеп
тәрбиесімен тоғысқан
тұсындағы проблемалар жалпы педагогикада қарастырылады да, ал
сол мәселенің әлеуметтік жағдайлары әлеуметтік
педагогиканың үлесінде.
Отбасының
жетекшілік маңызы онда тәрбиеленіп жатқан адамның
тән-дене және рухани
дамуына әсер етуші ықпалдар мәні мен
мағынасының тереңдігіне тәуелді келеді. Бала үшін
отбасы бір жағынан - тіршілік
қорғаны болса, екінші тараптан – тәрбиелік орта.
Баланың алғашқы өмір жағдайындағы отбасының ықпалы басқа жағдайлармен кейінгі жас
кезеңдерінде болатын ықпалдардан басымдау келеді. Зерттеу
деректеріне сүйенсек, отбасы – бұл тәрбие
де, ақпарат көзі де, қоғамдық
ұйымдар да, еңбек ұжымы да, дос-жарандары да, әдеп пен
өнер бастауы да. Осыдан педагогтар
нақты да, дәлелді тұжырымға келіп отыр:
Тұлғаның қалыптасу нәтижелілігі ең алдымен
отбасына тәуелді. Неғұрлым отбасы жақсы
болып, оның тәрбиелік ықпалы ұнамды келсе,
тұлғаның тән-дене, рухани-адамгершілік, еңбекке
баулу тәрбиесінің нәтижесі де жоғары.Аса бір кездейсоқтық болмаса, әр уақыт
тұлғаның кемелденуі
келесі заңдылыққа тәуелді: Жанұя
қандай болса, онда өсіп, ержеткен адам да сондай.
Отбасы тәрбиесінің нәтижесінің жеке адамның тұлғасы
болып қалыптасу процесідегі күші мен қуатын мойындамай болмайды. Ендеше, мемлекет пен қоғам да тәрбиелік
шараларын дұрыс жолмен ұйымдастыруда ең алдымен отбасыға үлкен назар
аударғаны жөн. Бұл өркениетті елдер ұстанған
бұлжымас ереже.
Неке мен отбасына деген үстірт көзқарас, халықтық және ұлттық үрдістерді естен
шығару, инабаттылық принциптерінен тайқу, шектен тыс
арсыздық пен маскүнемдік, іштей тәртіптің болмауы мен
жыныстық салғырттық, ерлі-зайыптылар арасында жоғары
белең алған ажырасулар – бәрі де отбасындағы бала
тәрбиесіне болатын теріс ықпалдар көзі.
Отбасы -
тұлға қалыптастырушы бесік.
«Азамат
қалыптастырамын десең, бесігіңді түзе» - деп ұлы ғұлама
М.Әуезов бекер айтқандай отбасында адам аралық қатынастар негізі қаланады, бүкіл өмірге жетер
еңбектік және әлеуметтік бағыт-бағдар
түзіледі. Зерттеу арқауы болған тұжырымдарды
жинақтай келе келесі қорытындыларды жасауға
мүмкіндік алдық:
- отбасы ықпалы басқа тәрбиелік әсерлердің
бәрінен де күштірек. Жас ұлғаюымен ол әсер бәсеңдеуі мүмкін,
бірақ ешқашан өз маңызын жоймайды;
- қандай да бір басқа да жағдайларда қалыптасуы
мүмкін болмаған сапалық қасиеттер – тек отбасында
ғана өрісін алады;
- отбасы тұлғаның әлеуметтенуін қамтамасыз
етеді, оның тәңдік, моральдық және еңбек тәрбиесі
үшін бар мүмкіндіктерді мейлінше шоғырландырып, іске
қосады.
- қоғамның азамат мүшесі отбасынан бастау
алады, қоғам келбеті отбасынан көрінеді;
- отбасы салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар
жалғастығын қамтамасыз ететін
орта;
- отбасының аса маңызды әлеуметтік қызметтері –
азамат тәрбиелеу, патриот қалыптастыру, болашақ жанұя
иегерін кемелдендіру және мемлекет заңдарын мойындап,
құқықтарын сауатты пайдалана білетін қоғам мүшесін жетілдіру мүмкіндіктері мол;
- отбасының кәсіп таңдауға да тигізер ықпалы
орасан зор.
Халқымыз
отбасы тәрбиесін ұрпақтың, оның ішінде қыз
баланың жеке тұлға болып қалыптасуында маңызы зор
деп есептеген. Қыз баланың рухани өміріне, сана-сезіміне ұлттық-психологиялық
белгілерді ендірудің жолдары мен тәсілдерінің басым
көпшілігі отбасындағы салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар арқылы
сіңірілген.
Жалпы қыз
баласының өсу тұсындағы
әдет-ғұрыптардың бәрінде рәсімді
атқарушының ауылына сыйлы, ағайындарына қадірлі,
замандастарына ардақты әйелдер мен келіндер болуы
қадағаланады. Себебі, халқымыз салт-дәстүр,
әдет-ғұрыптар - тәрбиелеу функциясын атқаратын
құралы болса, рәсімді атқарушыны тәрбиеші
қатарына санап, оның болмыс-бітімі қыз баланың
қалыптасуына сөзсіз әсер етеді деп есептеген.
Әдебиет:
1.
Ахметов Ш. Балалар әдебиетінің очеркі.-
Алматы: Көркем әдебиет, 1970
2.
Алмаханова Х. Жас өспірімдерге эстетикалық
тәрбие беру. Методикалық нұсқау.- Алматы, 1990.
3.
Әбілова З. Оқушыларға эстетикалық
тәрбие беру.- Алматы, 2002.
4.
Қамақ Ә.О. Нұржанова Г.Т.
Мұхамеджанов Ұлттық мектеп оқушыларын имандылық-
эстетикалық бағытта тәрбиелеу жүйесі.- Тараз, 2002.