ӘӨЖ  630*232.322.44:581.1     

 

Жоғарғы оқу орындарында болашақ мамандардың экологиялық білімін жетілдіру

 

         Алдабергенова Айзат., Тореқожаев Әлішер

 

 Қорқыт Ата атындағы биология мамандығы  магистранттары

       

 

Ел президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» даму стартегиясында халыққа экологиялық білім беру мәселесіне айрықша көңіл аударғаны баршамызға белгілі.

Экология – бұл әлеуметтік проблема. Оның қоғам өміріне әсері бүгінгі таңда өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Экология ғылымы соңғы кезде жеке тұрғысынан қарастырылып, табиғаттағы барлық өзгерістерді айнала қоршаған табиғи ортасы және адамның іс-әрекетімен байланыстырылып зерттейтін кешенді ғылымдарға, нақтырақ айтқанда барлық жаратылыстану ғылымдарының негізгі өзегіне айналып отыр. Қазіргі кезде ғалымдар экологияны өзіне жаратылыстану-ғылыми, әлеуметтік-гуманитарлық, техникалық және адамды қоса алғанда тірі жүйелердің өзара байланысы туралы өзге мәліметтерді қосып алатын интегралды ғылым деп айтады [1].

Экологиялық білім беру дегеніміз адамзат қауымының, қоғамның, табиғаттың және қоршаған ортаның үйлестігінің ең тиімді жолдарын ұрпаққа түсіндіру.

Мақсатына қарай экологиялық білім беру үш сатыда өтеді: кәсіптік білім беретін арнайы лицейлер мен колледждер; жоғары педагогикалық университеттер; жоғары оқу орындарынан кейін экологиялық білім мен тәрбие беру.

Екінші сатыда қоршаған ортаны қорғау саласында мұғалімдер әзірлеу – ең маңызды міндеттердің бірі. Оларға экологиялық факторлар және әлеуметтану мен адам экологиясының өзара байланысының негіздері туралы білім беру қажет. Болашақ мұғалімдер оқыту процесінде мынадай психология-педагогикалық әрекеттерді білуі тиіс: ақпараттың алынуы мен жинақталу процесін және оның адамдардың мінез-құлқы мен қарым-қатынасына әсерін, жергілікті табиғаттың материалын және мүмкіндіктерін пайдаланып қоғам мен білім беру орындарының өзара байланысын, экологиялық құндылықтарды қастерлеп, даулы мәселелерді шеше білуі қажет[2].

Экологиялық білім жалпыға ортақ мәселе. Жаратылыстану мамандығындағ ы студенттерге дәріс беруде, оқу үрдістеріндегі экологиялық білім мен тәрбие қоғамның әрбір мүшесіне бағытталып, оларға табиғатты қорғау, табиғатты тиімді пайдалану шараларын үйретуді көздейді [3]. Экологиялық білім берудің түпкі мақсаты – табиғат байлықтарына жауапкершілікпен қарайтын, экологиялық тұрғыда саналы жеке тұлғаны қалыптастырып, жетілдіру. Осыған байланысты студенттер мен білім алушыларға жаратылыстану пәндерін негізге ала отырып, сапалы экологиялық білім беру керек.

Қазіргі уақытта үздіксіз, кешенді, пәнаралық, экологиялық білім беру жүйесі бар. Білім беру жүйесін экологияландыру экологиялық түсініктерді, ұғымдарды, принциптер мен көзқарастарды  басқа  пәндермен  байланыстыру  және  экологиялық  білімі  бар әр  түрлі салалардың мамандарын айындаудан   көрінеді. Пәндерді экологияландыру мәселесі республикамыз бойынша жарық көрген оқулықтары мен әдеби деректерінде көрініп жүр. Әсіресе, жоғары оқу орындарының мемлекеттік стандартында көрсетілген типтік бағдарламалардан жұмыс бағдарламасын жасау кезінде экологиялық мәселелерге берілген тақырыптарға еліміздің, аймақтық, өлкелік экологиясына арналған материалдарды оқу үрдістерінде пайдалануға баса назар аударылса және оқу бағдарламасын жасауда осы мәселені басшылыққа алынса дұрыс болар еді[4].

Қазіргі кезде оқыту және тәрбиелеу жұмысының негізгі бағыты − студенттерге экологиялық білім беруді жүйелі ұйымдастыру. Мұндағы басты міндет – студенттерге табиғат өнімдерін пайдаланудың өнегелік және құқықтық ұстанымын сақтау, өзінің тұрғылықты жерінің табиғатын белсенді қорғау, оқып-үйрену дағдыларын қалыптастыру.

Студенттермен табиғатты қорғау жұмыстарын жүргізу әрбір оқыту процесін және әрбір аудиториядан тыс жұмыстарды дұрыс ұйымдастырғанда ғана белгілі бір нәтиже береді. Бұл екеуі де бірін-бірі толықтырып отыруы қажет.

Тек қана оқыту процесі студенттердің табиғи ортаны қорғауға деген жауапкершілігін үнемі арттыра алмайды, сондықтан табиғатқа сүйіспеншілікті оятуда аудиториядан тыс жүргізілген жұмыстардың маңызы ерекше. Бұл жұмыстар төмендегідей жүреді:

Үгіт-насихат жүргізу жұмыстары (дәріс, әңгіме); Экологиялық кештер, дөңгелек үстел, экологиялық апталық, экологиялық семинарлар мен конференциялар; Табиғи ортаны зерттеудің ғылыми жұмыстары (курстық және дипломдық жұмыстар).

Оқу процесі университетте екі негізгі бағытта жүргізіледі. Бірінші бағыт – жалпы теориялық, ол студенттерде экологиялық сана қалыптастырады. Екінші бағыт студенттерді экологияның зерттеу әдістерімен және қолданбалы экологияның міндеттерімен таныстырады.

Оқытудың жаңа технологиялық, компьютерлік модельдерін қолдану арқылы студенттерге ауқымды экологиялық мәселелерді шешуге және антропогендік факторлардың қоршаған ортаға әсеріне баға беретін оқу модельдері қолданылады.

Осыған орай айнала қоршаған табиғи ортаны қорғау саласында жоғары білімді, адамгершілігі мен құзыреттілігі, толеранттылығы жоғары мұғалімдер мен оқытушуларды даярлау – ең басты маңызды міндеттердің бірі. Оларға экологиялық факторлар мен қоғамның әлеуметтік-экономикалық жағдайын, адамзат, өсімдік, жануар және микроорганизмдер экологиясы пәндерін өзара байланыстыра отырып бере білу қажет. Болашақ жас маман – мұғалім қоршаған ортаның ауқымды проблемаларын толық жете игеріп және олардың негізгі көрсеткіштерін өздігінен анықтай білуі тиіс.

Экологиялық мәдениетті болашақ мамандарды даярлауда экологиялық тәрбие мен экологиялық білім беру жоғарғы оқу орындарының маңызды міндеті болғандықтан, жас білікті, саналы маманды дайындау үшін аталған оқу орындарында оқытушылардың біліктілігін арттыру жоспарлы түрде жолға қойылуы қажет.

Экологиялық білім XXI ғасырдағы болашақ мамандарды даярлаудың негізгі құрамды элементі болуы керек.

Экологиялық білім берудің маңызы оның мазмұнының студенттерге берілетін тәрбие жүйесімен сабақтастығында. Бұл сабақтастықтың негізінде берілетін  тәрбиенің өміршеңдігі жүзеге асып, білім берудің әр буыны, сатысы бір-бірінен бөлініп, жекеленіп қалмай, өткенмен де, келешекте берілетін біліммен де сабақтастықта жүргізілгенде, бала өткенді еске түсіру арқылы жаңаны қабылдауға ұмтылыс жасайды. Біз осының бәрін ескере отырып, білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие   сабақтастығының   құрылымдық   жүйесін құрдық. Жүйеде экологиялық тәрбиенің сабақтастықта жүргізілетінін, дидактикалық принциптерге негізделгенін көрсетеді.

Бүгінгі күні негізге алынып жүрген бағдарламаларда экологиялық білім беру жұмысы тоқсанға, айға, аптаға бөлініп берілгендіктен, біз 36 сағатқа арнап экологиялық тәрбие сабақтастығының күнтізбелік жоспарын жасадық. Әдетте тұжырымдама мазмұны өздігімен практикаға ендіріле қоймайтыны белгілі. Оны тиімді жүзеге асыратын – білім алушы. Біз осыны ескере отырып, зерттеу барысында «Экологиялық білім» атты арнайы курс бағдарламасын даярладық. Курстың мақсаты  экологиялық білім беру және меңгерген білім, іскерлік дағдыларын, білім беру жұмысында тиімді пайдалануға үйрету. Барлығы 24 сағат, оның ішінде 18 сағаты лекция, 6 сағаты семинар.

Білім беру процесінде сабақтастықта жүзеге асырылған бағдарламалар бойынша білім алып, іскерлігін шыңдаған студенттердің экологиялық білімі деңгейі арнайы жасалған модель арқылы зерттеліп отырды. Модель мотивациялық-құндылық, эмоционалдық-сезімдік, іс-әрекеттік компоненттерді, өлшемдер мен көрсеткіштерді  қарастырады  және   деңгейлерді   анықтайды .

Жоғары деңгей: табиғатты қорғау жұмыстарының мазмұнын түсінеді, ойын еркін жеткізе біледі, халық фольклоры жанрларын табиғаттың әсем көрінісін эмоционалдық сезіммен, қызығушылықпен қабылдайды. Қоршаған орта мен табиғатты қорғауға байланысты меңгерген білімін іс-әрекетте  белсенді пайдаланады, қоршаған орта, табиғат мәселелерін талдауда өзінің көзқарасын сенімді дәлелдей алады.

Орта деңгей: табиғатты қорғау жұмыстарының мазмұнын біледі, түсіндіре алады, халық фольклоры жанрларына, табиғат көріністеріне қызығады, табиғатты қорғауға байланысты  меңгерген білімін іс-әрекет түрлерінде пайдалануда қоршаған орта, табиғат мәселелеріне оқытушының көмегімен талдау береді, өзінің пікірін ашық көрсете алмайды.

      Төменгі деңгей: табиғатты қорғау жұмыстарының мазмұнынан түсінігі нашар, халық фольклоры жанрларына, табиғат көріністеріне қызықпайды, табиғатты қорғауға байланысты жүргізілетін мәселелерге талдау бере алмайды, меңгерген білімін іс-әрекетте пайдалануға құлқы жоқ.

Экспериментке 67 білім алушы (оның 35-і эксперимент тобында, 32-сі бақылау тобында) қатысты.

Анықтау эксперименті барысында үш компонент  бойынша (мотивациялық-құндылық, эмоционалдық-сезімдік, іс-әрекеттік) білім беру процесіндегі білім алушыларының алғашқы экологиялық білімінің деңгейлері анықталды.

Студенттердің экологиялық білімінің төмен деңгейде болуы, бізге студенттердің ғылыми-әдістемелік даярлығын және экологиялық білім, іскерлік, дағды деңгейлерін тексеруге түрткі болды, А.П.Усова белгілеген өлшемдердің негізінде жүргізген сауалнама нәтижесі:

        - студенттердің экологиялық белсенділігін дамытуға дұрыс көңіл бөлінбейтіндігін;

- бүгінгі таңдағы экологиялық тәрбие жұмысының қажеттілігін түсінбеуі мен бұл бағыттағы ғылыми негізделген ұсыныстардың әлі де болса жеткіліксіз екендігін байқатты.

Анықтау экспериментінің осы кезеңінде экологиялық тәрбиені жоғары оқу орнының тәрбие процесінде оңтайлы пайдалану жолдары айқындалды. Экологиялық тәрбие мазмұнының сабақтастыққа негізделген жүйесі құрылып, арнайы бағдарламалар жасалды, бағдарламаға сәйкес оқулықтар мен оқу құралдары дайындалды, студенттердің жас ерекшеліктеріне байланысты меңгерілетін экологиялық материалдар сұрыпталды, (олардың мазмұндық сипаты жоғарыда берілген экологиялық даярлығын жетілдіру жұмыстары ұйымдастырылды.

Қалыптастыру эксперименті үш кезеңде жүргізілді. 1-ші кезеңде алдын-ала айқындалған әдістемелік жүйе арқылы ұлттық тәрбие қағидалары мен жаңа педагогикалық технологиялардың негізінде экологиялық  тәрбие сабақтастығының әдістемесі үйретілді.  

Жұмыс жүйесі ғылыми-әдістемелік және ғылыми-теориялық семинарлар мен конференцияларды ұйымдастыруға, жаңа педагогикалық технологияларды, экологиялық тәрбие құралдарын, формалары мен әдіс-тәсілдерін қолдануға байланысты озық тәжірибелерді насихаттауға бағытталды.

Білім алушылардың экологиялық білімі әр түрлі әдістер арқылы тексерілді. Көрнекіліктерді пайдалану, мультимедия тақтасы (сұрақтарға жауапты сурет түрінде салып беру, өсімдіктің, жануарлар мен құстардың дене мүшелерін құрастыру, тірек сызба арқылы көрсету т.б.), білім алушыларды топ-топқа бөліп жарыстыру, белгіленген уақыт бойынша ақылдасып, белгі көрсету арқылы жауап беру.

Қалыптастыру экспериментінің барлық кезеңдерінде білім алушылардың табиғатқа деген қамқорлық қарым-қатынасын қалыптастыру арқылы экологиялық білімін жетілдіру мақсатында алдын-ала дайындалған жоспар бойынша тәрбие жұмыстары (экологиялық тақырыптағы тәрбие сағаттары, жарыс ойындары, суретке жарияланған конкурс түрлері, дөңгелек үстел т.б.) тұрақты өткізіліп, жұмыстың тиімділігі әр іс-әрекеттің соңында  бағаланды. Жұмыс барысында табиғат аясында білім алушылардың құрдастарының жағымды, жағымсыз іс-әрекеттерін әңгімелеуі, бейнелеп суретін салуы сияқты және т.б. жұмыс түрлері орындалды, әңгіме мазмұнының тақырыпқа сәйкестілігі, ойын түсініп жеткізе білуі ескерілді. Білім алушылардың мұндай жұмыстарына жасаған талдау олардың экологиялық тақырыпты түсініп, күнделікті өмірде пайдалана білуімен ерекшеленді, ал бұл олардың экологиялық білімінің анағұрлым  көтерілгенін байқатты.

Тәжірибелік-эксперимент жұмысының бақылау кезеңінде студенттердің экологиялық білімі деңгейін  байқау мақсатында  соңғы кесінді жүргізілді. Студенттерге анықтау эксперименті барысында тапсырмалар қайтара ұсынылды. Тапсырмалар нәтижесі студенттердің экологиядан  білім іскерлік дағдысының айтарлықтай деңгейде көтерілгенін, табиғатқа деген қызығушылығының  артқанын дәлелдейді.

Оны эксперименттің басы мен соңындағы білім беру процесіндегі студенттердің экологиялық білімі компоненттерінің даму деңгейінің көрсеткіштерінен және экологиялық білімі деңгейінің қорытынды динамикасынан көруге болады (кесте 1).

 

Кесте 1 - Студенттердің экологиялық білімділігі деңгейінің % көрсеткіштері (эксперименттің басы және соңы)

 

Компонеттер

Жұмыс кезеңдері

Эксперимент тобы- 49, бақылау тобы – 39 білім алушы

Жоғары

Орта

Төмен

ЭТ

БТ

ЭТ

БТ

ЭТ

БТ

Мотивациялық-құндылық

 Басы

 

-

 

-

 

28,1

 

30,6

 

71,9

 

69,4

 Соңы

 

25,9

 

-

 

63,8

 

31,2

 

10,3

 

68,8

Эмоционалдық-сезімдік

 Басы

 

-

 

-

 

30,9

 

28,2

 

69,1

 

71,8

 Соңы

 

20,6

 

-

 

67,3

 

32,6

 

12,1

 

67,4

Іс-әрекеттік

 Басы

 

-

 

-

 

27,7

 

29,2

 

72,3

 

70,8

 Соңы

 

16,6

 

-

 

72,1

 

34,1

 

1,3

 

65,9

Барлық компоненттер бойынша

 Басы

 

-

 

-

 

29,3

 

29,4

 

70,7

 

70,6

 Соңы

 

11,2

 

-

 

67,7

 

33,6

 

21,1

 

66,4

 

 

Қорытынды нәтиже бойынша: егер анықтау эксперименті барысында эксперимент тобында төмен деңгейді көрсеткен білім алушылардың саны пайызға шаққанда 70,7% болса, эксперимент соңында төмен деңгейді көрсеткен білім алушы саны 11,2%, орта деңгейдегі 29,3% болса, соңында 67,7%-ға көтерілді, жоғары деңгейді алғашында ешқандай білім алушы көрсетпесе, соңында олардың саны 21,1%-ке жетті. Бақылау тобында айтарлықтай өзгеріс болған жоқ.

Сонымен, педагогикалық эксперимент жұмысы білім беру процесіндегі студенттердің экологиялық білімі моделінің, оның өлшемдері мен көрсеткіштерінің, деңгейлерінің дұрыстығын, экологиялық тәрбие  сабақтастығы әдістемесінің тиімділігін дәлелдеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1.     Қазақстан Республикасының «Қоршаган ортаны қорғау туралы Заңы». 
Егемен Қазақстан. №151, 1997.

2.      Экологиялық білім бағдарламасы. Ы.Алтынсарин атындағы Қазақстан 
Білім академиясының республикалық баспа кабинеті. 1999, 127 б.

3.      Чилдибаев Ж.Б., Ермекбаева А.Т.,  «Студенттердің экологиялық білімін арттыруда инновациялық технологияларға бағытталған педагогикалық шарттар» , Қазақстан республикасы ұлттық ғылым академиясының хабарлары (Биология және медицина сериясы). - № 3. - Алматы, - 2015. - Б. 103-107.

       4. Чилдибаев Ж.Б.,   Аманбаева М.Б. Развитие исследовательской             деятельности при подготовке студентов- биологов в педагогическом вузе,

«Актуальные проблемы и результаты исследований в области биологического и экологического образования»  Россия, г Санкт -Петербург, 24-26 ноября 2015 г С. 223-226