Алтынбекова Б.Т.

 

№15 С.Сейфуллин жалпы орта мектебі, Мақтаарал ауданы, ОҚО, Қазақстан

 

Бастауыш сынып оқушыларының сөйлеу тілін дамыту


     Бүгінгі таңда қазақ мектептерінің өзекті мәселелерінің бірі – оқушылардың  тіл мәдениетін көтеру, сауатты жаза алатын, өз ойын айқын жеткізе алатын азамат тәрбиелеу.
     Бұл мәселе туралы көптеп айтылып та, жазылып та жатыр.
Мысалы, педагогика ғылымының докторы И.Нұғыманов пен 3.Қашқынбаева «Оқушының жеке тұлға болып дамуы мен алған білімін іске асыруда сөйлеу тілін, әрекетін, сөйлеу мәдениетін, әдебін қалыптастыру педагогиканың қазіргі кездегі көкейтесті мәселелерінің бірі болып табылады» - дейді. 
Қазақ зиялылары: А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Балақаев, К.Аханов, Т.Қордабаев, Ы.Маманов, Н.Уәлиев, Р.Сыздықова, А.Жапбаров, Ә.Болғанбаев, С.Исаев, А.Ысқақов, Р.Әміров, Қ.Жұбанов т.б. ғалымдардың еңбектерінде «тіл» ұғымының сан қырлы жағына тоқталады. Тіл табиғатының қыр-сырына терең жан-жақты үңілу – ғалым А.Байтұрсынұлынан бастау алып, Қ.Жұбанов зерттеулерімен өз жалғасын тапқан.
     Жас ұрпақты өзінің ана тілінде еркін, мүдірмей сөйлетіп үйрету үшін оқыту әдістемесін жетілдіре түсу − бүгінгі күннің аса маңызды мәселесі. Бүгінгі күннің тілек – талабы тұрғысынан білім мазмұнын жаңғырту, өмір талабына орай дамыта оқыту, оқытудың жаңаша әдіс-тәсілдерін қолданып заман ағымына жауап беруі мұғалімдерге жауапты істерді жүктейді. 
Бастауыш сынып оқушылары үшін тіл – білім алудың көзі болып саналады. Сондықтан да ата-аналар мен мұғалімдер баланың тілін дамытуың маңызын түсінуі тиіс. Оқушының тілінің дамуы жоғары болса, ол оның өмір жолында,
   сыныптастарымен қарым-қатынасына, сонымен қатар мектепте нәтижелі   оқуына әсер етеді.
       Сөйлеу тіліне ең алдымен, анықтама бере кетсек. «Сөйлеу тілі – күнделікті қарым-қатынаста пайдаланылатын әдеби тілдің бір түрі. Сөйлеу тлі белгілі бір жағдайда ауызба-ауыз тікілей жалғанатын қатынас тілі болғандықтан, ол сөйлеудің ауызша формасымен тығыз бйланысты болады. Ал ауызша сөйлеуде еркіндік басым келеді, яғни үйреншікті жағдайда адамдар емін-еркін сөйлейді. Сонымен бірге сөйлеу тілі жазбаша түрде де қолданылады.
Оқушылардың сөйлеу тілінің қабілеттерінің қалыптасуы және дамуының нәтижелі шарттары қандай? 
Ең бірінші шарт
, ол – қарым-қатынастың қажеттілігі. Демек, өз пікірімен немесе ақпаратпен бөлісу тілегі мен қызығушылығын туғызатын, сөйлеу тілінің ынтасын айқындайтын жағдайларды қалыптастыру керек.
Екінші шарт
, ол – қарым-қатынас ортасын құру. Қарым-қатынас ортасы – бұл ата-аналардың, жақындардың, достардың әңгімелері, көркем әдебиет, бұқаралық ақпарат құралдары, мұғалімнің сөйлеу тілі, оқулықтардың тілі... Сөйлеу тілі оқушыға қарым-қатынасқа түсуге және дүниені танып білуге көмектеседі.
      Бастауыш сынып оқушыларының сөйлеуге үйретуде психологияға сүйенбей болмайды. Сөйлеу тілін дамыту процесінде адамның еркі, есте сақтау қабілеті, ой-өрісінің дамуы, сезімі, қиялдай білу ерекшеліктері негізгі рөл атқарады. 
Бастауыш сынып оқушыларының сөйлеу тілінің дамуы әрдайым педагогикалық басшылықты қажет етеді. Сөйлеу тілін дамыту мен байытуда жүйелі жұмыс қажет. 
       Оқыту әдістемесін зерттеген ғалымдар оқытуда қолданылатын көрнекіліктің мынадай түрін ұсынды, олар: демонстрация, иллюстрация.
Оқытуды демонстрациялық негізде ұйымдастыру оқушылардың оқу материалын жеңіл әрі терең ұғынуына мүмкіндік туғызады, олардың ойлау әрекетін жандандырып, қосымша ақпараттар береді. Оқушылардың құбылысты және танымдық процесті, өздері белсенділік танытып оқып үйренсе, шын мәнінде бұл әдіс нәтижелі болмақ. Олар тарапынан мұндай қарым-қатынас оқыту процесінде проблемалық және ізденушілік жағдайға итермелейді.
Иллюстрация - демонстрация әдісімен тығыз байланыста болады. Бұл әдісті иллюстративті құралдарды (суреттер, сызбалар, портреттер, модельдер) көрсету қолданылады. Мысалы, қазақ тілі сабағында оқушыларға сурет көрсетіліп, оны сипаттау жұмысы немесе мәтін құрастрыу, не болмаса екінші бір суретпен салыстыру жұмысын орындатуға болады. Көрнекіліктер айшық түсті, барлық оқушыларға жақсы көрінуі тиіс және ол оқушының жас ерекшелігіне сәйкес келуі ескеріледі.
Сабақта қолданылатын түрлі көрнекіліктер оқушыларды әртүрлі ойлау әрекетіне бейімдейді. Түсіндірілген материалды саналы түрде меңгеруге ықпал жасайды.
     Бастауыш мектеп бағдарламасында балалардың жас ерекшелігіне байланысты тапсырмалар, жаттығу жұмыстары берілген. Сол сияқты тіл жұмыстары мәтіндерді оқу, оны мазмұндап айту, сұрақтарға жауап беру және шығарма, мазмұндама жазу арқылы жүзеге асырылады.
    
Жаңа сөздермен жұмыс тіл дамыту барысында ерекше орын алады. Оқушы әр сабақ барысында белгілі бір мөлшерде жаңа сөздерді меңгеруі тиіс. Сөйтіп, оқушылардың сөздік қоры молаяды. Сабақ барысында сөздерді жеке дара емес, белгілі бір жағдайға байланысты тақырып аясында қолдануға мүмкіндік жасалуы тиіс. Ахмет Байтұрсынұлының: «Тіл дамыту мәселесі тек қана грамматика заңдарына үйреніп, не болмаса, сөздерді балаға үйретіп қана емес, сөзді тіршілігінде көрсету барысында ғана шешуге болады», – деген тұжырымы бұған дәлел бола алады.
      Сөйлеу тілі мен сөздік қоры молая бастаған сайын бала айналадағы адамдармен, құрбылыас балалармен белсенді түрде сөздік қарым-қатынас жасайды. 
      Бала тілін дамытып қалыптастыруда өз ұлтымыздың ауызекі шығармашылығының тигізер ықпалы зор.
Халқымыздың ертегі, аңыз-әңгімелері, мақал–мәтелдері, жұмбақ, жаңылтпаштары, ойнақы, жеңіл тілімен беріледі. Балаға жаңылтпаш үйретіп, оны айтқызу сөзді дұрыс сөйлеуге әдеттендіреді, кейбір тілі келмей, бұзып айтатын дыбыстарды анық айтуға жаттықтырады. Ал жұмбақ айтқызу баланы тапқырлыққа үйретіп, ойлау қабілеті мен тілін ұштайды. Мақал-мәтелдерді пайдаланудың әдіс-тәсілдері көп. Сөйлеу тілін меңгерудің келесі жолы – кешенді оқыту. Ал оқушыларға арналған кешен: оқулық, фонограмма, күйтабақтар, үнтаспалар, бейнетаспалар, дидиактикалық үлестірмелік жаттығулар, сөздіктер т.б.
Қазақ тілі сабақтарында үнтаспаны қосу немемсе бейнетаспаны көрсету арқылы тақырыпқа шығуға болады. Тақырыпты тапқаннан кейін оқушылар алдарына мақсаттарды қояды. Сабақ барасында тақырып мазмұнына сай дидактикалық үлестірмелі жаттығуларды беруге болады. Мысалы, жұппен жұмыста өз көршіңмен бірлесіп диалог құру және оны сахналау. Бұл оқушылардың бір-бірімен қатынасын жақсартып, сахналауда тапқырлық пен ептелікттерін дамытады. Ал топтық жұмыста оқушыларға сурет бойынша ертегі құрастыру тапсырылғанда, олардың тек сөйлеу тілі ғана емес ойлау, қиялдау қабілеттері де дамиды. Топпен жұмыста тақырыпты меңгеру, бір-бірін тыңдау, ой бөлісу, қабылдау, қорытынды шығару қабілеттерін дамыту, достық, бірлік қасиеттерге баулу т.с.с сабақтың үш негізгі мақсаты орындалады. Шығармашылық тапсырмада оларға эссе жазу, немесе постер құру сияқты тапсырмалар беріледі, яғни бұл жерде олардың ойын жүйелеу, талдау және оны көркем сөйлеу арқылы жеткізу қабілеттері дамиды.