МСЭ.ғ.к., доцент Шомшекова Б.К.

І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

ЭКОНОМИКАЛЫҚ  ЫҚПАЛДАСУ  ЖАҒДАЙЫНДА  ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ САЛЫҚ  ЖҮЙЕСІН  ДАМЫТУДЫҢ  ӨЗЕКТІ  МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

    Әр елдің салық жүйесі сол мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жағдайын сипаттайтыны белгілі. Қазақстан Республикасының (ҚР) салық жүйесі тәуелсіздік  алған 22 жыл барысында қалыптасып,  экономиканың қазіргі даму деңгейін құра алды. 

  Енді үстіміздегі ғасырдың орта тұсына қарай  ҚР экономикасын әлемнің дамыған 30 ел қатарына енуі және халықаралық қауымдастық  құрамында болу жағдайындағы салық саясатының стратегиялық бағыттары айқындала бастады. Оны «Қазақстан-2050» стратегиясы-қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында «Біз салық әкімшілігін ырықтандыру және кеден әкімшілігін жүйелендіру саясатын жалғастыруға тиіспіз. Салық есептілігін жеңілдетіп, әрі мейлінше азайту қажет.

    Біз нарық қатысушыларын салықтан жалтару жолдарын іздеуге емес, бәсекелестікке  ынталандыруымыз керек»-деп атап көрсеткен болатын [1].

    Осыдан  ҚР салық жүйесінің алдында әлемдік қауымдастыққа енуіне байланысты оған мүше елдермен салық салу жөніндегі сәйкестіліктің болуы интеграциялық процестердің дамуына және  отандық экономиканың бәсекелестік қабілеттерін арттыруда маңызды. Мысалы Қазақстанның Кедендік Одаққа (КО) енуіне байланысты елімізде бірлескен кәсіпорындар аясында бизнесті дамыту үшін соңғы Салық кодексінде негізгі салықтар бойынша елеулі өзгерістер болғаны белгілі.

   Одан басқа үш мемлекет - Қазақстан Республикасы (ҚР), Беларусь Республикасы (БР), Ресей Федерациясы (РФ) арасында қысқа мерзімде КО құруға бірнеше шарттар оң әсер еткен болатын, олар:

· шекаралық пунктердің біртіндеп қазіргі сыртқы елдер талабындағы кедендік қызмет және шекаралық әскери тәртіптеріне сәйкес келуі;

· кедендік төлемдер, салықтар мен баждар бойынша өзара тең және ашық есептесулер жүйесінің құрылуы;

· көліктік  инфрақұрылымның  дамуы  және оның арзан  болуы.

       Осы жағдайлар 2010ж.  КО нақты жұмысын бастап кетуіне мүмкіндік құрды. Сонымен бірге КО жұмысының қысқа уақыт ішінде  іске асуына елдер арасындағы 180 астам түрлі бағыттардағы халықаралық келісімдердің дер кезінде  қабылдануы ықпалын тигізді. 

    Ресми мәліметтерге жүгінсек 2012ж. КО мүше мемлекеттер арасындағы сыртқы сауда бойынша тауар айналымы 383,6 млрд. долларды,  оның ішінде экспорт бойынша-254,7млрд., импорт -128,9млрд. долл. құрады.

    Нәтижесінде Қазақстан, Беларусь, Ресей арасындағы толыққанды КО  құрылуы  аталған мемлекеттер үшін геосаяси  және экономикалық тиімді  бағыт болып, бизнес бірліктер мен тұрғындар үшін сипаты мен мерзімі және қолжетімділігі тартымды болып отыр.

         Құрылған келісім бойынша Қазақстанның басқа Кеден одағына  қатысушы-елдердің ішінде инвесторларға арналған бірқатар артықшылықтары бар және Ресей, Беларусь елдерінің салықтық жүйесімен салыстырғанда Қазақстанда салық салу  едәуір либералді деп айтуға болады [2]. Оны төмендегі КО қатысушы елдердегі салық түрлері мен ставкаларынан көруге болады.

      1-кесте. Кедендік одаққа қатысушы елдердегі салық түрлері және ставкалары

Салық түрлері

Қазақстан

Ресей* 

Беларусь

ҚҚС

12%

18%

20%

КТС

20%

20%

24%

КТС, Кедендік одақтың резиденттерінің  дивиденттері

0%

9%

12%

КТС, резидент еместің табысы

20%

20%

24%

КТС, резидент еместің табысы (тұрақты өкілеттіксіз)

20%

20%

15%

КТС, резидент еместің девиденті (тұрақты өкілеттік арқылы)

15%

15%

12%

КТС, резидент еместің пайыз түріндегі  табыстары (тұрақты өкілеттіксіз)

15%

20%

5-10%

КТС, резидент еместің роялти түріндегі табыстары  

15%

20%

15%

КТС, резидент еместің халақаралық тасымалдаудан түскен табыстары

5%

20%

6%

КТС, резидент еместің  тәуекелдіктерді  сақтандыру шарттары бойынша табыстары

10%

20%

15%

КТС, резидент еместің  тәуекелдіктерді қайта сақтандыру шарттары бойынша табыстары

5%

20%

15%

КТС, басқа Кедендік одаққа мүше-елінде қызметін атқаратын Кедендік одаққа қатысушының табыстары (тұрақты өкілеттіксіз)

Төлеу көздеріне салынбайды

Төлеу көздеріне салынбайды

Төлеу көздеріне салынбайды

ЖТС (жеке тұлғалар)

10%

13%

12%

ЖТС, (жеке тұлғалар) резидент емес (Кедендік одаққа қатысушы елдерді қоса)

5-20%

9-30%

12%

Әлеуметтік табыс

11%

жойылған

жойылған

Мүлік салығы

1,5%

2,2%

1%

          

          Берілген мәліметтерден ҚР жеке тұлғалардың табысына салық, халықаралық  тасымалдау және қайта сақтандыру,  резидент еместердің  корпоратвтік табыс салығы (КТС), Кеден одағына қатысушы-елдердің резидентімен дивидент түрінде алынған КТС, қосылған құн салығы (ҚҚС)  бойынша артықшылықтары бар.  Одан басқа, Қазақстанда  КО қатысушы басқа елдерде жойылған, әлеуметтік салық төлененіп, ҚР Арнайы экономикалық аймақтарына (АЭА)  инвесторларды тартуда   мемлекеттік жеңілдіктер берілген.

         Қазақстанның АЭА қатысушылары барлық салық түрлерінен босатылған, ал Ресейде оның төменгі мөлшері 13,5%  табыс салығы, Белорусияда 12% және 10% ҚҚС салығы салынады. Сонымен бірге ҚР Салық кодексіне 2011 ж. енгізілген өзгертулер бойынша   АЭА  қызметiн жүзеге асырушылар   тұтынатын тауарларға ҚҚС  босатулар ескерілген.

1-     кесте. Кедендік одаққа қатысушы елдердегі АЭА айналасындағы мемлекеттік жеңілдіктер

Жеңілдіктер

Қазақстан

Ресей

Беларусь

КТС

0%-10 жылға дейін

мин. 13,5%

12%- 5 жылға дейін

ҚҚС**

0%-10 жылға дейін

0%-20жылға дейін

10%- 5 жылға дейін

Мүлік салығы

0%-10 жылға дейін

0%-5 жылға дейін

0%- 5 жылға дейін

Жер салығы

0%-10 жылға дейін

0%-5 жылға дейін

0%- 5 жылға дейін

Кеден  баждары

барлық мерзімге босату

босату

босату

       «Кедендік одақтың  (БР, ҚР, РФ) құрылуы, жер қойнауын пайдалану саласында талап етілетін қазақстандық өнімдердің бәсекеге қабілеттігіне ықпалының бағасы»   бойынша ақпараттар елдер арасындағы жағдайларға байланысты толықтырылып және жарияланып отырады.

    Бүгінгі күні Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың (ЕЭҚ) құрылуы оған  енетін мемлекеттер  арасындағы экономикалық   интеграциялық үдерістердің әлемдік деңгейде тереңдеуін білдіреді. Осыған байланысты отандық салық  заңдылықтары мен салық саясатын және нормативтік-құқықық актілерді  халықаралық интеграциялық бағыттардағы талаптарға сай  құру, онымен үйлесімді дамуы  объективті  қажеттіліктен туындайды. 

   Жалпы Еуразиялық экономикалық қауымдастықты құрудың  алғышарттары  КО  дамуына байланысты қалыптасты және оның негізгі белгілері: бірыңғай кедендік территория; үшінші елдермен бірыңғай сауда режимі; КО кірген мелекеттер арасында өзара сауданы кедендік рәсімдеудің жоюылуы; кедендік бақылауды сыртқы шекараға шығару; кедендік тариф және тарифтік емес жүйені бірыңғай реттеу.

          Сонымен бірге осы бағыттардағы әлеуметтік-экономикалық ықпалдасудың басты факторлары: халықаралық шаруашылық байланыстардың тереңдеуі, елдер арасындағы тауар айналымы мен жұмыс күші, капиталдың ағылымы және т.б. Олар өз кезегінде әр елдің салық жүйесіне өзгерістер әкеліп, шаруашылық жүргізуші субъектілер мен  жеке мемлекеттердің сыртқы экономикалық қызметтердегі  бөліністік қатынастарына ықпал етеді [3].

   Сондықтан ЕЭҚ енетін елдер арасындағы халықаралық байланысты дамытуда елдердің салық саясатындағы төмендегі өзекті мәселелердің шешімін табуы керек, олар:

 1) ЕЭҚ елдер арасында салық  заңдылықтарындағы сәйкестілікті қалыптастыру;

2) ЕЭҚ  мемлекеттердің салық жүйесіндегі   реформалар бойынша  өзара келісімдерді  құру;

3) мемлекеттер арасындағы экономикалық қатынастарды дамытудағы салықтық кедергілерді жою.

       Аталған шаралардың интеграциялық  қатынастардың  кезеңдеріне сәйкес   өз ара келісілген және үйлесімділікте болуы  орынды болмақ.

        Мысалы, ҚҚС  бойынша түсімдер барлық мемлекеттерде қомақты үлеске ие.  Сондықтан   ЕЭҚ  мүше- мемлекеттер арасында  кедендік тіркеу жоюылған жағдайларда   жанама салықтар  бойынша, оның ішінде ҚҚС  салудың қағидаларын бірыңғай сәйкестендіру мен   салық әкімшілігін құру арқылы қосарлап салық салуды болдырмау, өз кезегінде салықтан жалтаруға жол бермейді.  

         Осыдан алдағы уақытта ЕЭҚ  мүше- мемлекеттер арасында салық саясатын жүргізудегі ортақ келісімдер мен жеке мемлекеттердің салықтық құқықтары мен нормативтік-актілерінде  бірыңғай қағидалар арқылы өзара сәйкестілік пен үйлесілімділікті құру және оны  дамыту арқылы экономикалық ықпалдасудың тереңдеуіне және халықаралық байланыстардың нығаюына  негіз болады деген ойдамыз. 

 

       Әдебиеттер

1        Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы // Экономика,2012. - №52,21-26 желтоқсан

2        Ресейге қарағанда, Қазақстанда  БК құру тиімді // http: //camng. kz/ru/ review 

3        Ермекбаева Б.Ж. Проблемы гармонизации налоговых систем в рамках  ЕврАзС (электронный ресурс)- http://www.rusnaka. com/10. ENXXIV /2007/Economics/217447. doc. htm