Бейсенбекова Г.Б. п.ғ.к., доцент

Серіков Т.Ш. магистр

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті. Қазақстан.

 

Дене мәдениеті – спорттың мектеп жасына дейінгі балалардың танымдық іс - әрекетінің дамуына ықпалы

 

 

Заманның жаңа даму сатысында білім беру жүйесі қоғамның жаңа экономикалық саясат, әлеуметтік және интеллектуалдық деңгейіне сай келуі тиіс. Осыған орай білімнің мақсаты, мазмұны және оны оқыту тәсілдері қайта жетілдіру, оқу жүйесін реттеу, ұйымдастыру мәселелері зерттеліп, өз шешімін табуды қажет етеді.

Баланы тәрбиелеу мен оқытуда мектепке дейінгі ұйымның орны ерекше. Заманауи талаптарына сәйкес мектепке дейінгі ұйымның дамуы әр қилы қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді шешуді қамтамасыз етуі керек. Яғни, денсаулығы мықты, дене сапалары, дене бітімі қалыптасқан адам ғана өз қимыл-әрекетін өмірлік маңызды міндеттерді шешуде шығармашылық бағыт ұстана отырып, белсенді өмір сүруге қабілетті болады.

Дене мәдениеті білім мен тәрбие беру саласының басты міндеттерінің бірі бола отырып, баланың жан-жақты дамуына, күшті де қуатты болып өсуіне себепші болады.

«Дене мәдениеті» деген ұғым жалпы мәдениеттің жеке бір бөлігі. Тұжырымдап айтқанда дене мәдениеті жалпы халық мәдениетінің құрамдас бір бөлігі болып, қоғамның материалдық, рухани құндылығының жиынтығын құрап, ол адамдардың дене шынықтыру жүйесін жетілдіру үшін құрылып және оларға қызмет етуі тиіс[1].

Дене мәдениеті адамды дамыту, тәрбиелеу және жетілдіру мақсатында жеке тұлға мүмкіндіктерін, табиғаттың жаратылыс күштерін, ғылымның адам туралы жетістіктерін, медицинаның, гигиенаның, анатомияның, физиологияның, психологияның, педагогиканың, әскери істердің және т.б. нақтылы ғылыми зерттеу нәтижелері мен нұсқауларын пайдаланады.

Дене мүмкіндігі жағдайы дене дамуы, балалардың дене дайындығы мен денсаулық жағдайы көрсеткіштерінің жалпы саны бойынша бағаланады.

Дене дамуы бой, салмақ, кеуде оралымы, бұлшық ет жүйесінің дамуы, сол сияқты өкпенің өмірлік сиымдылығы, кеуде қаңқасының қозғалмалылығы, бұлшық ет күші, икемділік сияқты морфологиялық көрсеткіштерін сипаттайды. Дене дамуының деңгейі сыртқы тексеру мәліметтері бойынша анықталады.

Балалардың дене даярлығы әр жақты қозғалыс қабілеті, дене және қолданбалы дағдылардың үйлесімді даму деңгейін алдын ала болжау қажет  етеді.

Дене дайындығы күшті, шапшаңдықты, төзімділікті және әбжілдікті дамытатын дене жаттығуларымен жүйелі шұғылдану әсерінен жетілдіріледі.

Дене жаттығулары балалар ағзасының қызметтік жағдайын елеулі жақсартады. Жаттығуларды орындау балалардың  жүрек-қан тамыры жүйелері әртүрлі жүктемелерде қалыпты сезінеді, қан айналу жүйесі органдарының үнемді жұмысымен сипатталады. Өкпенің арттырылған көлемі қанды оттегімен жақсы қамтамасыздандырады және оның қорғаныс қасиетін арттырады, яғни басқа да ағза жүйелері мен органдарының қызметіне қолайлы әсері байқалады. Жаттығудың әсерімен кеуде қаңқасының оралымы иық және сан бұлшық еттерінің көлемі артады.

Алайда, дене мәдениетін арттыруда бала психологиясын, яғни танымдық іс әрекетінің дамуын білу қажет. Ғалым И.М.Сеченов психологияның табиғат туралы басқа ғылымдардың ішіне қосылуы, яғни оның дүниесі қоршаған ортаның әсер етуі барысында жүретін «психологиялық қызметтерді қалыптастыруды зерттеу дүниесі» ретінде қарастырды. Отандық психологтардың жүргізген жұмыстарындағы психологияның рефлекторлық концепциясы, И.М.Сеченовтың дамытылған материалистік қозқарастары сыртқы құбылыстардан оқшауланған ішкі әлем туралы ғылым болуын доғарды. Адам психикасы ішкі дүниенің ең бастапқы қасиеті ретінде емес тіршілік қызметіндегі ұзақ уақыттар нәтижесі ретінде, яғни оның даму үдерісінде ағза сыртқы ортамен өзара белсенді әрекеттестікте болады, оған бейімделеді және оның дұрыс әлемінде көрінеді[2]. Сыртқы ортаның оңды әсер ету көрінісі мен қызметінде пайда болады, яғни оны психикалық деп атауымызға болады. Осындай бейнеде психикалық процестер, дене мәдениеті мен спортта ерекше орынға ие. Дене мәдениетіне оқытып, үйрету процесінде маңызды психологиялық ғылым сүйенетін негізгі ұғымдар: түйсік, қабылдау, ойлау, ес, зейін, елестету, сөйлеу.

Түйсік дене мәдениеті дағдыларын қалыптастыруда орны ерекше десек, онда түйсік адамның бірінші танымдық қабілетінің баспалдағы болып табылады. Түйсік бұрын сезім органдарына әсер еткен нысандардың бейнелерін көзге елестету түрінде із қалдырады. Түйсік – мидың жүйке орталығын қоздыру және сезім органдарына олардың әсері нәтижесінде пайда болатын шындықтың жекелеген қасиеттерінің көрінісі. Түйсіктің пайда болу нәтижесі – сезімталдықтың пайда болуы[3].

Дене мәдениеті және спортпен шұғылдану барысында, егер түйсік қажетті және пайдалы жүктемемен сәйкес келетіндей мөлшерленіп, белгіленген болса, олар дұрыс болғаны және бала істелінген дене еңбегінен қанағаттану сезімін алады. Жаттығу кезінде алынатын әртүрлі стимул беретін қоздырғыштарға байланысты түйсік жекелеген түрлерге бөлінеді. Оларға мыналар жатады: бұлшық ет жүйелерінің жағдайы туралы ақпарат беретін перцептивті түсіну және ішкі органдардан түсетін интероцептивті түйсік, сол сияқты уақыт, үдеу, жалпы соматикалық жағдайы туралы ақпарат әкелетін түйсіктің спецификалық түрлері. Сондықтан стимул түрлерінің әртүрлі дене қозғалыстарымен дене жүктемелерін меңгеру барысында белгілі бейнеде уақытпен белгіленген және есепке алынған болуы тиіс. Көп жағдайда спорттық нәтижелер бұған байланысты болады. Биологиялық белсенділіктің көрініуі ретінде түйсік жаттығуда беріледі. Дене жаттығуларын орындау барысында түйсікті қабылдайтын және беретін сезім органдарының жұмыстарын уақытша жандандыру тәсілдерін меңгеру маңызды. Бұған қыздырыну, реттелетін тыныс алу, жоғары және төменгі температурада денені ысқылау, биологиялық белсенді нүктелерге массаж жасау және т.б. жатады.

Қабылдау – адамның өзін қоршаған әлемде объективті шындық пен бағдардың көрсететілуін қамтамасыз ететін ақпараттарды қабылдау және қайта өңдеп даярлаудың күрделі процесі. Қабылдау (түсіну) қандайда бір дене жаттығуларын үйрену барысында жекелеген қозғалыс әрекетін немесе берілген заттың бейнесі түрінде алға шығатын тұтас заттардан немесе құбылыстан алынатын әртүрлі түйсіктерді байыппен түсініп (шешім қабылдау) қорыту болып табылады.

Қабылдаудың дамуы барлық сезім органдарының жетілуімен, яғни тәжірибенің, білімнің артуымен, зердемен, көзге елестетумен, ойлаумен, назар аударумен, сезіммен және ерік жігермен байланыстарды күшейтумен қамтамасыз етіледі[3].

Қабылдаудың орнықтылығы оқытып үйрету және жаттығуды орындау барысында әртүрлі бейнедегі дене қимылдарын есте сақтаудың орнықтылығымен, жылдамдығымен, оларды жекелеген жаттығуларды орындауды қалыптастырумен байланысты.

Ойлау өзіне әрекет және бағдарлау-зерттеу, қайта жасау және танымдық сипаттағы операциялар ендірілген жүйені болжалдайтын ерекше бейнедегі теориялық және практикалық қызмет.

Ойлау – адам ұғымының ең жоғарғы сатысы. Ол танымның сезімдік сатысына тікелей қабылдауы мүмкін емес ақиқат әлемнің нысандары, қасиеттері және қатынастары туралы білім алуға мүмкіндік туғызады[3].

Дене мәдениеті мен спортта әрекетті, оның бір ізді жүйелілігін, күшін, жеке мүмкіндігіне сәйкес сезімдік күштенуін, спорттық шаралардағы, жаттығудағы, жарыстардағы объективті жағдайлар есепке алынуын байыпты саралаусыз жоғары спорттық нәтижеге жету мүмкін емес.

Ойлау заңдары мен формалары логикада, ал оның жүру механизмдері психология мен нейрофизиологияда оқытылады. Кибернетика ерекшелігі адамның дербестігін анықтайтын кейбір ойлау қызметінің үлгілеу міндеттерімен байланысты дүние тануды талдайды.

Үлгілеу спорттық әрекеттің жасалынуы және оның нәтижесі туралы алдын ала ойша көзге елестету, спортшының өзінің спорттық қызметін ұйымдастыруының маңызды тәсілі. Ол өзінің жеке мүмкіндіктерімен өз дене дайындығы мүмкіндіктерінің ерекшелігінен шығатын жекелеген дене қозғалыстарын орындауды үлгілей алатын спортшылардың жоғары спорттық нәтижеге жетуге мүмкіндік жасайды.

Ойлау баланың жауапкершілік сезімін, ерек-жігер сапаларын жоғары деңгейге көтереді.

Дене мәдениеті мен спорттағы зейінділік – бұл спортшы-баланың бір нысанды оқып, зерттеу мақсатындағы өзінің танымдық ой өрісін ұйымдастыру қабілеті[3].

Зейін  еріксіз (сылбыр) және ерікті (белсенді) болып бөлінеді, яғни нысанды таңдау кезінде зейінділік (назарды) саналы түрде, әдейі аударылады. Оның сипаттамалары: орнықтылық, қадала көңіл аударушылық, көлем (қысқа уақыт сәтіндегі қатынаста ұғынылып, есте қалуы мүмкін, нысандардың саны), үлестірілуі (бір мезгілде әртүрлі қызмет нысандарын сана аясында ұстай білу), ауыстырып қосу мүмкіндігі.

Дене мәдениеті мен спортта назарды дамытуға үлкен маңыз беріледі. Спортшы- бала, жаттықтырушының көрсеткен қозғалыс әдістеріне ерекше назар салып, түсініп қабылдаса, ол солғұрлым түсінгендерін тез өзінің жеке практикалық қызметіне өздігінен ендіруге кіріседі.

Спортшының қоршаған орта жағдайы жағынан бөгеттер, өзін нашар сезінуі сияқты тітіргендіргіштерге көңіл бөлмей және дене даярлығы міндеттерін орындауға назарды  шоғырландыра алуы болып табылады.

Ес қоршаған әлем жайлы адам әсер алады, белгілі дәрежеде із қалдырады, есте сақталады, бекиді, ал қажеттілік және мүмкіндік туындағанда көз алдыңа келеді, еске түседі[3].

Ес (жады) – ақпаратты ұзақ уақыт бойы сақтау және оны сапа және іс әрекет аясына көп рет ендіру қабілеттілігінің көрінетін жүйке жүйесінің негізгі қасиеттерінің бірі, яғни бұрынғы тәжірибені еске түсіру қабілеті.

Ес еркімен және еріксіз, тікелей және жанама түрдегі, қысқа уақыттық және ұзақ уақыттық болып айырмаланады, естің ерекше түрлері: моторлы (жад-дағды), көңіл-күйлік, сезімдік немесе аффективті (сезім жады), бейнелік және сөздік-логикалық. Естің (жадтың) бұл түрлерінің әрқайсысы дене мәдениеті мен спорттан білім беруде кең ауқымда қамтылған.  Еріксіз назар аудару әдетте өз командасы мүшелерінің немесе басқа спортшылардың жұмыстарын бақылаумен байланысты. Еркінше жадта сақтау спортшыға оқып, үйренетін спорттық қозғалысты барынша дәл еске түсіру және тез көңіл аударуға жәрдемдеседі.

Елестету – басқа психикалық үдерістерден бөлек тұрған, сонымен бірге еске түсіру, ойлау және жадтың арасындағы аралық қалыпты атқаратын адам психикасының ерекше формасы.

Елестету (фантазия) – шын мәнінде адамның ешқашанда бүтіндей қабылдамайтын, ұғымды және ойына туындаған жағдайларды жасаудан тұратын психикалық қызмет. Жаңадан жасау және шығармашылық елестету болып бөлінеді.

Репродуктивті елестету- алдын ала оқытып, үйрету және жаттығу үдерісінде меңгерілген түріндегі ақиқатты көрсету. Көзге елестету арқылы адамдар мыналарды өмірге әкеледі: суретші-картиналарды, конструктор-құрылыстарды, спортшылар елестету арқылы жоғары спорттық нәтижелерге жетудің жаңа инновациялық тәсілдерін жобалайды. Спортшы өзінің жеке потенциалдық базасын кеңейту барысында адам өзінің көз алдына елестеткен «өнімдерін» өмірге әкеледі.

Дене мәдениеті мен спортта елестетудің арқасында спортшы- бала өз қызметін сапалы түрде жоспарлайды және үлгілейді, сонымен бірге оны басқарады. Елестету спорттық күтілмей туындаған жағдайда бағдар алуға және жаттықтырушы  тарапынан тікелей араласусыз міндеттерді шешуге мүмкіндік туғызатын көрнекі-бейнелік ойлаудың негізі болып табылады. Елестету тәртіп бойынша фантазия, ойдан құрастыру элементтері, спортшының дербестігінің  көрсетеді.

Сөз-адамның қатынастық (коммуникативтік) түрлерінің бірі, оны ұжымның басқа мүшелерімен қарым-қатынас жасау үшін тіл құралы ретінде пайдаланады[3].

Қарым-қатынас құралы ретінде сөздің арқасында адамның жеке санасы тек оның жеке тәжірибесін ғана көрсетіп қоймайды, яғни сөздің мазмұны басқа адамдардың тәжірибелерімен байытылады, сонымен бірге сезім органдары арқылы жүзеге асырылатын сөйлеусіз, тікелей танымдық процестерді елеулі дәрежеде бақылауға мүмкіндік туғызады.

Дене мәдениеті мен спортта спортшы-бала сөздің көмегімен оқу материалын оқып, зерттейді, оқу-жаттығу сабағы кезіндегі жаттықтырушының тарапынан берілген тапсырмалардың талаптарын меңгереді, бір-бірімен өзара түсіністікте қызмет атқарады және қарым-қатынас нәтижесінде өзіне және қасындағыларға әсер етеді.

Жоғарыдағы зерделей келе, мектепке дейінгі ұйымдарда оқыту және тәрбиелеу процесіндегі дене мәдениеті мен спорт жүйесінің негізгі міндеттері:

- баланың дене сапаларын дамыту және жетілдіру;

- балаға, дене мәдениетінің негізгі қолданбалы дағдыларын меңгерту;

- баланың тұлғалық қасиеттерін тәрбиелеу (батылдық, шешімшілдік, тапқырлық, табандылық, жігерлілік, ұстамдылық, байсалдылық, ұжымшылдық сезімі,өзара жолдастық көмек беру);

-бала денсаулығын нығайту және ағзасын шынықтыру.

 

Әдебиеттер:

 

1.            Мұхаметжанов Б.Қ. Болашақ дене мәдениеті мамандарын кәсіби дайындаудың ғылыми-педагогикалық негіздері 13.00.08 - Кәсіптік білім беру теориясы мен әдістемесі, педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты.Түркістан, 2008

2.       Демеуов Ж.Д., Байназарова Б.Я., Алиакбарова З.М., Бекетаев А.М. Мектепке дейінгі балалардың анатомиясы физиологиясы және гигиенасы.-Алматы: Білім, 1995

3.            Бап – Баба С. Б. Жалпы психология: Жантану негіздері Алматы, 2002