К.ф.н.
Солтанбекова А.А.
Институт
Языкознания имени А.Байтурсынова, г. Алматы
Зат есімнің
түрлену жүйесін меңгертудегі ерекшеліктер
Зат есімнің түрлену
жүйесі жайлы тек 7-сыныпта толығырақ түсіндіріледі. Кей
кезде оқушылар сөздің тәуелдеуі мен жіктелуін шатастырады.
Сөздің тәуелденуі деп белгілі бір заттың кімнің
меншігі екенін білдіретін грамматикалық белгі. Яғни меншіктік, тәуелділік
мағына бірінші орында тұрады. Жіктеу мен тәуелдеуде де үш
жақ болады. Ал сол тәуелдік мағына беретін арнаулы қосымшалар
тәуелдік жалғауы деп аталады. Менің, сенің, сіздің,
оның деген есімдіктерге меншіктік мағына үстейтін (-нің,
-ның, -дың, -дің, -тың, -тің) жалғаулар
міндетті түрде жалғанады (менің үйім, сенің үйің,
сіздің үйіңіз). Ал жіктелу үлгісінде жіктеу
есімдіктерінің жалаң күйінде өзі ғана тұратындығын
нақтылап айтып кету керек (мен ұстазбын, сен ұстазсың,
ол ұстаз). Зат есімнің жіктелу үлгісін 4-сыныптан бастап оқытады.
Бірақ қазақ тіліндегі жіктік жалғауының жекеше, көпше
түрі екінші жағынан анайы, сыпайы түрі бар екендігі оқытылмайды,
тек жіктік жалғаулар баяндауыштың қай жақ екеніне
байланысты жекеше, көпше түрде жалғанады дей келе төмендегідей
сызбасын ұсынады:
4-сынып қазақ
тілі оқулығы
|
|
жекеше |
көпше |
|
І жақ |
-бын, -бін |
-быз, -біз |
|
|
-мын, -мін, -пын,
-пін, |
-мыз, -міз, -пыз,
-піз |
|
ІІ жақ |
-сың, -сің |
-сыңдар, -сіңдер |
|
ІІІ жақ |
– |
– |
Қазақ грамматикасы (2002)
|
|
жекеше |
көпше |
|
І жақ |
-бын, -бін |
-быз, -біз |
|
|
-мын, -мін, -пын,
-пін, |
-мыз, -міз, -пыз,
-піз |
|
ІІ жақ |
-сың, -сің |
-сыңдар, -сіңдер |
|
|
-сыз, -сіз |
-сыздар, -сіздер |
|
ІІІ жақ |
– |
– |
108-жаттығудың
тапсырмасы: түбір зат есім мен тәуелдеулі зат есімнің
жіктелуінде айырмашылық бар-жоғын айт. Біріншіден сөйлемнің
құралуында қателік бар (жіктелуіндегі айырмашылықтың
бар-жоғын айт немесе жіктелуіндегі айырмашылықты көрсетіңіз
деп жазған дұрыс деп есептейміз). Тәуелденген зат есім мен түбір
күйіндегі зат есімді жіктегенде міндетті түрде айырмашылық
болады. Оқушыға ең бірінші тәуелденген зат есімнің жіктелу үлгісін көрсету
керек. Қандай критерилері бар, мұндай зат есімнің жіктелуінде
қандай ерекшеліктер бар екендігін түсіндіріп барып жаттығу жұмысын
беру қажет. Олар:
1)
тәуелдіктің І-жағының жалғауы
қосылған сөзге ешуақытта жіктік жалғауыдың
І-жағының қосымшасы жалғанбайды, тек екінші жақтың
жалғауы ғана жалғанады. Мысалы: сен оқушымсың,
сіз оқушымсыз, сендер оқушымсыңдар, сіздер оқушыларымсыздар.
2)
тәуелдіктің ІІ-жағының жалғауы
қосылған сөзге ешуақытта жіктік жалғауыдың
ІІ-жағының қосымшасы жалғанбайды, тек І-жақтың
жалғауы ғана жалғанады. Мысалы: мен оқушыңмын,
мен оқушыңызбын, біз оқушыңызбыз, біздер оқушыларыңызбыз.
3)
тәуелдіктің ІІІ-жағының жалғауы
жалғанған сөзге жіктіктің бірінші, екінші жақтарының
жалғаулары жалғана береді: мен оқушысымын, сен оқушысың,
біз оқушысымыз, сіз оқушысыз, біздер оқушыларымыз, сендер оқушыларысыңдар,
сіздер оқушыларысыздар. Тура осындай қате тұстарды
113-жаттығудан да кездестіреміз. Оқушының жас ерекшелігін
ескермеген, қабылдауына, берілген тапсырманы түсінуге, оны орындап
шығуға қиындық келтіретін материалдар
кездеседі. Тәуелдеулі зат есімнің жіктелу үлгісінің
ерекшеліктерін, заңдылықтарын түсіне қою 4-сынып оқушысы
үшін қиынға соғады.
Оқушыға әуелі
зат есімді түрлендіретін тұлғалар оның жалғаулары
деп септік, тәуелдік, жіктік, көптік категориялары жайында айтпас бұрын
жалғау дегеніміз не соған бірінші түсінік беріп кеткен дұрыс
болар.
Көптік жалғауының
функциялық ерекшелігі зор. Тілімізде көптік категориясы және
көптік жалғауы бар. Осы екі ұғымның арасын ашып
алған жөн. Көптік категориясы үш түрлі жолмен
беріледі: лексикалық тәсіл, морфологиялық тәсіл және
синтаксистік тәсіл. Мектеп бағдарламасы бойынша көптік жалғауына
сағат 7-сыныптан толығырақ берілген. 7-сыныпқа дейінгі
оқулықтарда арнайы көптік жалғауына сағат бөлінбеген.
Тек лексикалық мағынасы көптік ұғымды білдіретін
сөздерге көптік жалғауы жалғанбайды: мал, мұнай,
газ, тары т.б. деп қана бір сөйлеммен көптік категориясы
жайлы жазады. Ары қарай толығырақ, нақтырақ мысал
келтіре отырып оқушының санасына сіңдіру қажет.
7-сыныптың оқушысына тіліміздегі лексикалық, синтаксистік,
морфологиялық тәсілдерді түсіндіре кету керек. Лексикалық
тәсіл деп көптік ұғымды сөздің өзінің
тікелей лексикалық мағынасы
арқылы білдіру тәсілін айтады (санауға келмейтін заттардың
аттары: су, сүт, қымыз). Синтаксистік тәсіл синтаксистік
тіркестер арқылы беріледі (бала-шаға, кәрі-жас, ата-ана). Көптік
ұғымдардың сөздерге тиісті қосымшалар қосылу
арқылы берілу жолы морфологиялық тәсіл деп аталады ( -лар,
-лер, -дар, -дер, -тар, -тер). Жалпы көптік деген ұғым қандай
мағына беретіндігін негізге ала отырып барып көптік жалғауын
түсіндіру қажет. Тек қана -лар -лер -дар, -дер көптік
жалғауларымен шектеліп қалуға болмайды.
Бағдарлама
бойынша зат есімнің морфологиялық белгілері ІІ сыныптан бастап оқытылады.
Бастауыш мектептің ІІ сыныбында зат есімнің жекеше, көпше түрі,
көпшенің морфологиялық белгісі өтіледі де, ІІІ-ІҮ
сыныптарда бұл қайталанып оқытылады. Ү-сынып оқушыларына
зат есімнің жекеше, көпше түрлері бастауыш мектептің өзінде
таныс болғандықтан, енді оларды грамматикалық тұрғыдан
түсіндіру қажет. Бұл үшін бірдей заттың жеке және
бірнешеуі бейнеленген суреттерді пайдалануға болады. Мұғалім
солардың мағынасын түсіндіру арқылы зат есімнің
жекеше, көпше түрі болатынын аңғартады. Зат есімдердің
жекеше, көпше тұлғада жұмсалатыны, заттың көптігін
білдіру үшін көптік жалғауы жалғанатыны туралы ережемен
таныстырады. Сонымен қатар оқушыларға көптік жалғауының
қосымшаларын, олардың сөздерге жалғану варианттарын
шатастырып алушылық және неліктен бір жалғаудың түрленіп
вариантқа бөлініп кету заңдылықтарын мектеп қабырғасынан
үйретудің маңызы зор.
Оқушылар қазақ
тіліндегі зат есімнің жалғаулар жүйесін меңгеру арқылы
ойлау және сөйлеу әрекетін дамытуға мүмкіндік
алады. Сөзге жалғанған қосымшаны дұрыс жалғамай,
тілдің грамматикалық құрылысын меңгеру мүмкін
емес. Сол себепті қазақ тілінің септік, көптік жіктік,
тәуелдік категорияларды теориялық тұрғыдан меңгерте отырып,
практикалық тұрғыдан қолдана білуге үйретудің
маңызы зор.
Әдебиет:
1. Қазақ тілінің грамматикасы. – Алматы, 2002.
2. Қазақ
тілі: Жалпы білім беретін орта мектептің 4-сыныбына арналған оқулық.
–Алматы: Атамұра, 2012.