Қазанбаева
Айнагүл Зикировна (канд.фил.наук, доцент),
Алипбаева Лаура Айбекқызы
Карагандинский государственный университет им. ак. Е.А.Букетова, Казахстан
М. МАҚАТАЕВ
ПОЭМАЛАРЫНДАҒЫ КӨРКЕМДЕУІШ ТӘСІЛДЕРДІҢ ҚОЛДАНЫСЫ
Мақалада
қазақ тіліндегі көркемдеуіш тәсілдердің
көркем шығармада берілу ерекшеліктері қарастырылады. Көркемдеуіш
тәсілдердің берілу жолдары Мұқағали
Мақатаев поэзиясының негізінде талданады. Көрнекті ақын М.
Мақатаевтың тілдік-көркемдік тәсілдерді қолдану
шеберлігі туралы айтылады.
Қазіргі қазақ поэзиясының талантты ақындарының бірі де
бірегейі Мұқағали Мақатаев еді. Ол
ұлтымыздың, туған халқының арман – мақсатын
терең түсінген, мұңын мұңдап, жоғын
жоқтап жазған ақиық ақынымыз.
Көрнекті
ақын М. Мақатаевтың поэмаларындағы тілдік-көркемдік
тәсілдерді қолдану шеберлігін айқындай отырып, олардың
мәтіндегі берілу жолдарын қарастыруды мақсат еттік.
Теңеу
– құбылысты басқа нәрсемен салыстыру арқылы
сипаттау тәсілі. Әр нәрсені салыстыру негізінде жасалатын
бейнелі сөздер, туынды мағыналы сөздер, құбылту
түрлері аз емес. Олардан теңеудің айырмасы – мұнда
салыстыру тура, айқын көрінеді. Мысалы: басы қазандай (болып), жүрегім аттай тулап т.б
поэзиядағы теңеудің айырмасы, онда тек белгісіз нәрсені
белгілі, қарапайым нәрсемен салыстыру арқылы түсіндіру
мақсаты қойылмайды. Айтылып отырған нәрсені
көркемдеп сипаттау, ұқсастықты көре білу
арқылы ойды өткір, әсерлі етіп жеткізу жағы басым
болады. Поэзияда теңеудің үлкен суреткерлік шеберлікті
танытатын, ақынның ойлау, сөйлеу мәнеріне, стиліне
сәйкес туатын келісті үлгілері аз кездеспейді. Теңеу таным
құралы болумен қатар, эстетикалық категориялардың
да бірі болып табылады. Өйткені адамның көркем
ойлауының, соған орай көркемдік танымының аса
қуатты құралдарының бірі – көркем әдебиетті
теңеулерсіз көз алдыңа елестету мүмкін емес.
Теңеу барлық халықтың фольклорында да, жазба
әдебиетінде де кеңінен орын алып, әдеби персонаждардың
портреттерін жасауда, табиғат көріністерін суреттеуде, кейіпкерлердің
мінез-құлқын, іс-әрекеттерін сипаттауда, басқа да
толып жатқан жай-жағдаяттарды баяндауда ұтымды стильдік
тәсіл ретінде мейлінше мол қолданылады. Көпшілік
ғалымдардың пікірі бойынша, теңеу атаулының бәрі
бірдей тіл біліміне объект бола алмайды. [1, 11].
Теңеу
дегеніміз – ұқсас, ортақ белгілердің негізінде бір
затты екінші затқа салыстыру арқылы сипатталушы
нәрсенің бейнелілік, көркемдік, эмоционалды – экспрессивтік
сапасын күшейтетін, сол нәрсені жаңа қырынан,
поэтикалық қырынан танытатын әрі стильдік тәсіл,
әрі танымдық құралы [6, 7].
Сол сияқты Мұқағалида -тай, -тей, -дай, -дей
тұлғалы теңеулері табиғат суреттері,
құбылыстары, аң-құс атаулары позициясынан теңестіріледі. Мысалы,
ақынның мына бір өлең жолдарында:
Жолбарыстай атылып
тізгінді алдың,
Жігіт жүрек
қыз едің, жігіт жүрек, – делінеді.
Бұл жерде ақын «жолбарыстай»
теңеуімен жылдамдықты суреттесе, «жігіт жүрек» сөзі де әдемі теңеу
тұлғасына келеді. Осы теңеудегі негізгі ерекшелік онын
әрекетпен байланыстылығынан көрінеді.Бұған халқымыздың біртуар ақыны
Мұқағали Мақатаевтың поэмаларындағы
теңеулерді жатқызсақ болады. Ақын «Ару ана»
поэмасында теңеулерді мағынасын ауқымды әрі
терең етіп қолданады.
Сұрапылдай
сұсты еді суық тағы,
Бұрыс жолдан тағдыры бұрылтпады.
Алып ұрды
алдына, шыдатпады,
Жолбарыстай атылып, бір
аттады.
Барлық назар Құрманда, таң
көреді,
Сүмбедей
сұңғақ бойлы, паң денені.
... Осы сәтте ойпатта үздік – создық,
Шуатылған
шудадай шаң келеді.
Қыза – қыза өртеніп
шоқтанған күн
Нарттай жанып,
батуға жуықтапты [2, 191].
«Сұрапылдай», «жолбарыстай», «сүмбедей»,
«шуатылған шудадай», «нарттай» теңеулері – дай, - дей, - тай теңеу жасайтын
жұрнақтармен жасалып, өлең жолдарына үйлесімділік
беріп тұр.
Мұқағали
өз өлеңдерінде теңеулерді талғампаздықпен
пайдаланып, әрқайсысы көзге бүтін бір сурет алып
келетіндей етіп қолданады. Сондықтан
да ақынның жырлары оқырманын селт еткізбей қоймайды.
Мұқағали
поэмаларындағы келісті терең теңеулердің үлгісін
«Қашқын» поэмасынан айқын көруге болады.
Паналаған қарағай бүріменен
сабайды,
Бұлақ -
тентек баладай келекелеп
қарайды.
Үлестіріп жасауын, енші беріп еліне,
Жатыр әне сол дала тандырдай боп нан жапқан.
Сенің үшін кең дүние қауыздай боп тарылған,
Қарындағы қару емес, қарғыс
таңба тағылған.
Жалмауыздың
оқпанындай опырайған үңгір тұр,
Ол осында таңды күтіп, бүгін тағы
түнейді [3, 216].
«Тентек баладай», «тандырдай», «қауыздай»,
«жалмауыздың оқпанындай»
теңеулері – дай жұрнағы арқылы жасалып, жыр жолдарына
ерекше мағыналық реңк беріп тұр. Ақын осы
теңеулерді өз орнымен және әрқайсысын эмоциямен
түрлендіріп жасап, теңеулердің қайталана бермес
түрлерін жасаған. Әр ақынның өзіндік жеке
қолданыстағы авторлық сөздері болатыны белгілі, осындай
қолданыстар Мұқағалида көптеп кездеседі.
Жоғарыда айтылған ойларымызға дәлел болу үшін
ақынның «Аққулар ұйықтағанда»
поэмасынан бірер мысал келтіре кетсек:
Өзен де жоқ сыймаған арнасына,
Жылға да жоқ даламен жалғасуға.
Таста тұнған жаңбырдың тамшысындай,
Қалай біткен мына көл тау басына?!
«Сарқытындай
өлімнің қалған қарға,
Екеу болса, дүние – ай, арман бар ма!...»
Келеді ана қарабет
қарақшыдай,
Ел мен жерден біржола аласталған [3, 124].
«Жаңбырдың тамшысындай», «сарқытындай
өлімнің», «қарабет қарақшыдай» – бұл
теңеулер Т. Қоңыров айтқандай зат есімге -дай
жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалып, осы жыр
жолдарын толықтырып, өлең жолдарына негіз болып
тұрғанын көреміз.
Эпитет
(сипаттама) – заттың, не құбылыстың айрықша
белгісін, қасиетін білдіретін бейнелі сөз. Эпитет – заттың,
құбылыстың айрықша сипатын, сапасын анықтайтын
суретті сөз. Эпитетсіз тіпті айтарыңды анықтау, суреттеп
отырған нәрсеңді нақтылау қиын [4, 222]. Мысалы, кеш
деген сөз жалпы ұғымды, тәуліктің белгілі бір
кезін, уақыт мезгілін білдіреді. Ал қысқы
кеш, не қоңыр кеш
десек, ол көзге елестетерліктей нақтылы бейне. Көптеген
эпитеттерде ұлттық бояу-бедер болады. Мысалы: алма мойын, бота көз, қолаң шаш, қоңыр
дауыс, ақша бет деген сияқты бейнелі сөздерді
алсақ, мұндағы сипаттамаларда қазақ
поэзиясындағы, сөз өнеріндегі көркем ойлау
жүйесіне тән өзгешелік бар. Эпитет ойды айқын, толымды
жеткізу қызметінің өзімен-ақ әрқашан
экспрессивті десек, тосын тіркестік қолданыс оның әсерлілігін
күшейте түседі [5, 240].
Бұлар қалыптасқан эпитеттер десек, поэзияда әр
ақынның өз қолтаңбасын танытатын әсерлі,
күрделі эпитеттер мол кездеседі. Соның нақты мысалы ретінде
поэзияда өзіндік орны бар М.Мақатаевтың «Ару ана»
поэмасындағы эпитеттерді атай аламыз:
Кезбе
өмірі делбе етіп кер кедейді
Кез келген қиырларға лақтырған.
Жалғыз қара үзіліп, суырылды,
Қара
жолдың апшысы қуырылды.
Жалғыз атты жолаушы қара қасқа,
Адуынды неме екен алақашпа.
Еліме күшік
күйеу болам десе,
Атын әкеп байласын мамағашқа.
Ей, өлепат
ит өмір, естисің бе?
Торға түскен торғайың шырылдайды.
Көзің қайда, көк аcпан, көремісің,
Жарылсаңшы, осыған көнемісің?
Қарақшы, сұм
қарақшы... затың құрсын!
Өлдім, апа... естімей жатырмысың?..[2, 188 - 190]
«Кезбе өмірі», «кер кедей», «қара жол»,
«қара қасқа», «күшік күйеу», «өлепат ит
өмір», көк аспан», «сұм қарақшы» эпитеттері
Мұқағалиден бұрын қолданылғанымен де,
ақын оларды өлең
жолдарында түрлендіріп, тек бейнелілік мағынасында қолданбай,
астарлап береді. «Кезбе өмірі»,
«кер кедей», «қара жол», «қара қасқа», «күшік
күйеу», «өлепат ит өмір», көк аспан», «сұм
қарақшы» деген
сөз тіркестері жыр жолдарын ажарландырып, өлең мазмұнын
толықтыра түседі.
Мұқағали
поэзиясының тілінде эпитеттер өте мол ұшырасып, мәтінге
айрықша стильдік қызмет етеді. Мұқағали
эпитеттерді жасағанда, заттың қасиетін жай ғана
анықтап қоймай, бейнелеп, әркімнің ойына келе бермейтін
сөз тіркестерін жасайды. Мысалы:
Ақынның «Аққулар ұйықтағанда»
поэмасында кездесетін эпитеттер:
Көмейінде тәтті үні былай
қалып,
Жаға – талда
жас бұлбұл тұр ойланып.
Жер бетінде
тыныштық, көл бетінде
Қауышыпты қара орман, көл де,
түн де.
Дүрліктірме
жұртыңды, салма бүлік!
Кім білсін,
мүмкін, бәрі жалған
үміт...
Аққу
мойын, сүмбе қанат,
Алаңсыз тарануда күнге қарап.
Көл бетінде көлбеңдеп жаралы аққу,
Ұша алмайды, ұшпақ боп күш
қылады.
Ей, ақша бұлт,
Жаулығыңмен оларды жасыр барып [3, 127].
«Тәтті үн», «қара орман», «жалған
үміт», «аққу мойын», «сүмбе қанат», «жаралы
аққу», «ақша бұлт» - эпитеттері жайдан жай қолданыла салмаған, бұл
тіркестер адамның не заттың, не
табиғат құбылыстарының сөз арқылы
ерекшеленуін, белгілерін анық, көз алдыңа елес арқылы
түрлі қозғалысқа енгізеді. Ақынның қолданған
эпитеттері сурттеген оқиғасына сай қолданылған.
Қорытындылай келгенде, Мақатаев қолданған
әрбір көркемдеуіш тәсіл өз мағынасын толық
ашып, ақынның сөз қадірін жетік білетіндігін
көрсетеді. Әр сөз, сөз тіркесі мәтін ішінде
айқын көрініп, тілге жеңіл әрі оқырманға
түсінікті, ұғуға оңай берілген. Поэмаларында
көркемдеуіш тәсілдерден теңеу көптеп кездеседі
және олардың жасалу жолдары Т. Қоңыров
классификациялаған -дай, -дей, -тай, -тей
жұрнақтарының адамзат, жан-жануарлар, табиғат
құбылыстарына жалғануы арқылы жасалған.
Ақын лирикасында көркемдеуіш тәсілдерді молынан
қолданған.
Біріншіден, Мұқағали жалпыхалықтық
теңеулердің мағынасын өзгертпей орынды және
көп қолданған.
Екіншіден, эпитеттерді де жеткілікті түрде қолданып,
өзінің сөздік қорының мол екенін көрсетеді.
Үшіншіден, М. Мақатаев пайдаланған көркемдеуіш
тәсілдер өз қызметін толық орындап, оқырманның
көңілінен толықтай шыққандығын байқай
аламыз.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1. Қоңыров Т. Тұрақты теңеулер сөздігі.
– Алматы: Арыс, 2007.
2.
Мұқағали
шығармалары. 1 том. – Алматы: Жалын, 2006.
3.
Мұқағали
шығармалары. 2 том. – Алматы, Жалын. - 2001.
4.
Қабдолов З. Сөз
өнері. – Алматы: Жазушы, 1983.
5.
Нұрмұқанов
Х. Сөз және сезім. – Қарағанды: Болашақ-Баспа,
2010.
6. Нұржекеева Л. Метонимияның
лингвистикалық табиғаты. – Алматы: Қазақ университеті
баспасы, 1992.