Ф. ғ. к.  Есіркепова Кенжегүл Қабылғазықызы

Қостанай мемлекеттік педагогикалық инстиуты, Қазақстан

               

Тілдің  ықшамдалу  қызметі                                                                  Көркем шығарма тілінің ұйқасымдылығына, тартымдылығына қызмет ететін синтаксистік-стильдік тәсілдердің бірі – парцелляция құбылысы, яғни сөйлем ішінде айтылуы тиіс бір сөздің немесе сөйлем мүшесінің сөйлемнен оқшау,  өз алдына жеке сөйлем ретінде берілуі. Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы көрнекті ғалым А.Байтұрсынұлы мұндай құрылымдарды «іргелес сөйлем» деп атайды [1,30]. Қазақ тіл білімінде бұл құбылысқа мынадай анықтамалар беріліп жүр: «Парцелляция дегеніміз – фразаны (ойды,  сөйлемді) бөлшектеп, соған қатысты бір сөзді не тексті жеке өз алдына аулақтатып орналастыру» [2,118].

Жалпы сөйлем мүшесі де, сөз тіркесі де, құрмалас сөйлемнің әрбір сыңары да тек сөйлемде ғана қолданылады. Олар сөйлемнің ішінде ғана қызметке ие болады да, жеке-жеке тұрып, ондай қызметке ие бола алмайды.

Әдетте жай сөйлем мен қосалқы синтаксистік топтың негізгі айырмашылығы - бірінің дербестігі, екіншісінің дербессіздігі. Сонда қосалқы синтаксистік топтар өз алдына оқшау қалпында синтаксистік объектіге арнайы жата қоймайтын категория болып шығады. Ол синтаксистік топтар тек басқа, яғни алдыңғы сөйлемнің ажырамас бір бөлігі немесе соны жан-жақты айқындайтын категория ретінде қолданылады.

Парцелляция жеке сөзді, сөз тіркесті, сөйлемді болып, өзі қатысты сөйлемнің, біріншіден, айрылмас бір бөлшегі іспеттес, екіншіден, мағыналық жағынан тиянақтаушы, үшіншіден, сөйлемнің өн бойына, не жеке бір мүшелігіне қатыстылығы, төртіншіден, бірақ ол қатысты сөздермен әдеттегі айқындауыштар сияқты тұлғалық жағынан кейде ұқсас, кейде ұқсас еместігімен де ерекшеленеді.

Ешкімге, ешнәрсеге мұқтаж болмайды. Бітті, бітті, жоқ, жоқ(11том, 228).

Сөйлеуші сөз қолданысы кезінде өзінің жеткізер ойын өз мақсатына сай кейде қысқа әрі нұсқа беруге тырысады да, сөйлеу актісін жеңілдетеді. Зерттеу еңбектерден байқағанымыздай, бұл құбылыс тілдің барлық деңгейінде кездеседі. «Қысқа, ықшам қолданыстарға фонетикадағы ассимиляция, редукция құбылысы, синтаксистегі парцелляция, эллипсис және біз қарастырып отырған контаминация құбылыстары жатады. Мәселен,

Алақай, жазгелді!    Трактор сынып, соған запас бөлшектер қажет боп қапты (М.Мағауин).

Бейшеннің мына бір әні тек маған арналғандай. Маған ғана сыр шерткендей. Мен бұл әнге құмармын! Ынтықпын! (І.Жақанов).

Ошаған би жан-жағына қарағыштап, қою қасы тікірейіп, ашудан күйіп отыр (С.Сматаев). Аудан жарысына Айдын, Ербол, Жарас бармақ (Ауызекі тіл)»[17, 18].

Келтірілген  сөйлемдердегі айқындалған сөздер осы құбылыстарға жатады. Сөйлеу барысында, бұл құбылыстардың қай-қайсысын алсақ та, жеке сөз, ары кеткенде сөз тіркесі бойында жүзеге асады, ал контаминацияда екі сөз тіркесі немесе екі сөйлем бірігіп, бір тұтастыққа айналады.

Тіл жүйесінде ықшамдалу құбылысының бірнеше тәсілі бар. Соның бірі біз қарастырып отырған контаминацияға ұқсас синкретизм тәсілі болып табылады. Синкретизм құбылысы тілдің барлық саласынан дерлік (лексика, грамматика, синтаксис), яғни қызметі әртүрлі сөздер мен грамматикалық формалардың тілдің даму барысында тұлғалас келуі ерекше орын алатыны байқалады. Десек те синкретизм құбылысы жоғарыда көрсетілген тілдік деңгейде әртүрлі тұлғада көрініс табады. Яғни олардың өзіндік ерекшеліктері бар. Себебі контаминацияның да деңгейлік сипаты бар екендігіне зерттеу барысында көз жеткіздік.

Синкретизм сөзінің беретін мағынасы шет тілдер сөздігінде қосылу, біріктіру, бірлестіру мағынасындағы грек сөзі екендігі жайлы айтыла келіп, оның екі түрлі мағынасы берілген:

1) қандай да бір нәрсенің жетілмеген алғашқы қалпын сипаттаушы бірліктердің бөлінбейтіндігі. Мысалы, билеу, өлең айту және ән бір бүтін болып қолданылған алғашқы өнер синкретизмі;

2) әр текті элементтерді қосу, араластыру.

Тіл білімінде синкретизмге берілген анықтамалар көп. Олардың бәрінің басын біріктіріп тұрған мынадай ортақ белгілері бар:

1)  тіл жүйесінде бөлек екі немесе одан да көп семантикалық белгінің бір формада қатар көрініс табуы;

2) грамматикалық категориялары әртүрлі сөздердің тілдің даму барысында бір формада жұмсалуы;

3) қосу, біріктіру, бірлестіру;

4) сонымен бірге, синкретизм құбылысы тек тілдік қана құбылыс емес. Ол басқа да ғылымдарда, атап айтқанда, философияда, өнерде, әдебиетте, дінтануда т.б. көптеген ғылымдарда кездеседі.

Синкретизм – кең мағынада мәдени шығармашылық түрлерінің, яғни өнердегі тек пен түр, жанрлардың және олардың жанрлық түрлерінің о баста бөлінбей, бірлікте болғанын білдіреді.

Қазақ тіл білімінде синкретизм құбылысы тарихи лексикология, тарихи морфология тұрғысынан академик Ә.Т.Қайдар, профессор Е.З.Қажыбеков, М.Т.Томанов секілді ғалымдар тарапынан сипатталды. Зерттеушілер ертеде есім сөздердің де, етістіктің де қызметін жарыса атқарған синкретті түбірлерді зерттеу еңбектерінің нысаны етіп, синкретті көне түбірлердің бүкіл түркі тілдеріне ортақ екенін тарихи-салыстырмалы әдіспен дәлелдейді.

Біздің саралауымызша, синкретизм тарихи қалыптасу барысындағы құбылыс болса, контаминация сөйлеуде (речте) болатын құбылыс, яғни пайда болуы жағынан синкретизм құбылысы көне. Олардың енді бір ерекшелігі бірінде формалық сыйысу болса, бірінде мағыналық сыйысу басым тұратын сияқты. Бұл екі құбылыстың да тіл бірліктерінің туындауына, күрделенуіне, яғни деривация құбылысына қатысы бар екендігін байқадық.

Н.Уәлиұлы тіл біліміндегі контаминация құбылысын фразеологиялық нормамен байланысты қарастырады. Ғалым: «Фразеологизмдердің лексикалық құрамын жаймалап қолданудағы ерекше бір тәсіл – екі бөлек фразеологизмдердің кейбір сыңарларын, әсіресе, қайталанатындарын түсіру арқылы бір бүтін етіп жұмсау. Мысалы, сөйлеу дағдысында шыбын жан, қу жан тәрізді фразеологиялық түйдек кейбір фразеологиялық орамдармен сыйыстырыла жұмсалып, фразеологиялық бір бүтінге айнала бастайды» [3, 52-53 б.б.], - деп оған мынадай мысал келтіреді: Ей Қыдырбай, жылаған мен жаны күйген бүгін кеп тұрған. Біз қу жанды шүберекке түйіп кеп тұрмыз, білдің бе? Сен де шараңнан аса берме (М.Әуезов). Бұл мысалдағы берілген қу жанды шүберекке түю мынандай екі тұрақты тіркестің сыйысуы арқылы жасалған: қу жанын қоярға жер таппау + шыбын жанын шүберекке түю.     Тілдегі синтаксистік, семантикалық және прагматикалық ережелер бір-бірімен өте тығыз байланыста болады. Тілдің жүйесін толық білу үшін бұларды жеке қарастыру жеткіліксіз.

Тілдік фактілерді экстралингвистикалық және қатысымдық ортада қарастыру тілдің сөйлеу кезіндегі қолданылуымен тығыз байланысты. Жеке жалаң тұрған сөйлемді емес, сөйлеу үстіндегі сөйлемді (лебізді) зерттеу синтаксисте жаңа теориялардың қалыптасуына негіз болды

                       

                               Пайдаланылған әдебиеттер :

 

     1.            Байтұрсынұлы А. Әдебиет танытқыш. -Алматы: Атамұра, 2003. -208-б.

     2.            Ақылбаева Г.И. Контаминация құбылысының тілдегі көрінісі. Филол. ғ.к.  ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты.Алматы, 2008

     3.            Уәлиев Н. Фразеология және тілдік норма. – Алматы, 1998. - 128 б.

     4.            Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. – Алматы : Ғылым, 1977. – 712 б.

     5.            Ақыжанова А. Қазіргі қазақ тіліндегі парцелляция құбылысы.          Филол.ғыл.канд...дисс: Алматы, 1999,110 б.