Ф.ғ.к. Есіркепова Кенжегул Қабылғазықызы

 

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты, Қазақстан

 

                       Фразеологизмдердің құрылымдық  қызметі

 

Фразеология мәселелері жалпы тіл білімінде, оның ішінде түркі тілдерінде, қазақ тіл білімінде жан-жақты қарастырылып келеді. Түркітанудағы фразеология туралы зерттеулер ХХ ғасырдың елуінші жылдарынан басталады. Тіл білімінің фразеология саласын жеке пән ретінде қалыптастыруда, оның зерттеу нысаналарын айқындап, тілдегі орны мен табиғатын айқындауда теориялық тұжырымдар жасап, қомақты еңбектер жазған ғалымдардың, түркітанушы мамандардың, сонымен қатар қазақ тіл білімінде іргелі еңбектерімен ғылым көкжиегінен орын алған фразеологиятанушыларды атап өтсек: тілдік жүйе, құрылымдық тұрғыдан қарастырған І. Кеңесбаев, Ә. Қайдар, фразеологизмдердің сыртқы және ішкі құрылымындағы дыбыстық, мағыналық, семантикалық, әуезділік үйлесімін т.б. архитектоникасын талдап ашып беруде С.Сәтенова, фразеологиялық бірліктердің тілдік нормасын және одан уәжді, уәжсіз ауытқулардың түрлері мен типтерін айқындауда Н.Уәли т. б. еңбектерін айтуға болады. Фразеологизмдерді құрылымдық тұрғыдан зерттеу кезінде оның құрамындағы сөздердің мағынасын ашу, этимологиялық талдау жасау, варианттарын көрсету, синонимдік қатарын анықтау тәрізді мәселелерді Г.Смағұлова, лексика-фразеологиялық жүйедегі бірліктерді Ж.Манкеева және т. б. ғалымдар зерттеу жұмыстарын жаза отырып,  тіл ғылымына өзіндік жаңалықтар енгізді.

Қазақ тіл білімінде фразеологизмдер тұрақты тіркес, фразеологиялық бірлік, фразеологиялық тіркес, фразеологиялық орам, фразеологиялық тұлға, фраза сияқты атаулармен аталып жүр. Фразеологизмдерді зерттеу барысында тұрақты тіркестерді тар және кең мағынасында түсіну деген ғылыми ұғым қалыптасқанын байқадық.

Осыған байланысты белгілі ғалым Н. Уәли де өз көзқарасын білдіреді: «Кейбір зерттеушілер, фразеологизмдерді тар мағынасында түсінушілер, фразеологиялық единицаға тек фразеологиялық түйдек пен фразеологиялық шоғырды ғана жатқызады. Фразеологизмдерді кең мағынасында түсінушілер, осы аталған үш типке қоса, фразеологиялық тізбектерді де (мақал, мәтел, номинатив атаулар, күрделі терминдер) фразеология құбылысына жатқызады» [1,110]. Ал    Ә. Болғанбаев пен Ғ. Қалиев фразеологизмдерді тар және кең мағынада төмендегіше топтастырады: тар мағынада – фразеологиялық тұтастықтар (идиомалар, фразеологиялық түйдектер), фразеологиялық бірліктер, фразеологиялық тіркестер, фразеологиялық сөйлемшелер; кең мағынада – қос сөздер, қосар тіркестер (параллель фразеологизмдер), коммуникативтік тіркестер, номинативтік тіркестер, мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, жаңылтпаштар, жұмбақтар, көркем мәтін үзінділері, фольклорлық тұрақты сөз үлгілері, сәлемдесу жоралғылары [2].

 Қазақ тіл білімінде фразеологизмдерді фразеологиялық бірлік, фразеологизм, фразеологиялық тіркес, тұрақты тіркес, фразеологиялық оралым, фразеологиялық тұлға, фраза т.б. деп синоним ретінде қолданып жүр. Фразеологизмдерді кең мағынада түсінуді жақтаушылардың пікірін қолдай отырып,  Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы қолданылуы тиянақты, мағынасы тұтас, дайын қалпында жұмсалатын тілдік бірліктер фразеологизмдердің стильдік қызметі ерекше.

Осы тұрғыдан профессор Б. Қасым: «Фразалардың құрамы тұрақты, олар тілдің бұрыннан қалыптасқан даяр бірліктері болып табылады. Күрделі лексемалар сарымай, шашбау т. б. деген күрделі атауларды ешқандай сөзбен, синониммен айырбастай алмаймыз. Фразалық тіркес пен күрделі атау құрамындағы сыңарлардың мағыналық тұтастық белгісі жағынан ұқсас келеді. Фразалық тіркес бұрыннан бар атаулардың (сөздердің) – эмоционалды-экспрессивті бояуы қалың синонимі болып, образдылық қасиеті басым келеді де, ал күрделі атау өзі білдіретін ұғымның бірден-бір атауы»,-дейді. Ғалым фразалық тіркестер мен күрделі атаулардың өзіндік айырмашылықтарын көрсете отырып, күрделі тілдік құбылыстардың бірі – фразеологиялық тіркестер екенін, олардың бөлектұлғалануы; құрылымындағы сөз ретінің тұрақтылығы; сыңарларының тіркесімділік тұрақтылығы сыртқы белгілері болып табылатынын айтады [3].

Ал ғалым Р. Авакова: «Лексема атауыштық мәнде жұмсалса, фразема бейнелеуіштік-атауыштық мағынада жұмсалады, сөз – белгілейді, фразема – бейнелейді; лексема – көбіне халықтың дүниетанымының жемісі болса, фразема – адамзаттың ойлау қабілеті мүмкіндігінің, психологиясының, түрлі табиғи қабілеттері мен қасиеттерінің жемісі; сөз – бүтін бітімді (цельнооформленный) болса, фразема – бөлек бітімді (раздельно-оформленный); сөздің барлық жағдайда ауыс, бейнелі мағынада жұмсалуы шарт емес, ол фразема үшін қажетті шарт; сөз түбір мағынаны, фразема туынды мағынаны білдіреді; сөз өзінің референттік мағынасын сақтаса, фразема құрамындағы сөздер өздерінің ішкі референттік қасиетін сақтай алмайды; лексемада лексикалық, фраземада фразеологиялық мағына болады» [4].

Фразеологизмдер кешенді белгілерінің негізінде басқа тілдік бірліктерден ажыратылатын оралымдар болып табылады. Олар тұтасқан күйінде даяр тұрған оралым ретінде қолданылады, олардың орын тәртібі тұрақты. Фразеологизмдердің компоненттері бастапқы мағынасынан айырылып қалады да, шоғырлана түйдектелген тіркес біртұтас мағынаны білдіреді.

Жалпы фразеологизмдердің шыққан тегі сөз тіркестері мен сөйлемдер болғанына ешкім дау тудырмайды. Фразеологизмдердің мағынасы туынды, астарлы, даму барысында семантикалық өзгерістерге түсіп қалыптасқан, сонымен қатар олар экспрессивтік қызмет атқарады.

Фразеологиялық мағына жеке сөздердің лексикалық жағынан үйлесіп, семантикалық өзгеріске түсуі арқылы жасалады. Олар туынды мағынаның дамуы нәтижесінде қалыптасқандықтан, фразеологиялық мағына әртүрлі тәсілдер арқылы жасалады.Бұған Мәшһүр-Жүсіп шығармаларынан көптеген мысалдар келтіруімізге болады. Қаламгер шығармаларындағы метафора арқылы фразеологиялық мағынаның жасалуы:

Ішім – от, сыртым – жалын, қайнағаным. Сөйлеуден тиылмаған қызыл тілім. Нашарға жаның ашып, ішің күйсе. Кем-кетік, жоқ-жітікке қайырылысып, Кәріп пенен қасерді көзіңе іл. Көз тігіп қарағанмен, көңіл бермес (М.Ж). Осы фразеологизмдерде сөз мағынасының өзгеруі, туынды мағынаға өтуі метафора тәсілі арқылы қалыптасқан.

Үрген қарын  - бүгінгі жұрттың басы. Тыңдайтын мұның сөзін құлақ қайда. Көп түтін жатыр бықсып, қарамаймын, Қараймын ар жағында оты барға . Талай алтын мыс болып жерде қалған (М-Ж).«Үрген қарын» деп ештеңеден алаңсыз, ойсыз, қамсыз адамды суреттейді. Қазақ ұғымында қойдың қарынын май сақтау үшін бүрі кеткенше тұзға салып, үрлеп қояды. Осылайша кептірілген қарын бос күйінде қаңғырлап тұрады. Бұл мал шаруашылығымен айналысқан әрбір қазаққа жақсы таныс. Ақын ойсыз адамның басын қаңғырлап кеуіп тұрған үрленген қарынға балайды. Бұларды астарсыз ауыс мағынаға өту деп айтуға болады.

Қаламгер тіліндегі теңеу арқылы фразеологиялық мағынаның жасалуы:

Түріндей текеметтің жер жаратты . Бата берме жалғанға батпақ саздай. Сөзі бар ақ қағазға жазған хаттай. Иненің жасуындай қасиет жоқ, Өзін-өзі көтеріп топқа салған (М.Ж). Теңеу арқылы жасалған фразеологизмдер бейнелі салыстыру негізінде пайда болады.

Көрем шығармаларындағы фразеологизмдерді сараласақ, еркін сөз тіркестерінің тұрақты тіркестерге ауысқанын байқаймыз. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қолданысындағы фразеологизмдерді төмендегідей жіктеуге болады:

1) номинативтік тіркестер; Тура жол түзу бастар оңған жаққа; Сұм дүние әуре қылған жұрттың көбін;

2) фразеологиялық бірліктер ;Қандырады о дағы құлақ құрышын; Құр алақан жалғаннан өттің босқа; Бой тоқтатып, өз аузын баға алмайды.

3) мақал - Еңбексіз халал емес ішкен ас; Жаманнан бөз қалады, жақсыдан сөз, Дүниенің келуі оңай, кетуі тез; Бір татқанға қанағат қылған жандар Тәңір алдына көркейіп мәз боп барған.

4) мәтел - Болат мәтін қанжармен – тесілген тас, Алтынның шыққан жерін белден қаз; Жаяудан шаң шықпайды, жалғыздан – үн.

5) қанатты сөздер - Бұл дүние жиған жанға -  жылан, Көрмеген ешкім опа мұнан; Есті адам – қанағатты, Қанағатты адам тиянақты, Тиянақты адам көнтерлі, Көнтерлі адам қайғысыз, Қайғысыз адам бақытты, Ендеше есті адам бақытты болады; Не нәрсе парыз болса – ғылым парыз, Ғылым білсең, өтелер қанша қарыз.

Фразеологизмдер  халықтың дүниетанымын, эстетикалық талғамын, сана-сезімін, наным-сенімін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын танытатын тұрақты тілдік оралымдар болып табылады.  Фразеологизмдер осындай қасиеттеріне орай Мәшһүр-Жүсіп шығармаларында молынан кездеседі. Сонымен қатар олардан  ұлттық сипат айқын көрінеді. Осыған орай көркем шығармада фразеологизмдерді қолданудың әр түрлі әдістері бар екенін байқауға болады.

 

                                           Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1.            Уәлиев Н. Фразеология және тілдік норма. – Алматы, 1998. - 128 б.

2.            Қалиев Ғ. , Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы / Оқулық. – Алматы, 2004.  – 256 б.

3.            Қасым Б.Қ.Сөзжасам: семантика, уәждеме / Оқу құралы. – Алматы, 2003. – 167 б.

4.            Авакова Р.Ә.Фразеология теориясы. – Алматы: Қазақ университеті, 2009. – 292 б