Аға оқытушы Сейсембай Т.Т., аға оқытушы Сейсембай Г.А.

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты, Қазақстан

 

Мақал- мәтелдердегі көріктеу құралдарының қолданылу ерекшелігі

 

         «Мақалда сөзді мүсіндеп, сұлулау үшін сан алуан теңеу, эпитет, метафора, метонимия сияқты көркемдік құралдар шеберлікпен қолданылады. Мысалы:

                            Жақсы жігіт-жағадағы құндыз,

                            Жақсы қыз – көктегі жұлдыз.

                             Ақылды ердің ішінде

                            Алтын ерлі ат жатар,

                            Асыл әйел ішінде

                            Алтын бесікті ұл жатар.

         Осындай мақалдарда орынды, қисынды салыстыру мен шендестіру арқылы екі нәрсе, екі құбылыс бірін бірі толықтырып, бейнелі мүсін жасайды».

         Сондай-ақ мақалда әсірелеу, күшейте суреттеу әдісі жиі қолданылады. Мысалы: «Айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарады», «Тамшыдан тама берсе дария болар», «Қолымен қосаяқ соққан, аузымен орақ орады», «Көрмес түйені де көрмес», «Көп түкірсе көл» деген мақалдарда шамадан тыс ұлғайта суреттеу байқалып тұр. Ал мына бір мақалда керісінше кішірейту мағынасы бар: «Жазым болса быламыққа тіс сынар».

         Мақал-мәтелдердің өзіндік жасалу жолдары, сан қилы шеберлік әдістері бар. Мақал көбіне бір-бірімен ұйқасы бар екі бөлімнен құралады. Сол екі бөлімнің бірінде айтылуға тиісті ойдың шарты айтылса, екіншісінде қорытынды түйін беріледі: «Жасыңда қылжың болсаң, қартайғанда мылжың боларсың», «Күлме досқа, келер басқа», «Ексең егін, ішерсің тегін», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Жақсының өзі өлгенмен, сөзі өлмейді». [1.211б]

Сөз өнеріндегі суреткер жиі қолданатын ажарлаушы тәсілдердің бірі – теңеу деп танитын болсақ, ол -  мақал-мәтелдердің де сәнін келтіріп, мәнін ашатын көркемдеуіш құрал.  «Екі тентек қосылса, саудай болар, Екі ақылды қосылса таудай болар», «Талапты бала – талпынған құстай», «Жақсылардың үлгісі-жанып тұрған шамдай, шешендердің үлгісі – ағып тұрған балдай», «Баланың сөзі-батпандай, келіннің сөзі кетпендей», «Жаманның сөзі түйеден түскендей, жақсының сөзі диірменнен шыққандай». Біз мысалға алып отырған мақалдардың бәрінде негізгі мағына, басты ой теңеу тәсілінің негізінде жүзеге асып отыр. Мақалдардың мазмұнына үңілер болсақ, саудай, таудай, құстай, шамдай, балдай деген теңеулердің өзімен салыстырылып тұрған құбылыстармен белгілі бір дәрежеде ұқсас, мағыналас екендігін аңғаруға болады. Сондай-ақ осы мақал объектісінің бейнесін, «кескінін» көз алдымызға елестете алу да теңеу сырын түсіну үшін өте маңызды. Бәріне тоқталмай-ақ,  талапты баланы «талпынған құсқа» теңеудің мәнін ұғынайық. Талапты бала бір орнында отырмай үнемі ізденіп, еңбектенеді, ал ұшуға әрекет жасап талпынған құстың еңбегі ерекше болады емес пе, олай болатын болса екеуінің ұқсастығы теңеудің тууына әсер етіп тұр.

         Поэтикалық тәсілдің бірі мегзеу (синекдоха) де мақал-мәтелдердің жасалуында жиі қолданылатын көркемдік құрал. «Мегзеу-суреттелетін құбылысты бүтіннің орнына бөлшекті, жалпының орнына жалқыны алу арқылы немесе керісінше бейнелеу». [2.238 б] Мегзеу тәсілінің мақалдардағы қолданысына зер салайық:

                           1. «Құлақ естігенді көз көреді»

                           2. «Аузы жаман елді былғар,

                            Аяғы жаман төрді былғар.»

                           3. «Сақтансаң, сақтармын,

                            Оң көзіңе сол көзің қарауыл болсын.»

                            4. «Тілеушінің бір беті қара,

                             Бермеушінің екі беті қара»

                            5. «Тыныш құлақ,сау бас,

                             Бас сауында аулақ қаш»    

         Бірде мақал екі құбылысты,  екі нәрсені салыстыра отырып айтса, бірде оларды  қарама-қарсы қою арқылы ой айтады. «Жақсының басына іс түссе, ашынар да ашылар, жаманның басына іс түссе, бір тулар да басылар», «Жақсы атқа бір қамшы, жаман атқа мың қамшы», «Саналы адам сағыңды сындырмас, санасыз адам жағыңды тындырмас», «Өнерлі жігіт өрде озар, өнерсіз жігіт жер соғар», «Атадан жақсы ұл туса, елінің қамын жейді, атадан жаман ұл туса, елінің малын жейді», «Жақсы сөйлесе аузынан гүл төгіледі, жаман сөйлесе аузынан жын төгіледі». Бұл - әдебиеттегі ойды нақтылап беруде, мағынаны айқындауда жиі қолданылатын шендестіру тәсілінің мақал-мәтелдердегі қолданысына келтірілген мысалдар.  Бұл мысалдардан шендестіру тәсілі мақалдың жасалуындағы басты тәсілдердің бірі екендігін байқаймыз.

Сөз өнеріндегі айшықтау тәсілінің әсем түрінің бірі – егіздеу. Бұл тәсілге ғалым З.Қабдолов «егіздеу, яки параллелизм-екі ұдай нәрсені, құбылысты, ұғымды, сезімді қатар қойып, жұптап суреттеу» деп анықтама береді. [2.236 б]

         Кейде мақалда да бір-біріне ұқсас екі құбылысты қатар қоя отырып ойды тереңдете беру, негізге алынған мәселені айқындай түсу, мағына үстемелеу үшін егіздеу тәсілін қолдану да жиі байқалады. Мысалы, «Қой көрмеген қой көрсе, қуалап жүріп өлтірер, Ұл таппаған ұл тапса, уалап жүріп өлтірер», «Ыдысын көр де асын іш, анасын көр де қызын ал », «Балалы үйрек көлден кетпес, баласы жас елден кетпес», «Гүл өссе жердің көркі, қыз өссе елдің көркі», «Ел ұлсыз болмас, жер гүлсіз болмас», «Жақсы адам – елдің ырысы, жақсы жер жанның тынысы» т.б.

Мақал-мәтелдердің жасалуында ауыстыру (метафора) тәсілі де өнімді қызмет етеді. Мысалы: «Көз –нұрдың ұясы, көңіл-сырдың ұясы», «Оқу-білім бұлағы, білім-өмір шырағы», «Жақсы сөз-жарым ырыс», «Ананың сүті-бал, баланың тілі-бал», «Ата-асқар тау,ана-бауырындағы бұлақ, бала-жағасындағы құрақ». 

         Уағыз, өнеге айту түрінде құрылатын мақал да жиі кездеседі. «Өткен іске өкінбе», «Ойнап сөйлесең де ойлап сөйле», «Сыртын көріп ішінен түңілме, қарасын көріп күшінен түңілме» деген мақалдар бұған мысал бола алады.

Халық  сөздің тек сыртқы сұлулығын қуаламайды. Алуан түрлі дыбыс үйлестіру әдіс – тәсілдері сөз ажарын арттырып, оны әсерлі ету, сол арқылы сөз мағынасын шебер жеткізу үшін қолданылады.

Өлеңге ұқсап кейде бірнеше тармақтардан тұратын мақалдардың көпшілігі қайталау тәсілімен жасалады.Мысалы:

                                       Байлауы жоқ шешеннен

                                       Үндемеген есті артық.

                                       Бәйге алмаған жүйріктен,

                                       Белі жуан бесті артық.

 

                                       Ата-ананың қадірін,

                                       Балалы болғанда білерсің.

                                       Анық достың қадірін,

                                       Жалалы болғанда білерсің

                                         

                                        Әдептілік ар-ұят-

                                        Адамдықтың белгісі.

                                        Тұрпайы мінез, тағы жат-

                                        Надандықтың белгісі, - деп келетін мақалдар кезекті қайталау арқылы жасалған.  

Мақалдар - терең ой мен көркем сөздің сәтті үйлесімінен жасалған сөз маржаны. Қайсы бір мақал-мәтелді алсақ та, оны тап сондай сөйлеу тіліндегі балама сөйлеммен теңестіруге болмайды. Әрбір мақал-мәтелдің өзіне лайықты көтеретін «жүгі» бар,  сол «жүкті» қайыспай көтеріп, ойға нәр, тілге тиек болып келеді.

         Қорыта айтар болсақ, қазақ мақал-мәтелдері – тақырыбы ауқымды, көркемдік кестесі айшықты, ұлтымыздың «ой түбіндегі таза мінсіз асыл сөзі», парасаттылық пайымы, сөз өнерінің інжу-маржаны.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Хайдар. Ә. «Халық даналығы» Алматы, 2004.

2. З.Қабдолов. Сөз өнері. Алматы, 1992