Қазанбаева Айнагүл Зикировна (канд.фил.наук, доцент),

Мырзагулова Ақерке Шоқанқызы

Карагандинский государственный университет им. ак. Е.А.Букетова, Казахстан

САЛТ-ДӘСТҮРГЕ БАЙЛАНЫСТЫ ҚОЛДАНЫЛАТЫН ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕР

Мақалада қазақ тілінде салт-дәстүрге байланысты қолданылатын фразеологизмдердің көркем шығармада қолданылу ерекшеліктері  қарастырылады. Салт-дәстүрге қатысты фразеологизмдердің қолданысы Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпан» романының материалы негізінде талданады. Қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрпына байланысты қолданылатын фразеологизмдерінің өзіндік орны, маңыздылығы көрсетіледі.

Фразеологизмдер көркем шығарма тілін жандандырады, шығарма тіліне ұлттық калорит береді. Шығармадағы фразеологизмдер шығарма идеясымен қабаттаса отырып, ұлттық көркем сөздің үні мен сазын үйлестіреді. Фразеологизмдерді өз орнында жұмсай білуіміз сөзді шебер қиюластыруға, халық тілі қазынасын игеруге алып келеді. Салт-дәстүрге байланысты фразеологизмдердің қолданысын Ғабит Мүсірепов «Ұлпан» повесінде өзіндік стиль құрау мақсатына орайластыра отырып, түрлі амал-тәсілмен жұмсаған. Фразеологизмдер арқылы образды сөз байлығын құрауға, оларды шығармада шеберлікпен пайдалануға әбден болады. Жазушыларымыз фразеологизмдерді көркем шығармада шынайы образ жасау үшін неше түрлі стильдік орамда жұмсап, оның нәзік реңдерін сөз қоршауына түсіріп барып аша түседі. Ой-пікірді нақты, жан-жақты жеткізуде фразеологизмдердің атқаратын қызметі ерекше. 

Фразеологизмдердің орнын тауып жұмсау шеберлікті танытады. Фразеологизмдердегі экспрессивті мәннің күштілігіне қарай ақын-жазушылар өз шығармаларында түрлі стилистикалық реңктер беру үшін қолданады. Ғалымдардың пікіріне жүгінетін болсақ: Ғ.Қалиев: «Жеке сөз өздігінен барлық жағдайда ауыс, бейнелі мағынада жұмсалуы міндетті емес (басқаша айтқанда, сөздің бұл жерде факультатив қабілеті бар да, бірақ оның әрдайым сырттай көрінуі басты шарт емес). Ал фразеологизмнің бейнелі (дәлірек айтқанда, туынды) мағынада жұмсалуы – өн бойы кездесер қағида. ФЕ (ф. түйдек те, ф. тіркес те) т у ы н д ы мағынаны білдіреді де, сөз т ү б і р мағынаны білдіреді», - деп жазады [1,15].

С. Сатенова сөз бен оған мағыналас фразеологизмдердің қолданыс ерекшелігіне қатысты білдірген пікірінде фразеологизмдердің ойдың астарлы, бейнелі болуына ықпалын айта келіп: «…іші өлген, сырты сау қос тағанды фразеологиялық тіркесін «қайғылы, уайымды, шерлі» тәрізді лексикалық эквиваленттерімен ұйқасын, үйлесімін тауып ауыстырғанымызбен, фразеологиялық тіркес қолданысындағыдай әсерлі, сазды болуы және жаны күйзелген адамның сезім дүниесін соншалықты дәл жеткізуі екіталай болар еді», – деген пікірін білдіреді [2, 177].

 Г. Смағұлова: «Тұрақты тіркестер қазақ лексикасының ең өнімді бай қабатын құрайды. Осындай ұлан-ғайыр тілдік қордың ішінде кездесетін фразеологиялық факторлар табиғи тіл дамуының ажырамас көрсеткіші болуы керек», – деген ойын келтіруімізге болады [3, 148]. Ө. Айтбаев: «Қандай тілде болмасын фразеологиялық единицалар астарлы, образды мағынада қолданылады. Олардың қай-қайсысында да мәнерлеп, бейнелеп айту қызметі күшті. Кейбір жеке сөздердегі тәрізді, тұрақты сөз тіркестерінде де эмоционалдық-экспрессивтік бояу мол. Көбіне осы өзгешелік басым» [3,180]. Ғалымдарымыз фразеологизмдердің экспрессивті-эмоционалдылығына баса назар аударады.

Тілімізде салт-дәстүрге байланысты қолданылатын фразеологизмдер ішіндегі қыз ұзатуға қатысты пайдаланылатын тұрақты тіркестердің ауқымдылығын, олардың көркем шығармада қолданылуын атап өтуімізге болады. І.Кеңесбаевтың авторлығымен жарыққа шыққан «Фразеологиялық сөздікте» салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа байланысты қолданылатын фразеологизмдердің берілу жолдары көрсетілген. Фразеологиялық сөздік тілдегі сан алуан сөз тіркестерін қамтиды. Қазақ тілі неше қилы тұрақты тіркеске өте бай, соның ішінде салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа қатысты фразеологизмдер де молынан қамтылған. Сөздікте әрбір фразеологизмдердің мағынасына түсініктеме беріліп, қолданылу орайы келтірілген. Сонымен қатар қазақ фразеологизмдерінің синонимдері мен варианттары да, мүмкіндігінше жинақталып берілген.

Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» повесінде салт-дәстүрге байланысты фразеологизмдер кеңінен қолданылған және мәтіндегі олардың қызметі айрықшаланып берілген. Бұл фразеологизмдердің этнолингвистикалық сипатын анықтап, морфологиялық құрылымын талдаудың қазақ тіл білімі үшін маңызы ерекше екендігі сөзсіз. Мысалы: Аялдасаң қазір аттан, Артықбайға құда түсіп қайт [5, 10]. Содан кейін өзінің Есеней жіберген елшілігін «қызды айттырғалы» келгенін айтты [5, 14]. Мәтіндегі құда түсу, қыз айттыру сынды фразалар ертеден және қазір де жалғасып келе жатқан, жарасымды дәстүрлердің бірі. Жігіттің әкесі не жақын туыстары қызы бар үйге құда түсетін болған. Яғни бойжеткен қызын сұраған. Құдалар құрметке лайық сыйлы адам деп саналған. Қыз әкесі келісім берген соң құдалықтың жөн-жоралғылары жасалған. Оның түрі өте көп. Құда түсудің құда аттанар, құда тартар, ат-байлар, құйрық-бауыр т.б. ырымдар мен кәделер алымдары болады. Құдалықты басқарып барған адам «бас құда» деп аталады. Тұрмыс құратын қыз бен жігіттің әкелері бір-біріне «бауыздау құда» болады.

Ал қыз айттыру салты – әр ата-ананың өз ұлының болашақ қалыңдығын ерте ойластыру, өзінің теңін іздеу мақсатында жасалады. Анасын көріп, қызын ал деген қағиданы қатаң ұстайды, яғни болашақ құдасын орынды жерден, жақсы таныс, аталы, іргелі ауылдардан қарайды. Лайықты деген адамдарына әдейі барып балаларының болашағы туралы әңгіме құрайды, өздерінің құда болу ниетін білдіретін мәнді де сәнді  дәстүр. Бір қыс бірге болайық деп едім, көнбедің, сүр бойдақ [5, 10]. Сөйлемдегі берілген фразеологиялық тіркес сүр бойдақ көбіне үйленбеген жігітке бағытталып айтылады.

Ол тобылда екі-ақ жеті болып, кішкентайдың атын бізге қойғызған еді [5, 15]. Мәтіндегі фраза ат қою. Жаңа туған сәбиге ат қою ерекше салтанатты ғұрыптардың бірі. Ат қоюға қазақ халқы ерекше көңіл бөлген. Әрине, алдымен жақсы есімдермен елге әйгілі адамдардың атын қойған. Сонымен бірге бала есімін жақсы, беделді кісілерге қойғызып, батасын алуды да ұмытпаған. Шынардың толғағы жеткенде-ақ хабар беріп еді, Ұлпан Стаптан акушерка әйел алдырып, сонымен бірге оның қасында болып қайтты [5, 18]. Берілген контекстегі толғағы жетті тіркесі фразеологизм болып табылады.  Бұл фраза екі қабат әйелдің айы-күні туды, босанар уақыты болды деген мағынаны білдіреді. Жүз жылқы той малына кетті [5, 20].

Той малы - келін алуға келген қадірлі құдалар дәстүр салты бойынша сән-салтанатымен, жөн-жосығымен келіп түседі. Бұл жолдың кәде  жоралары да көп болады. Былайша, «қыз қашар» дәстүрін өткізетін үйді «болыс үй» дейтін көрінеді [5, 26]. Қыз қашар - күйеудің «ұрын келу» десе, қыздың атастырылған күйеуін көруін «қыз қашар» дейді. Бұл ұрын тойы өтетін күні болады. «Ұрын той» жастар үшін көңілді, думанды тойлардың бірі. Бұған жас жеңгелер мен жастар қатынасатын болған. Күйеуден алынатын «қол ұстатар», «шаш сипатар», «қыз құшақтар», «арқа жатар», «көрпе қимылдар» тағы сол сияқты кәделер осы жолы беріледі. Екі жастың бірін-бірі көріп, тілдесуі де осы тойда болады. Екеуі де бірін-бірі ұнатып, қалыңдық жігітке қыз белгісі орамалын және оның іні-қарындастарына да түрлі сыйлықтар беретін болған. Ол қызды біреу айттырып келсе, Ұлпан жапа-жалғыз қалады [5, 34]. Бұл мысалдағы фразеологиялық тіркес қыз айттыру. Жалпы қыз айттырудың тәртібі, Есім деген ханның бұйрығы бойынша орнаған көрінеді. Әр ата-ана өз ұлының болашақ қалыңдығын ерте ойластырады, өзінің теңін іздейді. Тұқымында, тегінде ауруы бар отбасының қыздарына сөз салмаған. Лайықты адамдарға әдейі барып балаларының болашағы туралы әңгіме қозғайды, құда болу ниетін білдіретін қазірге дейін жалғасып келе жатқан дәстүр. Күшік күйеу деген мал-жанның иесі деген сөз емес шығар!-деп оның Ресей деген інісі тұтанайын деп тұрған шақта бір үрлеп қалды [5, 61].  Күшік күйеу үйленіп, ата-енесінің қолына кіріп алған жігіттің қыдығына тию үшін айтылатын фраза. Шайың әзір ме, келін! Отау тігіпсің, құтты болсын! - деді Әсіреп, қара түтінді бұрқыратып атқылап тұрған самауырды көріп [5, 56].

Отау тікті - өз алдына жеке шаңырақ болды деген мағынаны білдіреді. Тұсауыңды кеспеген екен ғой сенің, - деді Мүсіреп. Тұсау кесу - сәбиді қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген ниетпен жасалатын ғұрып, ырым. Ол үшін арнайы ала жіп дайындалады. Сол жіппен баланың аяғын кәдімгідей тұсап, аяғын жылдам басатын әйелге қидырады. Сүріншек, жайбасар адамдарға кестірмейді. Тұсауы кесілген баланы қолынан ұстап тез жүгіртеді, шашу шашылады. Баланың ата-анасы тұсау кескеннің кәдесін береді. Тұсаукесердің арнаулы, жыры да бар. Тұсау кесердің жібін дайындаудың бірнеше түрлері, тәсілдері бар. Көбейтіп, көгере берсін деп көк шөптен де есіп жасайтын болған. Бұл жаңа отауға көз тиіп кетпесін деген ырымдары еді [5, 38].

Үлкен үй - үлкен ата, кәрі әже отырған үйге қатысты айтылады. Көтерген отауың құтты болып, ұзақ жаса деген ақ тілегін білдірді. Отау көтеру - үйленумен бірге отау көтеруге тиіс. Әдетте ұлы үйленетін, қызы тұрмысқа шығатын ата-ана алдымен отау дайындайды. Қыз жасауына отау қосыла беретін. Отау жас отбасының бақыт шаңырағы болып саналатындықтан оны барынша жөндеп «әдемілеп», толықтай жабдықтап әзірлеу аз шаруа емес. Оған көрші-көлем, жақын-туыс, нағашы-жиендер тегіс араласады. Бұл ауылдың келіншектері Мүсірептің отауында шілдехана күзетісті [5, 59]. Берілген мәтіндегі шілдехана күзетісті фразеологиялық тіркес. Бұл фраза жаңа босанған әйелдің үйінде таң атқанша ойын-сауық құру деген мағынаны береді. Бұл фразалар сөйлем ішінде келіп, қазақ халқының қаншалықты салт-дәстүрге бай екенін, оның ішінде ұмыт болып қалған дәстүрлердің өзін көрсетіп берді. Сондай-ақ осы шығармада кездескен фразеологизмдер құрамы жағынан  тұрақтылығымен, «дап-дайын» күйде кездесетіндігімен, кез келген тұста қолдана беруге болмайтын талғампаздығымен, мағына-мазмұн тереңдігімен, бейнелілігімен ерекшеленеді.

Қорытындылай келгенде, өмірдің барлық саласын қамтитын ішкі мазмұн байлығымен  көзге түсетін, тілімзге бейнелі де мәнерлі рең үстейтін, күрделі құрылым-құрылысы бар фразеологизмдер – ана тіліміздің өзіндік ерекшеліктерін көрсететін тұлғалар. Олар тілімізде ұлттық нақышы мен көзге түседі. Фразеологизмдер сөйлеу тілінде де, жазу тілінде де көп қолданылатын тілдік материал. Фразеологиялық тіркестер қай-қайсысы болмасын бәрі де алғаш халықтың сөйлеу тілі негізінде қолданылған. Сондықтан олар өмірдің барлық саласын қамтып, ішкі мазмұны жағынан өте бай болады. Жинаған мысалдарымыздың негізінде, қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрпына байланысты қолданылатын фразеологизмдерінің өзіндік орны, маңыздылығы бар екеніне көзімізді жеткіздік.

Фразеологиялық мағынаның пайда болуына дәстүрлі тіршілік пен мәдени өмірдің әсері мол. Образға негізделген көрініс тіл арқылы жарыққа шыққанда, ондаған ұлттың қабылдау, қазақы дұниетанымен, ойлау ерекшеліктері бірден аңғарылады. Фразеологиялық мағынаға тірек, негіз болатын нәрсе - адамдардың күнделікті өмірінде көріп жұрген дүниедегі заттар, айналадағы құбылыстар, содан туындайтын жағдайлар, түрлі жағымды-жағымсыз әрекеттердің ықпалы әсер етіп отырады. Фразеологизмдер көркем әдебиет тілінің қажеттілігін өтеуде халықтың эстетикалық талғамын танытатын ең күшті тілдік құралдардың бірі болып есептеледі. Тілдің әдебилігінің сипаттарының бірін, әдеби тілдің даму кезеңдерінің көркемдік ерекшеліктерінің бірін фразеологизмдер танытатыны сөзсіз.

                             

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.   Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы: оқулық. – Алматы: Дәуір, 2003. – 247 б.

2.   Сатенова С. Қос тағанды фразеологиялық тіркестердің авторлық қолданысына қарай өзгеруі. – Алматы: Ғылым, 1997. – 126 б.

3.   Смағұлова Г. Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық мәдени аспектілері. – Алматы: Ғылым, 1998. -196 бет.

4.   Айтбаев Ө. Қазақ тіл білімінің мәселелері. –Алматы: Арыс, 2007. – 618 б.

5.   Мүсірепов Ғ. Ұлпан. – Алматы: Атамұра, 2003. – 280 б.