Рақышева Жұмашай
Сайлауқызы,
филология ғылымдарының
кандидаты
М.О.Әуезов
атындағы Әдебиет және өнер институты
Қазақстан,
Алматы
Эпикалық шығарманың ғылыми басылымын
дайындау тәжірибесінен
Кеңес кезеңінде орыс әдебиеттануындағы
эпосты жариялау, ғылыми басылым дайындау мен эдициялық текстология
мектебіне сүйене отырып қазақ фольклоры үлгілерінің
ғылыми басылымын дайындау тәжірибесі қалыптасты. Солардың
қатарында М.О. Әуезов пен Н.С. Смирнова басқарған қазақ
эпостарының ғылыми басылымдарын [1], Г.Н.Потанин жинаған қазақ
фольклорының үлгілерін [2] және хайуанаттар жайлы ертегілердің
ғылыми басылымын [3] атауға болады. 90-жылдары «Қазақ
халық әдебиеті» сериясымен 16 томдық фольклор туындыларының
ғылыми-көпшілік басылымы жарияланған еді. Жарты ғасырдан
кейін эпостық мұраларымыздың ғана емес, қазақ
фольклор үлгілерінің жүз томдық ғылыми басылымын
дайындау мен жариялауға мүмкіндік туды. «Мәдени
мұра» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде шығып жатқан
«Бабалар сөзі» сериясы ғылыми басылымның шарттары мен қағидаларына
толық сай келеді.
Қазақ
халқының көп вариантты, кең тараған және кеңестік
кезеңде эпосқа келген зауалдан аман қалған «Қамбар батыр» жырының
варианттарын қамтыған «Бабалар сөзі» сериясының 43 томы
сөз болады, ғылыми басылымды дайындау тәжірибесі талданады.
«Қамбар батыр» жыры алғаш
ХІХ ғасырдың ортасында қағазға түсіп,
жариялана бастады. У.Тухфатуллин деген татар азаматы жырдың Зайсан өңірінен
жазып алған нұсқасын Университет баспаханасынан «Қисса Қамбар»
деген атпен 1888 жылы жарияласа, 1903 жылы Қазанда ағайынды Кәримовтер
баспаханасынан «Тоқсан үйлі тобыр» деген атпен жарық көрген
(баспаға дайындаушы көрсетілмеген). Жырдың жарияланымдарының
ішінде 1890 жылы Санкт-Петербор қаласында басылған «Түрік
хрестоматиясы» жинағының 3-том, 2-бөліміндегі «Қамбар
баһадүрдің жыры» атты белгілі шығыстанушы И.Н.Березин
жариялаған нұсқасы мен 1922 жылы Тәшкенде қазақ
фольклорын насихаттаушы, этнограф ғалым Ә.Диваев баспаға
дайындаған «Қамбар батыр» нұсқасының мәні
зор.
Қамбар батырды тумысынан
бастап таратып жырлау емес, есейген шағынан бастап әрекет иесі
ретінде суреттеу бүкіл нұсқаларға тән. Жырдың
негізгі тақырыбы ел бірлігі мен азаттығы үшін күрес
екендігі, қаһарманның басқа батырлардан өзгешелігі
(аңшылығы, кедейлігі) назарға алынып, жырдың артықшылығы
ретінде бағаланды. 50-жылдары қыруар эпостық мұрамыздан
жалғыз «Қамбар» жырының қалуы да осы ерекшелігіне
байланысты еді. Шығарманың
идеясы мен тақырыбына баса мән беріліп, кейіпкерлер тек таптық-әлеуметтік
тұрғыда қаралды. Фольклор жазба әдебиетке қойылатын
талап тұрғысынан зерттелді.
Жырдың алғашқы ғылыми басылымы М.Әуезов
пен Н.С.Смирнованың редакциялық басқаруымен 1959 жылы жарық
көрген (баспаға дайындаған М.Ғұмарова,
Н.Смирнова) [4]. Одақ көлемінде қазақ эпостарының
ғылыми басылымы маңызы зор оқиға ретінде қабылданды
[5]. Ғылыми басылымда мәтіннің екі тілде берілуі орыс тілді оқырмандардың
да қазақ эпосын оқып білуіне, зерттеуіне мүмкіндік туғызды.
Өз кезеңінің талаптарына толық жауап бергенімен бұл
басылымның бүгінгі күн талабы тұрғысынан толықтырар
тұстары жеткілікті. Анықтағанымыздай, құрастырушылар
1888 жылғы нұсқаны алмай, 1903 жылғы нұсқаны
жариялау нәтижесінде өлең жолдарында айтарлықтай ауытқулар
орын алған. Сондай-ақ алғашқы нұсқадағы
«кәпір», «орыс» этнонимдері кейінгіде «қалмақ» болып өзгертілген.
Кеңестік дәуірде жырдың алғашқы нұсқасы
«діни сөздер көбірек қолданылған» деп бағаланды
[6].
«Бабалар
сөзі» сериясының принциптеріне сәйкес қырық үшінші
том томға
енген мәтіндерге жазылған түсініктемелер, сөздік,
жер-су атаулары, мәтіндерде кездесетін тарихи тұлғалар мен
діни есімдерге арналған түсініктер, дастанның
жинаушылары мен оның жырлаушылары туралы деректер, пайдаланылған әдебиеттер
тізімі, орыс және ағылшын тілдерінде
жазылған түйіннен тұратын ғылыми қосымшалармен
толықтырылды [7].
Жырдың жиырмадан астам нұсқасы
ғылыми тұрғыдан жүйеленіп, сарапталып, жырдың
негізгі алты версиясы – 1888, 1890, 1922, Қалқай, Бармақ,
Шапай нұсқаларымен қоса, басылымдардағы мәтіндік өзгерістерді
салыстыра көрсету үшін 1903 жылғы «Тоқсан үйлі
тобыр», сюжетінде айтарлықтай өзгешелігі бар Маясар Жапақов
пен Шоқатаев нұсқалары мен эпостың қара сөзбен
баяндалған ертегілік екі нұсқасы, барлығы – он бір нұсқа
бір томға жинақталды. Ә.Диваевтың 1922 жылы Ташкентте
басылған «Қамбар батыр» нұсқасы кеңестік кезеңде
бірнеше мәрте, ал 1903 жылы Қазанда басылған «Тоқсан үйлі
тобыр», Бармақ нұсқасы, Березин ертегісі жырдың 1959
жылғы ғылыми басылымында жарияланған, ал қалған
жеті нұсқа тұңғыш рет ұсынылды. Жыр
мәтіндері М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер
институты мен Орталық Ғылыми кітапхананың қолжазба қорларында
сақтаулы түпнұсқалардан дайындалды. Батырлық
жырларға арналған жинақтарда және ғылыми
басылымда түсіп қалған немесе қолжазбадан қате оқылған
жыр жолдары мен жекелеген сөздер түпнұсқа бойынша түзетіліп,
мәтіндер бастапқы қалыпқа келтірілді. Бұрын
жарияланбаған мәтіндер қолжазбалардан еш өзгертусіз
берілді.
Қазақ батырлық
жырларының негізгі мазмұны – қалмақпен болған соғыс.
«Қамбар батыр» жырында да эпикалық дұшпан бірде қалмақ
болса, 1888 жылғы Қазан басылымы мен И.Н.Березин жариялаған нұсқада
кәпір. Эпикалық санада орныққан жау қалмақ
екені белгілі, кәпір дінсіз деген мағынада. Патшалық цензура
кәпірді орыс деп түсініп, кәпір сөзін 1903 жылғы
басылымда қалмақпен ауыстырады. Кеңестік кезеңде құрастырушылар
патшалық цензураның бағытын қолдап, 1888 жылғы Қазан
басылымы мен И.Н.Березин жариялаған нұсқа зерттелмеді, ғылыми
айналымға түспеген. 1888 жылғы Қазан
басылымы «діни сөздер көбірек қолданылған» деп бағаланып
жарияланбады, зерттелмеді, 1903 жылғы басылым 1888 жылы басылымның
патшалық цензура ықпалынан өзгеріске түскен,
редакцияланған түрі екені жеткілікті айтылмады. 1890 жылғы
Березин жариялаған жыр нұсқасы жырдың 1959 жылғы ғылыми
басылымында сөз болмады, 1983 жылы текстологиялық жинақтағы
М.Ғұмарованың мақаласында сөз болғанмен,
талданбайды.
«Қамбар батырдың»
1903 жылғы басылымы кеңестік дәуірде 1957 жылы және
1959 жылғы ғылыми басылымда жарияланды. Алғашқы
жарияланымда түсініксіз сөздер мен кейбір өлең
жолдарының 1888 жылғы жинақтан алынғандығы анықталды.
Тіпті осы екі басылымның өзінде де айтарлықтай айырмашылықтар
кездеседі. «Қамбар батыр» жырының 1959 жылғы ғылыми
басылымы 1903 жылғы нұсқадан дайындалды деп көрсетілгенмен,
1888 жылғы нұсқаға көбірек сүйенгені айқындалды.
1903 жылғы
Қазан басылымы 1888 жылғы басылымның қайта басылып шыққан
түрі (переиздание) емес, патша үкіметінің саяси цензурасына ұшырап,
оған біршама өзгерістер енгені анықталды. 1888 жылғы
басылым кеңестік кезеңде қағыс қалып, 1903 жылғы
басылым жырдың ғылыми басылымында жарияланғанын ескерсек, кеңестік
цензура да патша үкіметінің
цензурасын қолдағанын аңғарамыз.
И.Н.
Березин ертегісі (жырдың қара сөзбен берілген ертегілік нұсқасы)
1959 жылы ғылыми басылымда көне түркілік және ауызша сөйлеу
стиліне тән сөздер әдебиленген: көретұғын –
көретін, әгарда – егер, ұғылы – оғылы, және
қате танылған: сол уақытта – сол Уақта, яғни
мерзім мәнді сөз ру атына ауыстырылған.
Ә.
Диваев нұсқасы 1922 жылы басылымнан дайындалғанда көп өзгеріске
түспеген, бірақ осы ғылыми басылымнан кейін жарияланған
ғылыми- көпшілік басылымдарда діни ұғымдарға
байланысты сөздер мен өлең жолдары түсіп қалған.
Мысалы, 1977 жылы «Ақ сауыт» жинағында Қамбардың әруағына
бір дұға оқу, Аллаға жалбарыну сияқты сөздермен
аяқталған жырдың соңғы екі шумағы қалып
қойған.
Мүйізі
ұзын боз бұқа
Пәйкеліңді
аңқытып,
Пәлегіңді
үзеді, –
деген шумақтағы
«пәйкел» сөзін құрастырушылар түпнұсқада
анық емес деп көрсеткен, оңтүстік өңірде пәйкел
деп қауынның түйнегін айтады.
Ақын
Бармақ Мұқанбайұлы жырлаған нұсқа
1959 жылғы ғылыми басылымда былай өзгеріске түскен:
балдар – балалар, қаяулап – қабынып, ісіңді Алла жөнде
деп – ісіңді алда жөнде
деп.
Эдициялық текстологияға
сәйкес мәтіндегі сөзді, стилін өзгертуге болмайды, қолжазбадан
ауытқымау керек. Құрастырушының, редактордың,
баспагердің дүниетанымына, сол кездегі идеология ықпалына
байланысты мәтінге өзгерту енгізу орын алды. Кеңестік кезеңдегі
басылымдарға қарап сол кездегі фольклорлық мәтінге
деген көзқарас сипатын байқаймыз. Түпнұсқадан
мүмкін болғанынша ауытқымау керектігі, түпнұсқаның
өзінде баспадан қате жіберілсе түзетуге болатыны, жыршылар
орындаған жыр варианттарын мәтіндегі әрқилы оқылымдар (разночтение) ретінде түсінікте көрсету
қажеттігі анық.
Ұлы
М.О. Әуезов пен фольклортанушы Н.С. Смирнова басшылық жасаған,
қолжазбаның білгірі, эпостық мұраларымыздың көпшілігін
жариялаған М. Ғұмарова дайындаған 1959 жылғы ғылыми
басылымның жоғары деңгейде дайындалғанын атап айтуға
тиіспіз. Соңғы 2007 жылғы ғылыми басылымда түпнұсқада
танылмаған сөздер мен өлең жолдары қалпына
келтірілді, қазіргі орфографиялық емлеге сай сөздер дұрыс жазылып, тыныс
белгілері қойылды.
Бұл
мақалада «Қамбар
батыр» жырының 1959 жылғы ғылыми басылымы мен «Бабалар сөзі»
сериясының осы жырға арналған 43 томы сөз болды, эдициялық
текстология қорытындылары ортаға салынды, ғылыми басылымды
дайындау тәжірибесі талқыланды.
Пайдаланған әдебиеттер
1 Қозы Көрпеш – Баян
сұлу. Алматы, 1959; Қамбар батыр. Алматы, 1959; Алпамыс. – Алматы,
1961; Қыз Жібек. – Алматы, 1963.
2 Казахский фольклор в собрании
Г.Н. Потанина. Составление и комментарии С.А. Каскабасова, Н.С. Смирновой, Е.Д.
Турсунова. – Алма-Ата, 1972.
3 Хайуанаттар туралы қазақ
ертегілері. – Алматы, 1979.
4 Қамбар батыр. Ғылыми
басылым. Ред. басқ. М.О.Әуезов және Н.С.Смирнова. Құраст.
Н.С.Смирнова, М.Ғұмарова. – Алматы: Қаз ССР ҒА басп.,
1959. – 427 б.
5 Ахметов З. Сокровища эпического
творчества // Вопросы литературы. – 1964. – № 11. – С. 209-213.
6 Қазақ қолжазбаларының
ғылыми сипаттамасы. 1-т. – Алматы: Ғылым, 1975. – 346 б.
7 Бабалар сөзі: Жүз
томдық. Т. 43: Батырлар жыры. Қамбар батыр / Құрастырған
Ж.Рақышева. – Астана: «Фолиант»,
2007. – 416 б.
Резюме
В данной статье рассматривается
опыт подготовки научных издании, в частности эпоса
«Камбар батыр», даны некоторые наблюдения эдиционной текстологии.