Әуелғазина Т.Қ.
саяси
ғылымдарының докторы, доцент
Қазақстан
Республикасы, Алматы қ.
Интеллектуалды тұлғаны
қалыптастыру – қоғамның инновациялық даму кепілі
«Халық
пен халықты,
адам мен
адамды теңестіретін – білім»
М. Әуезов
Бүгінгі таңда тәуелсіз Қазақстан елі интеллектуалды тұлғаны
қалыптастыру мақсатын басты
нысана етіп ұстануда. Осы орайда қазақстандық
қоғамда адам капиталы негізгі стратегиялық ресурс болып
табылады. Адам капиталы – ұлттың байлығы және ол адамның
өмір бойы жинап-теретін білімімен, білігімен және интеллектуалдық
қабілетімен өлшенеді. Біздің заманымызда дарынды, бәсекеге
қабілетті әрі қоғамдық талаптарға сай зерек
адамдардың әлемде ең үлкен сұранысқа ие
тауарлардың біріне айналып отырғаны шындық. Сондықтан
интеллектісі жоғары, саяси еркі пен қоғамдық санасы қалыптасқан әлеуметтік
тұлғаны жетілдіруге бағытталған зерттеулердің қоғамдық
құрылымдағы пәрменділігі аса жоғары.
Интеллектуалды
тұлғаны қалыптастыру аясындағы
зерттеулер траекториясы дүниежүзінің 191 елін қамтып,
алдыңғы қатарлы ақпараттар қорына ие. Бұл ретте елімізде
интеллектуалды тұлғаны қалыптастыру жолында әлемдік дәрежедегі
ғылым мен білім саласындағы жетістіктер ескеріліп, олар ұлттық
әлеуетті дамыту бағдары ретінде негізге алынуда. Аталған тақырып аясында АҚШ-тағы
Гарвард университетінде Harvard Humanitarian Initiatives - Гарвард гуманитарлық
бастамалар бағытында жүргізіліп жатқан зерттеулердің маңызы
айрықша. Сонымен қатар, қазақстандық қоғамда
Азияның Катар мемлекетінде гуманитарлық зерттеулер базасы: http://crisismappers.net/ болып табылатын гуманитарлық ғылымдарға
байланысты зерттеулердің нәтижелері де қолданылуда. Сондай-ақ,
Ресей мемлекетінде де интеллектуалды тұлғаны қалыптастыру тақырыбына қатысты зерттеулердің оң
тәжірибесі жинақталған. Мәселен, Мәскеу
Гуманитарлық университетінің Іргелі және қолданбалы
зерттеулер институтының Биоэтика орталығының
директоры Б.Г. Юдиннің жетекшілігімен орындалған гуманитарлық
білім, технологиялар мен сараптамалар туралы қолданбалы зерттеулердің
мәні зор. Ал, М.В. Ломоносов атындағы ММУ Психология
факультетіндегі «Гуманитарлық технологиялар (Human Technologies)
HR-Лабораториясының зерттеулері адам капиталын дамытуға бағытталған
интеллектуалдық тестілеу, бағалау, сараптау және
HR-беру беруге бағытталған. Осы жоғары оқу орнының
Психология факультеті және «Гратис» ғылыми-практикалық орталығы
жанындағы «Толеранттылық және Гуманитарлық
технологиялар орталығы» білім беру бағдарламаларын, психологиялық
ойындар сияқты гуманитарлық технологияларды жасаумен қатар,
мақсатты топтар арасында эмпирикалық зерттеулер жүргізумен де
айналысады.
Осымен байланысты Қазақстан қоғамында
интеллектуалды тұлғаны қалыптастыру мәселесі «Қазақстан
Республикасында Білім беруді дамытудың 2011-2020 жж. арналған мемлекеттік
бағдарламасы» барысында әлеуметтік-экономикалық
тиімділіктерді қамтамасыз етуге бағытталған шаралардың,
«Интеллектуалды ұлт - 2020» бағдарламасының шеңберінде
білім беру мен ғылыми әлеуетті арттыруға бағытталған
кешенді жобалардың орындалуына қажетті инновациялық
жетістіктер ұстанымдарына негізделген әдістер мен технологияларды жүзеге
асырумен айқындалып отыр. Сонымен қатар, Қазақстан
– 2050 Стратегиясында да интеллектуалды тұлғаны қалыптастырудағы
қоғамның инновациялық даму саясатының басымдық
бағыттары мен технологияларының арақатынасы мен қолданылу
ерекшеліктері айқындалған. Адам капиталы
аталған бағдарламаларда инновация мен экономиканың
тиімділігін арттырудың және тұрғындардың әл-ауқатын
арттырудың басты қозғаушы күші ретінде қарастырылады. Яғни, аталған мемлекеттік бағдарламалардың
мақсаты – қоғам азаматтарының материалдық және
рухани әл-ауқатын жақсарту мен экономиканы тұрақты
дамыту үшін баршаға арналған сапалы білімнің қолжетімділігін
қамтамасыз ету және адам капиталын дамыту болып табылады.
Интеллектуалды тұлғаны
қалыптастыру және дамыту жолында халқымыздың ұлы
ойшылдарының гуманистік, әлеуметтік бағыттағы идеялары
ағартушылықтың маңызды тетіктеріне айналуы тиіс. Ғұламалардың
ұлтты дамытуға арналған өсиеттері мен ой-танымдары күні
бүгінге дейін халықтық тәрбиеде аса жоғары деңгейде
бағаланады. Сондықтан саналы да жас ұрпақты тәрбиелеу
ісінде тұлғалардың айтып кеткен өсиеттерін басшылыққа
алуымыз қажет. Осы тұрғыда «интеллект», «интеллектуалды тұлға»
ұғымдарының мән-мағынасын бағамдауда қазақ
билерінің, шешендерінің, әл-Фарабидің, Абайдың,
Шәкәрімнің, А.Байтұрсынұлының, М.Жұмабайұлының
және т.б. ұрпақ тәрбиесіне қатысты еңбектеріне
сүйене отырып, «толық адам», «кемел адам», «сегіз қырлы, бір
сырлы» түсініктерімен салыстыра отырып, зерделеудің маңызы
ерекше.
Қоғамдағы
адамның орны мен рөлі жайлы ұлы ойшылдардың көзқарастары мен ой-пікірлерінің
қоғамдық ой тарихындағы мәңгілік баға
жетпес қазына болып қала беретіні сөзсіз. Сол себептен олардың
әлеуметтік көзқарастары мен танымдық толғамдарын
осы заманғы ұрпақтың оқып-тануы өте көкейтесті
мәселе болып табылады. Бұл ретте қазақ халқының
ойшыл-данасы, ағартушы-демократ ақыны А. Құнанбаевтың
(1845-1904 жж.) философиялық-әлеуметтік ой-пікірлері қоғамдық
көзқарастың ең озық үлгісі болды. Ұлы
Абайдың негізгі зерттеу объектісі – адам. А. Құнанбаев – қазақ
қоғамындағы адам проблемасы, оның қоғамдағы
мақсат-мұраты жөніндегі қоғамдық ойдың
негізін қалаушы кемеңгер тұлға. Ұлы Абай адамның
тұлға ретінде әлеуметтік тұрғыда жетілуіне ықпал
ететін алғышарттардың қатарында - «талап, еңбек, терең
ой, қанағат, рақымды» атап көрсеткен. Толыққанды,
жетілген адам - адамгершілігі мол, білімді, еңбекқор, сабырлы,
имандылығы мен ұяты жоғары, қанағатшыл болуға
тиіс дейді. Ол халықты осындай қасиеттерді өз бойларына
дарытуға шақырып, жалпыадамзаттық ізгілікке үндеді. Ұлы
Абай адамды биікке көтеріп, оны толық жетілген адам дәрежесіне
жеткізуді мақсат етті.
Осылайша, бүгінгі
таңда интеллектуалды тұлғаны қалыптастыру – еліміздің
интеллектуалды әлеуетінің артуының кепілі болып табылады. Бұл
ретте қазақстандық қоғамда адам капиталының сапалы өсуі -
білім және тәрбие беру жүйесінің негізгі мақсаты
екендігі сөзсіз жайт.