Талапбаева Гульнар Едиловна
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік
университеті
«Экономика және менеджмент» кафедрасының
аға оқытушысы, э.ғ.к
Әбілтай Дана Оразбекқызы
«Экономика» мамандығының 1 курс магистранты
Халықтың өмір
сүру деңгейі түсінігінің мәні мен маңызының
теориялық негіздері
Халықтың
өмір сүру деңгейінің проблемалары мен оны зерттеу
қоғамның әлеуметтік-экономикалық даму
деңгейіне қарамастан, барлық елдер үшін өзекті.
Экономикалық
әдебиетте өмір сүру деңгейінің біркелкі
түсінігі жоқ. Кейбір авторлар өмір сүру деңгейін
адамдардың өмір тіршілігін анықтайтын әр-түрлі
жағдайлардың жиынтығы ретінде кең мағынада
түсінеді. Кейбіреулері өмір сүру деңгейін осы
жиынтықтың бір-нешеуін құрайтын маңызды, негізгі
және біреу деп түсінеді.
«Өмір
сүру деңгейі» экономикалық зерттеу объектісі ретінде
оның басты міндеттері деп келесілерді атауға болады:
- адамның өмір сүру сапасын сипаттайтын
көрсеткіштерді бағалау (салауатты өмір салтын жүргізу
қабілеті, білім алу мүмкіншілігі, лайықты өмірге
жеткілікті табыс көзі және жоғары кәсіби білімі);
- атаулы және нақты табыстарды зерттеу;
- халықтың баспанамен, ұзақ қолданылатын
тұтыну игіліктерімен қамтамасыз етілуі;
- әлемнің әр түрлі елдеріндегі өмір сапасы мен оның
деңгейін бағалау арқылы ел аралық салыстыру
жүргізу;
- аталмыш сала саясатын қалыптастыру үшін өмір сүру деңгейін зерттеу.
Халықтың
тұрмыс деңгейі – тұрғын халықтың
қолайлы өмір сүруіне қажеттіліктерін
қанағаттандыру дәрежесі. Қажеттіліктер –
организмнің, тұлғаның, әлеуметтік топтың,
жалпы қоғамның олардың тіршілігіне, дамуына
қажетті нақтылы жағдайлармен байланысты туындайтын
жай-күйі [13].
Адамның
қажеттілігінінің өзіндік белгісі адамның
қызметінің әлеуметтік табиғатымен анықталады.
Аталмыш жағдайлармен байланысты адамның қажеттіліктерін
келесі топтарға жіктеуге болады:
- физиологиялық
қажеттіліктер – тұлғаның тамаққа,
ауаға, суға, климаттық жағдайларға және
басқа да осы секілділерге деген табиғи қажеттіліктері;
- материалдық
қажеттіліктер – тұлғаның баспанаға, киім-кешекке,
көлік құралдарына, өндіріс құралдарына
және т.б. осы секілділерге деген заттық-материалдық
қажеттіліктері;
- рухани
қажеттіліктер – тұлғаның қоршаған ортаны
тануына, білімге, өнерге, ғылымға,
шығармашылыққа және тағы басқаларға
деген интеллектуальдық-рухани қажеттіліктері;
- әлеуметтік
қажеттіліктер – тұлғаның қоғамдық
қарым-қатынастарға, қызметтерге, абыройға,
атақ-даңққа, әлеуметтік
құқықтарға және тағы басқаларға
деген қоғами қажеттіліктері.
Әлеуметтік топтардың, таптардың,
қоғамның қажеттіліктері оның дамуы барысында
қоғамның жекелеген элементтерінде немесе жалпы
қоғамдық жүйеде өзгертулер, түрлендірулер
жүргізуге мұқтаждықтармен байланысты туындайды.
Қоғамның қажеттіліктері оның қалыпты
тіршілік әрекеттеріне және дамуына қажетті жағдайларды
қамтамасыз ету қажеттілігімен анықталады. Оған
өндірістік қатынастарға, мемлекеттік
басқарушылыққа, ел қорғанысына,
қоршаған ортаны қорғауға, қоғам
мүшелерін конституциялық құқықтары мен
кепілдіктерін қамтамасыз етуге және басқа да осы тектес
қажеттіліктерді жатқызуға болады
Жалпы
алғанда, тұрмыс деңгейі –
қоғамның және оның мүшелерінің физиологиялық,
материалдық, рухани және әлеуметтік
қажеттіліктерінің дамуы деңгейін, олардың
қанағаттандарылу дәрежесін және аталмыш
қажеттіліктердің қанағаттандырылуына және дамуына
алғышарттарды бейнелейтін кешенді әлеуметтік-экономикалық
категория. Ол тамаққа, киімге,
баспанаға, көлікке, білімге, денсаулық сақтауға,
мәдениетке, өнерге, демалысқа, қауіпсіздікке,
еркіндікке және т.б. игіліктер (қызметтер мен тауарлар) мен бейигіліктерге
деген қажеттіліктерінің қанағаттандырылуының
құрамдарымен және мөлшерлерімен анықталады.
Тұрмыс деңгейі халықтың
тұрмысы мен тіршілігінің алуан түрлі қырларын
жан-жақты сипаттайтын сан түрлі көрсеткіштермен баяндалады.
Сәйкесінше, тұрмыс деңгейіне алуан түрлі факторлар
әсер етеді. Атап айтқанда, бір жағынан тұрғын
халықтың құрамдары мен шамалары үнемі
өзгеріп отыратын алуан түрлі қажеттіліктері әсер етсе,
келесі жағынан осы шексіз қажеттіліктерді қанағаттандыруға
мүмкіндіктердің елдегі табиғи, экономикалық,
экологиялық, әлеуметтік, саяси, демографиялық және т.б.
ахуалдармен байланысты шектеулілігі ықпал
етеді.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі
1 Кенжегузин М.Б., Гайсина
С.Н., Мкртчян З.Д. Система жизнеобеспечения населения: факторы социальной и
региональной дифференциации. – Алматы: Ин-т экономики, 2000. – 29 б.
2 Шеденов
Ө.Қ. Адам капиталының әлеуметтік-экономикалық
қатынастарда жаңартудағы негізділігі /
Халықарылық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары
«Модернизация основных фондов – основа перехода к устойчивому развитию» Алматы,
Экономика 2009. 733 б.
3 Моделирование уровня жизни населения /Монография под.ред. д.э.н.,
Рахметовой Р.У.-Алматы, 2008. - 137 б.