Оңтүстік Қазақстандағы 1920-1930 жылдары

жүргізілген саяси репрессиялар

Отарбаева А.К.

М.Әуезов атындағы ОҚМУ, Шымкент қ.

 

 Бірінші кезекте өңірдің қоғамдық-саяси өмірі: саяси күштердің орналасуындағы өзгерістер динамикасы көрсетіліп, Түркістан өлкесі ретінде белгілі саяси кеңістікте орналасқан Оңтүстік Қазақстан өңірінің өзіндік тарихи және географиялық мазмұндағы ерекшеліктерге ие екендігі сөз болады.

Қазақ жерлерінің қайтадан бірігуі нәтижесінде республика аумағы 700 мың шаршы км-ге жуық, яғни үштің біріне ұлғайып 2,7 млн. шаршы км болды, ал халқы 1468 мың адамға көбейіп, жалпы саны 5230 мыңға жетіп, 1926 жылғы халық санағы бойынша қазақтар республика халқының 2/3-сіне жуығы (61,3%) болған еді. Бұл арада Кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі небары 8-9 жыл аралығындағы аласапыранда аталған өңір халқының қосқан үлес салмағы қарапайым арифметикалық тұрғыдан қарастырғанның өзінде (1917жылғы 2.665.441 қазақтан 1926 жылғы санақ бойынша шамамен 1.468.000 қазақ қосылған.) ойсырап-ақ қалғаны көрініп тұр. Осы орайдағы зұлматтар бөлімде кеңінен талқыланады.

Айта кету керек 20-жылдардың басында партиялық ықпал барынша әлсіз еді. 1921 жылдың сәуірінде өткен ІV Әулиеата уездік - қалалық конференциясында «…Уездік партия ұйымының тым әлсіздігі, партия жұмысының уезде де, қалада да әлсіз екендігі, Уқалкомның жетекшілік рөлінің жоққа тән екендігі, онсыз коммунистік ұйымдар мен басқа да партия ұйымдары күнін көре алмай кететіндігі… Уқалкомға мынадай ұсыныстар: «…қала мен уезде коммунистік бастауыш ұйымдарын құруға барлық күш-жігерді жұмсауды, ал коммунистік фракциялардың кәсіподақтары жанынан жастарды, мұсылмандар мен орыстар одағын және әйелдерді қоса отырып сенбіліктер ұйымдастыру қажеттілігі айтылды [1]. Дәл осындай жағдай Перовск және Черняев уездерінде де болды. Бұдан кейінгі кезеңдерде бастауыш партия ұйымдары мен партия ұяшықтары орта деңгейдегі аппараттың қырағы көзқарасымен жұмыс істеді, дегенмен мұндай бақылау орталық партия органдарының бағытынан айнымауға кепілдік бере алмайтын еді.

Зерттеліп отырған кезеңдегі басқа әлеуметтік топтардың әлсіз жағы ретінде, олардың саяси позициясының бұйығылығын айтуға болады. Ауыл буржуазиясы саяси қозғалысы үнемі ауыл шеңберінен аспай, көбіне орта деңгейдегі билік құрылымдарына кіріге алған жоқ. Шаруа қозғалыстарының ғасырлық дәстүрі мұнда да қайталанды - өз деревнясында немесе ауылындағы мәселені шешуге қатыстылық оның сыртындағы кез-келген акцияларға қатысуға енжарлығымен алмасты.

Әрине, большевиктердің партия ұйымдары 1920-шы жылдардың соңына қарай өз ықпалын барынша арттыра алды. Өз позицияларын түпкілікті нығайтып алғаннан кейінгі негізгі мәселе, өз қарсыластарына қатысты байлам жасау керектігі болатын. Бір жағынан өткен түсініспеушіліктерді ұмытуға болар еді, ал екінші жағынан макиавеллизм дәстүрлеріне сәйкес, қолданбалы саясатта, орын алған реніштер кешірілмейді. Сондықтан да саяси оппонентті бас көтермейтіндей етіп сұлатып, оның ерте ме кеш пе кек (реванш) алуына мүмкіндік бермеу қарастырылды. Екінші жолды таңдаған большевиктерге бұрынғы оппонентерімен есеп айырысуда реттілікті дұрыс таңдау қажет болды- алдымен өте қауіптілерін, кейіннен аз қауіптенетіндерін. Биліктің қолдарында болып, жазалау аппаратының нығайтылуы, социалистік қайта құруларды жүргізудегі асығыстық, большевиктерді әлеуметтік топтар мен әртүрлі халықтар арасында және ең соңында партияның өз ішінде репрессиялар  жүргізуге итермеледі. 

1928 жылдың 5 қыркүйегінде Қазақстан Орталық Атқару Комитеті мен Халық комиссарлары кеңесінің «Ірі байлардың мал-мүлкін кәмпескелеу туралы қаулысы және Қазақстандағы барлық батырақ, кедей, орташаларға ақсүйек байлардың мал-мүлкін алып, өздерін жер аударуға белсене кірісуге шақырған хаты жарияланды [2].

Кәмпескеленген мүліктерді «батрактар мен кедейлерге төленетін төлем ақы ретінде, жергілікті халықтың кедейлеріне беру, осы негізде экономикалық жағдай көтерсе колхоздар құру, немесе қазірге дейін құрылған колхоздар мен совхоздарды нығайту» қарастырылды. Кәмпескелеуді жүргізу жөніндегі директиваларда оның өзіндік маңызы атап көрсетілді - «бір уақыттағы іс-шара ретінде жүргізіліп, қысқа мерзімде ауылдың жартылай-феодал байларының  ықпалын болдырмай тастау Кулактар мен  байларға шабуыл ұзақ уақытты іс-шара болып табылады ол ЖЭС-ке негізделіп, батрак-кедейлер мен орташалардың кулактар мен байларға қарсы аянбас күресуі арқылы жүргізілуі тиіс. Декреттегі көрсетілген цифр - 700 ірі шаруашылықты кәмпескелеу әрине «ықпалын болдырмай тастау» мәселесін шеше алмайтын еді- тіпті Қазақ АКСР халқының аздығын есепке алғанның өзінде осы шаруашылықтардың кәмпескеленуі ауыл мен селодағы үлкен ауқымдағы жаппай экспроприациялаудың алғы шарты болды десек  қателеспейміз.

Директиваға сәйкес «кәмпескелеу жалпы байларға қарсы емес, ауылда өзінің ықпалы арқылы патриархалды жартылай феодализм қалдықтары мен рулық қатынастарды қолдайтын байларға қарсы қолданылады», - делініп кәмпескелеу тәртібін біршама тежеу қарастырылды. Мәселен, кәмпескелеуге ауыл-шаруашылығына қатысы жоқ үй бұйымдары, сонымен қатар күнделікті ішіп-жем тағамдары кірмеді. Акцияны, «дәстүрдегідей», қысқа мерзімде - бірінші қыркүйекте, Декрет жарияланған күні бастап, 1-ші қарашада барлық процесті жер аудару мәселесін қоса отырып бітіру көзделінді.

Сырдария округіне өлкелік өкіл ретінде сол кездегі Қазақ АКСР ХКК төрағасы Ораз Исаев жіберілді. Округ бойынша кәмпескеленетін шаруашылықтардың жалпы саны 1-ші категория бойынша 80-ге жетті, бұлар «ірі бай-жартылай феодалдар еді», және 2-ші категория бойынша 9 шаруашылық – бұрындары ерекше лауазымды топтарға жататын, антикеңестік қызметтерге байланысы барлар болатын. Сол кезде Сырдария губерниясы құрамынан бөлініп шыққан Қызылорда округы бойынша кәмпескелеу тиісінше 35 және 5 шаруашылықтарда қарастырылды. Мән берерлік жәйт, Сырдария округіндегі кәмпескеленетін 80 шаруашылық республиканың басқа округтерімен салыстырғанда өте ірі топты құрады, ал Қызылорда округін қосқанда тиісінше 115 және 14 шаруашылық болып, республиканың  12 округіне бөлінген шаруашылықтардың жалпы санының 18,4% құрады. Кәмпескелеуді барынша қысқа мерзімде өткізу және шаруа қожалықтары тарапынан болатын қарсы әрекеттерді болғызбау мақсатында, тізімдерді құруды тікелей  жергілікті жерлерде өткізу міндеттелді. Қорытынды тізім БК(б)П Өлкелік комитетінде бекітіліп, оған дейін округтік және аудандық комиссиялардың, кедейлер мен батрактардың жалпы жиналысында сайланатын көмектесу комиссиясында (комиссия содействия) талқыланатын. Кәмпескеленген малдарды бөлу «… аты жоқты атпен қамтамасыз етіп, сиыры жоққа сиыр беріп (түйесі жоққа да солай), ал ұсақ малғ келсек жеке шаруашылыққа 10 қойдан үлестіру дұрыс (ірі қара мал алмағандарға) деп есептелінді [3]. Кәмпескеленген мүліктердің байдың туысқандары мен достарына берілмеуі атап айтылды, сонымен қатар «Кеңес немесе партия аппаратында жұмыс істейтіндердің мал алуына» жол берілмеді, «партия мүшелеріне», батрактар мен кедейлерге бұл тек жалпы негізде ғана мүмкін болды. Округтік комитеттер партиядағыларға қатысты ешқандай артықшылықтың болмауын қадағалауға тиіс» болды.

Қызылорда округі аудандарындағы кәмпескелеуді жүргізу іс жүзінде  БК(б)П-ның Қазақстан өлкелік комитеті директиваларымен қарама-қайшылықта болды. «Ауылда жартылай-феодалдық, патриархалдық рулық  қатынастарды сақтап отырған рі байлардың мүлкін кәмпежәне жер аудару» комиссиясының отырысында округтің Арал ауданында кәмпескеленетін шаруашылықтардың тізімі дер кезінде құрылмағандығы атап өтілді. Комиссия  «аудандағы кәмпескелеу жұмысы барысындағы қиын жағдайларға - мекендердің бір-бірінен алыстығын, байлар тұратын жерлердің жақын емес екендігін байдың мүлкін бөлуді заң  тұрғысында рәсімдеудің жоқтығын, бұл мәселенің шиеленісіп кеткендігін» айта келе, ары қарай: бай шаруашылықтарын бөлу мәселесінде нақты шешімнің жоқтығы байдың туысқандарының малдарын дұрыс кәмпескемелеуге апарып отыр» делінген [4]. Мұндай «ұр да-жық» саясаттың салқыны Оңтүстік халқын едәуір бөлігін қамтығаны анық.

 

Әдебиеттер тізімі

1.    Саяси қуғын-сүргіндер: шындық пен қауесет. Құжаттар жинағы. – Шымкент, «Ғасыр-Ш» баспасы, 2003. - 180 б.

2.    Ғали Ә.Б. Голод в Казахстане: 1932-1933 // Арай-Заря. – 1989. - № 11. – С. 12-13; Ғали Ә.Б. Ашаршылық пен қуғын-сүргінді шатастырмау керек // Айқын. 2008. – 28 мамыр; Ускембаев Қ.С. Ә.Ә. Ермековтің қоғамдық-саяси және ағартушылық қызмет (1891-1970 жж.). - Қарағанды: МББҚБА және ҚДИ баспасы, 2003. - 277 б.

3.    Политические репрессии в Казахстане в 1937-1938 гг. Сборник документов. – Алматы: Казахстан, 1998. - 336 с.

4.    Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру саясаты кезіндегі дүрбелең // Халықаралық Бекмахонов оқулары. – Алматы қаласы, ҚазМУ. – 2006, 25-26 мамыр.