С.Кунай, магистрант, Б.Қуантқан, э.ғ.к., Б.Қ.Қадыров, PhD доктор

Қазақстан инновациялық университеті, Қазақстан

 

ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНДА СТУДЕНТТЕР БОЙЫНДА ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕНІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ТЕТІКТЕРІ

 

Бүгінгі таңда қоғамдағы өзгерістер, үздіксіз білім беру жүйесінің ұлттық моделін жасауға деген ұмтылыс ұлттық  құндылықтарды терең зерттеуге мүмкіндік жасауда. Еліміздегі экономикалық және әлеуметтік-саяси ахуал өткенімізге оң баға беруге, тарих шежіресінде қордаланып жатқан ізгіліктерді, халық зердесін жас ұрпаққа жеткізуді міндеттейді. Осындай игілікті міндетті шешу, тарих беттерінде ашылмай қалған құндылықтарды қаймағын бұзбай жеткіншектерге жеткізу -  адами борыш. Ұрпақ алдындағы аталмыш борышты өтеу әсіресе тәлім-тәрбиенің кілтін қолға алып жүрген педагогтарға тікелей қатысты.

Тәуелсіз елімізде жастарды бүгінгі күн талабына сай ұлттық тәлім-тәрбие беруде халқымыздың бай мәдени мұраларын, педагогикалық ой-пікірлерін, жинақталған ұлттық құндылықтарды зерттеп, жүйелеп, жоғары оқу орындарының оқу-тәрбие процесіне пайдаланудың маңызы зор.

  Елбасымыз  Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Оқыту үдерісінің тәрбиелік құрамдасын күшейту қажет. Олар  патриотизм, мораль мен парасаттылық нормалары, ұлтаралық келісім мен толеранттылық, тәннің де, жанның да дамуы, заңға мойынұсынушылық» деп атап көрсетті [1]. Осыған орай, қазіргі студент-жастардың  бойында ұлттық құндылықтарды, студент-жастардың  ұлттық дүниетанымын қалыптастырудың маңыздылығы – бүгінгі күнгі өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.

Сондықтан да бүгінгі күні студенттерге қойылып отырған басты талап - патриоттық тәрбие беруге дайындаудың үдерісін ұйымдастыру арқылы тұлғаның  патриоттық санасын, біліктілігін, шыдамдылығын, алдына қойған мақсатына жетуін, яғни оның алдағы өмірінде қоғамның табысты болуына көмектесетін қасиеттерді қалыптастыру арқылы оның патриотизм мәселесіне қызығушылығын арттыру болып отыр.

Патриотизмге тәрбиелеу алдымен жастардың сана-сезіміне, одан соң іс-әрекетін ұйымдастыруға ықпал етуден басталатыны белгілі. Осы мәселені тарихи-педагогикалық тұрғыда зерттеудің маңызы зор.

Ұлттық патриотизм елін қорғауға даярлығы, туған жеріне, өз ұлтына, тіліне, табиғатына, салт-дәстүрлеріне, мәдениетіне құрмет пен сүйіспеншілік ұғымымен байланысты болса, жалпыұлттық патриотизм түрлі ұлт өкілдерінің тұрғылықты жерін, елін мақтан тұтуы, Отанына сүйіспеншілікпен қызмет етуін білдіреді [2].

Ұлттық патриотизмді қалыптастыруда салт-дәстүрлердің атқаратын орны ерекше. Жоғары оқу орындарында студенттерге споттық ойын түрлері арқылы патриоттық тәрбие беру ісінің маңызы зор. Өйткені егеменді ел болған соң сол елдің елдік белгісі ұлттық патриотизм тәрбиесі айқын көрінуге тиіс.

Ұлттық қасиеттеріміздің ұрпақ бойында қалыптасуы қоғам игілігі үшін маңызды. Студенттерге ұлттық патриоттық тәрбие беру жоғары оқу орындарында кең көлемде жүргізілуі тиіс. Ұлттық ойын – ұлттық тәрбие негізі деп білеміз. Ал ұлттық тәрбие ғаламдағы құндылықтарды бойына сіңіріп, өз құндылықтарын арттыра береді. Бірақ ол өндіріс және экономика сияқты «ғаламдастыруға» келмейді, өркениеттілікпен дамып, қалыптасады. Қазақ ұлттық спорттық ойындар - өркениеттілік қасиеттерді бойына сіңірген ғылым. Сондықтан студенттер ұлттық патриотизммен сусындасын десек, қазақ ұлттық спорттық ойындар негізінде патриоттық тәрбие беруді жүйелі талдап, зерттеп, жоғары оқу орындарында патриот студенттер тәрбиелеуде енгізілуі керек. Осыған сәйкес біз ұлттық патриотизм ерекшеліктерін айқындайтын қасиеттердің  мәнін ашып көрсеттік (Сурет 1).

Бүгінгі күні ғылыми еңбектерде «қазақстандық патриотизм» ұғымы кеңінен қолданыс тауып келеді. Мұның өзі Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алуымен тұспа-тұс келетін көп ұлтты  еліміздің жалпы халықтарына арналған деп айтуға болады. «Қазақстандық патриотизм - Қазақстанды мекендейтiн барлық ұлт пен ұлыстардың, халықтардың Қазақстан мемлекетi әлемдiк биiктен көрiну жолында бiлiм, мәдениет, экономика, әлеуметтік тұрғыда дамуына жағдай жасай отырып, елiмiздегi бейбiтшiлiкті, бiрлiк пен тәуелсiздiктi сақтау үшiн барлық күш-жiгерiн жұмсау» - [3] деп тұжырым жасауға болады. Ал Қазақстандық патриотизмдi іске асыру  көп ұлтты Қазақстанда бiрлiк пен елдiктi сақтай отырып, демократияландырылған, әлемдiк өркениеттен орын алу идеологиясына негiзделген стратегиялық бағыт-бағдар болып табылады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сурет 1 – Ұлттық патриотизмнің  мәні

 

Себебі Қазақстанды Отаным деп білетін әрбір Қазақстан азаматы Қазақстанды сүйіп, соның азаматы болу, қазақстанды қорғау, Қазақстанның дамуына, өркендеуіне өз үлесін қосуға міндетті.

Қазақстандық патриотизмді еліміздің әрбір азаматтарының санасына сіңіру - кезек күттірмейтін мәселе. Сондықтан біз мақалада қазақстандық патриотизмнің мәнін ашып көрсетуге тырыстық (Сурет 2).

Бүгінгі таңда  ұлттық дүниетанымды толық зерттемей және жастар тәрбиесінде жан-жақты әрі толыққанды пайдаланбай рухани үйлесімде жетілген ұлтжанды заманауи жастарды тәрбиелеу мүмкін емес. Жас ұрпаққа  бүгінгі өркениетті дүниеде болып жатқан  өзгерістерді  ескеріп отырып, өз халқының  ұлттық, мәдени-тарихи, әлеуметтік-экономикалық ахуалын терең танытуға айрықша назар аудару қажет. Мұндай жағдай негізге алынған жағдайда  ғана адамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына дарытқан парасатты  тұлғаны тәрбиелеу мүмкін болады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Сурет 2 – Қазақстандық патриотизмнің мәні

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы. // Егемен Қазақстан. -

2. Ұзақбаева С.А. Тамыры терең тәрбие. - А.: Білім, 2008, 212 б.

3. Оршыбеков Ы. Қазақ халқының педагогикалық мәдениеті. - А.: Білім, 2010, 253 б.