Карманова Ж.А., Манашова Г.Н., Алибекова М.Д., Махметова М.

Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ, Қазақстан

 

Кәсіптік бағдарлау жұмысының шығу тарихы

Білім берудің артып келе жатқан рөлін сезіну бүгінгі күні заманауи қоғам дамуының негізгі үрдістерінің бірі болып табылады. Көптеген елдер өз азаматтарының интеллектуалдық және шығармашылық әлеуетінің дамуын максималды деңгейде қамтамасыз ете алатын өркениеттің болашағы зор екені туралы қорытындыға келді, мұның өзі, бәрімізге мәлім болғандай, тек қана мемлекет пен қоғамның білім беруге деген тиісті көзқарасы қалыптасқан кезде ғана мүмкін. 

Білім берудің жеке тұлғаға бағдарланған парадигмаға көшу және оқушылардың кәсіби орнын өзі белгілеудің сапасын қамтамасыз ету қажеттілігі педагогтердің мектеп оқушыларына кәсіптік бағдарлануына ықпал етуге даярлаудың қажеттілігін оятты. Оқушылардың мамандық таңдау табыстылығы көбіне педагогтердің құзыретті ықпалына байланысты.

Кәсіптік бағдарлау оушыларға мамандық таңдауда көмек көрсетуге бағытталған, психологиялық педагогикалық іс-әрекет ретінде, құрылуы мен дамуының өз ұзақ тарихы бар.

Кәсіптік бағдарлаудың басталуын жиі 1908 жылғы, Бостон қ. (АҚШ) бірінші кәсіптік бюросының ашылу кезеңіне жатқызады. Бірақ, басқа көзқарасқа сүйенсек, кәсіптік бағдарлау одан едәуір ертерек, көне заманда пайда болған. Кәсіптік бағдарлау адами қоғамның даму қажеттілігінен туындайды, және сондықтан, оның да, қоғам сияқты, өз тарихы мен тарихының бастауы бар. Әрине, кәсіптік бағдарлау кәсіптер пайда болғаннан бұрын шығуы мүмкін емес, демек, осы кәсіптерге бағдарлаудың қажеттілігі де. Адамның кәсіби жарамдылығын бағалаудың кейбір элементтерінің пайда болу тарихы ғасырлар түбінде жатыр. Бұл, негізінен білім, іскерлік мен қабілеттер диагностикасына қатысты. Біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ мыңжылдықтың ортасында Ежелгі Вавилонда жазғыштарды дайындайтын мектеп түлектерін сынақтан өткізген. Сол кезеңдегі ауқымды болып келетін білімі арқасында кәсіби дайындалған жазбашы месопотамиялық өркениеттің негізгі тұлғасы болды; ол алқапты өлшеу, мүлікті бөлуді білді, музыкалық аспаптарда ойнай білді. Сынақ кезінде оның мата, металл, өсімдіктерді ұғыну іскерліктері тексерілді, сонымен қатар, түгел төрт арифметикалық әрекетті білуін тексерді.

Ежелгі Мысырда абыз өнеріне тек қана белгілі бір сынақтар жүйесіне шыдай алғандарды ғана үйреткен. Басында үміткер қазіргі кездегі әңгімелесу деп аталатын процедураны өткен.  Сол кезде биографиялық деректер, білім деңгейі тексеріліп, келбетін, әңгіме жүргізу дағдысы анықталды. Еңбек ету, тыңдау, үндемеу іскерліктерін тексерді, отпен, сумен, өмір қаупі бар сумен сынақтар өткізді [1].

Мұндай қатаң сынақтар мен іріктеудің жүйесін ежелгі заманның атақты ғұламасы Пифагор сәтті еңсеріп өткені белгілі. Оқудан соң Грецияға оралып,ол өз мектебін ашты, оған өзінің қарсы тұра алған, өзінің өткеніне ұқсас түрлі сынақтардан кейін қабылдауды мүмкін қылған. Пифагор «Әрбір ағаштан Меркурийді жонып шығуға болмайды» деп бейнелі түрде айта келе, интеллектуалдық қабілеттердің маңызды рөлін ерекше атап өткен,сондықтан да дәл осы қабілеттердің диагностикасына ерекше мән берген. Сонымен қатар, Пифагор жастардың күлкісі мен жүріс-тұрысына назар аударған, оның пайымдауынша, күлу мәнері адам мінезінің ең жақсы көрсеткіші болып табылады.

Б.д. дейінгі III мыңжылдықта Қытайда үкіметтік шенеунік сияқты кең таралған лауазым мен кәсіп болды. Сәйкесінше, мұнда да осы лауазымға кәсіби іріктеудің алғашқы элементтері пайда болды. Осы қызметке тұру үшін мемлекеттік емтиханнан өтуге батылдық танытқан, жастардың айналасындағы әсемділік пен жағдайдың салтанаттылығы рәсімге айтарлықтай  үлесін қосты. Қытайлық қоғамда бұл емтихан мереке ретінде қабылданды. Императордың өзі емтихан тапсырмасын жиі беріп тұрды, үміткерлерді көп сатылы конкурстық іріктеудің қорытынды кезеңінде білімдерін де өзі тексерді [1].

Басқа үлгілерін бізге Спарта, Афин, Рим тарихы ұсынады. Спартада жауынгерлерді тәрбиелеу жүйесі құрылып, табысты жүзеге асырылып отырды, Римде - гладиаторларды іріктеу және оқыту жүйесі болды. Платон «Адамдар бір -біріне онша ұқсас болып тумайды, олардың табиғаты да әр түрлі, қандай да бір іске деген қабілеттері де солай. Сондықтан, өз табиғи талаптарына сәйкес қандай да бір жұмысты орындаса, барлығын көп мөлшерде, жақсырақ және оңайырақ жасауға болады» - деп жазған [2].

Афинде мемлекеттің күш қуаты оны басқаратын тұлғаларға байланысты екендігі туралы мәселе ашық талқыланды. Платонның «Мемлекет туралы» еңбегінде қандай билеушілерді таңдау керек деген сұраққа, Сократ былай деп жауап береді: «Артықшылықты ең сенімді, батыл, мүмкіндігінше сүйкімдісіне беру керек; бірақ, одан басқа тек игілікті және қатаң мінезді адамдарды ғана емес, сонымен қатар, мұндай тәрбиеге келетін қасиеттері барларын да іздеп табу қажет. Олардың бойында... ғылымға деген өткір алғырлық пен зеректігі болуы тиіс. Есте сақтау қабілеті жақсы, мызғымас табанды және барлық жағынан да еңбексүйгіш адамды іздеу керек» [3].

Үндінің б.д. дейінгі 900 және 600 жж. кезеңінің ілімінде  зергер, металлист, құмырашы, кәрзеңкеші, қанатшы, тоқымашы, бояушы, ағаш ұстасы, үй қызметшілерінің түрлі санаттары, кәсіби акробаттар, көріпкелдер, сырнайшы, бишілер аталған. Өздерінше кәсіби актерлер болды.

Жоғарыда қарастырылғандар қазіргі кезде кәсіптік диагностика мен кәсіптік іріктеу деп аталатын элементтері пайда болуының ең алғашқы кезеңін көрсетеді. Қазіргі кезде кеңінен таралған кәсіптік бағдарлау жүйесіне кәсіптік диагностика мен кәсіптік іріктеудің қосылуы туралы көзқарастан қарастырсақ, кәсіптік бағдарлау бұрыннан пайда болды деп айтуға болады. 

XIV-XV ғасырларда кәсіптік бағдарлау алғашында ақыл-ой және дене еңбегі адамдарының арасындағы әлеуметтік теңсіздік пен қарама- қайшылық мәселесін шешуге талпынған, дене еңбегі арқылы оқытуды әлеуметтік теңдікке жетудің маңызды құралы ретінде қарастырған, социал утопистер Т. Морр және Т. Кампанелланың еңбектерінде айтылған еңбек арқылы оқыту мен тәрбиелеу идеясымен тығыз байланысты. Еңбек тәрбиесі идеясын әрі қарай дамыту Р. Оуэн, И.Т. Песталоцци мен Ж.Ж. Руссо еңбектерінде, ал оның дамуының аса шарықтауы К. Маркс пен Ф. Энгельс ілімінде жүзеге асты.

Егер кәсіптік бағдарлауды тек кәсіптік диагностика мен кәсіптік іріктеуді (талғауды) ғана емес, сонымен қатар, кәсіптік ағарту, кәсіптік кеңес беру, әлеуметтік кәсіптік бағдарлау мен кәсіптік тәрбиені де қамтитын қоғамдық процесс ретінде қарастырсақ, онда кәсіптік бағдарлау адамның ғылыми саналы іс -әрекеті ретінде кейінірек: бөлек ғылымдардың жіктелуі мен біріктірілуі үрдісі күшейген кезден бастап пайда болғаны айқындалады. Демек, жоғарыда келтірілген тарихи деректерді тарихқа емес, кәсіптік бағдарлаудың шығу тарихының бастауы деп қарастыру керек.

Өскелең ұрпақты қоғам игілігі үшін жасампаз еңбекке дайындау – мемлекеттің білім беру жүйесінің аса маңызды міндеті. Оның табысты жүзеге асырылуы еңбек тәрбиесі мен кәсіптік бағдарлаудың едәуір жетілген жолдарының үнемі ізденісімен байланысты. Озық педагогикалық тәжірибе, ғылыми зерттеулер нәтижелері көрсетіп отырғандай, жастардың еңбек жолын белгілеу мәселесін шешуге деген кешенді тәсіл кәсіптік бағдарлау іс- әрекетінің табысқа жетуіне жағдай жасайды.

Кәсіптік бағдарлау – бұл, ауқымы бойынша мемлекеттік, нәтижелері бойынша экономикалық, мазмұны бойынша әлеуметтік, әдістер бойынша педагогикалық күрделі көп қырлы мәселе. Кәсіптік бағдарлау жеке тұлғаның мүдделері, бейімділіктері, мүмкіндіктері мен белгілі бір мамандықтар кадрларында қажеттілікке сәйкес қоғамның еңбек ресурстарын тиімді үлестіруге ықпал етеді.

Әдебиеттер:

1.    Сазонов А.Г. Профориентация учащихся школ. - М: Академия, 2011. – 223 б.

2.   Талызина Н.Ф. Управление процессом усвоения знаний. - М., 1975. - 176 б.

3.    Захаров Н. Н. Профессиональная ориентация школьников: учебное пособие для студентов-слушателей факультетов общественных профессий. - М.: Педагогика, 2008. – 272 б.