Отбасы — қоғамның маңызды бір бөлшегі

 

Жолтаева К.

                                                                        Қазақстан, Алматы қ.

әл -Фараби атындағы ҚазҰУ

Педагогика және білім

беру менеджменті кафедрасы

 

«Қалай десек те, ең мықты,

табиғи мектеп – отбасы.

Осында қалыптасқан барлық жақсы

қасиеттер өмір бойына серік болады.

 Отбасынан кеткен қателікті

ешбір мектеп түзете алмайды…»

 

Мұхтар Арын

 

 

Отбасы — әр адам үшін ең жақын әлеуметтік ортасы, қоғамның маңызды бір бөлшегі. Отбасы бала үшін өмір мектебі, онда алғаш рет қарым-қатынас түрлеріне үйренеді, қоршаған ортамен танысады, мінез-құлық нормаларын меңгереді, адамгершілік қасиеттері қалыптасады және дамиды. Сондықтан да келер ұрпақты тәрбиелей отырып, оларды өмір жолында кездесетін қиыншылықтарға қарсы тұра білуге үйрете білу керек. Отбасында орныққан қарым-қатынас түрі мен қалыптарына сәйкес баланың тұлғалық қасиеттері қаланады. Бала әрқашан да ата-анадан жүрек жылуын, мейірімділікті қажет етеді, ол ата-ананы өмірдің тірегі санайды, оларға қарап бой түзейді, үлгі алады. Балалық шағында отбасында алған, меңгерілген қасиеттер бала бойында өмір бойы сақталады.

Жас адамды саналы, есті, мәдениетті, сергек етіп тәрбиелеу – отбасы мен қоғамдық тәрбие орындарының бірден-бір парызы. Яғни, балаларды тәрбиелеу тек ата-ананың жеке ісі емес, бұған барлық қоғам қызығушылық танытуы керек. Өйткені «Ес түзелмей, ел түзелмейді», олай болса егемен  еліміздің болашағы отбасында тал бесіктен бастау алып,оқу тәрбие орындарында тәрбиеленген саналы ұрпақтың қолында.

Бұл мәселе еліміздің Заңдарында да көрініс тапқан. Қазақстан Республикасының ата заңында «Біздің мемлекеттің ең басты байлығы, қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген. Осыған сәйкес елімізде адам және оның өмірі үшін барлық жағдайлар жасалып жатыр. Ата заңымызға сүйенсек «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата ананың табиғи құқығы әрі парызы» делінген. Мемлекеттің бұл саясатын жүзеге асыру үшін бізге бірлік керек.

Отбасындағы ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас ең басты іс-әрекеттердің бірі болып табылады. Қарым-қатынас — адамзат өмірінің аса маңызды және негізгі сферасы болып, соның нәтижесіде тұлғааралық байланыс орнығып, өзара мәміле қалыптасып дамиды. Қарым-қатынас - тұлғалар мен топтар дамуының және қалыптасуының қажетті шарты.

Қарым-қатынас барысында екі не бірнеше тұлға арасында рухани әлем және ой-пікір, сана-сезім, мінез-құлық, қылық-жорықтар, келісім, не өзара түсіністік тұрғысында, не болмаса қақтығыс, талас-тартыс, қарама-қайшылық тұрғысындағы мәміле үрдіс іске асады.

Отбасылық қарым-қатынаста оның осы функциялары толық орын алады. Егер тартыс-талас, қарама-қайшылық, түсінбеушілік басым болса отбасында балаға дұрыс тәрбие беру мүмкіндіктері төмендейді.

 Қарым-қатынасы бұзылған отбасыларына психологиялық және психотерапиялық көмек көрсетуге көптеген психотехникалар пайдаланылады. Отбасының екі тармағы — ерлі - зайыптылар мен ата - ана – бала қатынасы кеңінен қарастырылып, олардың ерекшеліктері, артықшылықтары және қиындықтары талданып, одан шығару жолдары көрсетілді.

Л.С. Выготскийдің, А.Н. Леонтьевтің, Д.Б. Элькониннің, Л.И.Божовичтің зерттеулерінде баланың тұлға ретінде дамуы тұлғалық жаңа қасиеттердің біртіндеп қалыптасуымен анықталады. 7-8 жасқа дейінгі кезеңді Л.И. Божович баланың «әлеуметтік индивид» ретінде қалыптасуымен байланыстырады. «Онда жаңа өмірлік позиция пайда болып, осы позицияны қамтамасыз етуші қоғамдық-маңызды қызмет қажеттілігі туады». 12-14 жасқа таман «нысананы көздеу қабілеттілігі» калыптасады, яғни саналы мақсаттарды анықтау және қоя білу, ал 15-16 жаста - «өмірлік болашақ» қалыптасады. Сондықтан да жасөспірім шақта отбасылық қарым-қатынастың психологиялық ықпалы аса зор.

Бала тәрбиесі әр отбасынан басталатыны анық. Қазіргі уақытта бала тәрбиесінің табысты болуы ата-аналарының  тәжірибесіне, кәсіби шеберлігіне, ынтымақтастығына, отбасы мүшелері бір-бірін түсінушілігіне, өзара қарым-қатынасына,көзқарастарының және мақсаттарының бірлігіне байланысты. Ол үшін ата-аналар күнделікті өмірде балаларының мінез – құлқына, қажетті қасиеттердің қалыптасуына назар аударуды, тәрбие үрдісінде теріс қылықтарды болдырмауды ойластыруы шарт.Отбасында тәрбие үрдісін шебер басқару үшін ең алдымен ата-ана өз өмірін, өз ісін дұрыс ұйымдастыра білуі қажет. Баланың көпшілік уақыты сәби шағынан бастап отбасында өтеді. Оның өмірін, іс-әрекетін, демалысын бірқалыпты ұйымдастырып, реттеп отыру үшін қажетті жағдай керек. Ал жағдай ұтымды күн ырғағы негізінде жасалады.Күн – ырғақ бұл өмір тәртібі. Ал бала сол отбасы мүшесі және ол өз міндетін қашанда орындауға тырысады.Отбасында бала әр нәрсені естиді, көреді, қалай өмір сүру керек, өзін-өзі қалай ұстай білу керек, жағымды, жағымсыз мінез құлықтарды байқайды. Кейде жағымсыз мінез-құлықтарды бойына сіңіріп, дағдыға айналдырып жатқан балаларды байқауға болады. Пайда болатын теріс қылықтардың басты себептерін талдап көрелік:

Біріншіден, отбасында баланың талап-тілегін бұлжытпай орындау, шектен тыс қамқорлық көрсету. Өз бетінше  шешім қабылдауға, әрекет етуге мүмкіндік бермеу. Сондықтан бала өз орнын таба алмай, қиындыққа тап болып жатады. Қыңырлыққа,қарсыласуға үйренеді.

Екіншіден, ата-ана баласын қараусыз қалдырады. Ал кей жағдайларда, кейбір ата-ана тұрақты қатаң бақылауға алады. Оның жүріс-тұрысы, әрбір адымын есепке алып отырады. Осының нәтижесінде бала ата-ананың торына түсіп, өз бетімен іс-әрекет жасау мүмкіндігі шектелелі.

Үшіншіден, балаға кейде сыртқы факторларда әсер етеді. Қазіргі жаһандану заманында қоғамды түрлі өрескел қылықтар орын алып жатады. Оларға еліктеудің нәтижесінде өмір нормасынан ауытқу пайда болады. Егер бала психологиясынан    осындай   жағдайларды байқаған сәттен оған мектеп психолыгы, сынып  жетекшісі, ата-анасы, тіпті жолдастары тарапынан оңды көмек көрсетілуі қажет.

Төртіншіден, отбасындағы әке мен шешенің қарым-қатынасы, іс-әрекеттері. Отбасылық тәрбие беру – күрделі және көп қырлы жүйе. Отбасы тәрбиесінде бала ата-анасының мінез-құлқы шешуші факторлардың бірі. А.Макаренконың балалар тәрбиесі жайлы «сіз өз балаларыңыздың тәрбиесін бастамастан бұрын жеке мінез-құлқыңызды тексеріңіз, ата-аналардың өздеріне талап қойып, өз отбасын қадірлей білуі, өзінің әрбір қадамын қадағалап отыруы – тәрбиенің ең бірінші және ең басты әдісі» дегені бекерден бекер айтыла салған сөз емес. Әке мен шешесінің отбасындағы келеңсіз іс-әрекеттері балаға әсер етпей қоймайды. Бала жүйке жүйесі бұзылады. Денсаулығы бұзылады. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін мұғалім, сынып жетекшісі, бүкіл педагогикалық ұжым ата-аналармен тығыз ынтымақтастық орнатып, бірлесе отырып жұмыс атқаруы керек. Өйткені, бала тәрбиесіндегі теріс әдет-дағдылар ата-ананың қамқорсыздығынан, қадағалаусыздығынан, мейірімсіздіктен туады. Осындай тәрбиенің сәтсіздіктерінен «Тәрбиесі қиын»  балалар кездеседі. Ол бала  мектепке де, өз сыныптастарына да түрлі кедергілер келтіреді, ең алдымен өзі жапа шегеді .

Аталған себептерді шешуге тырысып көрелік. Жас баланың дамуында ата-ананың орны ерекше, сондықтан ата-ана өз отбасында қолайсыз жағдайларды баланың көзінше тудырмауға тырысуы қажет. Отбасындағы ұрыс-керіс баланың жүйкесін тоздырады. Кейбір ата-аналар өз перзентін шектен тыс еркелетіп, баланың бетінен қақпай, көңіліне қарап тәрбиелейді. Ал мұндай көріністер баланың бойына кері қасиет пайда болуына тікелей жағдай тууына себеп болады. Ата-аналар балаға отбасылық өмірдің алуан түрлі, қыры мен сырын дүние жұмбақтарын танытып, тағылым талғамға, әдептілікке баулуға тиіс. Себебі, ата-ананың күнделікті өмір тіршілігіндегі еңбегі, адамның бейнелері, жақсы мінез-құлқы, дұрыс қарым-қатынасы – балаға үлгі. Баланың алдында барынша сабырлы әрі ұстамды болуға тырысу керек, ата-ана өзі үлгі бола отырып, баласын сабырлылыққа тәрбиелейді. Әрбір ата-ана өз баласы үшін-басты тұлға. Сондықтанда да кез-келген бала алдымен үлгіні ата-анасынан алады. Бала әкеден ақыл, анадан мейір алады. Ата-ана баласымен пікірлесуде бейауыз сөздерді қолданбай, дөрекілікпен жеке басын қорламай, мейірімді, табиғи, жылы ақылды сөздер айтып өнеге бола білсе, тәрбие де табысқа жетеді, өйткені, жақсы сөз жан семіртеді.

Еліміздің ертеңгі болашағы жас ұрпақты азаматық пен имандылыққа баулу – тәрбиенің басты міндеттерінің бірі. Сонымен қатар ата-аналар мен мектепке дейінгі ұйымдар ұлттық тәрбиеге де мән бергендері жөн. Бұл саладағы күш – жігер алдымен бүлдіршіндерді отандыққа тәрбиелеуге бағытталады. «Отан» деген ұғым балаға дүние есігін ашқан үйі , ата-анасы, ағайын туыстары, туған жері, кең – байтақ гүлжазира даласы, тау – тасы, өзен – көлі, сылдырап аққан мөлдір бұлағы бейнесінде қабылданып, ең қасиетті де құдіретті алтын бесігі ретінде үйретуге тиіспіз.

Бала үшін дүниеде ең жетілген, білімді де, мәртебелі адам – оның ата – анасы.

    Ал, ең әдемі де жарық үй – оның туылған үйі. Осы тұста қазақ зиялыларының бірі  М. Жұмабаевтың мынадай бір айтқан сөзімен қорытындыласақ: «Ата-аналар баланы тәрбиелегенде дәл өзіндей етіп тәрбиелеуге тырыспау керек, олар баланы өзінен күшті етіп тәрбиелеуі тиіс. Өйткені олардың заманы ата-аналарының өмір сүріп отырған заманына қарағанда анағұрлым күрделі талабы жоғары болатынын ұмытпаған жөн».

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.   Әубакірова А. Отбасындағы сыйластық //Бастауыш мектеп. – 2005. -№4. – Б.22-23.

2.   Қазақстан Республикасының Конституциясы, 1995 жыл, 30 тамыз.

3.   Миркенова Г. Отбасы тәрбиесінің маңызы //Бастауыш мектеп. – 2005. - №7. – Б.56-57.

4.   Мұқашева Ғ. Тәрбиенің бастауы - отбасынан //Бала тәрбиесі. – 2005. - №2. – Б.9-11.

5.   Бейсенбіқызы К. Ұрпақ қамы – ел қамы //Отбасы және балабақша. – 1998. - №1-2. – Б.3-4

6.   Бердібайқызы Қ. Өнеге әуелі - отбасынан //Қазақ батырлары. – 2005. - №4. – Б.22