ОРФОГРАФИЯЛЫҚ ДАҒДЫНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ 

Қазақ тілі мен әдебиеті магистрі, аға оқытушы Есенғазина Б.Б.,

«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының ІҮ курс студенті  Оспанов А.

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты

    

   Қазіргі заман талабына сай оқыту үрдістері де өзгеруде. Осыған орай мектептердің оқу сапасын жақсартуда әр түрлі технологияларды пайдалану тәжірибеге еніп, өз деңгейінде нәтижелер беруде. Ғалымдарымыз бен әдіскерлеріміз қазіргі кезде қолданылып жүрген педагогикалық технология терминін әр қырынан ашып көрсетуде. Осы орайда балаларды әріп үйретуге, жазуға төселдірудің де өзіндік ерекшеліктері бар екендігін есте ұстанған жөн болар еді. Бастауыш сыныпта жазу үрдісін меңгерту, оқушының алдында тұрған күрделі де қиындығы мол білім жолын ашады. Сондықтан мұғалім әріптерді жазуға үйреткенде еріксіз жаңа технологиялық тәсілдерге сүйенуіне тура келеді. Әрі заман ағымына сәйкес, жаңа үрдістен қалмауға, жаңадан оқытудың тиімді жолдарын пайдаланудың да маңыздылығы бар екендігі шындық.

       "Жазу әрекеті" - әртүрлі ғылым өкілдерін қызықтырған күрделі мәселе. Көптеген ғалымдар зерттеу нысандарына қарай оның ерекшеліктерін әр қырынан қарастырған. Мәселен, лингвист - ғалымдар жазу әрекетінің тілдің ара қатысын сөз етсе, психолог жазу әрекетін жалпы ми арқылы өту үрдісін, жүру бағытын зерттейді. Физиолог оның жұмыс істеу механизмдерін, құралдарын, қызметін тексереді. Психолингвист жазу әрекеті іске асу үшін жұмсалатын тұлғалардың санамен байланысын, сөйлеу мүшелерінің ойға қатысты қимыл - қозғалысын дәлелдейді.

       Әдіскер болса, ол осы салалардың барлық заңдылықтарын ескере отырып, сөйлеуге үйретудің тиімді үлгілерін табуды және ұйымдастыруды жалпы сөйлеу әрекетін жүзеге асыруды көздейді. Бұл саладағы ғалымдар кімді оқытатынын, оларды неге үйрету керектігін,  не үшін, не мақсатпен және қалай оқыту қажеттігін қарастырады. Тілші - әдіскерлердің ең бірінші мақсаты сапалы оқытудың жолдарын табу, яғни қалай оқытсақ, ісіміз жақсы нәтиже береді деген сауалға жауап іздеу, оны практикалық жағынан дәлелдеп, теориялық тұрғыдан жүйелеп көрсету. Жазу сабақтарының мақсаты - балалардың жазу тілі дағдысын қалыптастыру, оларды көркем, анық, дұрыс, сауатты жазуға үйрету. Жазу сауаттылығын арттыру үшін өтілген орфографиялық ережелерге байланысты түрлі жұмыстар жүйелі де жиі жүргізілуі керек. Әсіресе, жазба тілді дамыту маңызды және күрделі мәселе. Жазба сөз ауыз сөзге қарағанда өзгеше психологиялық негізі бар, айрықша тіл функциясы. Осы уақытқа шейін жазбаша тілді меңгертудің, яғни оқушының жазу дағдысын қалыптастырудың бастауышта үш кезеңі (элементтік кезеңі, әріптік кезеңі, әріптерді жалғастырып жазу кезеңі) бары, сол кезеңдерге қойылатын талаптарды орындатуға төселдіру қажеттігі  және мұның бәрі өте күрделі процесс болып табылатындығы туралы айтылып және басшылыққа алынып келді. Шын мәнісінде, әдебиеттерді зерттей келе, осы кезеңдер арқылы ғана баланы жазба тілде үйретуге болмайтындығына көзіміз жетті.

       Бұл жөнінде профессор Сыздық Р.: "Жазба сөзді жақсы білу үшін психологиялық операцияны жаңа түрде пайдалану керек" [1,332 б.] десе, Әлметова Ә.С.: "әріп жазуға үйрету деп ойламау керек"  [2,123 б.] - дей келіп, әрі қарай осы күнгі қолданып жүрген дыбыстық талдаудың да жазуға үйрету жолына жатпайтындығы туралы: "...тәжірибе көрсеткендей, сөз ішіндегі дыбыстарды талдай алатын бала сөз жазып кетеді деп айтуға болмайды, оған жазу механизмін үйрену қажет" дейді. Ғалымдардың "жаңа түрдегі психологиялық операция пайдалану керек", «жазба тіл дағдысына үйрену қажет" деп отырғандары баланы жазу әрекетіне үйретудегі жаңа тәсіл. Себебі, онда рухани- адамгершілік құндылықтың іргетасы қаланады. Сауат ашу арқылы баланың танымдық белсенділігі, қоршаған ортамен қарым-қатынасы дамып интеллекті байи түседі. Сондықтан жұмысты дұрыс, сауатты атқаруға бірден үйрету керек. Дұрыс,сауатты жазуға төселдіру мұғалімнен үлкен шеберлікті, көп еңбекті талап етеді.

       Бұл күнде адамдар айтайын деген ойын бір-біріне  ауызша, жазба түрде жеткізу үшін сол халық пайдаланып отырған жазу (жазу деген терминнің графика, әліпби деген балама синонимдері бар) түрімен қоса белгілі бір жазу тәртібі, яғни нормалары болуы керек. Ол тәртіптер хатқа түсіп реттелген болуы да мүмкін, тіпті ереже түрінде хатталмай-ақ, бірінен бірі оқып,көріп дегендей жаза беретін болуы да мүмкін. Дегенмен ұлттық жазба әдеби тілдің дұрыс сауатты жазу қағидалары түзіліп, хатқа түскен нормаларды көрсетуі шарт. Ұлттық тілдің емле нормалары көпшілікке ортақ әрі міндетті сипатта болуы және шарт.

       Емле заңдылықтары да - тілдің өзі сияқты, өмірмен тығыз байланысты болып, әрдайым даму, жаңару үстінде көрінетін құбылыс. Қазіргі таңдағы мәдени тіршілігіміздің басты талабы-жазу таңбаларының (графиканың ) тілдің  дыбыс жүйесіне сай түсіп, көпшіліктің пайдаланылуына қолайлы болуы және сол таңбалармен сауатты жазу үшін емле ережелерінің дұрыс түзілуі. Ол емле қағидалары, әрине белгілі бір принциптерді ұстанған,теориялық негіздерге сүйенген болуы шарт [3,181б].

       Орфографиялық дағды - күрделі процесс. Ол -жазу, сөздің дыбыстық құрамын талдай білу, грамматикалық білімге сүйене отырып орфограмманы тану, оған лайық ережелерді пайдалана білу дағдыларын қамтиды. Орфограмманың сипатына қарай бұлардан басқа көптеген жеке операциялар жүргізілуі мүмкін.

        Ондай жекелеген операциялар түгелдей есепке алынып отырады. Бірақ үнемі олай бола бермейді.  Егер оқыту барысында күрделі әрекеттер дағдыға айналдырылуы қажет болса, онда жеке жаттығулермен шектеліп қалуға болмайды. Егер оқушыға шығарма жаздыру қажет болса, онда олармен өздерінің ойын жазбаша беруіне және орфографиялық норманы сақтауына көмектесетін жеке - жеке жаттығулар жүргізілуі тиімді.

       Жазу дағдысының психологиялық негізі мидың үлкен жарты шар қабығындағы анализатор ұштарының бір-бірімен күрделі байланысқа түсуі, екінші сигнал системасының жинақталып, бір арнаға бағытталуы болып табылады. Жазу тілі көзбен қабылданады, қолмен іске асады. Ал ауызша сөйлеу есту - кинестезиялық нерв байланыстары арқылы өтеді. Жазу тілі ауызша сөйлеуден кейін шықты, сондықтан да ол үнемі ауыз тілге сүйеніп отырады [4,64 б]. 

       Орфографияға байланысты жекелеген жұмыстар орындату үшін, оқушылардың бар назары сол әрекетке аудартылады, яғни жүргізілетін әрекет саналы орындалады. Ал оқушының назары оның творчествалық еңбегін қажет ететін  басқа бір жаңа мақсатқа жетуге аударылса (мысалы, өз ойын жазбаша баяндап беруге), онда бірінші әрекет (орфографиялық жаттығу) басты мақсат болудан қалады да, оқушылардың бар ынтасы жаңадан қойылған екінші мақсатқа (шығармаға) шоғырландырылады. Шығарма жазу кезінде бірінші әрекет автоматтандырылған, оқушы жазған шығармасында орфографиялық білім мен дағдысы берік болғандығын байқауға болады. Егер оқушы жазған шығармасында орфографиялық қате жіберген болса, онда бірінші әрекетке қайта оралып, орфографиялық жаттығулар орындатуға тура келеді.

        Орфографиялық сауаттылық диктант я шығарма жаздыру арқылы есепке алынып жүр. Бұл жерде ескертетін жағдай мынадай: диктант - оқушылар алдында ешқандай жаңа мақсат қоймайтын таза орфографиялық жұмыс, ал шығарма оқушылар алдында өз ойын жатық баяндап беру сияқты творчествалық талап қояды. Сондықтан да білімнің және орфографиялық дағдылардың қаншалықты берік қалыптасқандығына нақты көз жеткізу үшін шығарма (мазмұндама) жаздыру тиімді.

        Ойын күрделендіруге үйрету үшін алдымен әрбір жеке әрекетті оқушының ұқыпты байымдап алуы талап етіледі.Сонан кейін барып жалпы түрде ойын қорытады. Орфограмманың грамматикалық сипатын анықтаудағы бұл сияқты ақыл - ой  жұмысын орфографиялық дағдының грамматикалық бөлігі деп атауға болады.

        Дағдының берік қалыптасуы қайталау және жаттығу жұмыстарына тығыз байланысты. Орфографияны оқытудағы қайталау теориялық (грамматикалық, орфографиялық) білімді жазу практикасына пайдалану болып табылады. Қайталау арқылы оқушылардың ойлау әрекеті жетіледі, орфографиялық мақсатты қандай амалдармен, тәсілдермен шешу керектігі анықталады. Орфографияны оқытудың амалдары мен тәсілдеріне орфографиялық іс-әрекеттерге  анализ жасау, абстракциялау, сөз контексінен тілдің морфологиялық элементтерін бөліп алу, ол элементтерді белгілі бір грамматикалық категоияларға жатқызу, орфографиялық ережені айқындау т.б. жұмыстар [5,145б].

       Жаттығу ережелерді пайдалана отырып, сөздің қалай жазылуын пысықтаумен шектелмейді, сонымен қоса ақыл - ой жұмысын дамытуға көмектесе түседі. Ережені білу, ережені пайдалана білу, ережені практикада қолдана білу үшін жүргізілетін жаттығулар дағды қалыптастырудың негізгі шартты жағдайлары болып табылады.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1.     Сыздықова Р. Тілдік норма және оның қалыптасуы.-Алматы 2014ж

2.     Әлметова Ә.С. Көп мағыналы сөздер мен омонимдерді оқыту. - Алматы, 2001.

3.     Әуелбаев Ш. Бастауыш сыныптарда қазақ тілін оқыту әдістемесі. -Алматы 1997.

4.     Әлімжанов Д., Маманов Ы. Қазақ тілін оқыту методикасы. -Алматы 1965.

5.     Әміров Р. 3 класс. Қазақ тілі оқулығына методикалық нұсқау. -Алматы, 1969.

6.     Әміров Р. Асылов  Ұ. 4 класс, Қазақ тілі оқулығына әдістемелік нұсқау. Алматы, «Рауан» 1997.

7.     Балақаев М.О. Қазақ тілінің мәдениеті, -Алматыв 1991.

8.      Бектұров Ш., Серғалиев М. Қазақ тілі Алматы 2001.

 9. Бегалиев Г. Бастауыш мектепте қазақ тілі методикасының мәселелері - Алматы, 1980.