Тастанбекова Айгерім
М.Х.Дулати
атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан
САТЫБАЛДЫ НАРЫМБЕТОВТІҢ
ШАҒЫН ПРОЗАДАҒЫ ДИСКУРС БЕРУДЕГІ ШЕБЕРЛІГІ
С.Нарымбетов прозада аңыз-әңгімелерді
араластыра отырып, оқиғаны психологиялық -
тұрғыда шиеленістіре отырып, шешуге тырысады. Прозасында негізінен
психологизм кейіпкерлер монологтарындағы философиялық ойларда
ғана емес, сонымен қатар диалогтарында да анық
байқалады. Шығармадағы оқиғаның шиеленісіп
барып, шарықтай түскен сәтінде кейіпкердің
көңіл-күйінен, көз қарасынан хабар беретін диалог
ашық тартысқа, қақтығысқа да алып келеді.
Кейіпкерлердің
ішкі тебіренісі беріліп, жан сыры ашылады, адам характері дамыйды. “ Созақтан келген Гамлет” повесін
оқи отырып, кейіпкерлер тебіренісі, іштей арпалысының
басымдығына көз жеткіземіз. Көбінесе автор ойы мен кейіпкер
ойы тұтасып кеткені байқалады. Жазушы ой арпалыстарына, сана
қақтығыстарына, азапта да күрделі психологиялық
ахуалға жол береді. Шығармадағы аталған көркемдік
жүйелер автордың дискурсында да ерекше сипатқа ие
болған.
С.Нарымбетов
шығамаларындағы дикурс – автордың стиль ерекшелігіне
байланысты сұрыпталып алынатын тілдік құралдардың
жиынтығы. Ал сұрыптаудың нәтижесі мәтін болып
табылады. Мәтінге қарағанда кең ұғымды
қамтитын дискурсты сөйлеу үдерісі деп түсіну
керек. С.Нарымбетов дискурсы
ұлттық құндылықтарға
құрылған әлемнің ұлттық тілдік
бейнесімен ерекшеленеді.
Жазушы шығармаларында қазақ
тілінің ұлттық бояуын ұлттық болмыстан туындатады.
Тілдің көркемдік-әдеби тәсілдері автордың
дүниеге деген көзқарасын бейнелеп, ұлтымызға
тән ойлау үрдісінің негізгі ерекшеліктерінен хабар береді.
Оның сөз қолданыстары – әлемнің (шындық
болмыс) тілдік бейнесін жасауға негіз болатын тілдік бірліктер.
Тіл біліміне «әлемнің тілдік
бейнесі» терминін алғаш енгізген Л. Вайсгербердің ойынша,
әлемнің тілдік бейнесі әлем туралы білім жиынтығы
ұғымын береді. С.Нарымбетов прозалық шығармаларында
тілдік тәсілдер көмегімен ақиқат өмір туралы
тілдегі таным процесі мен қалыптасқан білімдердің
жиынтығының көрінісі болып табылатын әлемнің
тілдік бейнесін қалыптастырған. Прозалық шығармалары мәтін
тілінде ұйымдастырылған көркемдік әдеби тәсілдер
жүйесі кейіпкерлердің ішкі жан дүниесін суреттеп, ішкі
дүниетанымын білдіреді. Әлем бейнесін жасауда адамның
бүкіл болмысы, қабылдаудан бастап ойлау, саналы түрде
өзін дүниенің бір бөлшегі ретінде сезінуге дейінгі
күрделі когнитивтік үрдістердің барлығы
қамтылады.
Зерттеуші-ғалымдардың «концепт»
терминіне берген анықтамаларынан біз оны халықтың
мәдениетін бейнелейтін ойлау бірлігі, адам санасындағы әлем
туралы үзік көрініс деп түсінеміз. С.Нарымбетовтің
прозасы бойынша кең де терең, биік те бейнелі ойының
сөзбен сапталған өрнегін «заман»,
«дала», «жалғыздық» деп тұжырымдадық.
Қаламгер төл шеберлігінің нәтижесінде
өзінің танымын, көркемдік әлемін осы концептілер
арқылы көрсете алған. Бұл концептілерді –
құбылыс немесе зат туралы ойдағы бейне,
тұжырымдамалық белгілер жиынтығынан тұратын
көпқұрылымды көрініс – фреймдерге бөлдік.
Ондағы мақсатымыз – тілдік құралдарды тану
жүйесін анықтау. Себебі лексикалық бірліктер, тілдік
категориялар, грамматикалық ережелер фреймнің ішкі мәнін, ал
жадыда сақталатын деректер оның аралық байланысын
құрайды. Фреймдер – бір-бірімен жүйелі, логикалы байланыста
сабақтасқан, әлеуметтік мән иеленген тіл мен
мәдениеттің ұлттық сипаттағы көрсеткіші.
Жазушы тіліндегі теңеулік
құрылымдық элементтері арасындағы
мағыналық-логикалық байланыс өте күрделі болып
келеді. Сол арқылы теңеудің сипатталушы затының
ғана емес, теңеудің образының да
мән-мазмұны ашыла түседі. Қаламгердің сөз
қолдану даралығын, өзіндік тіл шеберлігін танытатын эпитет
пен теңеулер образ жасауда айрықша қызмет атқарады.
Белгілі бір тілде сөйлеушілердің
дүниесі оның ұлттық салт-дәстүрі мен
сөз әдебінде, наным-сенімінде, діни ұғымында
көрініс тапқан – әлем жайлы мағлұматтар
жиынтығы – әлемнің тілдік бейнесін қалыптастырады. Сол
себепті С.Нарымбетовтің прозалық шығармаларында әлем
бейнесінің тілдік көрінісін лингвомәденитанымдық
бірліктер, ұлттық сөз әдебі,
ұлттық-мәдени сипаттағы бейвербал амалдар сияқты
ұлттық танымдық лингвомәдени көрсеткіштер жасайды
деген қорытындыға келдік. Қаламгер прозасындағы
лингвомәденитанымдық бірліктерді
ұлттық салт-дәстүр; ұлттық мінез;
наным-сенім, ырым; діни ұғым лингвомәдени бірліктері деп
топтастырдық.
Қазақ халқының
таным-түсінігі бойынша жас ерекшелігінде алшақтық бар туыстар
арасындағы қалжыңның өзінде эвфемистік
қолданыстарды орынды пайдалану сыйластық пен жоғары
мәдениеттілікті аңғартады. Жазушы
қарым-қатынастың экстралингвистикалық жағдайында
сөйлеушінің көзқарасы бойынша айтуға
әбестеу көрінетін сөздерді эмоциялық бояуы жағымды
атаулармен шебер ауыстырған. Қаламгердің эвфемизмдерді
кейіпкерлер тілінде жұмсауынан оның тілді жоғары
эстетикалық талғаммен пайдаланғаны, халқымыздың
ұлттық сөз әдебі нормасының, адамның жеке
мәдениетінің қалыптасуына өз ықпалын тигізгені
деп тұжырымдаймыз.
Әдебиет:
1.
Бурбаев Т.К. Ұлт менталитеті. Монография. – Астана:
Елорда, 2001. – 248 б.
2.
Бұралқыұлы М. Қазақ
тілінің түсіндірме сөздігі. – Алматы: Мектеп, 2008. – 680 б.
3.
Кеңесбаев І. Қазақ тілінің
фразеологиялық сөздігі. – Алматы: Ғылым, 1977. – 712 б.
4.
Қобланова А. Қазақ сөз этикеті:
филол. ғыл. канд. дисс. автореф. – Алматы, 1993. – 25 б.