ПРАВО/5. Уголовное право и криминология
Сот төрелігі
институтының магистранты
Жакеева Жулдыз
Қазақстан Республикасы Президентінің
жанындағы
Мемлекеттік басқару академиясы
Қылмыстық
құқық бұзушылықтардың жиынтығы
бойынша жаза тағайындаудың кейбір мәселелері
Қазақстан
Республикасының 2015 жылы 1 қаңтарда қолданысқа
енгізілген Қылмыстық кодексінде негізінен алғанда
қылмыстық құқық
бұзушылықтардың жиынтығы бойынша жаза тағайындау
тәртібі мен шектері жаңадан белгіленген.
Қылмыстық
құқық бұзушылықтар
жиынтығының ұғымы Қазақстан
Республикасының Қылмыстық кодексінің (бұдан
әрі – ҚР ҚК) 13-бабында берілген. ҚР ҚК 13-бабының 1-тармағында «Осы
Кодекстiң түрлi баптарында немесе баптарының
бөлiктерiнде көзделген, адам солардың бiрде-бiреуi үшiн
сотталмаған немесе заңмен белгiленген негiздер бойынша
қылмыстық жауаптылықтан босатылмаған екi немесе одан да
көп іс-әрекеттi жасау, қылмыстық құқық
бұзушылықтардың жиынтығы деп танылады» деп
көрсетілген.
Қылмыстық құқық
бұзушылықтардың жиынтығы кезінде адам, егер осы
іс-әрекеттердiң белгiлерi осы Кодекстiң бiр бабының
немесе бабының бiр бөлiгiнiң неғұрлым қатаң
жазаны көздейтiн нормасында қамтылмаған болса, әрбiр
жасалған іс-әрекет үшiн осы Кодекстiң тиiстi бабы немесе
бабының бөлiгi бойынша қылмыстық жауаптылықта
болады. Егер дәл сол бір іс-әрекет осы Кодекстiң тиiстi
баптарының жалпы және арнайы нормаларының белгiлерiне
сәйкес келсе, қылмыстық құқық
бұзушылықтардың жиынтығы болмайды және
қылмыстық жауаптылық осы Кодекстiң Ерекше
бөлiгiнiң арнайы норманы қамтитын бабы бойынша туындайды.
Қылмыстық
құқық бұзушылықтардың жиынтығын
анықтайтын негізгі белгілері ретінде мыналарды атап көрсетуге
болады: әр түрлі сіңірілмеген құрамдардың болуы,
олар бойынша соттаумен немесе қылмыстық жауаптылықтан
босатумен байланысты нақты шешімдердің болмауы.
Қылмыстық
құқық бұзушылықтардың жиынтығы - қылмыстық
құқық бұзушылықтардың көптеген
түрін жасау кезінде жаза тағайындау мен оны
дәрежелеудің қағидалары мен ережелерін анықтайтын
қылмыстық құқықтың тұтас бір
институты ретінде қарастыруға болады.
«Қылмыстық
құқық бұзушылықтардың жиынтығы» ұғымы, жалпы
алғанда, екі түрлі мағынада қолданылады, бір
жағынан алғанда, ол іс – әрекеттердің
көптігінің ерекше жағдайының сапалық
ерекшеліктерін білдірсе, екінші жағынан, жаза тағайындау кезінде
қолданылатын қағида ретінде анықтауға болады.
Жиынтық қылмыстық
құқық бұзушылықтардың
әрқайсысы басқа құрамдарға сіңіруге
немесе қосуға жатпайтын өз алдына дербес құрамдарды
құрайды. Олардың сәйкессіздігі толық немесе
жартылай болуы мүмкін, мысалы,
объективтік жағы бойынша.
Негізінен алғанда, жиынтық бойынша
ҚР ҚК түрлі баптарымен немесе баптарының
бөліктерімен көзделген, бір-біріне ұқсамайтын
іс-әрекеттер дәрежеленеді.
Қылмыстық
құқық бұзушылықтардың жиынтығының
оны бір текті қоғамдық қауіпті іс-әрекеттерден,
қылмыстардың бірнеше мәрте жасалуы мен
қайталануынан айыратын оның
күрделі ішкі және сыртқы құрылымы болады.
Қылмыстық
құқық теориясында қылмыстық
құқық бұзушылықтардың жиынтығын
жасалған іс-әрекеттердің саны бойынша саралау барынша кең тараған болып
табылады:
бірнеше әрекет немесе әрекетсіздікті
қамтитын нақтылы;
бірнеше құрамдардың белгілерін
қамтитын бір әрекетті көрсететін идеалдық [1, 30 б.].
ҚР ҚК 13-бабының
2-бөлігінде идеалды қылмыстық құқық
бұзушылықтардың жиынтығы деп аталатын
ұғымға анықтама берілген «Осы Кодекстiң екi
немесе одан да көп бабында көзделген қылмыстық
құқық бұзушылықтардың белгiлерi бар
бiр әрекет (әрекетсiздiк) те қылмыстық
құқық бұзушылықтардың жиынтығы
деп танылады» [2, 13-бап].
Қылмыстық
құқық бұзушылықтардың жиынтығын
саралауға негіз ретінде оның пайдалану нысанын да алуға
болады: бір үкім бойынша соттау кезінде бәр сәттік қолдану
немесе әр түрлі үкімдермен соттаған кезде әр
түрлі уақытта қолдану. Н.О. Дулатбеков пен Н.А.
Бекбергеновтың пікірлері бойынша осындай жағдайларды ажырататын
белгілерді қылмыстық қудалау органдарының
жиынтықты құрайтын барлық қылмыстардың
жасалуы туралы білулері тиіс және олар бойынша істі ұштастырып
жүргізудің мүмкіндігі болып табылады, мысалы, алдын ала
тергеу, істі сотқа жолдау, сотта талқылау [1, 36 б.].
Көптеген қылмыстық
құқық бұзушылықтар өз мәні
бойынша латентті болып келеді, оларды анықту үшін белгілі бір
уақытты, күш-жігер жұмсауды талап етеді. Осыған
байлнысты қылмыстарды ашу кезінде
қылмыстық қудалау органдарында бірқатар
қиындықтар туындауы мүмкін, айталық, сотқа
дейінгі тергеп - тексеру мерзімінің өтіп кетуі, айыпталушыны іздеу
және тағы да басқа. Қазақстан
Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің
44-бабына сәйкес қылмыстық iстi бөлектеп алу
мүмкіндігін қарастырады. Қылмыстық процесті
бөлектеу соттық іс
жүргізудің жан-жақтылығына,
тұтастығына әсер етпеуі тиіс.
Қылмыстардың жиынтығы бойынша
жаза тағайындау кезінде басты назарда мынадай мәселе туындауы
мүмкін, айталық, жиынтық ретінде анықталатын
қылмыстардың көптігі қылмыстық
жауаптылықтың, соған сәйкес, жаза да күшейтілу
мүмкіндігі. Сонымен қатар бұл кезде іс-әрекеттің
және оны жасаған адамның криминогендік сипатын барынша
төмендететін көптік факторы пайда бола ма? – деген сұрақтардың
туындауы заңдылық. Ол үшін оларды және олар бойынша
жауаптылықты бөлектеу қажеттілігін не болмаса негізгі
әрекетті таңдап, соған сәйкес барлық
жиынтық үшін ортақ болып келетін жазаны белгілеу қажеттігін анықтау
керек.
ҚР ҚК жиынтықты
құрайтын қылмыстық құқық
бұзушылық үшін түпкілікті жазаны анықтаудың
екі тәсілін қарастырады: онша қатаң емес жазаны
неғұрлым қатаң жазаға сiңiру арқылы
немесе тағайындалған жазаларды толық немесе iшiнара
қосу арқылы. ҚР ҚК 13-бабында «қылмыстардың
жиынтығы кезінде адам, егер бiр іс-әрекеттiң белгiлерi осы
Кодекс бабының басқа іс-әрекет үшiн
неғұрлым қатаң жазаны көздейтiн нормасында
қамтылмаған болса, әрбiр жасалған іс-әрекет
үшiн осы Кодекстің тиiстi баптары бойынша қылмыстық
жауаптылықта болады» деп белгіленген.
Қылмыстық
құқық бұзушылықтар жиынтығы кезiнде
сот әрбiр құқық бұзушылық үшiн
бөлек жаза (негiзгi және қосымша) тағайындап, онша
қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң
жазаға сiңiру арқылы немесе тағайындалған
жазаларды толық немесе iшiнара қосу арқылы түпкiлiктi жазаны
айқындайды (ҚР ҚК 58-бабының 1-бөлігі).
Бірінші тәсіл тәжірибеде жиі
қолданылады. Ол жазаның неғұрлым жеңілірек болып
табылатын бір түрі немесе көлемі жазаның басқа
неғұрлым қатаң түрімен ысырылып, басқаша
айтқанда, сол жазамен «жұтылып» кететіндей көрініс табады.
Сонымен қатар неғұрлым қатаң жазаға
сіңіріліп, сөйтіп, өзіндік дербес маңызынан айырыла
отырып, неғұрлым жеңіл жаза мүлдем жоғалып
кетпейді, өзінің құқықтық
ерекшеліктерінен айырылмайды, ал сіңіру тәсілі әрбір жеке
қылмыс үшін жауаптылықты шектеуден бас тартуды білдірмейді.
Жиынтық бойынша түпкілікті жаза
тағайындау тәсілі ретіндегі сіңіру орташа
ауырлықтағы қылмыстарға, яғни заң бойынша
жасалғаны үшiн көзделген
ең ауыр жаза бас бостандығынан айыру бес жылдан аспайтын
қасақана жасалған іс-әрекеттер, сондай-ақ
жасалғаны үшiн бес жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан
айыру түрiндегi жаза көзделген абайсызда жасалған
іс-әрекеттерге қатысты қолданылады. Егер жиынтыққа
басқа санаттағы қылмыстар кіретін болса, жазаларды
сіңіру қолданылмайды.
Қазіргі уақытта жазаларды қосу
тәсілі барынша кең тараған болып табылады. Ол
жиынтықтарды құраушы қылмыстар үшін
тағайындалған екі немесе одан да көп жазаларды толық
немесе ішінара қосудан көрініс табады. Бұл
тәсіл қылмыстық құқық
бұзушылықтардың кез
келген дәрежесін, онша ауыр емес және аса ауыр дәрежедегі
қылмыстарды қосу барысында қолданылады. Бұл ретте
заң шығарушы әр түрлі нысандар бойынша қосуды
жасанды түрде шектеп отыр [1, 38 б.].
Егер қылмыстық
құқық бұзушылықтар жиынтығында тек
қылмыстық теріс қылықтар қамтылса, онда
түпкiлiктi жаза онша қатаң емес жазаны неғұрлым
қатаң жазаға сiңiру арқылы не жазаларды iшiнара
немесе толық қосу арқылы тағайындалады. Бұл ретте
айыппұл түріндегі жазаның түпкілікті мөлшерін –
бір мың айлық есептік көрсеткіштен, ал қоғамдық
жұмыстарға тарту немесе қамаққа алу
түріндегі жазаның түпкілікті мерзімін тиісінше алты жүз
сағаттан немесе тоқсан тәуліктен асыруға болмайды.
Егер қылмыстық
құқық бұзушылықтар жиынтығына тек
қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес және
ауырлығы орташа қылмыстар кірсе, онда түпкiлiктi жаза онша
қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң
жазаға сiңiру арқылы тағайындалады.
Егер қылмыстық
құқық бұзушылықтар жиынтығына ауыр
немесе аса ауыр қылмыс кірсе, онда түпкiлiктi жаза онша
қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға
сiңiру арқылы немесе жазаларды iшiнара немесе толық
қосу арқылы тағайындалады. Бұл ретте бас
бостандығынан айыру түрiндегi түпкiлiктi жазаны жиырма жылдан
асыруға болмайды.
Егер қылмыстық
құқық бұзушылықтар жиынтығына
жасалғаны үшін осы Кодексте жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас
бостандығынан айыру түрінде жаза көзделген ең
болмағанда бiр аса ауыр қылмыс кірсе, онда түпкiлiктi жаза
жазаларды iшiнара немесе толық қосу арқылы тағайындалады.
Бұл ретте бас бостандығынан айыру түрiндегi түпкiлiктi
жазаны жиырма бес жылдан асыруға болмайды.
Егер қылмыстық
құқық бұзушылықтар жиынтығына
жасалғаны үшін осы Кодексте жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас
бостандығынан айыру түрінде жаза көзделген ең болмағанда
бiр аса ауыр қылмыс, сондай-ақ жасалғаны үшін
айыппұл тағайындалған қылмыстық теріс
қылық кірсе, онда түпкiлiктi жаза онша қатаң емес
жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру
арқылы тағайындалады.
Егер жиынтыққа кіретін қылмыс
үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру немесе өлім
жазасы тағайындалса, онда түпкілікті жаза өмір бойына бас
бостандығынан айыру немесе тиісінше өлім жазасы түрінде
тағайындалады.
Қылмыстық
құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша
тағайындалған негiзгi жазаға жиынтықты
құрайтын құқық бұзушылықтар
үшiн тағайындалған қосымша жазалар қосылуы
мүмкiн. Ішінара немесе толық қосу кезінде түпкiлiктi
қосымша жазаны осы Кодекстiң Жалпы бөлiгiнiң осы жаза
түрi үшiн белгiленген ең жоғары мерзiмнен немесе
мөлшерден асыруға болмайды.
Егер
сотталған адамның iсi бойынша сот үкiм
шығарғаннан кейiн оның бiрiншi iс бойынша үкiм
шығарылғанға дейiн жасаған тағы да басқа
қылмыстық құқық
бұзушылыққа кінәлі екенi анықталса, жаза ҚР
ҚК 58-бабында белгіленген қағидалар бойынша
тағайындалады. Бұл жағдайда соттың бiрiншi үкiмi
бойынша өтелген жаза түпкiлiктi жаза мерзiмiне есептеледi.
Егер онша ауыр емес қылмыстар санатына
жататын бір немесе екі қылмыстар
2015 жылдың 1 қаңтарына дейін жасалған болса, ал
одан кейінгі дәл осы ауырлықтағы қылмыстар 2014
жылғы Қазақстан Республикасының Қылмыстық
кодексі қолданысқа енгізілгеннен кейін жасалған болса, онда
қылмыстардың жиынтығы
бойынша түпкілікті жазаны 2014 жылғы Қазақстан
Республикасының Қылмыстық кодесінің 58-бабы 2-бөлігінде
белгіленген ереже бойынша тағайындалуы қажет [2, 58-бап].
Қазақстан Республикасы
Қылмыстық кодексінің 58-бабының 2-бөлігінде егер де
жасалған қылмыстық құқық
бұзушылықтардың біреуі
онша ауыр емес, ал басқалары -
орташа ауырлықтағы, ауыр немесе аса ауыр қылмыстар
болғанда қылмыстардың жиынтығы бойынша жазаны
қандай қағидалар бойынша және қандай шектерде
тағайындау қажеттілігі жөнінде мәселе шешілмеген.
Аталып өткен жағдайлар Қазақстан Республикасы
Қылмыстық кодексінің 58-бабының 3-бөлігінде
белгіленген ереженің әрекет ету шегіне жатпайтын болса, онда
осындай қылмыстардың жиынтығы бойынша түпкілікті жаза
тағайындалған жазалардан онша қатаң емес жазаны
қатаң жазаға ішінара немесе толық қосу
арқылы сіңіру жолымен жасалған қылмыстардың
ішінде анағұрлым ауыр жаза үшін көзделген жазаның
ең жоғары мерзім немесе мөлшер тағайындалуы тиіс деген
тұжырым жасауға болады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1.Дулатбеков Н.О., Бекбергенов Н.А.
Қылмыстардың жиынтығы
бойынша жаза тағайындау. - Қарағанды: Болашақ - Баспа,
2002.
2.Қазақстан
Республикасының Қылмыстық кодексi. Қазақстан
Республикасының Кодексі 2014 жылғы 3 шiлдедегі
Қазақстан Республикасының Заңы.
3. Қазақстан
Республикасының Қылмыстық-процестік
кодексi.Қазақстан Республикасының Кодексі 2014 жылғы 4
шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы.
1
4. Ағыбаев А.Н. Қылмыстық құқық.
Жалпы бөлім: оқулық. - Алматы, 2011.