МЕРЗІМНІҢ ЕСКІРУІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТІ ҚЫСҚАРТУ

 

Альшуразова Р.А., Бейсембаева А.О., Жанатбекұлы Ж.

 

М. Әуезов атындағы ОҚМУ, Шымкент, Қазақстан

 

Мерзімнің  ескіруі – заңмен  бекітілген  мерзімнің  өтуіне  байланысты  адамды   қылмыстық  жауаптылыққа  тарту  мүмкіндігінің  жойылуы, қозғалаған  істің  міндетті  түрде  қысқартылуы. Қылмыстық  істі  бұл  негізбен  қысқарту  тәртібі   Қазақстан  Республикасы  Қылмыстық   кодексінің   69-бабында  қылмыстық  істердің  санаттарына, жазаның  түріне, қылмыс   жасаған  адамның  тергеуден  немесе  соттан  жалтару әрекетіне,  жаңадан  қасақана   қылмыс  жасауына  байланысты  алты  бөлікке   жіктеліп,  ескеру  мерзімі  қылмыс  жасаған  күннен  бастап  және  сот   үкімі  заңды   күшіне   енген   кезге   дейін  есептелуі   бекітілген.

Ескірушілік – бұл заңмен белгіленген мерзім, ол өтіп кеткен жағдайда қылмыстық жауапқа тартудың тиімділігі жоғалып, іс міндетті түрде қысқартылуға жатады. Осы негіз бойынша қылмыстық істерді қысқарту заңмен көзделген барлық ережелердің дәлме-дәл сақталуын талап етеді. Бұл ережелерді түсіну үшін «Ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату» деп аталатын Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 69-бабына назар аударсақ болады. Онда былай деп жазылған:

1. Егер қылмыс жасалған күннен бастап мынадай мерзімдер өтсе, адам қылмыстық жауаптылықтан босатылады:

а) кішігірім қылмыс жасағаннан кейін екі жыл;

б) орташа ауырлықтағы қылмыс жасағаннан кейін бес жыл;

в) ауыр қылмыс жасағаннан кейін он бес жыл;

г) аса ауыр қылмыс жасағаннан кейін жиырма жыл.

2. Ескіру мерзімі қылмыс жасаған күннен бастап және сот үкімі заңды күшіне енген кезге дейін есептеледі.

3. Егер қылмыс жасаған адам тергеуден немесе соттан жалтарса, ескіру мерзімінің өтуі  тоқтатылады. Бұл ретте ескіру мерзімінің өтуі адамның ұсталған немесе оның айыбын мойындап келген кезінен бастап жаңартылады. Бұл орайда, егер қылмыс жасалған уақыттан бері жиырма бес жыл өтсе және ескіру тоқтатылмаса, адам қылмыстық жауапқа тартылмауы керек.

4. Егер ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған адам осы баптың бірінші бөлігінде аталған мерзім өткенге дейін жаңадан қасақана қылмыс жасаса, ескіру мерзімі тоқтатылады. Мұндай реттерде ескіру мерзімі жаңа қылмыс жасаған күннен қайта басталады. Ескіру мерзімі өткенге дейін адам тағы да қылмыс жасаған өзге реттерде әрбір қылмыс бойынша ескіру мерзімі дербес өтеді.

5. Жасалған қылмысы үшін осы Кодекс бойынша өлім жазасы тағайындалуы мүмкін адамға ескіру мерзімін қолдану туралы мәселені сот шешеді. Егер ескіру мерзімінің бітуіне байланысты сот адамды қылмыстық жауаптылықтан босату мүмкін деп таппаса, өлім жазасын тағайындауға болмайды. Бұл ретте сот жиырма бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруды тағайындайды.

Талдап  отырған  негізбен  қылмыстық  істі  қысқарту   іс  жүргізу тәжірибесінде  сиректеу  кездеседі.  Сондықтан, Қазақстан  Республикасы  Қылмыстық  іс  жүргізу  кодексін   қолдана  бастаған  кезде  сот  тәжірибесінде  бірнеше   сатыдан  өтіп, Жоғарғы  Сотқа  дейін  жеткен,  құқықтық   және  процессуалдық  жақтарынан  да  көңіл  аударатын  бір  қылмыстық  істі  назарларыңызға  ұсынып  отырмыз.

Қазақстан Республикасы  Қылмыстық кодексінің  69-бабының  3- бөлігі  қылмыс  жасаған  адам  тергеуден  немесе  соттан  жалтартса,  ескіру  мерзімінің  өтуін тоқтатады.  Ескіру  мерзімінің  өтуі  адамның  ұсталған  немесе  оның  айыбын  мойындап  келген  кезінен  бастап   жаңартылады. Бұл  орайда, егер  қылмыс  жасаған  уақыттан  бері  жиырма  бес  жыл  өтсе  және  ескіру  тоқтатылмаса,  адам  қылмыстық  жауапқа  тартылмауы  керек. Ал  егер  ауыр немесе  аса  ауыр  қылмыс  жасаған  адам  осы  баптың  бірінші  бөлігінде  аталған  мерзім  өткенге  дейін  жаңадан  қасақана  қылмыс  жасаса, ескіру  мерзімі  тоқтатылады. Мұндай  реттерде  ескіру  мерзімі жаңа  қылмыс  жасаған  күннен  қайта  басталады. Ескіру  мерзімі өткенге  дейін  адам  тағы  да  қылмыс  жасаған  өзге  реттерде  әрбір  қылмыс  бойынша  ескіру  дербес  өтеді (4-бөлік).

Қазақстан  Республикасы  Қылмыстық  кодексінің  Түсіндермесі  (Комментариясы)  қылмыс  жасаған  адамның  тергеуден  немесе  соттан  жалтару  мәнін қылмыстық  жауаптылықтардан   бұлтару  мақсатында  жасалған адамның   қасақана  әрекеттеріне  байланысты тергеу  органдарының  қылмыскерді  іздеу  мәжбүрлігі  деп  түсіндіреді. Жалтару  тұрақты  орнынан  кетіп  қалу, аты-жөнін  өзгерту, жаңа  жерде  басқа  адамның  атымен  тұру  әрекеттерімен  істелуі  мүмкін  деп  тұжырымдайды.

Қылмыс   жасаған  адамның  тергеуден  немесе  соттан  жалтаруы  себепті  істі  тоқтата  тұру  және  сол  жалтару  деген  ұғым  туралы  теориялық  әдебиетте   әртүрлі  пікірлер  айтылған.

Атап  айтсақ,  Х.Д. Аликперов, К.Ш. Курбанова  Ресей  Федерациясының  Қылмыстық  Кодексінің  78-бабы  3-бөлігінде  қылмыс  жасаған  адам  тергеуден  немесе  соттан  жалтарғанда  ескіру  мерзімінің  өтуі  көрсетілмегендіктен, ол  адамның  тағдыры  заңмен  шешілмей  жасалған қылмыстың  шексіз  аяқталуына  қалдырылған  деп  пайымдап, көрсетілген  бөлікті  Қылмыстық  кодекстен  шығарып  тастауын  ұсынған.

Түсінікті  болу  үшін  ол  бөлікті  келтіріп  отырмыз: «Статья 78. Освобождение  от  уголовной  ответственности  в  связи  с  истечением  сроков  давности.

3. Течение  сроков  давности  приостанавливается,  если  лицо, совершившее  преступление, уклоняется  от  следствия  или  суда.  В этом  случае  течение  сроков  давности  возобновляется  с  момента  задержания  указанного  лица  или  явки  его  с  повинной».

Бұл  мәселе  Қазақстан Республикасы  Қылмыстық кодексінің  69-бабының  3-бөлігінде  белгілі  мерзіммен  шектелген. Ол  «егер  қылмыс   жасаған  уақыттан  бері  жиырма бес  жыл  өтсе  және  ескіру  тоқтатылмаса, адам  қылмыстық  жауапқа  тартылмауы  керек» деп. Біздің  пайымдауымызша, ескіру мерзімінің   заңмен  шектелуі  жалпы  қылмыстық  жауаптылықтың  принциптеріне  негізделеді. Заң  тек  қана  бейбітшілікпен  адамзаттың  қауіпсіздігіне  қарсы  күрес  қылмыс  жасаған  адамдарға  ескіру  мерзімін  орынды  көздемеген.

Сонымен  қатар  жоғарыда  келтірілген  Түсіндірменің  заңда  жиырма  бес  жыл  ескіру  мерзімінің  сараламай  бекітілуін  қылмыс жасағаннан  кейін  адамның  көп  уақыт  аралығында  ауыр  немесе  ешқандай  қылмыс  жасамауы   оның  қоғамдық  қауіпшілік  шырайының  едәуір  төмендегенін  анықтайды  деп  бағалауын   біз  тек  қана  ауыр  немесе  аса  ауыр қылмыс  жасағандарға  бағытталуын  қолдар  едік.

Тергеуден  не  соттан  жалтарған  адам  түсінігін  Х.Д. Аликперов  қылмыстық  процессуалдық  заңның  мағынасына  сүйене  отырып, қылмыстық  жауаптылықтан  құтылу  үшін  қасақана  ниетпен  анықтау  органдарынан,  алдын-ала  тергеуден  немесе  соттан  тұрған  жерін  жасырған  тек  қана  айыпталушы  (сотталушы)  деп  көрсетеді. Өз  ойын  әрі  қарай  жалғастырып, ол  былай  тұжырымдайды:  қылмыс  жасағаннан  кейін  жасырынып  жүрген  адамдарды  тергеуден  немесе  соттан  жалтарып  жүрген  адамдар  деп  тануға  болмайды,  егер  оларды  алдын-ала  тергеу  органдары  қылмыс  жасады деп  білмесе.

Х.Д. Аликперовтың  бұл  тұжырымымен  біз  келісеміз. Оның  атаған  айыпталушы  мен  сотталушының  қасына  сезікті  қосылуға  тиісті. Себебі, сезікті, жоғарыда  сілтеме  жасаған  ережелер  бойынша, «сезікті» деген  процессуалдық  есімді  алған  уақыттан  бастап,  ол  процеске  қатысушылар қатарына  қосылады (7-баптың  9-тармағы). Демек, оған  ескіру  мерзімінің  өту  ережесі  қолданылады.

Тергеуден, соттан жалтару қылмыстық жауаптылықтың ескіру мерзімін тоқтата тұру шарты бола алады, егер үкіметтік орган ол адамға қылмыс жасағаны үшін сезікті немесе айыпталушы деген жағдайда. Басқаша сөзбен айтқанда, тергеуден, соттан жалтару болып табылады, егер адам іс жүргізу ретімен сезікті немесе айыпталушы деп танылып, шешім адамға жарияланғанда.

Айыпталушы деп танылған және бұлтартпау шараларын қолдану қаулылары сырттай қабылданғанда қылмыстық жауаптылықтың ескіру мерзімін тоқтата тұруға болмайды деген ереже сот тәжірибесінде қалыптасуында.

Қылмыстық жауаптылықтың ескіру мерзімін тоқтата тұру және оны қайта қозғау мүмкіншілігі қылмыстық жауаптылық мерзімінің өтуі жасалған қылмыстылықты жою жағдайынан гөрі қылмыстылық жауаптылықтан босатудың дәл негізі болатынын айырықша дәлелдейді.

 

 

 

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1.   Қазақстан Республикасының Конституциясы. Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 7 қазандағы № 281-1, 2007 жылғы 21 мамырдағы №254-111 Заңдарымен өзгертүлер және толықтырулармен.

2.   Қaзaқcтaн Pecпyбликacының Қылмыcтық-пpoцecтiк кoдeкci 4 шiлдe 2014 ж. № 231-V. – Aлмaты: ЮPИCТ, 2014.

3.   Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 3 шiлдe 2014 ж. № 226-V. – Aлмaты: ЮPИCТ, 2014.

4.   Толеубекова Б.Х., Ерешев Е.Е. Уголовно-процессуальное право Республики Казахстан. Часть Общая: академический курс / под ред. д.ю.н., проф. Б.Х. Толеубековой. Кн. 1. – Алматы.: ТОО Издательская компания «HAS», 2004. – 416 с.

5.   Аликперов Х.Д., Курбанова К.Ш. УК РФ и некоторые проблемы освобождения от уголовной ответственности //Государство и право. – 2000. – № 1. – С. 59.

6.   Уголовный кодекс Российской федерации. Полный сборник кодексов Федерации. 21 действующий кодекс РФ с последними изменениями и дополнениями по состоянию на 1 марта 2005 года. – Новосибирск: Сибирское университетское издательство, 2005. – 920с.