Магистр-аға оқытушы Исматов Б.А., К106-13 Оспан А.

Шымкент қаласы, Қазақстан

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты,

 

ЖЕКЕ ТҰЛҒАНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ МУЗЫКАЛЫҚ МӘДЕНИЕТТІҢ РӨЛІ

Резюме

В этой статье рассматриваются методы развития

сознания студентов средствами музыки.

Summary

In the article author considers the methods of cognitive

development of students through music.

 

Адам баласы материалдық және рухани өмірдің ортасында тіршілік етеді де, өзі өмір сүріп отырған қоғамның мүшесі ретінде  өзіндік ақыл-парасатымен, жеке бастың өзіне тән ақыл-ой, ерік-жігер, мінез-құлық ерекшелігімен  көрінуге тырысып бағады. Қоғам мүшелерінің бәріне ортақ біркелкі  мінез-құлықтық қасиеттің болуы мүмкін емес. Әр адам өзінше дараланған жеке тұлға. Адамдар жеке тұлға болып бірден дүниеге келмейді. Әрбір адамды қалыптастыру, тәрбиелеп жетілдіру қажет. Жеке тұлға дегеніміз адамның мінез-құлқындағы, іс-әрекетіндегі, көзқарасындығы ерекшелігімен даралануы Яғни адам өз бейнесін өзі жасаушы. Тұлға-жеке адамның өзін өмірде көрсетудегі мақсатының орындалуы ғана емес, оның ерік-жігерінің іске асуы. Яғни өзі жөніндегі ойын еркін іске асырудың дайындығы және оны іске асыруының нәтижесі, көрінісі. Сонымен бірге, тұлға дегеніміз сезімнің, әсердің, ішкі күйініш-сүйініштің бойға жинақталған көрінісі.Тұлғаның құрылымдық компоненттері үш бөліктен тұрады. Біріншіден –оның  ақыл-ойын дамыту арқылы санасын жетілдіру; екіншіден-адамзаттық өркениетті тұлғаның бойына біртіндеп сіңіру; үшіншіден-жеке тұлғаны іс-әрекетке ендіру арқылы өзін-өзі тәрбиелеуге белсене қатыстыру. Тұлғаны тәрбиелеп жетілдіруде осы үш компонент органикалық бірлікте қызмет етеді. Баланың тұлғасын жан-жақты дамытуды қаншалықты ерте бастау керек. Туған күннен-ақ бастап, балаларға әр түрлі жағдайлар әсер етеді. Үй тұрмысы, үлкендердің сөзі, қарапайым балалық өлеңдер, теледидар бағдарламалары және тағы да басқа әр түрлі жағдайлар баланың білімі мен сезіміне жастайынан айрықша әсер етеді. Үлкендердің сөйлегендері баланың тұлғасына  тек жағымды әсер еткен жағдай қазіргі уақытта қол жетпейін арман.Бірақ баламен қарым-қатынаста болатын адамдар оның  рухани байлығы өте төмен екенін жақсы түсінеді. Сондықтан да әрбір мектеп баланың сана-сезімін байыту мақсатымен ән-күй пәндерін кешіктірмей беру керек. Кейбір кезде балалар музыкалық білімді алмай барлық пәндерден өте төмен балды алып жүрген жағдайлар да аз емес. [1]

Оқушыларға өнер саласын ашқаннан кейін, баланың дамуына үлкен әсер етеді. Музыкалық тәрбиені беру үшін алдымен оның мақсаты мен мүмкіндіктерін бөліп шығару қажет. Музыка ең алдымен эмоционалдық қанағаттандыруды береді. Екіншіден, музыкалық тәрбиенің негіз - ақыл-ойды ғылымның көмегімен жетілдіру. Үшіншіден - бұл эмоционалдық тәрбие.Ең алдымен балалардың қызығушылықтарын ескеріп, мектепте және оны бітіргеннен кейін толық музыкалық білімді алуды қамтамасыз ету керек. Әрбір әдістің негізін музыканың теориясы емес, практикалық жұмыстары қарайды. Балалар музыкаға қызығып кеткеннен кейін ол туралы көбірек білгісі келеді: музыкалық ноталардың белгілерін жазып үйрену, оларды әнге ауыстыру және тағы басқа. Музыка пәніне қызыққан бала кейін музыкалық теорияны да оқуға  талпынады. Музыкалық практика тек қана өлең айту мен аспапта ойнаумен шектелмейді, сонымен бірге әнді тыңдауда практиканы құрайды. Оның әсер ету мүмкіндігін оқу-тәрбие процесінде ескеріп отырғанда ғана іске асады. Өнердің әлеуметтік-адамгершілік, эстетикалық табиғатын ескерудің зор тәрбиелік маңызы бар. Өнер арқылы адамды әдемілікке, әсемдікке тәрбиелеуде оның педа- гогикалық негізімен қатар психологиялық аспектілерін де ескеру керек. [2]

Өнер – адамның айнала қоршаған ортамен көңіл-күй қатынасымен ғана жүзеге асатын бейнелі, образды, эмоционалды ұғымдардың синтезі. Мұнда эмоциялық таным жан-жақты дамып, субъективтік сезімталдық интеллект-парасатын айқындайды. Жас өспірімдердің өнерге деген жоғары талғамы біріншіден, мазмұны терең және көркемдік формасы жоғары өнер шығармаларын қабылдау арқылы; екіншіден, өнер түрлерінің біреуінен жоғары қабілеттің болуы арқылы қалыптасады. [3]

Адамда мұндай қасиеттер болмаса, әсемдік қабылдауда, өнер шығармаларын таңдауда талғамы төмен, идеялық-эмоциялық бағалауы нашар болады. Осыған орай адамның үш типін анықтауға болады: 1) өнер шығармаларын дербес, өздігінен бағалай білетін қабылдауы мен эмоциялық сезімдері дамығандар; 2) айналадағы әсемдік пен әдемілікті қабылдауы мен эмоциялық сезімі онша жетілмеген, өнердің ықпалына түсе қоймайтындар; 3) эстетикалық жағынан дамымаған, өнер шығармаларынан ешқандай әсер ала алмайтындар.

Сонау ежелден келе жатқан өлең-жырлар мен шешендік сөздердің, ән-күйлердің қазақ елінің барлық түкпіріне кеңінен таралуы халқымыздың өнерге деген ерекше сүйіспеншілігінен екені белгілі. Бұл жай емес, өнер адамдарын, аса дарынды перзенттерін халық еркелетіп, осылай деп атауы сол кездегі дәстүрге айналған. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын халқымыз өздерінің сүйікті құралы – домбыраға үлкен мән берген. Атақты компазиторлар Құрманғазы, Дәулеткерей, Қазанғап ел аралап, өз күйлерін домбырамен орындағанда, жиылған жұрт рухани азық алған. Домбыраны қастерлеп, сол арқылы өзінің шеберлігін жан-жақты көрсете білуге, ұлттық өнерімізді дамытуға қазір де мол мүмкіндік жасалған. «Оның үні арқылы замана сырларын аңғарамыз. Мысалы, Құрманғазының «Сарыарқа» күйінен зор пафосын және аса мәнділігін мойындаймыз», - деген еді. Сондай-ақ, Қорқыттың күйі де бүгінгі ұрпаққа түсінікті. Ақын-күйші Тәттімбет төрт болыспен бірге Петербургке барып, патшадан түңіліп қайтқанда: Тілім шолақ, дертім көп баяндауға,  Қолым қысқа майданда аянбауға! - деп өлең, кейіннен «Көкейтесті» күйін  шығарған. Өздері зікір салатын ишандар ән-күйге тыйым салады. Осының бәрі адам жанын азаттыққа баулитын ән-күй құдіретінен қорыққандықтан еді. Сондықтан да Сұлтанмахмұт Торайғыров патша үкіметіне: «Әнімді алдың – сәнімді алдың, сәнімді алдың - жанымды алдың», - деген болатын. [4]

Көне заманнан бері бірте-бірте жоғала бастаған мұра халықтың игілігіне айналды. Аты өшкен сансыз аспап аршылып, іске қосылды. Домбыраның кеудесі кеңейіп, үні ашыла түсті. Ұлттық оркестр көбейді. Лириканың бірнеше атауы - көңіл сазы, табиғат сазы, махаббат сазы, азаматтық әуен болып тарамдалғаны сияқты, күйді де шалқыма, жайылма, ілме, ақпа, төкпе, шертпе деп бөлуге болады. Ықыластың аузындағы ол тіпті қобыздың сарынын да домбыраға саналған. Ол осы екі аспаптың сарынын ұштастырғанда - бірде қамығады, бірде сағынады, бірде төгіледі, бірде сөгіледі. Музыканы  түсінген адам оны сыйламай тұра алмайды. Ал, қазақ халқы- қашаннан ән мен жырдың отаны. Туған өлкеміз бүгінде даму, өсу, түлеу, жаңару үстінде. Біліміде де зерделі, парасатты да иннабатты  ұрпақты өсіп кетті. Қазіргі  жыр  арқауы  да ослар болуы  тиіс. Жырларды, шырқалған әсем әндерде, қосыла шерткен күйлерде замана үні, кешегі-бүгінгі ұрпақтар дауысы дабыл қағады. Өйткені, халқымыздың тыныс-тіршілігінде, өнер мәдениетінің қалыптасуында музыкалық шығармалардың ролі ерекше. Мұны мынадай екі жағдайдан байқауға болады:  қазақ халқының өнер шығармасының барлығы музыкамен беріледі; 2) әрбір музыкалық шығарма халық өмірінің нақты бір кезеңін, дәстүрі мен салтын, қоғамдық талғамын, халықтың сол өнерге деген көзқарасын т. б. білдіреді. Сондықтан  да қазақтың музыкасы мен күйі түсінікті, әсерлі, тез үйретуге болатын, жанға жақын келеді. Яғни, халқымыздың тамаша әндері мен күйлеріне еңбекші бұқараның жарқын болашаққа ұмтылған ой-арманы, ел басынан өткен тарихи кезеңдері, туған елдің табиғаты, мөлдір махаббаты т. б. жайлар көрініс тапқан.

Қорыта келгенде жеке тұлғаны қалыптастырудағы музыкалық мәдениеттің рөлі қандай өнер туындылары болмасын жас ұрпақтың эстетикалық талғамының аясын кеңейтуде, оларға музыкалық  тәрбие берудегі маңызы зор.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1. Еңсепов Ж.,  Ысқақов Б. Музыка жалпы орта білім беретін мектептің 5-6- сыныптарына арналған бағдарламалар. Алматы: РОНД, 2003.

2. Жайымов А. , Ысқақов Б., Еңсепов Ж., Сәрсенбенов Ж. Музыка оқыту әдістемесі. Алматы: Атамұра. 2001.

3. Музыкалық-эстетикалық тәрбие туралы. //Қазақстан мұғалімі. 1989 ж.

4.Сатериненов Бақытжан Меңдібекұлы Қазіргі қазақстан мәдениеті дамуының негізгі бағдарлары мен қайшылықтары. К.Р. А. 2000, -205 бет.