Таубаева Р.К.   ОҚМПИ, Шымкент қ., Қазақстан

ХАЛЫҚ МУЗЫКАСЫ АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ.

Қазіргі уақыт талабы - жан-жақты дамыған, білімді де мәдениетті адамды қалыптастыру. Жас ұрпақтың өмірін  рухани  бай сан қырлы ету және салауатты өмір салтын қалыптастырып, мәдениетті ұрпақ өсіру-мемлекетіміздің қазіргі мәдени саясатының басты бағыты.Бүгінгі күн әрбір адамнан мәдениеттің шынайы асыл дүниелерін, рухани байлықтарын түсінуді талап етеді. Міне сондықтан қазіргі адамзат мәдениетінің негіздерін, құндылықтары мен жетістіктерін білуі қажет. Осы мақсатта оқушыларды әлемдік және отандық мәдениеттің жетістіктерімен таныстыру және әртүрлі ұлттардың мәдениетін түсініп құрметтей білуге үйрету керек.

Мәдениеттің өзекті саласының бірі-өнер. Өнер адамзаттың көркем қажеттіліктерін қанағаттандырады. Өнер құндылықтары мен нормаларды, білім мен мән-мағыналарды орнықтырады, адамдардың дүние танымы мен мінез-құлқын қалыптастырады.

Сондықтан да қоғамдық өмірді реттеу құралдары,дін,саясат, идеология өнерді өз мақсаттарына қызмет етуге талпындырады. Қоғам өмірінің бетбұрыс кезеңдерінде өнерге деген сұраныс өсе түседі. Бұл- өнердің руханишылықпен, мәдениетпен тығыз байланысын көрсетеді. Ал оқушылардың рухани мәдениетін осы өнер арқылы оның ішінде өнердің бір түрі халық музыкасын насихаттау арқылы қалыптастыру қажеттілігі туындап отыр.

Қазақ халық музыкасы ғасырлар бойы халықпен бірге жасасып, тарихи әлеуметтік өмірі мен толғаныс-тебіреністерін үздіксіз жырлап келе жатқан рухани мол қазына. Адамзат дамуының философиялық, эстетикалық заңдылықтарына сүйенсек, жеке  тұлғаның рухани дамуына көркемөнер мен мәдениеттің ықпалы туралы мағлұматтар сонау ерте заманнан бастау алды. Қазақ даласындағы  ұлы  ғұламалары музыка өнерінің теориялық және тәжірибелік негіздерін дамытуда маңызы зор еңбектер қалдырды. Олар болашақ ұрпақты имандылық, эстетикалық, ақыл-ой сияқты қасиеттерге тәрбиелеуге зор еңбек сіңірді. Міне, осы бай құндылықтар, қазақтың ұрпақ тәрбиесінде пайдаланып келген тәлім-тәрбие құралдары, асыл арналары саналады. Қасиетті ата-бабаларымыз өз бойындағы барлық асыл қасиеттерін ұрпақтарының сана-сезіміне сіңіруді басты мақсат ете отырып, ұрпағының ақылды, адамгершілігі мол, мейірімді, сыпайы мінезді қалыптасуымен бірге, оның бойынан сымбаттылықты, сұлулықты, өнерге деген бейімділік пен шеберлікті көруді арман еткен және сол қасиеттерге баулудың жолдарын, құралдарын, әдістерін жасап отырған. Қазақ халқының сан ғасырлық тарихи-мәдени жетістіктерінің жемісін, рухани байлығын, жанына біткен еңбексүйгіштік, имандылық, бауырмалдық, балажандылық, қонақжайлылық, әдептілік, әсемдік т.б. қасиеттерін таныту білім беретін мекемелердің алғашқы міндеттерінің бірі болып табылады. Осы орайда елімізде халықтық дәстүрді жинақтап зерттеу, саралап игеру, оларды жастар тәрбиесіне кеңінен ендіру, жаңғырту үлкен міндет болып табылады.

Тәуелсіздік  туын  берік  көтерген  Қазақстан  халқының  тарихы  туралы  сөз  бола  қалса,  ең  алдыменен, оның  тілі  мен  діні,  өнері  мен  мәдениеті,  ғылымы  мен  әдебиеті  ауызға  ілігуі  заңды.  Өйткені,  мұның  барлығы – рухани  қазына. Елдің  қандай  ел  екендігін  көрсететін  биік  өлшем  де  осы  рухани  байлықта.

Қазақстан Республикасының  «Білім туралы» заңында білім беру жүйесінің басты міндеті ғылым және тәрбие жетістіктерімен қатар ұлттық рух пен жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде жеке адамды қалыптастырып, дамытуға жағдай жасау қажеттілігі айтылған.[1].

Осыншама тарихы бар халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрыпы соның ішінде, музыкалық бай мұрасы арқылы болашақ ұрпақты тәрбиелеу педагогиканың басты  міндеттерінің бірі . Қазіргі уақытта бүкіл тарихи, мәдени, адамгершілік, рухани құндылықтарымыз жаңа заман тұрғысынан бағаланып жатыр. Сонымен қатар, мол мәдениетіміз, салтымыз, дәстүріміз, тіліміз, ұлттық намысымыз, тарихи жадымыз, табиғи ортамыз, ұлттық мемлекеттілігіміз бекіп, жаңғырып, дамып келе жатырған кезеңде халықтың мұрасын мектептің оқу-тәрбие жұмысында пайдалану міндеті де тұр.

ХХІ ғасырдағы тасқындаған толассыз ақпараттар, қоғамдағы күрделі өзгерістер аясында өмір сүріп жатқан жас ұрпақты тәрбиелеудің күрмеуі қиын күрделі мәселелері жеткілікті. Ғаламдану өріс алған қазіргі заманның тәрбие жүйесіне ұлттық тәрбиені дарыту одан да өзекті болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ халқының ғасырлар бойы жинақтап, уақыт тезінен өткен тәрбие тәжірибесінің ауқымды бір саласы - ата-бабадан мирас болып қалған музыкалық мұрамыз..

Музыка - халық  тарихының  шежіресі.  Музыкада  өмір,  тіршілік  құбылыстары,  адамның  күйініші,  сүйініші,  қуанышы  мен  қайғысы бейнеленеді.  Қазақ  халқының  басынан өткен  қилы  замандар,  тіршілігі мен тағдыры,  салт-дәстүрі,  өмір  сүрген  ортасы  мен  әдет-ғұрыптары  музыка  арқылы  ұрпақтан-ұрпаққа  жалғасып,  тарих  айнасына  айналды. Халық дүниеге келген сәби қуанышынан бастап, адамзат тіршілігіндегі оқиғаларды, алуан түрлі ойларды ән-әуенмен жеткізе білген. Сондай-ақ тіршіліктің бүкіл тауқыметін, ауыртпалығын көтере жүріп, бесік тербеткен аналар да өздеріне әнді серік еткен. Қыз ұзату, үйлену тойлары, шілдехана, сүндет тойы, халықтық ойын-сауықтар – барлығы да ән-күй аясында өтеді.

Орта ғасырдың аса көрнекті ғалымы және философы Әбу-Насыр әл-Фараби «Музыканың адамға емдік қасиетін, жағымды әсерін сондай-ақ, оның адамның  жан дүниесіне әсер ететін, тәрбиелік мәні зор» деп тұжырымдаған [2].

Қазақтың аса бай әрі өзіндік сипаттарымен ерекшеленетін музыкалық мұрамыз халқымыздың рухани дүниесінде айрықша орын алады. Қазақтың философиялық-эстетикалық тағылымы, көзқарасы, дүниетанымы, наным сенімі, мінез-құлқы, ой-арманы, көңіл-күйі, отаншыл-азаматтық сезімі, қиял-арман қайғы-қасіреті, ғашықтық сүйіспеншілігі мен батырлық қасиеттері, еркіндікті аңсаған жүрегі, қонақ жайлы кең пейілі және т.б. ұлттық сипаттары тамаша музыка тілімен бейнеленген.

Қазіргі таңдағы жалпы музыкалық тәрбиенің басты мақсаты - музыкалық және эстетикалық танымы дамыған ой-өрісі кең, рухани бай жеке тұлғаны тәрбиелеуге бағытталып отыр. Музыка - адам жанын жарқындататын өнер. Болмысты өмірлік құбылыстардың әртүрлілігін дыбыстық бейнелер арқылы көрсететін рухани игерудің түрі.Сондықтан да оқушыларға қатты әсер етеді. Мүғалім бастауыш cынып оқушыларға музыканы тыңдатып, қабылдай білуге жүйелі түрде дағдыландырса олар тындап отырып толғанады, мұңаяды, ойланады. Музыканы ұғыну - оны тек сезіммен қабылдау ғана емес, саналы түрде түсініп қабылдау демекпіз. «Музыка - жүрек тілі» , яғни сезім, қобалжу, көңіл күйдің тілі деп ұққан жөн. Олай болса, музыка бастауыш  сынып оқушыларға әсер етіп, құдіретті эмоциялық орасан зор күші арқылы тұлғаның музыкалық-эстетикалық талғамын оятады. В.А. Сухомлинскийдің: «Егер сәби шақта музыкалық шығарманың әсемдігін жүрекке жеткізе білсек, егер дыбыстардан бала адам сезімінің санқырлы реңін сезіне білсе, ол мәдениеттің ешқандай құралдарымен жетуге болмайтын сатысына көтеріледі... Музыкалық тәрбие – бұл музыкантты тәрбиелеу емес, ең алдымен адамды тәрбиелеу» – деуінде үлкен шындық жатыр [3]. Музыка жеке тұлғаның ақыл ойы мен дене бітімін жетілдіріп, жан- жақты өмір тәжірибесін кеңейтуге, эстетикалық талғамын өсіруге, қызығушылық біліктілігін және ойлау қабілетін дамытуға, шығармашылық іскерлікке тәрбиелеуге мүмкіндік туғызады. Жалпы білім беретін мектептің бастауыш сыныптарында музыка сабақтары білім беру мен тәрбие берудің маңызды бір саласы болып табылады. Музыка пәнінің маңызы қоғамның әлеуметтік сұранысына жауап бере отырып, оқушыларды халықтық музыкаға баулиды. Ал бұл пәннің мақсаты шәкіртке ұлттық өнердің құдіреттілігін таныту арқылы олардың санасына, сезімі мен ұшқыр қиялына игі әсер ету.

Халықтық музыкаға құрметпен қарап, ұлттық салт-дәстүрімізді қастерлеуге баланы жас кезінен баулығанда ғана ол ертеңгі Отанының нағыз азаматы болады. Халық музыкасы мен кәсіптік музыканың өзара байланысын сезіну арқылы бала классикалық күрделі музыканы түсінеді. Сондай-ақ, ұлттық музыка мен дүниежүзі музыкасындағы халық ән-күйлері аудармасыз-ақ бар халыққа түсінікті  тіл екендігін ұғынады.

Бүгін де  білім  саласына  көптеген  өзгерістер,  жаңалықтар  енгізіліп, әдістемелік  жинақтар  шығармашылық  ізденіспен  дамып  келеді.  Музыка саласында  да  дәстүрлі  халық  музыка  байлығын,  Қазақстан  сазгерлері шығармаларын  насихаттау  жаңа  қырынан  алға қойылған,  жаңартылған  музыка  бағдарламалары  жасалуда.

Жалпы  білім  беру  жүйесі  жас  ұрпақты  музыка  өнеріне  баулып, олардың  жан-жақты  мәдениетті,  білімді,  ақылды  да  сымбатты  болып өсуі  үшін, ең  жоғары  мүмкіндіктерді  қолдануды  мақсат  тұтады.  Еліміз егемендік  алып,  өз  шаңырағымызды  тіктеген  тұста  ұлттық  өнерімізді, мәдениетімізді, білімімізді  жаңғыртып,  ұрпақтан-ұрпаққа  жеткізу  міндеті қойылды.

Сабақ беру - «үйреншікті жәй ғана шеберлік емес, ол үшін жаңадан жаңаны табатын өнер», - деп Жүсіпбек Аймауытов атап көрсеткендей, сабақтастырылған, жаңа технологияларды кірістіре өткізген сабақ ғана шығармашылық ойлау қабілеттерін дамытып, танымдық деңгейін көтереді [4].

Халқымыздың ұлы перзенті Абай Құнанбаевтың  «Артыңа із қалдырғың келсе, кейінгі ұрпаққа адамгершілік нұрын сеп, білімге тәрбиеле, болашағымыз өз ұлт өнері мен  мәдениетінің тұнығынан сусындап, тарихын терең түсінетін болсын» деген   өсиеті де болашақ ұрпақты өнер-білім арқылы тәрбиелеудің кажеттілігі мен маңыздылығын  дәлелдейді [5].

Қазіргі таңда бастауыш сынып оқушылардың алдында халык өнері мен мәдениеті жан-жақты қайта өрлеуі кезеңінде өткеннің рухани құндылықтарын қорғауға, жас ұрпақты тәрбиелеуге, олардың  рухани деңгейін көтеруге қамқорлық жасау, еңбек, адамгершілік, идеялық - саяси және эстетикалык талғамын, шығармашылық кабілеттерін дамыту мәселесі бүгінгі таңда басты міндеттердің біріне айналып отыр. Өйткені, қоғамда жүргізіліп жатқан демократиялық өзгерістердің стратегиялық барысы нақ осы өсіп келе жатқан жастардың білімінің сапасымен, ұлттық дүниетанымының деңгейімен, мәдени сауаттылығымен және белсенділігінің жоғары дәрежесімен өлшенетіні белгілі. Тәуелсіздігіміздің баянды болуында өсіп келе жатқан жастардың рөлі өте зор екені анық.

Қазіргі кезеңде музыка сабағының басты мақсаты -бастауыш сынып оқушыларын өз халқының ән-күйлерінің мазмұнымен, шығу тарихымен, авторларының өмірімен таныстыру арқылы балалардың санасына туған халқына деген құрмет пен мақтаныш сезімін ұялату, ұлттық рухты сіңіру, ұлттық өнер саласының мәдени деңгейін көтеру.  

Біз қазақ халқының ұлттық музыкасының шығу тарихы мен зерттелуі туралы оқушыларға мәліметтер бере отырып, қазақ халқының музыка өнерін  білудің қаншалықты қажет екенін түсіндіріп, ұлттық музыкаға сүйіспеншілік көзқарас пен құрметтеу сезімін оятуымыз керек.

Қазіргі мектеп мәселесі - қазақ елдігінің мәселесі. Бұл ұлттық, халықтық, мемлекеттік деңгейдегі маңызды мәселе. Қай заманда болсын жас ұрпақтың өнеге тұтар өзіндік ұлттық тәлім-тәрбиесі болатындығы белгілі. Егеменді Қазақстан Республикасының болашақ ұрпақтарының сана-сезімін, ұлттық психологиясын, оның ерте замандағы ата-бабалар салт-дәстүрімен сабақтастыра тәрбиелеу қазіргі күннің ең өзекті мәселесі екендігін өмірдің өзі көрсетіп отыр.

Әдебиеттер:

1.Қазақстан Республикасының жоғары педагогикалық білім беру» тұжырымдамасы. http: //adilet.zan.kz/

2. Әбу Насыр Әл-Фараби. Таңдамалы трактаттары. Алматы, Арыс, 2009

3.Сухомлинский А.В. Избр.пед.соч. В – 3томах, М., 1979.42,76с

4. Жарықбаев Қ, Қалиев С. Қазақ тәлім-тәрбиесі. Алматы, «Сана», 1995

5.Абай. Шығармалары. А., 1995.