Музыка и жизнь / Музыка: изучение и преподавание

 

Абжаппарова Б.

 

Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжі, Қазақстан

 

Оқушыны концерттік орындаушылық өнерге баулудың кейбір мәселелері

 

 

«Қазақстан 2030» стратегиялық бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі - ұлттық білім моделін қалыптастыру және Қазақстан білім беру жүйесін бүкіл әлемдік білім кеңістігіне кіріктіру [1]. Осыған орай, жас ұрпаққа тәрбие беру саласында көп өзгерістер жаңалықтар болып жатыр. Бүгінгі күнде білім саласындағы негізгі мақсат жан-жақты дамыған білімді тұлғаны тәрбиелеу. Өзгерістер өнер саласын да қамтып, болашақ ұрпақтың кәсіби біліктілігін арттыруда сан қырлы ұғымды қамтитын музыкалық өнердің орнын ерекшелендіре түсті.

Бүгінде жан-жақты дамыған ұрпақ тәрбиелеу ісінде музыкалы-эстетикалық тәрбиенің өзіндік орны белгіленді. Балалар музыка мектебі мен өнер мектептерінде қызмет атқаруға даяр болашақ мамандарды педагог-музыкант ретінде дайындау ісі техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде кеңінен жүзеге асуда.

Өнер және музыка колледждерінің домбыра сыныбы бойынша маман даярлаудағы басты мақсат - оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыта отырып, кеңейтілген бағдарлама негізінде ұстаздық машыққа баулау, педагогикалық шеберлігін арттыру. Бұл бағыттағы жұмыс болашақ маманның балалар музыка мектебі оқушыларымен музыкалық тәрбие жұмысын жүргізе білуге, күнделікті өмірге музыка өнерінің тәрбиелік мүмкіндіктерін кеңірек пайдалана білуге даярлауды көздейді.

Музыка маманын дайындау ісі - қызықты да өте күрделі үрдіс. Бұл істе бір-бірімен жалғасып жатқан екі мәселенің жүзеге асуы өте маңызды: біріншіден, ұстаз өз шәкіртіне өнерге деген көз-қарасын, сүйіспеншілігін, өз білімін, іскерлігін, орындаушылық шеберлігін бере білуі; екіншіден, оқушы бойындағы талантты ашу, жақсы жақтарын көрсету, оқушыны өз кемшіліктерін ұдайы түзете отырып, дамуға жұмылдыруы. Сондықтан,  болашақ педагог-музыкантты ұстаздық шеберлікке баулуда тәрбиенің осы екі қырын қатарластыра жүргізуге машықтандыру нәтижелі  іс-әрекет болып табылады.

Домбыра аспабында ойнауды үйретудегі ортақ бір қағида – оқушының дұрыс отырып, дене және қол қойылымында кемшілік жібермеу, ойлы да ізденіске дайын домбырашы қалыптастыру, әр оқушының жеке қабілетіне байланысты сабақ ұйымдастыру.

Алғашқы сабаққа ұстаз өте тыңғылықты дайындалып, оқушымен бірінші кездесудің кейінгі жұмыстың жемісті болуы үшін маңызы өте зор екендігін естен шығармауы тиіс. Оқушы психологиясына әсері мол боларлықтай жағдай жасау, оқушыны өнерге ынтықтыра, қызықтыра білу, оқушыны жалықтырып алмай, тиянақты сабақ ұйымдастыру, әр шәкірттің табиғи жаратылысына байланысты жеке бағдарлама құру, дұрыс ойлау жүйесін қалыптастыру оқытушының негізгі міндеті.

Музыкалық білім беруде балалар музыка мектебі мұғалімінің алдына негізгі үш міндет қойылады: Бірінші міндет - әр түрлі музыкалық іс-әрекеттер арқылы оқушының сезімін ояту, екінші – сезім арқылы музыканы саналы түсінуге баулу, үшіншісі – музыкалық шығарманы өз шамасына қарай орындай білуге үйретуде орындаушылық дағдысы мен шығармашылығын дамыту. Сол себепті де,  болашақ педагог-музыканттың колледжде білім алуы барысында жан-жақты дамуы болашақта музыка мектебінде оқып жатқан баланың ішкі дүниесін байыта түсуге, музыка өнерін терең және толық қабылдап қана қоймай, айналадағы дүниеге, өмірге, адамдарға деген көзқарасын өзгертуге септігін тигізеді.

Болашақ педагог-музыкантты кәсіби әрекетке даярлауда оның концерттік шығармашылығын дамытудың маңызы зор. Домбыра аспабында ойнауды үйретудің қай сатысында болмасын көпшілік алдына шығып, өнер көрсетуге талпынбайтын орындаушы жоқ. Кей жағдайда, осы әрекет концерттік орындаушылықтан шабыт алып, музыка саласын болашақ қызметінің басты көзі ретінде таңдап, білімін әрі қарай жалғастыратын, өнер жолына түскен өнерпазды дарлауға септігін де тигізеді.

Балалар музыка мектептерінде, колледжде, музыкалық жоғары оқу орындарында концерттік орындаушылық өнер көрсету бастамасы оқу орнындағы техникалық, академиялық сынақ, емтихандардан басталады. Оқушының білімін тексерудің бұл формаларында оқушы бағдарлама бойынша арнайы берілген міндеттемені орындайды. Мұнда ол шағын болса да концерттік бағдарламаны көрсетеді. Осы баспалдақтан бастап, оқушының орындаған шығармасына есеп беруі, өзін - өзі ұстауы қалыптасады.

Концерт – жабық немесе ашық алаңда (алаңдар, стадиондар және т.б.) өткізілетін көпшілік мерекелік шара [2].  Концертке жеке әншілер, хор, вокалды, эстрадалық, хореографиялық және т.б. ұжымдар қатысады.

Концерт өнер ұжымының не орындаушының бүкіл мүмкіншіліктерін (орындаушылық деңгейін, көркем-шығармашылық және техникалық мүмкіндіктерін, тәртібі мен жетекшіні тыңдау, сахналық, эмоционалдық қасиеттерін) ашады.

Концерт өткізілген жұмыстар бойынша есеп берудің бір формасы. Әр концертке алдын ала арнайы дайындалу, кезекті және басты репетицияларды өткізу концерттік іс-шараның жақсы өтуінің кепілі.

Оқушының сахна төрінде бірді, екілі күймен шықса да алғашқы қадамы сәтті басталуы үшін ұстазға оны ыждағатты дайындау міндеті тұрады. Әрбір сахнаға шығу сәтінен ләззат алу – ұмытылмас мереке кезеңдерге айналуы тиіс. Сондықтан оқытушы жас орындаушы бойында толқу болмағанын қадағалуы керек.

Толқудың пайда болуы себептері: орындаушының бойында өзіне сенімсіздіктің болуы, отырысында, қол қойылымында кемшіліктің болуы, шығарманы толық жаттап алып, жаттығу жұмысының аз болуы, сахнаға шыққандағы киген киіміне риза болмауы. Дегенмен, шығармашылық орындаушылығы жақсы дамыған музыкантта сахнаға әр шыққан сайын толқу болады. Әрине, мұның жөні басқа – ол шығармашылық, орындаушының концерттік бағдарламаға беріле білуі орындалатын шығарманы тыңдарманға жеткізу әдісіндегі толқу. Бұл үрдіске енді ғана бет бұрған орындаушыда шығармашылық толқу біртіндеп қалыптасады. Сол себепті болашақ маманды ерте бастан, яғни музыка мектебінде, колледжде оқып жүрген кезінде-ақ концерттік орындаушылық өнер қағидаларын түсініп, халық алдына өнер көрсетуге шығуға сүйіспеншілік сезімін арттыра түсу керек.

Халық алдына шығып өнер көрсету - бұл өте жауапты да маңызды іс-әрекет. Оқушы сахнаға шығар алдында шығарма авторының, өзінің, ұстазының алдында жауапты екендігін есте ұстауы тиіс. Сонымен бірге, концерт ол үшін – мейрам, өмірінің өте бір шартты кезеңі екендігін түсінуі керек.

Әрбір орындаушы сахнаға шығар алдында жүріс-тұрысына, шығарманы орындаудағы өзіндік сезіміне мән беріп, көпшілікпен қатынасын қалыптастырып, өзін жаттықтыруы қажет. Үнемі дайындықта болып, концерттік шығарманы орындау дағдысын жетілдіруі керек. Концерт болатын күні тыңғылықты да тиянақты түрде бірнеше уақыт дайындалуды, әрбір қиын бөлшектерін жеке орындауды әдетке айналдыру өте жақсы көмектеседі.

Тек шығарманы бастан аяқ қайталау жақсы нәтиже бермейді. Концертте орындайтын шығарманың біреуін ғана қайталап, қалғандарына шолу жасаса да дұрыс болады.

Жас орындаушыны концерттік орындаушылық өнерге баулуда оқытушы оны концертке шығар алдында орындалатын шығармаларды, бірінен кейін бірін бағдарлама бойынша тұтас қарап, уақытын, бастау және аяқтау сәттеріне мән беруге жаттықтыруы керек. Тәжірибеде кейбір ұстаздар, бір күн болса да өз сыныптарында бір-екі аяқталмаған шығармалармен жұмыс жасауы кездеседі, ал бұл оқушының концерттік бағдарламадағы қалған шығармаларға қызықпай, концертте өте нашар өнер көрсетуіне әкеледі. Мұндай жолдардан құтылу үшін концерттік бағдарламаға жоспар құру керек, бағдарламадағы ең қиын шығарма алдын ала дайын болуына мән беру керек.

Шығарманы басынан аяғына дейін белгілі дәрежеде орындау үшін тұрақты талпыныс керек. Бұл үшін оқушыны жалықпай, ішкі музыкалық жүйесін өсіруге бейімдеу қажет. Концерт алдында концерттік бағдарламаны достарының, ата-анасы мен туыстарының алдында ойнап беруге жаттықтыру да пайдалы. Тіпті қолдағы бар заманауи техниканы қолданып, оқушының орындайтын шығармасын өзі үн таспаға жазып, ұстазбен бірге тыңдап, жетістіктерін саралап отыруға жұмылдыру да пайдалы.

Осылай оқытушы болашақ орындаушыны шығарманың қыр-сырын толық қамтып, концертте өнер көрсетуге баулуы қажет. Сондықтан, колледжде оқу барысында концерттік орындаушылық өнерге баулуда болашақ педагог-музыканттың назарын мына қағидаларға аудару керек: концертке дайындық барысында оқушының шығарма формасын біріктіріп, шығармадағы тұтастықты сезіне орындауға баулу; сахнаға шығар алдында оқушының назарын көптеген ескертулермен еліте бермеу, өйткені көп жағдайда осындай ескертулер сахнада орындау кезінде есіне түсіп, кесірі тиеді; сахнаға шығу алдындағы соңғы ескертулер тек жетіспейтін жердегі ойынға бағыттау. Дегенмен, бұл да жетістік әпермейтінін есте ұстау керек; оқушының бойында өз-өзіне деген сенімділікті тәрбиелеу, концертке толық дайынсың деп ынталандыру арқылы алға жетелеу. Бұл оқушы бойында сенімділік сезімін туындатады. Сондықтан, концерт алдында әрбір оқытушы оқушыға жігер беруі керек.

Ал толқу болмас үшін ұстаз оқушылардың орындаушылық мүмкіншілігін өсіру мақсатында бұрынғы өтілген шығармамен жұмыс жасауы да пайдалы болады. Оқушыларды халық алдында өнер көрсетуге жұмылдыруда музыкалық оқу орнында ғана емес, жалпы білім беретін мектептердегі кештерде, тағы басқа да жиындарда өнер көрсетуге, сайыстарға қатыстырудың маңызы бар.

Әдебиет:

1. Қазақстан – 2030 Барлық Қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы. Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы.-http://adilet.zan.kz/kaz/docs/K970002030.

2. С.А. Одинцова, К.Г. Гаркуша, Ф.Ж.Абдихаева. Вокалды-хор тәрбиесі: Оқу құралы. – Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2016. – Б.66.