Оқушылардың
базалық мәдениетін қалыптастыру мәселелері
НАҒЫМЖАНОВА
қАРАҚАТ МҰҚАШОВНА – педагогика
ғылымдарының докторы, Туран
Астана университетінің профессоры
Рахымжанова Салтанат
Балкенқызы -педагогика ғылымының магистры
Мақалада оқушылардың
базалық мәдениетін қалыптастыру мәселелері
сипатталған. Оқушылардың
базалық мәдениетін қалыптастыру мәселелерін шешу
мүмкіндіктері бойынша ұсыныстар берілген.
В статье даны описания о проблемах формирования
базовой культуры учащихся. Даны рекомендации возможных решений проблем по
формированию базовой культуры учащихся.
In the article
describes about the problems of formation of base culture of pupils. Recommendations of possible solutions to the problems
of formation of base culture of pupils.
Қоғамның даму
әлеуеті білім деңгейі мен білімділік көлемімен
өлшенеді. Әлеуметтік ортадағы адамзат баласының
білімділігінің негізін қалайтын қасиетті ірге тас - мектеп.
Ғылымның әрбір саласынан хабар беретін мектеп оқуы
жүйелілігімен, бірізділігімен ерекшеленеді. Жалпы білім беретін
мектептің орта буыны оның алғашқы сатысы бастауыш білімнің негізіне
сүйенері басты шарт екені анық.
Бүгінгі таңда
мектептің басты мақсаты - әр оқушыны мәдениетті,
жоғары адамгершілікті, шығармашыл,
әлеуметтік өмірге бейімделген тұлға етіп
қалыптастыру. Бұл мектеп, отбасы,
қоғамдастықтың, ең алдымен оқушының
бірлескен әрекетінің арқасында ғана мүмкін.
Жаһандық
әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени
үрдістер Ұлы Дала кеңістігіне де дүбірлі
өзгерістер алып келді. Бұл өзгерістер
қоғамның динамикалық сипатта дамуына себепкер болуда.
Отандық
білім беру жүйесі де өз іс-әрекетінің мақсаттары
мен нәтижелері туралы көптеген түйткілді
сұрақтарды көтеріп, іргелі шешімдер қабылдауда. Білім
беру жүйесіне жаңа технологиялар енгізіліп, саяси және
мемлекеттік доктриналар өзгеруде; ақпарат ауқымы кеңейіп,
жастардың ғылыми білімге сұраныстары артуда.
Қоғам
дамуының қазіргі кезеңінде Қазақстан
Республикасында білім берудің 2011-2020 жылдардағы Мемлекеттік
бағдарламасына сәйкес білім
берудің барлық сатыларында модернизациялау үрдісі
жалғасын табуда [1]. Сонымен бірге Елбасы Н.Ә. Назарбаев
Қазақстанның ХХІ ғасырдағы дамуы білім
беру деңгейін арттырумен байланысты болатынын, білімнің
экономикалық ресурс, өндіріс факторы ретінде қарастырылатынын
ескерткен еді [2].
Сондықтан қоғамның
қазіргі даму жағдайында білім беру жүйесіне, маман дайындау
сапасына және көбінесе жоғары оқу орнында іргетасы
қаланатын кәсіби маңызды қасиеттердің
қалыптасу деңгейіне жоғары талаптар қойылады. Осыған
байланысты педагогтың кәсіби деңгейін арттыру өзекті
мәселе болып табылады. Педагог енді тек білім беруші ғана емес, ол
өз шәкірттерінің әлеуметтік-тұлғалық
саладағы жетістіктеріне де әсері болады. Ол үшін
педагогтің өзі кәсіби іс-әрекетте де, әлеуметтік
өмірде де табысты, бәсекеге қабілетті, зиялы тұлға
болуы қажет.
«Мәдениет» деген түсінікке
тоқталатын болсақ, мәдениет - деген ұғымға
беті-қолын жуғаннан бастап, адамзат ақыл-ойының
қазіргі жеткен ең соңғы биігіне дейінгі барлық
ұғым енеді, - деп М.И.Калинин атап көрсетеді.
Мәдениет, оқу-ағарту, ғылым, өнер т.б. рухани
өмір табыстарының жиынтығы, - дейді тілші-ғалым
М.Балақаев өзінің «Қазақ тілінің
мәдениеті» атты еңбегінде.
Мәдениет туралы түсінікке де әр ғалым әр
түрлі анықтама береді. Қарап отырсақ,
мәдениеттің өзі екіге бөлінеді екен. Ол материалдық және рухани
мәдениет.
Жан-жақты дамыған мәдениетті жеке
тұлғаны қалыптастыру мәселелері өкіметтің
қаулы-қарарларында басты орын алып отыр. Мысалы,
Қазақстан Республикасы азаматтарының жаңа
әлеуметтік - экономикалық мінез-құлқын
қалыптастыру тұжырымдамасында, Қазақстан Республикасы
этникалық-мәдени білім беру тұжырымдамасында, Қазақстан
Республикасы тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасында
ұлттық менталитеті жетілген, мәдениетті, бүгінгі қоғамдық
қатынастарға еркін араласа алатын жеке тұлғаны
қалыптастыру мәселелері қарастырылған. Жалпы
адамзаттық құндылықтар
тәрбие мақсатының өзегі. Сондықтан жас
ұрпақты тәрбиелеу мәселесіне ерте грек философтары Аристотель, Платон
өз еңбектерін арнаған. Мысалы, Платон жеке бастың
дамуының үш негізгі компонентін: ақыл, сезім, ерікті
бөліп қарастырады [1].
Шығыс ойшылдары Әл-Фараби,
Ж.Баласағұн, М.Қашқари, Қ.Жалайыри,
Асанқайғы, Қазтуған, шалкиіз т.б. бүгінгі
ұрпақ тәрбиесіне ұлан-ғайыр мұра қалдырып
отыр. Тәрбиенің жас
ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы жөнінде
Әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие
берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім-адамзаттың қас жауы,
келешекте оның барлық өміріне опат әкеледі»,-деген.
Мектепте сыныптан тыс жұмыстар арқылы
оқушыларға тәрбие беру мәселесі В.М.Коротов, Н.И.Болдырев,
О.С.Богданова, В.И.Петрова, С.В.Мухина т.б. ғалымдардың
еңбектерінде қарастырылған [2].
Қазақстанда
педагогика саласында бұл мәселеге Қ.Жарықбаев,
С.Қалиев, Қ.Бержанов, А.Көбесов, С.Ешімханов, С.Иманбаева,
Д.С.Құсайынова, С.Нұрмұхамедова, Л.Т.Сейдахметова,
Ж.Наурызбаев, Ш.Майғаранова, А.Сейдімбек, Л.Керимов және т.б.
ғалымдар елеулі үлес қосып келеді [3].
Жас ұрпақ
дүниетанымының дұрыс қалыптасуы, ой өрісінің жоғары болуы оқу
-тәрбие жұмысының дұрыс ұйымдастырылуына
байланысты [4].
Халық
даналығында: «Баланы әуелі мейір шапағатқа, онан
соң ақыл парасатқа, ақырында еңбек пен
ғылымға баулы» - дейді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев білім мен
ғылым қызметкерлерінің екінші съезінде «Болашақта еңбек етіп,
өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары.
Мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан
сол деңгейде болады. Сондықтан жүктелетін міндет өте
ауыр» деген болатын. Тәуелсіз
еліміздің азаматын парасатты да білімді, мәдениетті де саналы етіп
тәрбиелеп, дүниетанымын жалпы адамзаттық деңгейде
дамытамыз десек қалың көпшілік бірлесе күш салу керек.
«Жас бала – жаңа
өркен жайған жасыл ағаш тәрізді»,- дейді халқымыз.
Жерге отырғызған жас көшет те
қашан тамыры тереңдеп, жапырағы жайқалып, саялы
ағаш болып үлкейгенше мәпелеп күтіп, үзбей
тәрбиелеуді керек етеді [5].
Мәдениет өзінің көптүрлілігімен
және мүмкіншілік молшылығымен құнды.
Бүгінгі таңда әлемде көптеген діни бірлестіктер,
секталар, конфессиялар және одан да мол тілдер, ұлтгық
мәдениеттер кездеседі. Қазіргі күні дін қандай жолмен
дамиды, діннің мәдениеттің басқа салаларымен ара
байланысы қай түрде жүргізіледі деген
сұрақтарға біржақты жауап табу қиын. Ең
бастысы, қай елде болмасын, қай мәдениетте болмасын ар-ождан
еріктілігі қамтамасыз етіліп, басқа дінді ұстанушыларға
төзімділік танытылса және де діндер «жабулы қазан»
күйінде қалмай, бір - бірімен тепе-тең сыйластық
рухындағы сұхбатқа түссе болғаны.
Қазіргі заман адамы – мәдениет адамы емес
өркениет адамы, ал, қазіргі әлемдегі адамдық сипат
бірқатар ірі және ұсақ өркениеттерден
тұратын өркениет көрсеткіші болып табылады. Егер
мәдениетке көпдеңгейлік, көпжақтылық сипат
тән болса, өркениет өз кезегінде біржақты немесе
өзіндік өлшемі, өзіндік нышаны бар ұғым болып
табылады. Өркениеттер тарих, тіл,
мәдениет, дәстүр бойынша, ең негізгісі – дін
арқылы бір-бірінен өзгешеленді.
Әрбір өркениет адамдарының
құдай мен адам, индивид пен топ, азамат пен қоғам,
ата-ана мен бала, әйелі мен ері арасындағы қатынастарға
деген көзқарастары әртүрлі болып келеді. Бұл
айырмашылықтар сан ғасыр бойы өмір сүрді және жойылып кетпей болашақта да өз орнын
табады. Олар саяси идеологиялық
және саяси жүйелер арасындағы айырмашылықтарға
қарағанда тұрақты.
Жаһандық мәдениеттің
қалыптасу барысында осы өркениет төңірегіндегі
трагедиялық қарама-қайшылықтардың, яғни
бірде адам барлығының үстінен жоғарыдан өз
үстемдігін жүргізуге ұмтылса, енді бірде аштық,
кедейшілік, ауру-сырқау басты орынға шығатындығын
аңғару қиынға соқпайды. Олай болса, нақ осы
қарама-қарсылықтар жаһандық мәдениет
тұтастығына қауіп-қатер төндіретін бірден-бір
алғышарттар болып табылады.
Бір кездері батыс әлемі постиндустриалдық
қоғамды басынан кешіріп жатыр десе, енді бір кезеңде
ақпараттық қоғам алға шығуда деген
алып-қашты әңгімелер адамдар арасында өзіндік
әлеуметтік сипатқа ие болғандығы рас. Әрине,
қоғамда басқа да ақпараттардың болғаны
анық, бірақ осылардың барлығын біріктіріп тұрған бір ғана
методология, енді ғана қалыптасып келе жатқан жаңа
өркениеттің бірегейлігі жаңа технологиямен, жаңа
экономикалық құрылымға келіп саяды. Сондықтан
болар ақыл-ой еңбегімен, әлеуметтік қабаттармен
байланысты қызмет көрсету саласының өсу деңгейі
көп жағдайда социум болмысын өзгеріске ұшыратады.
Бүгінде қоғамымызда басты орынға ие болып отырған
ақпараттарды алмастыру тәсілдері мен «компьютерлік революция» тек
қана экономика саласында ғана емес, адамзат өмірінің
барлық саласына аса
күшті әсер етіп отырғандығы дау тудырмаса керек. Олай
болса, жоғарыда аталып отырған қомақты өзгерістер
базалық мәдениеттің қалыптасуына негіз
болатындығы сөзсіз.
Базалық мәдениет ұғымы бір жақты да емес, бір сатылы да
емес болып табылады. Базалық
мәдениет түсінігі аясына жеке адамға,
қоғамға, халыққа, ұлтқа, мемлекетке
және Әлемге қатысты мәдени позициялар жүйесі
енеді. Және айтып кететін бір нәрсе, базалық мәдениетті
анықтаудағы үш көзқарасты қолдана отырып,
зерттеуші соған тән барлық үдерістерді толық
қарастыра алады: тарихи (уақыттылық) - қандай да бір
мәдени құбылыстардың өмір сүруінің
уақыты және орны; формальды-функциональды (уақыттан тыс) -
мәдениеттің қызметі мен құбылыстарын талдау,
олардың уақыттан тыс, қайталанатын және кері
түріндегі үдерістерін, интеграция мен дезинтеграцияны түсіну;
формальды-уақыттылық үдеріс, әдетте, базалық мәдениеттің өсуі немесе дамуы деп атайды - бұл
мәдени жүйенің әр уақытта өзгеруі, бір форма алдыңғы формадан
шығуы және келесі бір формаға айналуы. Бұл
үдерістің шеңберінде өзгерістер жеке
құбылыстармен емес, мәдени
құбылыстардың
сыныптарымен болады.
Базалық
мәдениет адамзат әрекетінің нәтижесі болып
табылғандықтан адамдар жиынтығысыз тіршілік ете алмайды. Бұл
жиынтық, тұтастық мәдениет субъектісі және
оның жаратушысы, сонымен қатар, мәдениет тасымалдаушысы болып
табылады. Сондықтан жеке адам баласы өз-өзін әрдайым
тек ұлттық нышандарға негізделген нормалар жүйесімен
ғана тәрбиелемеуі тиіс, ол керісінше, жалпы адами қасиеттерді
дәріптейтін, арттыратын нормалар жүйесімен де тәрбиеленуі
тиіс. Бұл - адамгершіліктің басты бағыты. Өйткені
оқшауланушылық менмендікке, рухани және материалды
дағдарысқа әкеледі. Адамзат бір-бірінсіз өмір
сүре алмайды, оларға әрдайым сұхбат қажет. Сұхбат
арқылы адам баласы, ұлт, мемлекет өзінің
табиғатын, мәнін, «Менін» анықтап, танып, оны ары қарай
өсіріп, дамытып отырады. Сұхбат әскери жорықтар,
миграция, туризм, ақпарат алмасу және т.б. үдерістер
арқылы жүреді. Базалық мәдениеттің басты
қызметі – бұл адамзатты адамгершілікке тәрбиелеу.
Базалық
мәдениеттің әлеуметтік рөлін ары қарай
анықтар болсақ, оның рөлі зор екенін байқаймыз.
Яғни, базалық мәдениет адам баласын жабайылық пен
тұрпайылыққа, еріншектік пен зұлымдылыққа,
менменшілдік пен жауапкершіліксіздікке жол бермейді. Адам баласы өмірінде
маңызды рөл атқаратыны – бұл еңбек. Адам
баласының жануарлардан ерекшеленетін бір сипаты оның еңбек
етуінде. Әлеуметтілік пен мәдениеттіліктің генезисі адам
баласының еңбегімен байланысты. Ал өз кезегінде жеке
адамдық өмір тіршілігін қоғамдық өмір
тіршілігіне айналдырады. Сөйте отырып, нәтижесінде, адам баласы
базалық мәдениеттің агенті және қоғам адамы
болады.
Бала
адамдардың қарым-қатынастары дүниесінде өмірге
келіп тіршілік етеді. Оның әлеуметтік тәжірибе мен
базалық мәдениетті
меңгеруі, яғни жеке басының қалыптасуы автоматты
түрде емес, бүкіл тәрбиелік әсерлерді
дәнекерлейтін оның ішкі жан дүниесінің, ішкі позициясының
өзгеруі арқылы болады. Бұл ұзақ та күрделі
үрдіс үлкендер жағынан үздіксіз жетекшілік болған
жағдайда, яғни үйрету, тәрбиелеу және оқыту
барысында жүзеге асады.
«Менің педагогикалық сенімім» атты
еңбегінде А.С.Макаренко: «Өзін өзі тәрбиелеуді
туғызатын тәрбие ғана нағыз тәрбие», - деп текке
айтпаған. Баланың
өмірдегі әрқилы өзгермелі жағдайларға тез
арада бейімделе алу деңгейі өмірлік дағдыларды меңгеру
дәрежесі қаншалықты екендігінен көрінеді. Жас
ерекшелігіне сәйкес баланың өмірге дайындығы болуы
тиіс. Мұның өзі өмірлік қажеттіліктерден
туындайды. Ендігі жерде баланың жинақтаған теориялық
білімдерінен гөрі, алған білімдерін тапсырмаларды шешуге ғана
емес, оны өзбетінше қоя білуді бағдарлай алуы және
қолдана білу білігі басты нәрсе болып отыр. Мектепте
оқытудың бағдарламалық мазмұны баланы
нарықтық ортада өз бетінше өмір сүріп,
әрекет ету қабілетін қалыптастыруға тікелей
бағдарланбағаны белгілі. Әйтсе де, өмірлік
маңызды біліктер тек сабақта
ғана емес, баланың отбасымен, мектеппен, қоршаған
ортамен, ақпарат құралдарымен, кітаппен және т.б.
қарым-қатынасы нәтиежесінде қалыптасатыны айқын.
Соңғы жылдары өмірлік дағдылардың мәні
халықаралық, сондай-ақ ұлттық деңгейде
кеңінен қарастырылып талқылануда. Көптеген
елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай,
балалардың өміріне қажетті білім мен дағдыларды
меңгерту алдыңғы қатарлы етіп қойылып, оған
барынша жағдай туғызуға басымдылық берілуде [6].
Мектептік шақ - оқушы тұлғасы мен
санасының дамуы қуатты жүретін, ерекше құнды,
қайталанбас кезең. Мектеп
балаға белгілі-бір білім беріп қана қоймай, оны жалпы дамыту,
яғни сөйлеу, оқу, қоршаған орта жөнінде
дұрыс көзқарас қалыптастыру, жағдайларды
обьективті түрде бақылап,
талдау жасауға үйрету, ойын дұрыс айтуға, салыстыра
білуге, дәлелдеуге, сөйлеу мәдениетіне үйретеді.
Оқушылардың базалық мәдениетін
қалыптастыру мәселелерін шешу үшін төмендегідей
мүмкіндіктер жүзеге асыру ұсынылады:
1. Оқушыларының бойында жалпы
адамгершілік, эстетикалық, гуманистік, моральдық,
қайырымдылық, ізгілік, өзара түсінушілік, ізеттілік,
кішіпейілділік, адалдық, сыпайылық тәрізді қасиеттерді
сіңіріп, олардың өзара қарым-қатынас
мәдениеті мен қоршаған ортамен қарым-қатынас
мәдениетіне мән беру;
2. Оқушылар
бойында базалық мәдениет компоненттері рухани және
материалдық мәдениетті қалыптастыруда жүйелі және
жоспарлы жұмыс жүргізу;
3.
Оқушылардың базалық
мәдениеті білімінің үйлесімді қалыптасуына,
сапалық және сандық өсуіне мүмкіндік жасау;
4. Оқытудың формаларын
түрлендіре ұйымдастыру арқылы оқушылардың
ақыл-ой мәдениетін дамыту;
5. Тәрбие шараларын жандандыру және
түрлендіре ұйымдастыру арқылы олардың адамгершілік, эстетикалық,
экологиялық, еңбек, құқық, дене мәдениетін қалыптастыру.
Қорытындысы, бала адамдардың
қарым-қатынастары дүниесінде өмірге келіп тіршілік
етеді. Оның әлеуметтік тәжірибе мен базалық
мәдениетті меңгеруі,
яғни жеке басының қалыптасуы автоматты түрде емес,
бүкіл тәрбиелік әсерлерді дәнекерлейтін оның ішкі
жан дүниесінің, ішкі позициясының өзгеруі арқылы
болады. Бұл ұзақ та күрделі үрдіс үлкендер
жағынан үздіксіз жетекшілік болған жағдайда, яғни
үйрету, тәрбиелеу және оқыту барысында жүзеге
асады.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі:
1.
Ұзақбаева
С., Мұқанова Б. Қазақ этнопедагогикасы.-Алматы. 1998,
-123 б.
2.
Болдырев Н.И.
Мектептегі тәрбие жұмысының методикасы.-Алматы. 2000, -157 б.
3.
Қалиев С.,
Смаилова М. Қазақ халқының тәлім-тәрбие
тарихынан. –Алматы. 1992, -225 б.
4. Балақаев М. Қазақ тілінің
мәдениетінің мәселелері. – Алматы.1965,-186 б.
5.
Сыздық Р. Тіл
мәдениеті және оның проблемалары,
//Тілдік норма және оның қалыптануы. – Астана. 2001, -230 б.
6.
Бержанов Қ., Мусин С. Педагогика тарихы. –Алматы. Мектеп.
1984, -231 б.
7.
Қазбеков Н.А.
Мәдениет және мәдениеттанулық концепциялар. –Қарағанды. 2003,
-32 б.
8.
Қоянбаев
Ж.Б., Қоянбаев Р.М. Педагогика. –Астана. 1998, -387
б.
9.
Қожаева С.
Жастарды тәрбиелеудегі қазіргі кейбір өзекті мәселелер. -Алматы. 2008, -23 б.