Арынова Г.Ғ.

Абай атындағы ҚазҰПУ, аға оқытушы

 

Бастауыш сынып оқушыларымен дене тәрбиесі сабағын жүргізудің әдістемесі

 

Оқушылар  көп қимылдағысы келеді. Біркелкі, ұзақ ойындар  оларды жалықтырып жібереді. Сондықтан да ойындар, жаттығулар әртүрлі, қысқа дем алу аралықтарымен болса  жақсы.

1-сынып оқушылары шыдамсыз, өздерін тоқтата  алмайды, ықыластары тұрақты емес. Бірте-бірте оларға жаттығуларды кеңістікте орындау түрінде  бергенде ойланып, еске сақтап орындауға  қызығып, ықыластана бастайды.

Бастауыш сынып оқушыларының дене қуатын дамыту жаттығуларын бергенде, ұл балалары мен қыз  балалардың дене дамуы ерекшеліктерін ескеру қажет. Ұлдардың салмағы, бойлары үлкен, кеуделері кең, өкпенің тіршілік көлемі жоғары болады. Бұлшық ет күштері  қыздарға қарағанда дамыған. Олар тез жүгіреді, ұзаққа, биікке секіреді, алысқа лақтырады, олар күшті, әрі шыдамды. Сондықтан 2-сыныптан бастап ұлдарға ауырлық көтергенде, ұзаққа жүгіргенде, секіргенде, лақтырғанда көбірек жүктеме беруге болады. (Өйткені 1, 2-сыныпта ұлдар мен қыздарды дене тәрбиесі жаттығуларының амалдары бірге, бөлуге келмейді). Қыздарға 3-сыныпта ұлдарға қарағанда көбірек бірқалыпты, ырғақты, би жаттығуларын беруге болады.

Дене тәрбиесі сабағын жүргізудің төмендегідей ерекшеліктері бар:

1.Бастауыш сынып оқушыларына негізгі үйрететін жаттығулар табиғи қимыл, әрекеттерді жетілдіру түрінде болып келеді. Олар: жүру, жүгіру, секіру, лақтыру, өрмелеу т.с.с.

2. Бір сабақ кезінде оқу материалын меңгеру және жетілдіру үрдісінің 2-3 міндетін ғана орындаса жеткілікті болады.

3. Сынып төмен болған сайын табан бұлшық еттерін нығайту және түзу тұлға қалыптастыру  жаттығуларын  беруге айрықша көңіл бөлу қажет.

4. Әрбір сабақта мәндетті түрде қозғалмалы ойындар ойнату керек.  3-4 сынып оқушыларымен сабақ өткізгенде ойын жаттығулары сабақтың  50% уақытын  алса  дұрыс болады.

5.  Оқушыларға негізгі жаттығулардың техникасын үйреткенде, оны дұрыс және нақты орындауға көп көңіл бөлу керек. Оқу үрдісі кезінде жаттығуды үйрету және жетілдірумен бірге дене қуаты қасиеттерін дамытуға бірдей  көңіл бөлген  дұрыс  болады.

Балалардың қимыл, әрекеттерді еске сақтау қабілеттіліктері 7-12 жас аралықтарында тез дамиды да, 13 жастан ары қарай баяулай бастайды.

Қимыл, әрекетке үйрету әдістерін қолданғанда көбінесе толық орындау әдісін пайланамыз. Жаттығуды бөлшектеп үйретуді анда-санда ғана, қосымша түрде қолданамыз.

Қозғалыс тапсырмасын берген кезде балалар дұрыс түсіну үшін нақты не істейтінін, қалай істейтінін айту керек. Мысалы, ұста, жетіп ал, допты ойыншыға тигіз және т.с.с.

2, 3-сыныптарда қимыл жілігін дамыту жаттығуларын көбірек берген дұрыс болады. Жылдамдықты дамыту жаттығуларын қысқа түрде 6-8 с уақытқа ғана беру қажет.

Бастауыш сынып оқушыларымен дене тәрбиесі сабақтарын жүргізгенде негізінен білім беру міндеттерін шешеміз. Ол міндеттер: қозғалыс түрлерін меңгеру, дене тәрбиесі негіздері және салауатты өмір салты туралы негізгі теориялық  мағлұматтар  беру.

Елімізде қазіргі кездерде жалпы білім беретін мектептердегі бастауыш сыныптарда дене тәрбиесі сабағын көбінесе сол сыныпқа  сабақ беретін сынып мұғалімдері жүргізеді.  Ол  мұғалімдер арнайы және жоғары оқу орындарында оқығанда дене тәрбиесі мен әдістемесі пәнінен дәрістер алды, сынақтар тапсырды. Сондықтан да ол мұғалімдер дене тәрбиесі мұғалімдерінің сабақтарына қатысып, олардан көп үйреніп, сабақтарды мектеп бағдарламасы материалдарына сай жүргізуі керек. Ал  дене тәрбиесі мұғалімдері, келешек өздеріне келетін оқушылардың төрт жыл уақытын бос өткізулеріне жол бергізбей, бастауыш сыныптардың оқуларын, оқу жоспарларын қадағалап, көмектесіп, бастауыш сынып мұғалімдеріне арнап әдістемелік сабақтар өткізіп отырулары керек.

Бастауыш сынып мұғалімдерінің міндеті:

1. Бағдарлама бойынша сапалы, әдістемелік  дұрыс  сабақ өткізу.

2. Дәрігерлік бақылауды, дәрігерлермен бірге өткізу, бақылау қорытындысын жұмыста пайдалану.

3. Сабақ өткізу кезінде санитарлық-гигиеналық  жағдай  жасау.

4. Оқушылардың бәрі қолайлы спорт киім кигенін қадағалау.

5. Сыныптан тыс дене тәрбиесі жұмыстарына қатысу, оған барлық оқушыларды тарту.

6. Ата-аналар арасында тұрақты түрде дене тәрбиесі мен спорттық маңызы туралы әңгіме өткізу.

7. Оқушылардың  дене тәрбиесі көлемінде алған білімін тұрақты жетілдіру.

8. Балаларды тұрақты дене тәрбиесі мен спортпен айналысуға қызығушылығын арттырып, ынтасын ояту.

9. Жоғары сыныптағы дене тәрбиесі мұғалімдерінің сабақтарына, әдістемелік кеңестеріне қатысу.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Ақпаев Т.А., Адамбеков Қ.І., Тастанов Ә.Ж. Балалар мен жасөспірімдердің дене тәрбиесі жүйесін қалыптастыру негіздері. Оқу құралы: - Алматы, 2006. 

2.Уанбаев Е.Қ., Уанбаев Е.Ж. Дене мәдениеті және спорттың теориясы мен әдістемесі. Оқу құралы: - Өскемен, 2006

3.Матвеев А.П. Методика физического воспитания в начальной школе. -М., ВЛАДОС-ПРЕСС, 2003.